Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қадан Бекенов: Қазақтың жап-жас жігіттері қыршынынан қиылды

1665
Қадан Бекенов: Қазақтың жап-жас жігіттері қыршынынан қиылды - e-history.kz
Суға кеткен он адамның біреуі де шыққан жоқ. Кешке қарай, күн батқан кезде жау шаршады ма, атуды тоқтатты. Содан кейін білдік, біздің өз арамызда сатқын, жау болған. Ана жаққа хабар берген

Қадан Бекенов – ІІ дүниежүзілік соғыстың ардагері, Рақымжан Қошқарбаевтың жерлесі. Ақмола облысының Тайтөбе ауылында 1924 жылдың 17 қазанында дүниеге келген. Қ. Бекенов түрлі майдандарға қатысып, Берлинге дейін жеткен. Ол Оңтүстік-Батыс және Бірінші Беларусь майдандарында соғысты. Көрсеткен ерлігі үшін түрлі медальдармен марапатталған. Екі рет ауыр жараланып, елге аман оралған. Қазіргі уақытта Астана қаласында тұрады. Өз ауызынан жазып алынған шағын сұхбатында майдангер ата соғыс көріністерін қаз-қалпында баяндап берді. 

Атақты партизан Қасым Қайсенов: «Алла тағала мені сұрағанда түрегеп тұрып сұрайтын шығар. Мен жазықсыз талай адамдардың қанын төктім. Ол мүмкін жау емес, мен де жау емеспін. Жоғарғы жақтан сондай тапсырма келді, мен барып өлтірдім. Қаншама эшелонды қираттық, штабты өртедік», – деп жазды өзінің кітабында. 

7287128f410be92cfd748b0b5ff1e7ec.jpg

Қарағанды облысының Тельман ауданынан біршама жігіттер Алматыдан жаяу әскер училищесін бітірген соң бірге майданға аттандық. Соғысқа кірген соң жігіттердің күллісі қырылып қалды ғой бірден. Бірде өзеннен өту керек болады. Онда тамақ алмаймыз. Қаруымыз бойда. Соның өзінде салмағымыз жетпіс келі тартады. Мен сол кезде пулеметшілер ротасының командирімін. Қамыстың арасынан бақылап тұрамын: олар өзенге беттеп, орта жолға келгенде немістің алты стволды ұшағы ақырып, аспаннан айғайлап жетеді. Оның атқан оғы тура қайыққа түседі де, қайық аударылады. Суға кеткен он адамның біреуі де шыққан жоқ. Кешке қарай, күн батқан кезде жау шаршады ма, атуды тоқтатты. Содан кейін білдік, біздің өз арамызда сатқын, жау болған. Ана жаққа хабар берген. 

Десе де біз арғы бетке өттік аллалап. Біреуіміз аяқтан, біріміз қолдан айырылдық. Әскери жарғыда көрсетілген діттеген жерге жеткен әрі тапсырманы қалайда орындаған жағдайда командирдің жасағы 60 адам болса, онда ол нағыз полк есебінде қарастырылады. Маған осы кезле төтенше хабар жетті: «3-нші батальон шегінсін. Бекенов, майданның сол жақ шебіне көмекке ұмтылсын» деген. Ал оған оқ-дәрі жоқ. Әрқайсымызда 2-3 оқтан ғана қалған. Бізге жеткізетін сыртқы күш және жоқ. Не істеу керек? Пулеметтің стволына су құямыз. Су болмаса, қызып кетеді дағы, полиметалл түбінде қалады. Сондай жағдайлар өтті басымыздан. 

f2c951ca8bc1f4b8d34b693cb71509d6.jpg

Менің жасым қазір 92-де, сенің алдыңда майданның әңгімесін айтып отырмын. Ал анау жігіттер сен сияқты жас болатын, қалай қыршын кетті. Суға кетті де өлді қаншамасы. Не елді, не жерді көрген жоқ. Боздақтар. Олардың қасында мен елге аман-есен оралдым. Екі рет аса ауыр жаралансам да, міне, тәуелсіздікті көруді жазды. Аллаға шүкір деймін осы күнге.

Жазып алған Заңғар Кәрімхан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?