Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан халқы ассамблеясы: өткені мен бүгіні

4179
Қазақстан халқы ассамблеясы: өткені мен бүгіні  - e-history.kz
Қазақстан халқы ассамблеясының басшылығына байланысты бір ерекшелік – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi бұл органды өмiр бойы басқару құқығына ие

Қазақстан халқы ассамблеясы – Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған, ең негізгі міндеті міндеті мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекет және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында жасақталған мекеме. 

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет айтқан болатын. Бірақ үш жылдан соң, яғни 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. 

Оның мәртебесін алғашында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган деп бекіткен еді. Өз тарихында ассамблея аталған мәртебеден мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. 

 

9e271f2afb27fbb0fb670eb0d01e6c58.jpg

2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді, бұдан кейінгі жылдардан бастап Қазақстан халқы ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, соның нәтижесінде ассамблея ҚР Парламенті Мәжілісіне мемлекетқұрушы ұлт қазақтың өзін қосқанда тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. 

2008 жылғы 20 қаңтарда еліміздің Президенті «Қазақстан халқы ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Басында тек руханият, тіл және мәдениет саласындағы іс-шаралармен ғана шектеліп қалуға тиіс ассамблея қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалып, саяси өмірге де араласуға бет алды. 

Ең қызығы, негізін қазақ даласына әр қилы саясатпен жер аударылып келген диаспоралардың ұрпақтары құрай отырып, олар мемлекеттік ұлттық саясаты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етуге күш салды. Бұл – Қазақстан Республикасының Президентінің жасап отырған жақсылықтарының бірі екенін баса айтуымыз керек. 

Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм (қазақ патриотизмі емес екенін белгілі), Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени саласын одан әрі дамытуға, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету. 

 

b65413e08db9ee4e6569c648e544806b.jpg

Ассамблеяның негізгі міндеті – қоғамда диаспорааралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, мемлекетқұрушы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дәріптеу арқылы диаспоралар мәдениетінің сақталуына жағдай жасау, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сонымен қатар, Қазақстан халқы ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. 

Қазақстан халқы ассамблеясының басшылығына байланысты бір ерекшелік – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi бұл органды өмiр бойы басқару құқығына ие. Яғни «Құрметті төраға» мәртебесін алған. Ал ассамблеяның жұмысын жүргізу орынбасарларына тиесілі де, оларды алмастыру тәртібі Кеңестiң ұсынымының негiзiнде ҚР Президентiнiң өкiмiмен орындалады. 

Ассамблея құрылымдық жағынан ассамблея сессияларынан, ассамблея кеңесі мен хатшылығынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың ассамблеяларынан тұрады. Ассамблея сессиясы Қазақстан Республикасының Президентінің белгілеуі бойынша, қажеттілікке қарай, жылына кемінде бір рет шақырады. Ассамблеяның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарын – этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін және қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғаларды қамтиды. 

 

55c553dd1733444850af06c3c9b33ead.jpg

Қазіргі уақытта Ассамблея жалпы құрамында 394 мүше бар. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында – Парламентте этникалық топтардан депутаттар тағайындалатынын жоғарыда айттық. 

2016 жылғы 20 наурыздан кейінгі Парламент сайлауының нәтижесінде тоғыз мандат С. Абдрахманов, Р. Ким, Ю. Тимошенко, В. Божко, А. Мурадов, Ш. Нұрымов, Н. Жұмаділдаева, Ш. Хаказов, Н. Микаеляндерге бұйырды.  

Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. 

Алтынбек Құмырзақұлы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?