Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Анна Франк күнделігі қазақ тілінде жарық көрді

1632
Анна Франк күнделігі қазақ тілінде жарық көрді - e-history.kz
Елбасы кітапханасында «Анна Франк. Пана: хат түріндегі күнделік» және «Анна Франк. Тарих сабағы» атты жылжымалы көрмесінің тұсауы кесілді.

Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күніне орайластырылған іс-шаралар «Мәдениет арқылы үнқатысу» атты Елбасы кітапханасының халықаралық жобасы аясында өтті.

Шараны Қазақстандағы Израиль мемлекетінің және Қазақстандағы Нидерланды Корольдігінің елшіліктері, сондай-ақ «Steppe&World» баспасы бірлесіп ұйымдастырды.

13 жасар Анна Франк туған күнінде күнделік сыйға алады. Ол оның оккупация кезіндегі естеліктерінің, эмоцияларының, әсерлерінің шырақшысына айналады. Бүгінде әлемнің 70 тіліне аударылған кітапты «Steppe&World» баспасы қазақ тілінде алғаш аударып, оқырмандар назарына ұсынып отыр.

– Биыл бүкіл әлем Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын тойлайды. Бұл тажал соғыстың қайғылы зардабын бір адамдай-ақ білеміз. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жерін жауыздықтан қорғаған әкелеріміз бен аталарымыздың күш-қайраты мен ерлігі, ақыл-парасатымен батылдығын танытқан әжелеріміз бен аналарымыздың сабырлығы бәрімізге үлгі. Дәстүрлерді сақтап қалған қазақ қоғамына ксенофобия, антисемитизм сияқты құбылыстар әлі де жат. Тату-тәтті өмір сүру қағидасы бүгінде ұлтаралық келісім мен толеранттылық ұстанымдарына ұласып, негізгі құндылықтардың, басты мақтанышымыздың нышанына айналды. Қазақ тіліне аударылған Анна Франктің күнделігі оқырмандар қауымының көңілінен шығатыны анық. «Әлем естелігі» атты ЮНЕСКО реестрінің нысаны саналатын күнделікті оқу барысында санаға елестеген бейнелерді «Анна Франк. Тарих сабағы» көрмесінің бекітетініне сенемін, - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.

– Time журналы 1999 жылы Анна Франкті ХХ ғасырдың басты тұлғалары қатарына енгізді. Оның өмірін қиған оқиға ішінде жүрген жандарды уайымдап, тағдырына араласқан жанашырлардың қатарында қазақ халқы да болды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында мыңдаған еврей Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне жер аударғаны белгілі. Израиль елі қиын-қыстау кезеңде нанын бөліскен қазақ халқының жомарттығы мен жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Қонақжай қасиетін әлі де сақтап қалған бүгінгі қазақ жерінде еврей қауымы мен өзге ұлт өкілдерінің өмірі тату, ұйқысы тыныш. Қауіпсіздікке білдіретін олардың ризашылығы болмысы мен мәдениеті, діні мен ділі саналуан ұлттардың гүлденген Қазақстанның тұтастығын сақтауға, әлем алдындағы абыройын асқақтатуға ықпал етті. Осы тұста жер бетіндегі ұлттар мен мемлекеттердің өзара келісімі мен көпмәдениеттілікті қолдау ұстанымының Холокост сияқты қайғылы оқиғалардың пайда болуына жол бермей, кез келген шиеленісті басуға, бітімгерлікті жалғастыруға мұрындық болатынына сенім артатынымды айтқым келеді, - деді Қазақстандағы Израиль мемлекетінің төтенше және өкілетті елшісі Лиат Вексельман. Өз сөзінде ол серіктес Елбасы кітапханасы мен Нидерланд елшілігіне ризашылығы мен алғысын білдірді.

– Израильдік әріптесімнің сөзіне қосылып, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында орын алған оқиғаларды естен шығармағанымызды жөн санаймын. Көрме келушілері жалғыз адамның өмірбаянына қарап-ақ ауыр кезеңнің бейнелерімен таныса алады. Қазіргі және кейінгі буын тарих беттеріне ойыла жазылған қайғылы оқиғалардың қайталанбауын қадағалауы шарт. Адамзат атаулы жандар өзіндік ерекшеліктері бар өзге ұлттың бәріне құрмет танытып, қоғам арасында демократия мен толерантты қарым-қатынастың, адами құқықтардың сақталуына жағдай жасауы тиіс, - деді Қазақстандағы Нидерланды корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс.

«Steppe & World» баспасының басшысы Райса Сайран Қадырдың айтуынша, әлем бойынша 30 миллионнан астам данасы таралған күнделік көптеген елдің оқу бағдарламасына кіргізілген.

– Анна Франктың күнделігі Холокостты айқын бейнелейтін құжаттардың бірі саналса, Аннаның өзі фашистердің қолынан мерт болған миллиондаған жазықсыз баланың символына айналды. Оның хаттарын қарапайым жазбаға жатқыза алмайтын  қалың оқырман күнделікті таптырмас терең шығармаға балайды. Бүгінде күнделік көп оқылатын үздік кітаптардың ондығына кіріп отыр, - деді ол.

Кітаптың тұсаукесеріне шет мемлекеттердің елшілері мен дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, Қазақстанның ғылыми және сарапшы қоғамының өкілдері қатысты.

Бұл іс-шараға жастардың да қатысқанын айта кеткен жөн. №6 мектеп-гимназияның оқушылары Анна Франктың күнделігінен үзінділер оқып, әлемнің нәзіктігі мен соғыстың сұмдығы туралы ән шырқады. Сонымен бірге, іс-шараға қатысушыларға Холокост нәтижесінде қайтыс болған алты миллион еврейдің бірі болған қыздың тағдырынан хабар беретін «Анна Франк. Тарих сабағы» жылжымалы көрмесі көрсетілді.

Экспозиция арқасында қонақтар антисемитизм, дискриминация, қуғындаулар туралы ғана емес, сонымен қатар Анна Франк жазған бостандық, теңдік пен демократия сияқты құндылықтар туралы да көбірек мағлұматқа қанық болды.

«Анна Франк. Тарих сабағы» жылжымалы көрмесін Солтүстік және Оңтүстік Америка, Оңтүстік Африка, Қытай сияқты 60-тан астам әлем елдерінің 12 миллион тұрғыны тамашалап үлгерді. Қазақстанда көрме Павлодар, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Семей, Тараз, Орал, Өскемен қалаларын аралап үлгерді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?