Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының жанашыры – Тұрар Рысқұлов

8885
Қазақ халқының жанашыры – Тұрар Рысқұлов - e-history.kz
(ҚР Президенті Архивінің құжаттарына деректік шолу)

Мемлекет қайраткері, түркі халықтарының тәуелсіз, біртұтас Түркістан Республикасы идеясы авторларының бірі, қазақ халқының біртуар азаматы – Тұрар Рысқұловтың туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

ҚР Президенті Архивінің қорларында Тұрар Рысқұловтың өмірі мен саяси қызметіне байланысты аса құнды құжаттар жинақталған. Солардың маңыздыларының бірі – Т. Рысқұловтың жеке ісі. Онда Т. Рысқұловтың жеке парағы, партиялық билеті, қысқаша өмірбаяны, РК(б)П мүшелерінің Бүкілресейлік санағындағы сауалнамасы, лауазымды қызметтерге тағайындалуы туралы бұйрықтар мен қаулылар топтастырылған.

Т. Рысқұловтың жеке ісінде оның өмірбаяны туралы келесідей мәліметтер көрсетілген: Тұрар Рысқұлов 1894 ж. Жетісу облысы, Верный уезінде дүниеге келген [1, 2]. Ұлты – қазақ. Ана тілі – қазақ тілі. Сөйлеп, жаза алатын басқа да тілдер – орыс тілі және бірнеше түркі халықтарының тілі. Әлеуметтік жағдайы – шаруа-көшпенді. Мамандығы – бағбан. Отбасы құрамы – әйелі, екі баласы бар. Білімі – орта [3].

Әкесі Рысқұл 1904 ж. желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. 1905–1906 жж. түрмеде жатып өш алушылардың жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деп қауіптенген Рысқұл оны өзінің қасына алдыртады. «Түрме баласы» аталған Т. Рысқұлов түрмеде жүріп орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келеді.

1907–1910 жж. Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектебінде оқиды.

1910–1914 жж. Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебінде оқып, оны бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады.

1916 ж. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына оқуға түседі, алайда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Т. Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанады. Патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқаны үшін тұтқындалып, кейінірік денсаулығының нашарлауына байланысты түрмеден босатылады.

1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Меркі ауданында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады.

1918 ж. Денсаулық сақтау халық комиссары лауазымына тағайындалады және Түркістан Автономиясы Орталық атқару комитеті президиумына мүшелікке өтеді.

1919–1920 жж. Түркістан Автономиясы Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ Өлкелік партия комитетінің мүшесі, РК(б)П Өлкелік Мұсылман бюросының төрағасы қызметтерін атқарды.

1920 ж. Түркістан Автономиясы Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.

1921–1922 жж. РКФСР Ұлттар ісі жөніндегі Халық комиссарының орынбасары, 1923–1924 жж. Түркістан Автономиялық Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы лауазымдарында жұмыс істейді және БК(б)П ОК Орта Азиялық бюросының, Түркістан КП ОК бюросының мүшесі болды.

1924–1926 жж. Коминтерннің Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Коминтерннің Моңғолиядағы уәкілетті өкілі, Қазақ Өлкелік комитеті Баспа бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын атқарды [4].

1926–1937 жж. РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.

Сонымен қатар, Архив қорларында Т. Рысқұловтың лауазымды қызметтерге тағайындалуы туралы келесідей құжаттар жинақталып, сақталған: 1921 ж. 4 қарашадағы РК(б)П Қазақ облыстық комитеті Президиумы отырысының Т. Рысқұловты Ұлттар ісі жөніндегі Халық комиссары лауазымына тағайындау туралы қаулысы [5]; 1926 ж. 6 сәуірдегі БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің Т. Рысқұловты БК(б)П  Қазақ Өлкелік комитетінің жауапты нұсқаушысы лауазымына тағайындау туралы № 61 бұйрығы [6]; 1926 ж. 10 сәуірдегі БК(б)П  Қазақ Өлкелік комитеті Бюросы отырысының Т. Рысқұловты БК(б)П  Қазақ Өлкелік комитеті Баспа бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындау туралы № 17 хаттамасы [7]; 1926 ж. 19 сәуірдегі БК(б)П  Қазақ Өлкелік комитеті Бюросы отырысының Т. Рысқұловты «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы лауазымына тағайындау туралы № 18 хаттамасы [8]; 1926 ж. 28 мамырдағы РКП ОК-нің Т. Рысқұловты РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының үшінші орынбасары лауазымына тағайындау туралы қаулысы [9]; 1926 ж. 16 маусымдағы БК(б)П  Қазақ Өлкелік комитеті Бюросы отырысының  Т. Рысқұловты РКФСР ХКК төрағасының орынбасары болып тағайындалуына байланысты іссапарға жіберу туралы № 29 хаттамасы [10].

Т. Рысқұловтың қоғамдық саяси қызметіне келер болсақ, Архивте оның саяси қызметіне байланысты стенограммалар, баяндамалар, ақпараттар, тезистер, хаттар, анықтамалар және т.б. құжаттар сақталған.

1918–1920 жж. Т. Рысқұлов Түркістандағы аштықпен күресуге белсенді қатысады. 1918 ж. 28 қарашадағы Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің өкімімен Аштықпен күрес жөнінде Орталық комиссия құрылып, Т. Рысқұлов ол комиссияның төрағасы болып тағайындалады [11]. Ол басшылық еткен комиссия Түркістан Республикасының 19 уездері мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты.

Т. Рысқұлов 1920 ж. Өлкелік мұсылман бюросының төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде Түркі халықтарының коммунистік партиясын құруға тырысады. 1920 ж. қаңтарда өткен коммунист-мұсылмандардың ІІІ Өлкелік конференциясында тек қана жергілікті халықтардан құралатын дербес «Түркі республикасын» және «Түркі коммунистік партиясын» құру туралы резолюция қабылданады.

1920 ж. 1 наурызда өткен РК(б)П Өлкелік комитеті, РК(б)П ОК Түркістан комиссиясы және Бүкілодақтық атқару комитеті мен Түркістан Орталық атқару комитеті Президиумының біріккен отырысында Т. Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің қызметі туралы айта келе: «Егер біз мұсылмандардан Шығыс революциясының авангарды жасағымыз келсе, онда сырттан келгендер емес, мұсылмандар өз-өздерін басқара білуі керек» – дейді [12].

1920 ж. мамыр айында Т. Рысқұлов, Ф. Ходжаев және Бех-Иванов бастаған түркі делегаттары Мәскеуге барып, Түркістан комиссиясын, Түркістан майданы революциялық әскери кеңесін жоюды, дербес Мұсылман армиясын құруды және Түркістаннан мұсылман әскери бөлімдерін шығаруды талап етеді. Алайда, РК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы мен Саяси бюросы аталған талаптарды орындаудан үзілді-кесілді бас тартады [13].

1920 ж. маусым айында өткен Коминтерннің ІІ конгресінде Т. Рысқұлов З. Валидов, А. Байтұрсынов, Ф. Ходжаев және Юмангуловпен бірге В. Лениннің отаршылдық пен ұлттар мәселесі бойынша тезисіне өздерінің пікірлерін білдіріп, хат жазады. Хаттың авторлары Қазан төңкерісінің интернационалдық сипатын жоққа шығарады. «Орыс ұлттық төңкерісі интернационалдық сипат алмады, отаршыл орыс пролетариатының көмегімен Ресейдің бұрынғы отар елдерінде социализм орнату мүмкін емес» – деген пікірді айтады [14].

1921–1922 жж. РКФСР Ұлттар ісі жөніндегі Халық комиссарының орынбасары ретінде Т. Рысқұлов ұлттар саясатына байланысты келесідей мәселелерді көтереді: 1) ұлттық армия құру; 2) ұлттық партия құру; 3) басқыншы-отаршыл ретінде келген қоныстанушыларды елден шығару немесе олардың жерді пайдалану құқықтарын шектеу; 4) барлық Шығыс халқын бір жағынан батыстық-европалық капитализмнен, екінші жағынан Кеңестік Ресейдің саяси ықпалынан азат ету [15].  Бұл туралы ол 1922 ж. 27 қаңтарда  РК(б)П Қырғыз (қазақ) облыстық комитеті жауапты партия қызметкерлерінің қатысуымен өткен отырыстағы «Ұлттық саясат туралы» баяндамасында айтады [16]. Бірақ, 1922 ж. 14 ақпанда РК(б)П Кырғыз (қазақ) бюросының жауапты партия қызметкерлерімен бірге өткен кеңейтілген отырысында Т. Рысқұловтың ұлттық мәселелер бойынша тезисі сынға ұшырайды.

Т. Рысқұлов Кеңес үкіметінен дербес Түркі мемлекетін құру мақсатында З. Валидов (Башқұртстан), Султангалиев (Татарстан), Ф. Ходжаев (Өзбекстан) және т.б. сол кездегі түркі халықтарының көшбасшыларымен байланыс орнатады. Оның 1922 ж. маусым айында З. Валидов пен түрік генералы Энвер пашаның арасында дәнекер болғандығы туралы Абдулла Реджеб Байсун  1945 ж. Стамбұл қаласында шыққан «Түркістандағы ұлттық қозғалыстар» атты мемуарлық кітабында жазады [17].

1926 ж. РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов пен Бүкілодақтық Орталық атқару комитеті хатшысының орынбасары С. Асфендияров партиядан тыс, дербес жиналыс өткізеді. Жиналыста партияның ұлттық саясаттағы жетістіктерін жоққа шығарып, ұлттық республикалар мен облыстардағы партия ұйымдарына сенімсіздік білдіреді және Одақтың өндірістік орталықтарын дамытуды тоқтата тұрып, қаржыны ұлттық республикаларға жұмсауды талап етеді [18]. Осыдан кейін, Ф. Голощекиннің төрағалығымен 1926 ж. 18 желтоқсанда өткен Қазақ Өлкелік комитеті бюросының, БК(б)П Өлкелік бақылау комиссиясы Президиумының және Халық комиссарлар кеңесі мен Қазақ Орталық атқару комитетінің біріккен отырысында «Т. Рысқұловтың төрағалығымен Мәскеуде өткен Бүкілодақтық атқару комитеті мен КСРО Орталық атқару комитетінің мүшелері – Ұлтшылдардың жиналысы туралы» мәселе қаралады [19].

1927–1930 жж. ол Түркістан-Сібір темір жолының салынуына жетекшілік жасайды. РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Түрксіб құрылысын қолдау комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Архивте оның 1927 ж. 2 қарашадағы Түрксіб құрылысшыларының Оңтүстік бөлігіндегі құрылыстың басталуына байланысты Луговой бекетіндегі [20], Айнабұлақ станциясындағы темір жол құрылысының аяқталуына байланысты митингіде сөз сөйлеу сәтінде түскен суреттері сақталған [21].

Т. Рысқұловтың саяси қызметіне байланысты архивте сақталған түпнұсқа құжаттардың бірі – оның БК(б)П ОК хатшысы И. Сталин мен БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Л. Мирзоянға жазған хаттары.

1932 ж. 29 қыркүйекте Т. Рысқұлов  БК(б)П  ОК хатшысы И. Сталинге Қазақстандағы мал шаруашылығының жағдайы және ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеушіліктер жөнінде хат жазған. Аталған хатта ол Қазақстанда мал саны 1928 ж. 32 миллион бас болғанын (кейбір мәліметтер бойынша 40 миллион), 1932 ж. ақпан айында жүргізілген бүкілодақтық мал санағының есебі бойынша мал санының 5 миллион 397 мың басқа дейін, яғни 83 %-ға дейін кемігенін баяндайды. Мал саны кемуінің басты себебі ретінде малдың жаппай сойылуы мен ұжымдастырудағы асыра сілтеушілікті көрсетеді [22]. Хаттың соңында 1932 ж. ақпан айында жүргізілген Бүкілодақтық мал санағы бойынша Қазақстандағы мал санының кестесі қоса берілген.

1933 ж. 9 наурыздағы Т. Рысқұловтың И. Сталинге жазған хатында Қазақстандағы ашаршылық пен босқын қазақтардың жағдайы баяндалған. Онда ашаршылық пен эпидемияның салдарынан босып көшкен қазақтардың ауыр жағдайы туралы былай деп жазады: «Қазақстанға көрші орналасқан аймақтардан алынған соңғы мәліметтер бойынша, ондағы босқын қазақтардың саны: Орталық Жайықта – 50 мың адам, Қырғызстанда – 100 мың адам, Батыс Сібірде –  50 мың адам, Қарақалпақстанда – 20 мың адам, Орта Азияда – 30 мың адам. Босқындар сонымен қатар, алыста жатқан Қалмақия, Тәжікстан, Солтүстік өлкелерге және т.б. жерлерге барған. Халықтың бір бөлігі байлармен бірге Батыс Қытайға босып көшкен. Қазақтардың орталық аудандарға босып көшуі сияқты мұндай жағдай Қазақстанда бірінші рет орын алып отыр. Бұл жай ғана көшу емес (малы бар болған жағдайда жазда алыс емес аумаққа көшетін), аштыққа ұшыраған адамдардың ішетін тамақ іздеп босуы. Босып көшу жекелеген аудандарда жалпы халық санының 40-50 %-на дейін жетті...Өткен жылғы көктемде қазақ аудандары мен босқындардың арасында аштық пен эпидемия салдарынан өлім-жітім көп болды...Жергілікті органдардың мәліметтері бойынша Торғай мен Бетбаққара аудандарында халықтың 20–30 %-ы қайтыс болды және қалған халықтың басым бөлігі босып кетті. Шалқар ауданындағы біраз ауылдарындағы халықтың 30-35 %-ы қайтыс болған...Қарқаралы ауданында 1932 ж. мамыр айында 50 400 адам болған, қараша айында 15 900 адам қалды және аудан орталығында күніне 15–20 адам қайтыс болады» [23].

1933 ж. 9 қыркүйекте Т. Рысқұлов БК(б)П  Қазақ Өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Л. Мирзоянға Қазақстанмен шекаралас Ортаңғы Еділдегі, Батыс Сібірдегі 30 000 қазақ босқынын тұрақты жұмыспен қамту туралы хат жазған. Сондай-ақ хатта оның 1933 ж. 13 шілдедегі өкімімен босқын қазақтарды тамақтандыру үшін 16 елді мекенде (Ақтөбе, Орынбор, Ор, Карталы, Челябинск, Пермь, Қостанай, Свердловск, Кинель, Уфа, Сызрань, Пенза, Ряжск, Мәскеу, Рузевка, Попорино) тамақтандыру пункті ашылғаны және онда 50 000 адам азық-түлікпен қамтамасыз етілгені баяндалған [24].

Т. Рысқұловқа қатысты құжаттардың тағы бір тобы – оны «пантүрікшіл», «халық жауы» ретінде айыптауға байланысты құжаттар.

Архивте Ілияс Қабыловтың «Рысқұловшылдық» атты ақпараты сақталған. Ол Т. Рысқұловтың З. Валидов, А. Байтұрсынов және Сұлтан-Галиевпен бірге «Иттихат-Тараки» контрреволюциялық ұйымына бірігіп, тәуелсіз Тұран мемлекетін құруға ұмтылғанын айтады. Оның саяси көзқарасына тоқтала келе: «Рысқұловшылдық Сұлтан-Галиевпен, Заки Валидовпен, Алаш-Ордамен, Байтұрсынов, Досмұхамедовтермен идеялық байланыс орната отырып, Алаш-Орданың пантүрікшілдік және контрреволюциялық идеологиясын – Түркістан, Қырғызстан, Башқұртстан, Татарстан, Дағыстан, Әзірбайжан түркі халықтарының Кеңес Одағы халықтарынан тәуелсіз бірлестігін құруды қолдады» – деп жазады [25]. Осыған орай, Т. Рысқұлов 1937 ж. 8 мамырда «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына «Қателерді объективті сынау» атта мақаласын жолдайды [26]. Мақалада ол өзінің Алаш-Ордамен байланысы жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады.

1937 ж. 21 мамырда Т. Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынып, 1938 ж. 8 (10) ақпанда ату жазасына кесіледі [27]. Алайда, кейбір деректер бойынша 1943 ж. қайтыс болған [28].

КСРО Әскери коллегиясы Жоғырғы Сотының шешімімен 1956 ж. 8 желтоқсанда ақталды. Архивте осы құжаттың расталған көшірмесі сақтауда тұр [29].

Пайдаланылған қорлар мен деректер тізімі:

1. ҚР ПА. 141 Қ. 16 Т. 734 іс. 1–2 арт. б.

2. Сонда. 141 Қ. 16 Т. 734а іс. 1 п.

3. Сонда. 141 Қ. 16 Т. 734а іс. 8–9 пп.

4. Сонда. 141 Қ. 16 Т. 734 іс. 2–3 пп.

5. Сонда. 139 Қ. 1 Т. 13 іс. 100 п.

6. Сонда. 141 Қ. 16 Т. 734 іс. 7 п.

7. Сонда. 141 Қ. 1 Т. 486 іс. 109 п.

8. Сонда. 141 Қ. 1 Т. 486 іс. 111 п.

9. Сонда. 141 Қ. 16 Т.  734а іс. 2 п.

10. Сонда. 141 Қ. 1 Т. 487 іс. 3 п.

11. Сонда. 811 Қ. 16 Т. 725 іс. 57 п.

12. Сонда. 811 Қ. 16 Т. 725 іс. 63 п.

13. Сонда. 811 Қ. 16 Т. 108а іс. 144–148 пп.

14. Сонда. 141 Қ. 18 Т. 165 іс. 24–28 пп.

15. Сонда. 811 Қ. 16 Т. 725 іс. 93 п.

16. Сонда. 139 Қ. 1 Т. 449 іс. 250–265 п.

17. Сонда. 811 Қ. 16 Т. 108а іс. 158 п.

18. Сонда. 141 Қ. 1 Т. 489 іс. 11–74 п.

19. Сонда. 141 Қ. 1 Т.  950 іс. 1–71 пп.

20. Сонда. 896 Қ. 1 Т. 5333 іс.

21. Сонда. 896 Қ. 1 Т. 5335 іс.

22. Сонда. 141 Қ. 1 Т. 6403 іс. 13–17 пп.

23. Сонда. 141 Қ. 1 Т. 6403 іс. 138–148 ар.б.

24. Сонда. 141 Қ. 1 Т. 6403 іс. 289–300 пп.

25. Сонда. 708 Қ. 1 Т. 106 іс. 144–148 пп.

26. Сонда. 708 Қ. 1 Т. 80 іс. 73–97 пп.

27. Сонда. 811 Қ. 11 Т. 81 іс. 115–116 п.

28. Сонда. 811 Қ. 35 Т. 73 іс. 194 п.

29. Сонда. 708 Қ. 46 Т. 165 іс. 24 п.

 

Ж.Қ. Өзбеков,

ҚР Президенті Архивінің

Архив қорларын сақтауды қамтамасыз

ету және мемлекеттік есепке алу

басқармасының сарапшысы

 


 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?