Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Еуропа асқан қыпшақтар

2521
Еуропа асқан қыпшақтар  - e-history.kz
Еуропаның дәл ортасында жатса да өздерің түрік жұртының бір бұтағы санайтын тағы бір ел бар. Ол - Венгрия мемлекеті, яғни мажар бауырларымыз.

Венгрия, Хунгария немесе Мажар Республикасы деп аталатын бұл мемлекет дәл  Еуропаның орталығында жатыр. Халқының саны он миллионның үстінде. Оның 90 пайыздан астамы мажарлар. Яғни бір ұлтты мемлекет саналады. Мемлекеттік тілі – венгр (мадияр) тілі. Тағы бір айта кетерлігі, мажар бауырлар өздерін әлі күнге дейін қыпшақ немесе құмандар деп атап тiлi мен ділін, ата салтын көздерінің қарашығындай сақтап келе жатқан ұлттық мемлекет.

Тарихи деректерде қазіргі мажарлар мекен етіп отырған Дунай жазығына қыпшақ тайпаларының алғашқы буыны ІХ ғасырларда аяқ басқаны айтылады. Яғни 895-896 жылдары Арпад патшаның басшылығымен мажарлардың жеті тайпасы көшіп келіп қоныстанып Мадияр корольдығының негізін қалайды. Осы Арпадтың шөбересі Геза христиан дінін қабылдап, еуропалық үлгідегі мемлекет құрады. Кейін бұлардың қатарына ХІІІ ғасырда моңғол шап­қын­шы­лы­ғы­нан күйрей жеңілген қыпшақ ханы Кө­тен келіп қосылады. Осылайша Карпат асып келген Көтен ханның артынан ере келген мырық мыңдай адам Мадияр корольдігінен пана табады.

Король Бэла қоныс аударып келген қыпшақтарды бауырым деп қарсы алған. Онымен тынбай Бэла король өз ұлына Кө­тен ханның қызын алып береді. Бұл екеуінің кіндігінен тараған Ласло корол атанып мажарлар тарихын мүлдем жаңа сатыға көтереді. Бэ­ланың немересі әрі Көтен ханның жиені Ласлоның тұсында Мадияр еліндегі   қыпшақтардың даңқы аспандайды. Қыпшақ тілі сарай тіліне айнала бас­тайды. Алайда, тегі түркі қыпшақтардың күшейіп кетуінен секем алған мадиярлар король Ласлоға у беріп өл­тіреді. Осылайша, мадиялар еліндегі қыпшақтардың ықпалы азая бастайды. Сонымен бірге қыпшақ тілі де қолданыстан шыға береді.  Папа ІХ Иннокентий мажар қып­шақтарына арнайы манифес шығарып «киіз үйде тұруға, көшпелілер секілді көшіп-қонуға, Тәңірге сыйынуды доғарып, христиан дінін қабылдауға мәжбүрлейді.

Бірақ соған қарамастан, ол жердегі қыпшақтар тілінен толықтай айырыла қоймады. Есесіне көшпелі дәстүрді, ділін, салт-дәстүрін әлі күнге дейін сақтап қалды.

Мажарстанның тұрғылықты халқының біраз бөлігі өздерін «Мадиярлармыз» деп атағанымен өздерін еуропа аумағына  келген қыпшақ тайпаларының ұрпағы екенін мақтанышпен айтады. Әрі олар Қазақстанды өздерінің ата-жұрты деп санайды. Бүгінде мажар бауырлар үшін қазақ, қыпшақ, мажар, мадияр ұғымдары өзара үндес, синоним сөздер болып табылады. Бұақаралық ақпарат құралдарында да "шынтуайтына келгенде, мажар-қыпшақтар қазақтың ұрпағы» деген секілді көзге жас алдырарлық жылы пікірлер үнемі жарияланып жатады. «Мажарлар өздерін қазақтармен туыс халықпыз деп санайды. Мадиярлар – ғұндар мен қыпшақ текті түркілердің тұқымы. Мажарстан – Батыс ғұн мемлекетінің мұрагері. Біздің бабаларымыз да киіз үйде тұрған. Жылқы ұстау, киім-кешек, көшпелі мәдениетімізде де өте көп ұқсастықтар бар. Аталарымыз Еуропаға көшіп келгеннен кейін «бөгде мәдениеттің» ортасына келгенін түсініп, өз ата-салттары мен мәдени құндылықтарын сақтауға барынша тырысты. Әскери сайыс, садақ ату, қылыштасу, қамшы үйіру өнер түрлері ұлттық дәстүр деп саналады. Аталарымыз Еуропаға шығыстан келсе де, 1200 жыл бұрынғы тарихын, тiлiн, мәдениетiн жоғалтпаған, ешкiмге бодан болған емес» дейді белгілі антрополог, «Тұран-Мадияр» Халықаралық қорының президенті Биро Андраш Жолт мырза.

Биро Андраш демекші, ол екі халық арасындағы туыстық байланысты алғаш рет ғылыми негізде дәлелдей білген адам. Қазақстан ғылым академиясының академигi Оразақ Смағұлмен бірге Торғай өңіріндегі мадиярлардың Венгрияда тұратын мажарлармен байланысы бар-жоғын анықтаған.  Біраз жылға созылған жұмыстарының нәтижесінде мадияр мен мажарлардың гендік жағынан өте жақын туыс екенін дәлелдеп шықты. «Мажарстандағы мадиярлар мен Торғайдағы мадияр-қазақтардың арасында туысқандық байланыс бар ма, әлде бұл тек қана этнонимдiк ұқсастық па? Осы сұраққа жауап iздедiк. Сонымен, ғылыми экспедицияға шығатын болып келiстiк. Бұл ғылыми экспедицияға бiр жыл дайындалдық. 2006 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданының тұрғындарына, дәлiрек айтқанда, мадияр руынан шыққан ер-азаматтарға антропологиялық зерттеулер жүргiздiк. Олардың ДНК-сын Мажарстанның 2-3 генетикалық зертханасында зерттедiк. Одан бөлек Мажарстанның сот-сараптамалық орталығы да талдау жасады. Ата-тек бойынша берiлетiн у-хромосомаға генетикалық талдау жасадық. Өйткенi бұл хромосомадағы ақпарат мыңдаған жыл бойы өзгермейдi. Зерттеу нәтижесiн 44 халықпен, оның iшiнде славян, корей, Орталық Азия, Еуропаның өзге де халықтарымен салыстырдық. Нәтижесінде Торғайдағы ма­диярлар мен Мажарстан мажарларының генетикалық нәтижесi өте жақын екені анықталды», - дейді Биро Андраш.

Оның айтуынша,  Мажарстан ғалымдары Қазақстандағы Торғай аймағында ма­дияр руының бар екенiн сонау алпысыншы жылдары білген екен.  Осы мақсатта арнайы ғалымдар тобы құрылып Қазақстанға бiрнеше мәрте келiп, осы мадияр руын зерттеуге кiрiскен. Бiрақ мажарлардың шығу тегiн түркi елiмен байланыстыруға сол кездегі саяси жағдайларға байланысты жалғасын таба алмай аяқсыз қалыпты. «Осылайша мажар мен мадияр руының туыстығын дәлелдеу мүмкін болмады. Біздің есебімізше, Торғайдағы мадиярлары 350 жыл шамасында Торғай бассейнiнде тұрған. Генеологиялық аңыздар­ға сүйенсек, олар Қаратау, Оң­түс­тiк аймақтарда өмiр сүрген. Мiне, осы антропологиялық-генетикалық зерттеулер олар расымен де оңтүстiкте тұрғанын, сол халықтың антропологиясына жақын екенiн көрсеттi. Жалпы, мадиярлар кезiнде үлкен аумақты мекендеп, көш­пелi халық болған. Кейiннен халықтың бiр бөлiгi Батысқа қарай қоныс аударса, бiр тобы сол­түстiк пен солтүстiк шығыста қалап қойған. Соңғы 20 жыл iшiнде антропология үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. Сөйтiп, мажарлардың түрiк халқымен туыс екенi ғылыми түрде дәлелдендi. Антропология мажарлар Х ғасырда Карпат бассейнiне қоныстанған кезде олардың бет-әлпетi түр-тұлғасы, бас сүйегiнiң өлшем­дерi түрiк халқына ұқсас болғанын көрсеттi. Тiптi лингвистикалық талдау жасайтын болсақ, барлық ғалымдар мажар тiлi алтай тобына жақын екенi анықталды.», - дейді «Тұран-Мадияр» Халықаралық қорының президенті Биро Андраш Жолт.

Мадиярлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы пікірді ХІХ ғасырдың басынан бастап венгр ғалымдарының өздері айта бастады. 1835 жылы Шамуель Брашшаи атты венгр ғалымының «Қырғыз-қазақтар» атты зерттеу еңбегі жарық көргенін білеміз. Бұл расы керек мадияр ғалымдарының қазақ халқына деген құлшынысын күшейтіп жіберді. Нақтысын айтқанда, қазақ және мажар халықтарының туыстығы мәселесі күн тәртібінен түспейтін мәселенің біріне айналып сала берді. Мәселен Дьердь Алмаши есімді ғалымдары 1900 жылы Қазақ жеріне кең көлемде саяхат жасап қайтты. Ұзамай жасаған саяхаты нəтижесінде «Азия жүрегіне саяхатым» атты зерттеу кітабын жазып шығады. Кітабында Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақтардың өмірі, тұрмыс-салты, шаруашылығы, сауда-саттығы, əдет-ғұрпы, наным-сенімдері, қолөнері, ауыз əдебиеті туралы мол мағлұмат келтіреді.

ХХ ғасырда белгілі мажар ғалымы, антрополог Тибор Тот өзінің ғылыми еңбектерінде екі елдегі руларды, қазақтар мен мадиярлар (мажар) арасындағы туыстық байланыс жайында көлемді еңбек жазады.

Сол секілді осы саланың пайғамбары атанған Иштван Мандоки Қоңыр ағамыз да артына біршама құнды мұра қалдырып кетті. «Күн тілінің Мажарстандағы ескерткіші» (1993) атты еңбегінде мажар тіл­де­ріндегі тұрмыстық қолданыстағы бес жүз­ден аса сөз бен жер-су аттарының көне қыпшақ, қа­зіргі қазақ тілімен ұқсас­тығын ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Мы­сал ретінде арқан, арпа, балта, алма, ұр­шық, қобыз, тезек, шанақ, ұнтақ, шолаққанжыға, пышақ секілді сөздерге тоқталады. Сол секілді Өте­міс, Тазлар, Шеңгелі, Жыланшық де­ген жер-су аттары да ұқсас болып шыққан. Иштван Мандоки Қоңырдың айтуынша, ХVІІ ғасырдың аяғына дейін қыпшақ тілінде сөйлеген.  Күні бүгінге дейін Мажарстандағы Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы Надькуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие. Қарсақ қаласы – Ұлы Қыпшақ жерінің орталығындағы тарихи қаланың атауы Қарсақ деп аталуы да тегін болмаса керек.

Керек болса, мақал-мәтел­дері­не дейін ұқсастық бар: «Аттың төрт аяғы болса да сүрі­неді», «Аузы күйген сүтті де үрлеп іше­ді» секілді мәтелдер күнделікті пайдаланып жүрген мақалдарымызға ұқсайды.

Бүгінде кез-келген мажарлық өзінің түп-тегінің Орталық Азиядан шыққан­дығын жақсы біледі. Әсіресе, олардың бұл құлшынысы қазақтар мен мажарлардың генетикалық жағынан ұқсас екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген кейін тіптен артып барады деуге болады. Өздерінің тарихи отанын көруге келетін мажар бауырлардың да қарасы көбейді деуге болады. Осының арқасында мажарлық атқа мінер азаматтардың ұйымдастыруымен «Ат жалындағы тарихи сапар» аталатын дәстүрлі экспедиция өтіп келеді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?