Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бұқараға белгілі Бозжан би баба басына белгі қойылды

1403
Бұқараға белгілі Бозжан би баба басына белгі қойылды - e-history.kz
Таңсәріде Қызылорда қаласынан күн шығысты бетке алып жолға шықтық. Бағытымыз – кезінде ел жайлап, ата қоныс болған – Мойынқұм, Қарақұм жері.

Жол талғамайтын әйдік қос «Джип» көлігімен келеміз. Өзіміз сегізбіз. Алдыңғы көлікте 82 жастағы қария Кәрібай Аяхметов, облысқа белгілі кәсіпкер Алмаз Рахмет, еңбек ардагері Мектепбай Бошқаев және жүргізуші Бауыржан бар. Ал екінші көлікте ҚР мәдениет саласының үздігі Сансызбай Сәдуақасов, кезінде Іңкәрдарияда қой совхозында зоотехник болған Уәли Қонақбаев және жүргізуші Мұрат төртеумізбіз. Бұл кісілердің жолға шыққандағы мақсаты атажұртқа табан тіреп, Сыр және Арқа өңіріне белгілі болған Бозжан би басына белгі қою болатын.

Бұл сапарға шығуға күні бұрын Сырдария ауданына белгілі мәдениет майталманы С.Сәдуақасов хабарласқан еді. Мән-жайды айтқанда бірден келісе кеттім. Өйткені бұрындары тіршілік қайнаған ата-баба қонысына табан тиіп, сол маңды көрсем деген ой болған. Іздегенге – сұраған. Сәті түскенде мұндай мүмкіндікті жібермей, топырағын түртсе талай тарих түгесілетін құтты мекенді көруге қуанышпен келіскенмін.

Қаладан ертерек шыққанда таң енді ғана қылау берген еді. Облыс орталығынан ұзай бергенде күн ұясынан қызара шықты. Күн шығысқа қарсы жүрген соң көз аштырмай, шағылысып келеді. Жан-жақты барлап, ен даланың ой-қырына көз жүгірткенмін. Қариялардан естуімше, ауданға қарасты Қарақұм, Мойынқұм, Арысқұм жері – бұрынғы атажұрт. Мұнда ел қоныстанып, оның ішінде аудан халқы көшіп барып, тіршілік қайнаған. Ерте көктемде қойшы, малшылар қырға қарай шығып, жаз жайлауын өткізіпті. Жері сулы, нулы болған соң бұл маңды Арқа жақтың елі де қоныстанып, екі ел ауылы аралас, қойы қоралас тіршілік кешкен. Ал қысқа таман қырды жайлаған жұрт Сырға құлап, дария бойын мекен еткен.  

Жол үстінде мұны мәдениет саласының ардагері жандандырды.

– Біздің бара жатқан бағытымыз – бұрынғы атақоныс. Кезінде Қараөзек дариясы бойымен ел Қарақұмға келіп, қоныс тепкен. Осындағы Мойынқұм, Арысқұм бойында Арқа халқы мен Сыр жұрты тіршілік еткен. Міне сол замандарда көптеген елге белгілі тұлғалар өмір сүріп, халықтың мұң-мұқтажын түгендеп отырған. Солардың бірі – Найманұлы Бозжан би. Ол кісі жас кезінде Арқа, Қостанай, Қоянды жәрмеңкесіне дейін барып, сол жақтағы ағайындармен араласып-құраласқан. Діни сауатты, табиғатынан елгезек Бозжан би сол кездегі аты аңызға айналған Бұқарбай, Сейіл батырлармен, Шортанбай, Қырғи билермен, Бәймен, Қалжан ахундармен, Құнанбай қажымен сыйластықта болған, – деген өнер майталманы Бозжан бидің елге белгілі Құнанбайға берген батасын тарқатып айтты.

Аға сұлтан мұсылмандық парыз – қажылықты өтемекке барар жолда қазақ даласына есімі белгілі Мырқымен Сыр бойында кездеседі. Бұл кезде Құнанбай діни біліктілігімен елге танылған Қалжан ахунды сырттай естіген. Осы сапарда Абайдың әкесі ахунмен дидарласуға ықыласты болып, ауылына келіпті. Қалжан ахунның уағыздарына көңілі толған Құнанбай:

–Ау, шырағым Қалжан, баратын жеріміз алыс. Сен бізге шариғаттан үлкен өнеге айттың, Алла разы болсын! Біз тұралық, бата беріңдер! Батаны Қалжан шырағым, сен бересің және батаны берген кезде «менің сүйегім Меккеде қалсын» деп бергін. Иләһи әмин? – дейді.

Аға сұлтанның бүкіл сұрағына мүдірместен жауап беріп отырған Қалжан ахун осы сәтте ұмтылып барып, іркіліпті. Батада «өл» деген жүрмейді. Мұны байқаған Бозжан би:

– Ау, шырақтарым, бұған кідіріп болмас. Бұл батаны біз берейік. Ер тілегі болса, қалсын, ел тілегі болса, келсін, – деген екен. Бұған Құнанбай қатты риза болыпты. Құрметті меймандарды шығарып салып тұрған шақта Қалжан ахун Бозжанның қолын қыса беріп:

– Ау, ағажан! Өзіміз сияқты от-оттап, су ішіп жүргеннен кейін қадіріңді білмеппіз ғой. Бес уақыт намазымда саған Алладан рақмет тілесем болады екен. Тұншығып бара жатқан жерде дем бердіңіз ғой,  – деген екен.

Қажылық сапарда халық тілегі қабыл болып, Құнанбай еліне келеді. Қайтар тұста да осы Сыр бойымен жүріп, бабаларға тәу еткен. Сол сапарда қасында Бозжан би жүрген деседі.

ХІХ ғасырда өмір сүрген от ауызды, орақ тілді Бозжан Найманұлы қарапайым халықтың тілеуқоры болып, әркез әділ төрелік айтып отырған. Ел ішіндегі болыстардың озбырлығына қарсы шығып, орыстың ояздарына тікелей талап қоя білген. Осындай қасиетімен бай-болыстарға жақпай, Арқада Құнанбай елінде ағасы Шаншармен бірге өмір сүреді. Кейіннен елге оралып, Қарақұмның Нұра табанында тіршілік етеді. Міне, сол жерге барып, баба рухына тағзым етіп, белгі қоюды қос көліктегілер мақсат етіп келеді.

Жолаушылардың ішінде жол бастаушы – М.Бошқаев пен У.Қонақбаев. Алғашқысы Қарақұмда туылып, ер жеткен. Бірақ 1992 жылдан кейін атамекенге бара жатқан кезі осы. Ал Уәли аға Қонақбаев бала кезінен сол топырақта қой бағып, сайы мен қырқасын жақсы біледі. Бұл кісінің де Қарақұмға табаны тимегелі отыз жылға жуықтаған. Бір қызығы, екеуі де кезінде Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен ауылы арқылы Қараөзек дариясын бойлай Қарақұмға жететін жолды жақсы біледі де, қала арқылы барып көрмепті. Бірақ Құмкөлдің жолымен Қызылқияға жетсе, әрі қарай оңай табатынын айтты. Оған қоса, ауылдан шығарда Сансызбай Сәдуақасов осы маңның әрбір төбесін білетін, қой өрістеткен Төлебай ақсақалдан және Басқынбай ақсақал зайыбы Зейнекүл әжейден Бозжан бұлағына баратын жолды сұрастырып, қағазға түсіріп алған.

Жол бастаушылардың нұсқауымен қара жолда жүйткіп келеміз. Алдыңғы көліктің «адымын» аштырмай ілесудеміз. Тұзкөл, Ақшабұлақты артта қалдырып, Арысқұмның Қызылқия шетінен бір-ақ шықтық. Құтты мекен қазір мұнайлы аймаққа айналған. Өйткені жол бойы мұнай бұрғыланып, самсаған ауыр көліктермен «қара алтын» тасымалдануда. Тіпті, ен далаға арнайы пост орнатылып, әрбір көлік тексеріледі екен.  

Қызылқияға жеткеннен кейін батысқа қарай жүрдік. Межелі жерге төтелеп салу үшін алдымен Тыныштықбай жеріне жету керек болды. Мұнда мұнайшылар әр жерден жол сала берген. Содан болса керек бұрынғы сүрлеу жолдардың ізі білінбейді. Тыныштықбайда кезінде әскери бөлім болған екен. Уәкең соны тапсақ әрі қарай төтелеп жол саламыз деді. Айтқанша болған жоқ бірнеше аттың күші бар алып көлікті тізгіндегендер әп-сәтте тек жұрнағы қалған әскери бөлім орнына жеткізді. Содан солтүстікке бағыт алып, ойлы, қыратпен Мойынқұмға жол салдық.

Ширек ғасырдан аса уақыт бұл жаққа келмеген жол бастаушылар арагідік жолдан адастырды. Жас кезде осы маңды атпен шарлағандар мұнайшылар салған жол бұрынғы ізді басып қалғанын жеткізді. Сонда да жаңа жолды кесіп өтіп, солтүстік бағытты нұсқан отырды. Бір кезде алдағы көлік ескі жолға түсіп, жүйткіді.

Тақыр жол. Теп-тегіс. Кәдімгі асфальт жол секілді. Күні бойы ойлы-қырлы жолдан шаршаған жүргізушілер тақырда жылдамдықты арттыра түсті. Осыны аңғарған ауданның Құрметті азаматы С.Сәдуақасов:

– Кезінде қойшыларға ауылдағы екі-үш шопыр қатынап тұратын. Оның ішінде Ахмет деген шопыр болды. Ұлты – шешен. Жұртшылық «Ахмет шешен» дейді. Қайда барса да асықпайтын көрінеді. Сол кісі осы жолмен жүргенде «Ай, бір тақырда 30-40-пен бастым» дейтін көрінеді, – деп көлік ішіндегілерді күлкіге қарық қылды. Содан кейін:

– Ә-ә, сүрлеу жолға түстік. Мыналар тапты-ау, сірә, – деді. Артта 200 шақырым жолды қалдырғанбыз. Күн қақ төбеден ылдилай түскен уақыт. Жол мұраты – жету. Ниет етіп шыққан соң барар жерген ерте жеткен де абырой. Осыны аңғарған жол нұсқаушылар арасында кібіртіктеп қалған. Ал мына ескі жолды тапқанда:

– Міне, бағанадан іздегеніміз осы жол ғой, – деп көлік ішінде желпініп алды. Шаңдатып отырып Жыңғылдыбұлақ басына келіп тоқтадық. Мектепбай аға көліктен түсе салысымен:

– Мынау өзіміздің Жыңғылдыбұлақ. Бұрындары бұл жердің бәрін су алып жататын. Қайран, атақоныс! – деп кең тыныстап, осы маңдағы су ұңғымасынан (скважин) шөлін қандырды. Бәріміз де суды рахаттана ішіп, әрі қарай жолымызды жалғадық. Жол бастаушылар енді әр төбені таныстыра бастады. Сансызбай Сәдуақасов жазып алған қағазына қарап басын изеп қояды. Қоғалыкөлден асып, Табақбұлақ, Төлеген төбеден өттік. Содан кейін екі-үш төбенің маңайына келіп, Бозжан бұлағын іздей бастадық. «Осы болар» деп бір биігіне шықтық. Ауылдағы Төлебай ақсақал «Бозжан бұлағының басында сексеуілден қаланған екі-үш бейіті болу керек» деп айтқан. Төбенің аласарған тұсынан М.Бошқаев сол бейіт орнын тауып, қуанғаннан «Бозжан бұлағы осы» деп айқайлап жіберді. Баба рухына тағзым еткелі келген жолаушылардың бәрінің көңілі жайланды. Бозжан бұлағының негізін де тапты. Әлі де ылғалданып жатыр екен. Төбе басында жол бастаушы Мектепбай ашыла сөйледі.

– Бұл әкелеріміз атын суарып, аналар су алған қасиетті жер. Кімнің табаны тимеді дейсіз бұл жерге?! Жақсылар мен жайсаңдар бас қосқан мекен. Солардың ішінде Бозжан би осы елге мәшһүр болған. Осы маңды мекен еткен. Енді ата-баба алдындағы парыз ретінде «кейінгі ұрпақ білсін» деген ниетпен белгі қоюды мұрат еттік. Сол біздің буынға бұйырып, абыроймен атқарып отырмыз, – деді.

Біз барған тұс – Мойынқұм жері. Расында, табиғаты тамаша! Шөбі шүйгін, нағыз мал жайылымдық жер. Мойынқұм табаны сулы, нулы болғаны аңғарылады. Қазір кезіндегі көлдер тартылғанымен орны бар екен. Жерұйық іздеген Асан қайғы осы маңға келіп Сыр табиғатына «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен»,– деп баға берген секілді.

Бұл маңды Мыңбұлақ деп атайды екен. Себебі бұлақ көп. Теңізбай құдығы, Байболат құдығы, Жалмауыз құдығы, Қара құдық, Итқара құдығы, Сәрсенбай бұлағы, Қарға бұлағы деп жалғасып кете береді. Осының ішінде жол бастаушылар Жалмауыз бұлағының тарихын тарқатты. Бұған бір жанұя түсіп кеткен деседі. Құдыққа өгіз құлаған. Соны шығарамыз деп қыз түседі, артынша атасы, әжесі түсіп, шықпай қалады. Ол кезде құдықта метан газы болытынын білмесе керек. Соған тұншығып, бір отбасыны жалмаған құдық жалмауыз атанған екен. «Одан кейінгі Қара құдыққа да таңғалмасқа болмайды» дейді қариялар. Себебі төбе басына дейін, яғни жерден біршама биіктікте су шығып тұр екен. Бұл да бір Құдайдың құдыреті.

Жалпы, айта берсе киелі, құтты атажұрттың тарихын тауыса алмайсың. Топырағын түрте қалсаң, тарих түгесіле береді. Мұны бір мақала шеңберіне сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан тағы бір жол түскенде кеңінен тарқатуға уағдаластық. Ал төбе басында 82 жастағы ақсақал Кәрібай аяхметов Бозжан бидің өмір жолын айтты. Одан Тайлақбай, Құдайберген, Алдаберген, Тәңірберген тарағанын жеткізді. Құдайбергеннен тараған Нұрмұхамбет ел егемендігінің негізін қалауға елеулі үлес қосып, мемлекет және қоғам қайраткері атанғанын айтты. Ал Жолмұхамбет (Жолтай) Бозжанов қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлының қанды көйлек қаруласы, сүйікті политругі болғанын тілге тиек етті.

Ақсақал осындай игілікті іске атсалысқан бауырларына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ барлық істі ұйымдастырып, 300 шақырымдағы атақонысқа жеткізген белгілі кәсіпкер А.Рахметке алғыс айтты. Төбе басына белгі қойылып, баба рухына Құран бағышталды. Ойдағы іс орындалған соң құт мекен қонысты артта қалдырып, қалаға қарай бет алдық.

Бір қуанғаным, бұл кісілер ата-баба алдындағы парызды абыроймен орындады. Ал аудан төңірегінде іздеушісіз жатқан қаншама тұлға бар екенін кім білсін?! Оларға да осындай құрмет жасалып, белгі қойылса, кейінгі толқын ата-баба ерлігін еш ұмытпайтыны анық. Тек елге еңбегі сіңген сол қайраткер тұлғалар іздеушісіз қалмаса игі.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

Қызылдорда облысы Сырдария ауданы

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?