Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлтшылдар ақталғанымен, ұлтшылдық ақталмады

2376
Ұлтшылдар ақталғанымен, ұлтшылдық ақталмады - e-history.kz

ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы сталиндік қуғын-сүргін саясаты қазақ халқының саяси, мәдени өміріне аса зор шығын келтірді Бұл қазақ халқының ұлттық қалыптасу үдерісіндегі, сапалық құрамындағы ең ауыр, орны толмас зардаптары еді. Тарихшы-ғалым, академик К. Нұрпейісов 1917-1991 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихына байланысты саяси қуғын-сүргіндер тізбегін мынадай алты кезеңге бөліп қарастырады: Бірінші кезең 1917-1920 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезде Совет өкіметінің орнауы мен азамат соғысының орын алуына байланысты өлке тұрғындары «ақ» пен «қызылға» бөлініп қырылысты. Олар бір-біріне «революционер» - «контрреолюционер» деген саяси айыптар тақты. Екінші кезең 20 жылдарды, әсіресе, оның екінші жартысын қамтиды. Бұл – Совет Одағында сталиншілдік, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің нығая бастаған тұсы еді. Бұл кезде Қазақстанда Ф. Голощекиннің «Кіші октябрь» аталған авантюристік саясатын жүзеге асыруға кіріскен уақыты. Саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі 30-шы жылдардың басын қамтиды. Бұл кезеңге Алаш қозғалысы жетекшілері мен қатардағы мүшелерін жаппай түрмелерге жабу мен соттау белең алды. Саяси репрессияның төртінші кезеңі 1937-1945 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңдегі қуғын-сүргін «халық жауларымен» және «социалистік отанына сатқындық жасағандармен күресу» деген ұрандардың аясында жүргізілді. Бесінші кезең 40 жылдардың екінші жартысы мен 50 жылдарды қамтиды. Бұл кездегі саяси қуғын-сүргіндердің тоқпағы алдымен тағы да интеллигенцияға қарсы бағытталып, елдің зиялы қауымын қудалау және жәбірлеу буржуазияшыл ұлтшылдар мен тексіз (отансыз) коспополиттермен деген ұраншылдықтың аясында жүргізілді. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің алтыншы кезеңі 1986 жылы желтоқсанда Алматыда және еліміздің басқа қалаларында ұлт-азаттық мәніне ие болған көтерілісті және оның салдарын басып-жаныштауға бағытталды [1, 25-26-бб.]. 1937-1938 жылдардағы қазақ элитасын сиретіп тастаған саяси қуғын-сүргін ұлт мәдениетін ауыр қазаға ұшыратты. Қазақ тарихындағы ең ауыр трагедия саналатын осы қуғын-сүргін саясаты ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында жаңа сипатқа ие болды. Бұл жылдары саяси қуғын-сүргіннің нысанына әдебиет пен мәдениет саласының ірі өкілдері ілінді. ХХ ғасырдың 40 жылдарының екінші жартысында әдебиет пен мәдениет, өнерге қатысты қабылданған партиялық қаулы-қарарлар қоғамдық ғылым салаларының, әсіресе әдебиетші, тарихшы ғалымдарға қарсы жасалған ашық майдан еді. Қандай да болмасын ғылым саласы мен көркем шығармалардан ұлтшылдық пен буржуазиялық ауытқушылық сипатындағы қателіктер қазбалаған идеологиялық қыспақ өрістей түсті. Нақтылап айтсақ, 1947 жылы 21 қаңтарда шыққан ҚК(б)П ОК«Қазақ ССР Ғылым академисының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы» № 39 Қаулысы шықты. Қаулы аясында Ә. Мәметованың «Қазақ билерінің шешендік сөздері» деген тақырыптағы диссертациялық жұмысында қазақтың бай-феодалдары, билері: Кеңгірбай, Қараменде, Шорман және т.б. бұқара халықтың рухани көсемі ретінде сипатталған деген айып тағылды [2, стр. 332.]. Қаулыда басты нысанаға әлі баспаға жіберілмеген, жалпы редакциясын М. Әуезов басқаратын «Қазақ әдебиетінің тарихының» қолжазба нұсқасы нысанаға алынды. Осы қаулы шығысымен-ақ саяси қуғындаудың жаңа кезеңі белең алып, ұлт зиялыларын қудалау, соттау науқанына ұласты. Базар, Мұрат, Шортанбай, Шәңгерей, Ғ. Қарашев, С. Торайғыров тәрізді Қазақ төңкерісінен бұрынғы қазақ әдебиетінің өкілдерінің мұралары буржуазиялық-ұлтшылдық, феодалдық раекциялық саныдағы шығармалар ретінде сипатталды [3, 370-б.].

Жала жабушылар М. Әуезовтың «Абай жолы» романына да ауыз салды. Аталмыш мәселе турасында сын пікірлер баспасөз бетінде қоғамдық пікір тудырып, партиялық талқылауларға ұласты. Бұның бастауында сол кездегі ҚК(б)П Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж. Шаяхметовтың Алматы қаласында зиялы қауымның алдында жасаған «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» атты баяндамасы тұрды. 1947 жылы 14 наурызда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М. Әуезов өткендегі қателіктерінің шырмауында» атты мақаласында: «Соңғы 15 жылдың ішінде жазғандардың бәрі «Айман-Шолпан», «Хан Кене» пьесаларынан бастап, ең соңғы жазып жүргені «Абай» романына дейін – ескі тақырыпқа арналған» деп қаламгердің қазақ әдебиеті тарихына, абайтануға байланысты жазған ғылыми-зерттеушілік еңбектерімен қоса көркем шығармаларын да жоққа шығарады [4, 60-б.]. Осыған орай М. Әуезов Сталиннің өзінен көмек сұрап хат жазады: «Тяжелое обвинение, возведенное на меня на страницах казахской республиканской газеты «Социалистік Қазақстан» от н.г. в статье т. Баишева, - свело всю мою 30-летнуюю писательскую, научно-исследовательскую деятельность в вузах Казахстана к систематической, упорной антисоветской сущности...». ...Обращаясь к вашему справедливому и высшему суду отца и друга советских писателей, слветских ученых с просьбой – помочь реабилитировать мою деятельность, мое имя скромного труженика культурного фронта, чтобы я мог трудиться нормально на пользу своей советской Родины. Учытывая результаты моих трудов, правительство наградило меня в 1945 году Орденом Трудового Красного Знамени, а в 1946 году, при создании Казахской Академии наук, я избран в действительные члены и члены президиума этой Академии» [2, стр. 355.]. Бірақ бұл хат М. Әуезовтың басына үйірілген қара бұлтты сейілте алмады. Керісінше, таптық тұрғыда айыптаулар үдей түсті. М. Әуезовтың Абайдың ақындық мектебі жайлы пікірлер көрініс тапқан «Ақын аға» романы С. Мұқанов тарапынан сынға алынса, «Хан Кене» пьесасын бірінші хатшы Ж. Шаяхметов: «М. Әуезов отызыншы жылдардың өзінде «Хан Кене» пьесасындағы Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады» деп жазушының шығармасын қателік ретінде көрсете кетеді.                               1943 жылы маусым айында «Қазақ ССР тарихы» жарық көрді. Оны  дайындауға соғыс жағдайында қоныс аударған А.М. Панкратова бастаған ресейлік ғалымдар және М. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Мұстафин, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Е. Бекмаханов тәрізді қазақ зиялылары қатысты. Кітаптың Кенесары қозғалысына байланысты тарауын Е. Бекмаханов жазды. Бұл көтеріліс патшаның отарлау саясатына қарыс бағытталған ұлт-азаттық қимыл ретінде бағаланды. Алғашқы сынақтан сәтті өтіп, Сталиндік сыйлыққа ұсынылған бұл кітап,  мәселе түпкілікті шешілер кезінде, оған КСРО Ғылым Академиясының кореспондент мүшесі А.И. Яковлев және тағы басқа да орыс ғалымдар қарсы шықты. «Қазақ ССР тарихының» Е. Бекмаханов жазған, яғни Кенесары туралы тарауы «орыстарға бағытталған», Кенесары көтерілісін асыра дәріптеген деген айыптар тағылып, сынға ұшырады [5, 69-70-б.]. Е. Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиялық еңбегінде осы тарихшы Кенесарыға қатысты жазған «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуында Кенесарыға байланысты бұрынғы көзқарасының сақталуы жағдайды шиеленістіре түсті. Ақыры осыған байланысты 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде Т. Шойынбаевтың, Х. Айдарованың, А. Якуниннің  «За марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» деген мақаласы жарық көрді [3, 378-б.]. Е. Бекмахановты жақтап сөйлеп, ерлік танытқандардың бірі де, бірегейі Әбусағит Жиреншин болды. Партиядан шығып қалу, сүйікті жұмысынан айырылып қалу, тіпті өзінің ғана емес, отбасы мүшелеріне төнген  қауіптерге қарамастан, ақиқатты, әділеттілікті қорғап сөйледі. Талқылауда Ә. Жиреншин былай деп өткір айтты: «...«Культура и жизнь» газеті жуықта  «Сынау емес – таяқтау» деген редакциялық мақала жариялап, әдебиетшілерге де партияпартиялық қамқорлық керектігін қатаң ескертті. Бұл мақаланы мен дер кезінде жариялаған аса қажет нұсқау деп есептеймін. Өкінішті жәйт: біздегі баспасөздің ұрда-жық сыны көбіне дүрелеуге ұқсайды... Әйтеуір біреуді қалайда сынау керек әрі «бірдеме білетіндігідіі» жұртқа әйгілеу де қажет... «Лениншіл жакс» газетінің 31 мамыр күнгі санында жарияланған Ақынжанов пен Шойынбаевтың бірігіп жазған рецензиясын, Толыбеков жолдастың кешегі сөзін Бекмаханов кітабының сілікпесін шығарып, ешқандай дәлелсіз, даңғаза байбаламмен саяси зиянды, ғылыми дейексіз... деп жариялауын мен тек қана осылай бағалаймын. Өйкені, соншама дабыралап шу көтерген ауыр сындарында ойған қонымды бір айғақ жоқ, ғылыми жөнінен де мүлдем қисынсыз жәйтттарды сөз еткен... ...Қазақ халқы еркін ел болып күресуден ешқашан бас тартпағаны тарихтан мәлім. Сол үшін де соңғы екі ғасырда ол арыстанша алысты: Сырым батыр мен Исатай көтерілістерін еске алсаңыздар, саяси ахуал қиындап, ел тірлігі тарыла бастағанда бостандық туын көтеріп Кенесары Қасымов көтеріліске шықты. Толыбековтің пайымдауынша, «Кенесары  Абылай атасының жолын қуған», «қазақты теріс жолға сүйреген» ұлы атасының реакционерлік саясатын өзіне өнеге тұтқан-мыс. Ал қазақтың өткен тарихы Абылайды жоңғардың ұзақ жылғы шапқыншылығында біржола құрып кетуден құтқарған, ақыл-ойы кемеңгер мемлекет қайраткері санайды... Тарихи екі алып тұлғаны, Абылайды «реакционер» деп, Кенесарыны Дон Кихотпен салыстырған масқара әжуасынан кейін Толыбеков жолдастың сөзін жәбірленбей қабылдауға бола ма?». Бұл 35 жасар тарихшының батыл да, өткір сөйлеген сөзі болатын [6, 223-225-б.]. Осы батылдығы, азаматтығы Ә. Жиреншинге және отбасына соққы болып тиды. 1951-1953 жылдары қазақ интеллигенциясына ауыр күндерді басынан өткерді. Е. Бекмаханов талқылауынан кейін, Ә.М. Жиреншинді партиядан шығарып, жұмысынан шығарып, оны және отбасы мүшелерін қоғамнан жырақ қалдырды. Сол уақытта жары С.А. Ысқақованы да жұмысынан кетуге мәжбүр етті. Балалары психологиялық  тұрғыда қатты күйзеліске ұшырады, ал әкесі Жиреншин Мұсылманқұл осы жағдайдың салдарынан және ауыр науқастан 1953 жылы көз жұмды. Жас ғалым үшін осылайша қара түнек күндер басталды [7, 20-с.]. Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс және Кенесары бейнесі турасында қалам тербеген көптеген ғалымдар кеңестік идеологияның қатаң сынына ұшырады. Атап айтсақ, жоғарыда келтіріп өткеніміздей, М. Әуезовтың «Хан Кене» пьесасы мен «Ақындар ағысы» романы, Е. Ысмайловтың «Кенесары Қасымовтың қазақ халқын азат ету жолындағы күресі туралы» монографиясы, Қ. Бекқожиннің «Батыр Науан» поэмасы, С. Мұқановтың 1932 жылы жазылған «Жайлауда», 1942 жылы жазылған «Балуан Шолақ» деген поэмаларында, Қ. Жұмалиев «Батыр Мәлік» деген мақаласында Кенесары және оның төңірегі туралы дәріптелді [3, 377-б.] деген негізсіз жаламен айыпталды. 1947 жылы 26 шілдеде ССРО Жоғары Кеңесінің ең жоғары жаза – атуды жою туралы указы соғыстан кейінгі саяси репрессиялардың жұмсаруының бір көрінісі болатын. Ату жазасы еңбекпен түзеу лагерінде жиырма бес жыл қамаумен ауыстырылды. 1948 жылы 21 ақпанда «Ерекше қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді жазалау мерзімін өтеу үшін КСРО-ның шет аймақтарына жер аударуға жіберу туралы» ССРО Жоғары Кеңесінің Президиумының Указы шықты [8, 36-б.]. «Правда» газетінде жарық көрген сын мақала Қазақстан КП ОК 1951 жылы наурыз және маусым айларында екі мәрте талқылаудан өткен соң, Е. Бекмахановтың «ұлтшылдық-буржуазиялық» көзқарасы тағылған айыптарға сәйкес деп табылды. Талқылаудан кейін бұл істі КГБ қолға алып, «Бекмаханов ісі» деген тергеу ісі басталды. РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58 бабының 10 пунктіне сәйкес 1952 жылы Қазақ ССР Жоғарғы сот коллегиясы Е. Бекмахановты 25 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол ГУЛАГ-тың шалғайдағы Колым лагерінде жазасын өтеуге жер аударылды [9, стр. 22-23.]. 1953 жылы 18 қаңтарда «Правданың» бас мақаласында Қазақ ССР ҒА Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері Б. Сүлейменовтың жат пиғылы «әшкереленіп», онда «алдау жолымен, өзін біржуазиялық ұлтшылдарды әшкерелеушімін деп, партияға кіріп кеткендігі», оның белсенді түрде ұлтшылдық жұмыс жүргізгендігі, өз дәрістерінде жат «идеясымақтарды» жымысқы енгізіп отырғандығы» айтылды [10, 543-б.]. 1947-1948 жылдардағы айтыстарды қорытындылау нәтижесінде Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Төлеген Тәжібаев Бекмахановты, Сүлейменовты, Бекхожинді қорғаушы ретінде айыпталып, партия жиналысында қаралды [3, 379-б.]. Саяси жазалау науқаны Қазақ КСР ҒА президенті, академик Қ. Сәтбаевты, ғұлама ғалым Ә. Марғұланды да айналып өтпеді. Сонымен қатар, биология, медицина, геология ғылымының ғалымдары да қуғынға ұшырап, университеттерден шығарылды. Қорыта айтқанда, советтік Қазақстан тарихының қасіретті парақтарының бірінен саналатын ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы әдебиет, ғылым, мәдениет өкілдеріне, зиялы қауымға бағытталған «ұлтшылдыққа» айыптау, қудалау науқаны қазақ қоғамын өз тарихы мен мәдениетіне, өз ұлтының ұлы тұлғаларына күйе жағуға мәжбүрледі. Бұл «саяси қуғын-сүргін» науқаны 1953 жылы Сталин өлгеннен соң, яғни «Хрущевтік жылымық» кезеңінде саябырсыды. Сотталғандар мерзімінен ерте босатылып, «Халық жауы» жаласымен атылып кеткендер ақтала бастады. Бірақ бұл жаңадан билік басына келген Хрущевтік топтың партиядағы позициясын нығайтуға, халық алдындағы беделін көтеруге бағытталған әрекеті еді.  

Әдебиеттер: Саяси қуғын-сүргіндер және олардың зардаптары. Естеліктер мен мақалалар жинағы – Политические репрессии и их последствия. Сборник воспоминаний и статей / Сост. Е.М. Грибанова, Г.Н. Мурзагалиева, Е.В. Чиликова. – Алматы: Архив президента Республики Казахстан, 2009. – 158 с. Летопись жизни и творчества М.О. Ауэзова. Алматы: Гылым, 1997. 768 с. Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері. Көмекші оқу құралы. – Алматы: Өнер, 2003. – 552 б. Такиров С.У. Әдеби сын және кеңестік идеология // ҚарМУ Хабаршысы. № 1, 2006. Филология сериясы. 58-63 бб. Елғондиева С.Р. Сталиндік концепцияның Қазақстан тарих ғылымында жүргізген саяси қуғын-сүргін науқаны // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, № 2. 2003. 69-71 б. Сәрсеке Медеу. Ермұхан Бекмаханов. Ғұмырнама. – Астана: Фолиант, 2010. – 672 б. Жиреншин А. Избранные труды. Алматы: Алаш, 2003, 624 с. Мұсағалиева А.С. Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.) Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Астана 2010. 48 б. Жумасултанова Г.А. Политические репрессии в Казахстане в условиях тоталитарного режима (20-е – начало 50-х годов). Автореферат дисс на соискание кан. ист. наук. Караганда, 1999. – 30 с. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: Атамұра, 2010, 752 б.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?