Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақын Сәбит Дөнентайұлының бүркеншік есімдері

2128
Ақын Сәбит Дөнентайұлының бүркеншік есімдері  - e-history.kz
Сәбит Дөнентайұлы «Айқап», «Қазақ» басылымдарында жарияланған өлеңдерін «Жетім», «Сәбит», «Шәкірт», «Іс», «Жаналин Сәбит», «Жаналин С.Д.» сияқты бүркеншік аттарымен берген

Әдеби әлемнің өзіндік болмысы қаламгердің бүркеншік ат немесе бүркеншік есім қою, пайдалану дәстүрімен де дараланады. Оның жасалу жолдары сан алуан болса, қазақ ақын-жазушылары да аллоним (туындының авторлығын белгілеуде өз есімінің орнына өмірде бар және болған нақты тұлғаның атын алу), анаграмма (әріптердің теріс қарай жазылуы арқылы жасалатын бүркеншік есім), астронимдер (астеронимдер) (аты-жөні орнына бір немесе бірнеше жұлдызшаны тізіп қол қою), криптоним (адамның аты-жөнінің қысқартылып, құпияланып жазылуы), гетероним (автор тарапынан өз шығармасының басқа шығармасынан белгілі бір сипатына байланысты ерекшеленуіне орай қолданылатын есім) түрлерін қолданған.

Сәбит Дөнентайұлы «Айқап», «Қазақ» басылымдарында жарияланған өлеңдерін «Жетім», «Сәбит», «Шәкірт», «Іс», «Жаналин Сәбит», «Жаналин С.Д.» сияқты бүркеншік аттарымен берген [1, б.343], [2, б.454]. Ақынның 1957 жылы басылған шығармалар жинағының шығарушылар алқасынан (Б.Ақмұқанова, М.Базарбаев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев) берілген шағын түсініктемеде Сәбиттің бірқатар шығармаларын сонымен қатар «Бәйімбет», «Азалы», «Бегіндік», «Еңбекші», «С.Д» деген аттармен жарияланғанын жазады [3, б.3]. Ақын шығармашылығын арнайы қарастырған Балташ Ысқақов Сәбиттің осы кездегі кейбір өлеңдерін өз есімімен, арғы аталарының атымен (Жаналин, Бейімбет) жариялағанына тоқталады. «Қазақ» газетінде басылған «Уһ!», «Шілде» өлеңдерін «Бейімбет» деген атпен, «Айқапта» басылған «Қазақтарға қарап», «Заман кімдікі?» деген өлеңдерін «Жаналин» деген фамилиямен жарияланғанына екпін жасап [4, б.30], Е.Ысмайылов пікірін үстей түседі. К.Шәменов қаламгердің «Бегімбет», «Еңбекшіл», «Жанас» сынды әдеби бүркеншік аттарды қолданғанын айтады [5, б.449].

Жалпы Сәбит Дөнентайұлының бүркеншік аттарын анықтауда ғылыми жүйеленген бірізділіктің болмауы ақын шығармаларының авторлығын айқындауда қиындықтармен қатар түрлі көзқарас қайшылығын тудыруда. Әсіресе «Бейімбет», «Бәйімбет» деген бүркеншік аттарымен берілген өлең, мақалалары «телқоңыр» сипат алуда. Сәбит Дөнентайұлы шығармаларын Бейімбет Майлинге, өз кезегінде Бейімбет Майлин шығармаларын Сәбит Дөнентайұлы туындыларына телу, орынды да орынсыз алмастыру жиі көрініс табуда.

Бейімбет Майлин шығармашылығын зерттеген Темірғали Нұртазин жазушының өзі анықтаған 21 бүркеншік есімін атап, оларды «Шаңқан», «Малай»,  «М», «Мен», «М-тай», «М-и», «М. Б.», «Мереке», «Мырқымбай», «Б», «Б-т», «Быж», «Балықшы», «Жалшы», «Жолаушы», «Інісі», «Көз», «Тай», «Шоң», «Қайдауыл», «Тілші» деп көрсетеді.  Автордың атынсыз, редакциялық болып жарияланған еңбектері де көп болғанын ескертеді [61, 321]. Бүркеншік есімдерінің көп болуының екі түрлі себебі барын түсіндіреді. «1) тарихи-саяси жағдайдың түбірлі түрде өзгеруі, сонымен байланысты қаламгердің өзіне басқа мәнді псевдонимді лайықты көруі; 2) жазушы қызмет істейтін газетте өз атымен материалды жиі, кейде бір номерде бірнешеуін қатарынан жариялауды қолайсыз көруі» [6, б.321].

Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сақов құрастырумен жарық көрген «Қазақ» газетінде берілген «Бүркеншік есімдер көрсеткішінде» Б.Майлиннің «Бейімбет», «Бимұхамет», «Быж», «Қарабала», «Қараша бала», «Б.Б.Ж.», «Балық», «Жалшы», «Малай», «Көз», «Шаңқан», ал С.Дөнентайұлының «Жетім», «Сәбит», «Шәкірт», «Іс», «Жаналин Сәбит», «Жаналин С.Д.» [7, б.553-554] бүркеншік есімдерін атайды.

Бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұлов Т.Нұртазин бастапқы зерттеуінде бүркеншік есімдер санын жиырма бірге, кейіннен отызға жеткізгенін, өз кезегінде С.Байменше «Бейтаныс Бейімбет» деген кітабында 33 бүркеншік есімге тоқталғанын екшейді.  1993 жылы басылған «Қанатты қаламгер» атты кітабында 43 бүркеншік есімін айқындаса, 2000 жылдардан бері қарай зерттей келе, Б.Майлиннің 74 бүркеншік аты бар екенін анықтағанын жазады [8]. 

Әдебиетші Т.Бейісқұлов Бейімбет Майлинның барлығы 74 бүркеншік есімдерін атап көрсетеді. Олар: 1. Шаңқан. 2. Малай. 3. Жолаушы.  4. Б-т. 5. М-тай. 6. Жолшыбай. 7. М. 8. Көз. 9. Быж. 10. М-Б.  11. Тілші.  12. Б-М.  13. Қайдауыл. 14. Мен. 15. Б. 16. Жалшы. 17. М-й. 18. Жалаңаяқ. 19. Балықшы. 20. М-М. 21. Мереке. 22. Жорналшы. 23. Малшы. 24. Мырқымбай. 25. Қарабалық баласы. 26. Інісі. 27. Тай. 28. Бимағамбет. 29. Жолаушы бақыр. 30. Қойшы. 31. Қара бала. 32. Қойшығара. 33. Біз. 34. Оқытушы. 35. Кедейшіл. 36. Оқушы. 37. Жолаушы. 38. Қоңыраушы. 39. Бір көрген. 40. Естіген. 41. Көзі көрген. 42. Б-ж.  43. Ішінде болған. 44. Өзім. 45. Газетші. 46. Жасқаншақ. 47. Алтай. 48. Жуас. 49. Алакөз. 50. Егінші. 51. Ел аралаған. 52. Мұғалім. 53. Мен ғой. 54. Бекет. 55. Қарсақ.  56. Толстой қазақ. 57. Қараша бала. 58. Би. 59. Балық. 60. Б-б-ж. 61. Жолдан. 62. Бақ ауған. 63. Жалшы баласы. 64. Кетпен. 65. Қорғасын. 66. Жол болсын. 67. Бимұхамбет. 68. Қайдауыл баласы. 69. Малай баласы. 70. М-Т. 71. Кедей. 72. Елден. 73. Шоң. 74. Нық [8].    Бұл ретте Сәбит Дөнентайұлының жоғарыда Есмағанбет Ысмайылов атап көрсеткен «Бәйімбет» бүркеншік есімі Темірғали Нұртазин, Тоқтар Бейісқұлов тарапынан таза аталмағанын байқаймыз.

Т.Нұртазин тарапынан «Бимұхамет», «Бейімбет» деген бүркеншік есімдер көрсетілгенімен, «Бәйімбет» атауы аталмайды. «Ол еңбектерін революцияға дейін «Айқап», «Қазақ» бетінде «Бимұхамет» немесе «Бимұхамет Майлин»  деп өз есімімен жариялап отырған. Кейін туыстары айтатындай, «Бейімбет» деп қол қояды да, сол аты – әдеби есім болып тарихқа енеді» [6, б.321].

«Бәйімбет» Сәбит Дөнентайұлының арғы атасы болғандықтан, бүркеншік есімінің бірін солай деп алған. Мұны ғалымдар Т.Нұртазин, Е.Ысмайыловтар жіті назарда ұстағаны анық. Міне, Сәбит Дөнентайұлының «Бәйімбет» бүркеншік есімі тұрғысынан алғанда, осы бүркеншік есіммен берілген әдеби мұра тек қана Сәбитке тиесілі екеніне ойлы көзбен қарағанымыз абзал. Негізінен Ү.Субханбердинаның «Ашылмаған бүркеншік есімдер», Т.Бейісқұловтың «Бейімбеттің бүркеншік аты», К.Есмағанбетовтың  «Ұлт зиялыларының бүркеншік есімдері», Н.Мұхаметхановтың «Мұхтар Әуезовтың әдеби бүркеншік есімдері», Б.Байғалиевтің «Аймауытовтың әдеби бүркеншік есімдері», А.Еспенбетовтың «Қазының қазасы» («Алаштың алғашқы құрбанын» жазған кім?), Қ.Атабаевтың «Деректануға дәйектілік керек «Арғын» - да, «Түрік баласы» - да Міржақып Дулатовтың бүркеншік аттары», «Түрік баласы» кімнің бүркеншік есімі?», С.Байменшенің «Бүркеншік есім бүккен сыр», «Шығарма тарихының шындығы», Ғ.Әнестің «Бір бүркеншік есім», С.Аққұлыұлының «Ғарифолла Әнес және басқаларға ашық хат», Р.Имаханбетованың «Ахмет Байтұрсынұлының еленбей келген еңбектері», Д.Тоққариннің «Мұтылған» бүркеншік атауы нені меңзейді?», М.Қалиақпардың «Ə.Бөкейханның бүркеншік аттары», Е.Тоқтарбай «Бүркеншік есімдердің сыры», «Алаш тұлғаларының бүреншік есімдерін шатастырмайық», Ұ.Сәйдірахманұлының «Жүсіпбек Аймауытұлының тағы бір бүркеншік есімін таптым», Б.Қожалиевтің «Бүркеншік есімдердің теориялық мәселелері», Қ.Андастың «Ілиястың жұрт біле бермейтін бүркеншік есімдері хақында...», Ж.Әбдіразаққызының «Әлихан Бөкейханның бүркеншік есімдері» мақалаларындағы полемикалық ой-пікірлер, сонымен қатар «Екеу» бүркеншік есіміне қатысты Т.Жұртбайдың, «Байқаушы» бүркеншік есіміне қатысты Р.Имаханбетованың бүркеншік есім астарын ашудағы көзқарас қайшылықтарын танытуымен қатар, оның даулы тұстарының терең қатпарлы екенін айғақтайды.

«Классикалық мақалалар сол кездерде псевдониммен жазылды. Әрине, псевдониммен жазылған соң әлгі автор белгісіз қалды ғой деген ой туады. Бірақ, Жаратқан бәрін көріп тұр. Кім жазды, кім ұлтқа, ұлттың руханиятына үлес қосты? Оның бәрі белгілі. Пендешілікпен айтқанымен, бүркеншік аттардың мазмұны, авторының білігі, көркемдік туралы ойы сол дәуірдің мәтінін кімнің қай дәрежеде түсінетініне байланысты ашыла береді» [9] деген Д.Қамзабекұлы пікірі тұрғысынан алғанда бүркеншік аттар бүккен сырдың терең қатпарлары дәйекті де дәлелді түрде зерттеп-зерделеуді қажет етеді. 

Жалпы қарастырылып отырған әдеби-шығармашылық мәселе әдебиетші Бейсенбай Кенжебаевтың «Бүркеншік аттар сыры» проблемалық мақаласында алғаш күн тәртібіне қойылған болатын [10]. Е.Байболов мақаласындағы қазақ библиографиясын түзу, онда қамтылатын авторлардың аты-жөнін анықтауға қатысты пікіріне тоқталған ғалым «библиографиялық көрсеткіштің ғылыми, айқын болып жасалуына сол  кездегі баспасөз бетінде жарияланған шығармалардың авторларын, кейбір бүркеншік атпен (псевдониммен) берілген авторлардың аты-жөнін дұрыс анықтау қиындықтар тудыратын жұмыстар» болып табылатынымен ой бөліседі. Бүркеншік есім бүккен сырларға қатысты өз шешуі мен байламын ортаға салған Б.Кенжебаев бүркеншік аттар қойылуының төрт сипатын атап көрсетеді.

1. «Көптеген бүркеншік аттар автордың өз есімінің, не есім мен фамилиясының басқы әріптерінен алынған: «М.», «М. Ә.» – Мұхтар Әуезов, «Быж» – Бейімбет Майлин (Бейімбет Жармағамбетұлы), «Мыж» – Мағжан Жұмабаев, «Сот» – Сайділ Талжанов, «Шыт» – Шонанов Телжан, «Жік» – Жүсіпбек Аймауытов, «Жуа» – Жүсіпбек Уалитов, «Е. А.» – Ерғали Алдоңғаров, «Қошке» – Қошмұхамбет Кемеңгеров, «Қапсыңқа» («қ» әрпінің ескіше оқылуы) – Қадыр Тайшықовтардың бүркеншік аттары». Бүркеншік аттарға автордың өз есімі, не есімі мен фамилиясының басқы әріптерінің алынуымен келгенде С.Дөнентайұлының «С.Д» бүркеншік есімін қолданғаны мәлім.

2. «Кейде авторлар фамилиясын жазбай, тек есімдерін ғана қоя салатын болған. Жоғарыда аталған мақалада келтірілген: «Балқай», «Елтоқ», «Шияп», «Шолпан» тағы басқалар сол кездегі белгілі журналист, әдебиетшілер Балқай Байтоғаев, Елтоқ Ділмұхамметов, Шияп Қожақметов, Шопан Иманбаевалардың өз есімдері». Бұл ретте Сәбит Дөнентайұлы «Айқап», «Қазақ» басылымдарында жарияланған өлеңдеріне фамилиясын жазбай, «Сәбит» деп есімін ғана қойып жариялаған болатын.

3. Авторлар өздерінің туған-өскен жерлерінің, ру-тегінің атын да бүркеншік ат есебінде пайдаланатын болған: «Шаңған» –Бейімбеттің туған жерінің аты, «Матай» – Матай тауына, Матай руына байланыстырып алынған Ілиястың бүркеншік аты. «Еділ» – Мансұр Ғатауллиннің аты». Осы тәсілді Сәбит Дөнентайұлы да қолданған. Бірқатар шығармаларын «Бәйімбет», «Жаналин» деген атпен бастырған. «Бәйімбет» «Жаналы» ақынның арғы ата-бабаларының аттары.

4. «Көп жағдайда бүркеншік атты пайдаланушылар оны өздерінің бітіміндегі айрықша белгіге байланыстыра, не ойдан шығарып алып қоя салатын болған. Айталық: «Бұйрас», «Бөгде», «Мөлтең» – жазушы Қадыр Тайшықовтың бүркеншік аттары. Мұнда «Бұйрас» оның шашының бұйралығына байланысты алынса, «Мөлтең» басқа дене бітімінен басының ерекше үлкен келетіндігіне сай қойылған. Жоғарыда айтылған «Быж», «Шаңғаннан» басқа Бейімбеттің «Қара бала», «Малай» деген бүркеншік аттары болған; «Жөнеу» – белгілі журналист, жазушы Аманғали Сегізбаевтың бүркеншік аты. «Желкек» – Телжан Шонановтың, «Жажеке» – Мағжан Жұмабаевтың, «Шұға» – Абдірахмен Айсариннің, «Тоқпақ», «Тарпан» – Сұлтанбек Хожановтың, «Тамшы», «Сартай», «Студент» дегендер Ерғали Алдоңғаровтың бүркеншік аттары еді.

«Үнемші», «Таймінер», «Мадияр» – Міржақып Дулатовтың бүркеншік аты да, «Ақыл», «Жанақ», «Жаңқа», «Жік», «Қызылбас», сондай-ақ  «Қара бақсы», «Таңашбай» – Жүсіпбек Аймауытовтың бүркеншік аттары. Ал «Екеу» біздің білуімізде М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың бүркеншік аты. Бүркеншік есім қоюдың осы сипаттамасы Сәбит Дөнентайұлының «Жетім», «Шәкірт», «Іс» атты бүркеншік аттарынан көрінеді.

Бейімбеттанушы С.Байменше «Бүркеншік есім бүккен сыр» мақаласында қазақ әдебиеті мен журналистикасының тарихында қаламгерлердің бүркеншік есім ретінде өз аталығын, руын жазуы өте жиі кездесетінін «Ағатай Байұлы» (Ғұмар Қарашев), «Найманский» (Көлбай Төгісов), «Арғын», «Мадияр» (Міржақып Дулатов), «Матай» (Ілияс Жансүгіров), «Жекей» (Жиенғали Тілепбергенов), «Қаптағай» (Біләл Сүлеев), «Орта жүз» (Отыншы Әлжанов) мысалында көрсетеді. Ал Бейімбет Майлиннің «Ғалия» медресінде шығарған «Садақ» журналындағы шығармаларын «Қарсақ», «Бекет» деген аттарымен жариялағанын атайды. «Профессор Т.Кәкішев анықтаған бұл есімдердің мағыналарына ой жүгіртсек, «Қарсақ» – аңның аты, жергілікті ру ішінде осындай аталық та бар. «Бекет» – кісі есімі, бұл да рулық-тайпалық ерекшелікті білдіруі әбден мүмкін» [11, б.72]. С.Байменше атап көрсеткен жазушылардың бүркеншік есім ретінде өз ата-бабасының, ру-тегінің атын алуы Б.Майлин, С.Дөнентайұлына тән ортақ сипаттар. Міне, Сәбит Дөнентайұлының «Бәйімбет» бүркеншік есімін Бейімбет Майлиннің «Бейімбет» бүркеншік есімімен шатастырудан бірнеше шығармалар «телқоңыр» сипат алып жүргенін көреміз. Оған «Тұңғыш құрбан» мақаласы, «Адаспаспыз» өлеңі айқын дәлел.

«Абай» журналының 1918 жылғы №3, «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 18 наурызындағы №34 санында басылған «Тұңғыш құрбан» атты мақала Бейімбет Майлиннің бе әлде Сәбит Дөнентайұлының мұрасы ма деген заңды сұрақ туындайды. Зерттеушілер Т.Бейісқұлов «Дарын даралығы» [12], С.Байменше «Майлының Бейімбеті» [13] еңбектерінде «Тұңғыш құрбан» мақаласын Б.Майлин мұрасы деп қарастырады.

Т.Бейісқұлов «Б.Майлин туралы архив деректерін, оны білгендердің айтқандарын таразылай отырып, ойлап қарасақ, ол халқын шексіз сүйген адам. Сондықтан алашордашылармен араласып, бірге болуы табиғи заңдылық. Иә, Б.Майлин А.Байтұрсыновтың «Қырық мысал», М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» деген туындыларын оқыған. Олардың шығарған «Қазақ» газетінде алғашқы хабарлары, өлеңдері жарияланған. Тұңғыш рет «Штат» деген өлеңі «Қазақ» газетіне 1913 жылы шығады. Бұдан кейін Бейімбеттің өлеңдері бұл газетке басылып тұрған. Ал 1918 жылы А.Байтұрсынов Қостанайға келіп, алашорда қатарына жастарды тартып, тізім жасағанда 24 жастағы Бейімбет те жазылады. Алашорданың басқа да басылымдарына өлеңдері, мақалалары басылып жүрген. Мысалға Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетіне (18.04.1918 ж.) жарияланған милиция басқарушысы, алашорда мүшесі Қазы Нұрмұхаметұлының қайғылы қазаға ұшырауына орай жазған «Тұңғыш құрбан» деген мақаласын айтсақ та болар» [12, 123], С.Байменше «Бейімбеттің Алашорданы қолдап жазған туындыларының ішіндегі атап көрсететін еңбегі – «Тұңғыш құрбан» мақаласы. Ол «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 18 наурыздағы нөмірінде жарияланды» [13, б.17] деген пікірлерін білдіреді.

Қазақ баспасөзін Қазақстан тарихының дереккөзі тұрғысынан зерттеген Қ.Атабаев «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918)» монографиясында «...«Сарыарқа» мен «Қазақ» газеттері «Алаштың тұңғыш құрбаны» деп атаған Қазиды атып өлтірген, сөйтіп Алаш Орда үкіметіне қарсы соғыс жариялаған ақтар емес, большевиктер» [14, б.316] деген пікір айта келіп, мақала авторы кім екенін көрсетпейді.

Ендігі бір ғылыми деректерде, біріншіден, Міржақып Дулатұлы бес томдық шығармалар жинағының 1-томында ақынның «Тұңғыш құрбан» өлеңіне жазылған Ж.Ысмағұлов түсініктемесінде [15,б.353], екіншіден, Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. І бөлім. Ұлтшылдық, байшылдық дәуір» еңбегінде, үшіншіден, Ә.Қоңыратбаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихы» зерттеуінде «Тұңғыш құрбан» мақаласының авторы Сәбит Дөнентайұлы екені аталады.

Міржақып Дулатұлы бес томдық шығармалар жинағының 1-томында Алаш милициясының бастығы Қази Нұрмұхаметұлы қазасына байланысты жазылған Міржақып Дулатұлы өлеңінің жазылу тарихына берілген Ж.Ысмағұлов түсініктемесінде «Тұңғыш құрбан» мақаласын «Бәйімбет» деген бүркеншік атпен Сәбит Дөнентайұлы жазғаны көрсетілген. «...«Абай» журналының жоғарыда көрсетілген санындағы «Тұңғыш құрбан» деген мақаладан алынды. Оны «Бәйімбет» деген бүркеншік атпен жазған Сәбит Дөнентаев болатын» [15, б.353]. Әдебиетші Ә.Қоңыратбаев «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының беттерінде «Адаспаспыз», «Сарыарқа - анам», «Қазидың өліміне» деген 4-5 шығармасын жазады» деген құнды пікір айтады. 10 томдық «Алаш көсемсөзінің» «Сарыарқа» газетіне арналған 10-кітабында «Тұңғыш құрбан» атты мақала соңында авторы ретінде «Байымбет» деп көрсетілген. Ал осы мақаланы көшіріп жариялаған «Абай» журналында да «Байымбет» деген бүркеншік есім берілген.

Сәбит Дөнентайұлы шығармашылығын алғаш зерттеуші Сәбит Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. І бөлім. Ұлтшылдық, байшылдық дәуір» атты күрделі еңбегінде «Тұңғыш құрбан» мақаласына қатысты «Дөнентайұлы айтып отырған сайланған жігіт, жаралған аттар оның өлеңінде ғана емес, шынында Алашорда, алдағы ашылғалы тұрған тап тартысында, байлардың үстемдігін қорғап қалу үшін милиция жиған. Сол жиналған милицияның бір бөлігі Семей қаласында ойнап жатқанда алтыншы наурыз күні большевиктер әскерімен араларында жанжал шығып, алаш әскерін үйретіп жүрген Қази Нұрмұхамедұлы деген жігіт оққа ұшқан. Осы Қазиды алашордашылар үлкен дәріптеген. Оның жаназасында Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сөз сөйлеген. Артынан Қазидың жетісіне үлкен бата оқыр жасалған. Бір інісі қазынаға оқуға алынған. Үй ішіне жеті мың сом ақша берілген. Және бір жасар баласы өскенше қамтамасыз болатын болған. Осы Қазидың өлген күнгі қайғылы мәжілісін Дөнентайұлы жаза келіп, былай деген өлең айтады» дей келіп, ақынның «Алаштың» алғашқы құрбанына» өлеңін толығымен береді.

«Абай» журналында жарияланған «Алаштың» алғашқы құрбанына» өлеңі «Ұлттың ұлы қош бол, қош!» деп аяқталса, С.Мұқанов кітабында «Алаштың ұлы, қош бол, қош» деген жолдармен түйінделеді.

Жоғарыда келтірілген ғылыми еңбектерден Т.Бейісқұлов, С.Байменше «Тұңғыш құрбан» мақаласының авторын Б.Майлин, ал С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Ж.Ысмағұлов С.Дөнентайұлы деп қарастырғанын көреміз. Өз кезегінде «Тұңғыш құрбан» мақаласын Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков  (1889-1937) «Алаш құрбандары (Сарыарқадан)» деген атпен «Сарыарқа» газетінен «Қазаққа» көшіріп басты. Алаш жолында құрбан болған Қазы Нұрмұхамедұлының тарихтағы орынын бағалап, оның қазасына байланысты қазақ тұлғаларының көңіл-күйін хаттап кетті.

Жоғарыда қарастырылған мәселелерді түйіндей айтқанда, «Тұңғыш құрбан» мақаласын С.Дөнентайұлының мұрасы деген С.Мұқанов, Ж.Ысмағұлов, Ә.Қоңыратбаев пікірлерін қостаймыз. С.Мұқанов өз дәуірінің шындығына «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. І бөлім. (Ұлтшылдық-байшылдық дәуір)» (1932) атты күрделі еңбегінде дер кезінде тереңнен бойлады. Өзі атап көрсеткеніндей, «Көп жерде кейбір шығарманың шыққан тарихын, себебін тексерумен қатар, ішкі, сыртқы құрылысына тоқтап, өзімізше сын бердік». «Тың жатқан мәселеге із салып, пікір көрсету. Сонымен қатар бытыранды материалдарды жүйеге келтіріп, әрбір шығарманың шыққан себебін тексеріп, жол ашу болды».  Ол кезде суреткер Б.Майлин ақындығының жиырма жылдығы аталып өтсе, С.Дөнентайұлы Семей қаласында жарық көрген «Қазақ тілі» газетінде қызметте. Қаламгерлердің С.Мұқанов кітабындағы даулы деп білген мәселелерге қатысты сыни көзқарастарын білдіруге толық мүмкіндіктері болды. Осы сипаттағы пікір қайшылығы, көзқарас алшақтығы «Адаспаспыз» өлеңіне қатысты байқалады. «Телқоңыр» сипаттағы өлең бірде Бейімбетке, енді бірде Сәбитке телінетін жайт жиі кездеседі.

Бұл ретте әдебиетші Арап Еспембетовтың «Қазының қазасы» («Алаштың алғашқы құрбанын» жазған кім) мақаласындағы «Бәйімбет» бүркеншік есімі, «Алаштың алғашқы құрбаны» мақаласы ақын Сәбит Дөнентайұлына тиесілі деген ғылыми байламдары, түйінді пікірлері объективті.

«Адаспаспыз» өлеңін Т.Бейісқұлов, С.Байменше , Ү.Субханбердина, С.Ақашева Б.Майлин мұрасы деп қарастырса, С.Мұқанов, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, К.Шәменов, Ә.Қоңыратбаев, С.Қирабаев, Ө.Әбдиманұлы С.Дөнентайұлы шығармасы тұрғысынан ғылыми-зерттеушілік пікір білдіреді. С.Мұқанов «Адаспаспыз» өлеңін Сәбит ақын мұрасы екенін нығырлап, «Бейімбет» деген атпен «Адаспаспыз» деп жазған өлеңінде Дөнентайұлы байшыл алашордашылдығын тереңдеткенін» айқындаған болатын. М.Әуезов орта, орталау мектептің 6-сыныбына арналған «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1933) оқулығының «Сәбит Дөнентайұлы (1894-1933)» бөлімінде «Адаспаспыз» өлеңін нақты атап көрсетпесе де, «Адаспаспыз» өлеңінен үзінділер келтіреді. «...Алғашқы бетімен «Алаш» ұранын көтерді: «Біз бәйгеге ат қосқамыз «Алаш» деп, Аянбай шап, егей төспен талас деп. Барды аптап, тілеп тұрмыс құдайдан, Е, жасаған! Аруақ көтер, бақ аш деп». Сәбит Дөнентайұлы шығармашылығының терең білгірі Есмағанбет Ысмайылов ақынның 1957 жылы жарық көрген шығармалар жинағына жазған ғылыми өмірбаянында «Адаспаспыз» өлеңі Сәбит мұрасы екенін айтады. Осындай әдеби көзқарасты Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев ұстанады. Бұл ретте Алаш қайраткерлерінің қатарында елдік мүддеге қызмет еткен Мұхтар Әуезовтың, Алаш зиялыларымен әдеби айтыс-тартыста жүрсе де «Қазақты ояту үшін, қазақтың жүрегін патша үкіметіне қарсы қозғау үшін ұлтшылдарға өткір құрал керек болды. Ол құралды ұлтшылдар көркем әдебиет деп білді. Сондықтан ұлт туын көтерген ұлтшылдар (бірең-сараңы болмаса) түгел өз пікірлерін өлең арқылы айтты» деп бағалаған Сәбит Мұқановтың пікірлері иланымды деп білеміз. Сонымен қатар Б.Кенжебаевтың, Ә.Қоңыратбаевтың принципті ұстанымдағы пікірлері негізінде «Адаспаспыз» өлеңінің авторы С.Дөнентайұлы деуге толық негіз бар.

Жалпы ақын мұрасын жариялау мәселелерінде әлі де болса орын алып отырған олқылықтарды назардан тыс қалдыра алмаймыз. Сәбит ақын шығармашылығын арнайы зерттеген Балташ Ысқақов Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Шәкірт», «Сағыну», «Елім-ай», «Әбупирастан» өлеңдерін Сәбит Дөнентайұлына теліп, «Қазақ әдебиеті» газетінде 1978 жылы 9 маусымда жариялаған болатын. Әдебиетші «Сәбит Дөнентаев туралы жаңа деректер» мақаласында төмендегі пікірлерін білдірді. «С.Дөнентаев творчествосының екінші кезеңі туралы, яғни әртүрлі баспасөз орындарындағы қызметі жайында жөнді пікір айтылмай жүр. Архив материалдарына жүгінсек, бұл орайда да біраз тың деректер көзге түседі. Енді С.Дөнентаевтың жаңадан табылған өлеңдеріне келейік. Оның сегіз өлеңі («Тізіліп көл жағалай қонушы еді», «Сағыну», «Елім-ай!», «Шәкірт», «Досыма жазғаным», «Кел, мұнда!», «Қарындасқа», «Әбупирастан»)» А.С.Пушкин атындағы көпшілік кітапханасының сирек кездесетін қорынан табылды. Бұл сегіз өлең С.Дөнентаевтың «Уақ-түйек» деген атпен жазылған бізге белгісіз қолжазбасына кірген. Қырық төрт өлеңнен құрылған бұл қолжазба кейін толықтырып, сұрыптап баспаға қайта әзірлеген кезде жаңағы сегіз өлең жинаққа кірмей қалған. Бұл қолжазбаның титулдық бетінде: «С.Дөнентайұлы, «Уақ-түйек». 1915, Уфа» деп жазылған. Оқушылар назарына С.Дөнентаевтың жаңа табылған өлеңдері ішінен бірнешеуін ұсынамыз.  Осы деректерді ұстанған ақынның туған қызы Сәулет Сәбитқызы өзінің құрастыруымен баспадан шығарған «Ұрпағыма айтарым» (1989) атты жинақта Міржақып Дулатұлының «Шәкірт» («Қазақ». 1913, №30), «Сағыну» («Қазақ». 1913, №35), «Елім-ай» («Қазақ». 1914, №52), «Әбупирастан» өлеңдерін Сәбит Дөнентайұлы мұрасы деп жариялады [31, б.32-35]. Бұған қатысты Гүлнар Міржақыпқызы «Кінәні мойнына алатын кім?» атты мақаласында әдеби қауымды парасат пайымына жетелейтін жанайқайын жеткізді [16, б.124-129]. М.Дулатұлының 1991 жылы жарық көрген шығармалар жинағында, кейінгі бес томдық шығармалар жинағында «Шәкірт», «Сағыну», «Елім-ай», «Әбупирастан» өлеңдері қамтылып, аталған мұралардың жариялануына түсініктемелер берілді. «Жиендіктен» орын алған олқылықтар қалпына келтірілді. Десек те кейбір оқулықтарда «Елім-ай» өлеңін С.Дөнентайұлына телу орын алуда. Қ.Аллабергеннің «Тарих тудырған тұлғалар» (XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы қазақ ақын, жазушылары мен публицистерінің рухани мұралары)» атты еңбегінің бірінші кітабындағы «Елім деп еңіреген ер (С.Дөнентаев)» аталатын бөлімінде Міржақып Дулатұлының «Елім-ай» өлеңі С.Дөнентайұлы шығармасы тұрғысынан талданады. Сондықтан ақын мұрасын жариялауда барынша абай болып, текстология мәселелерін жіті назарда ұстаған абзал. К.Әбдіқалықтың «Текстология» еңбегіндегі С.Дөнентайұлының «Бозторғай» (1989), «Ұрпағыма айтарым» (1989), С.Елікбаев құрастырған «Қазақ әдебиетіне арналған хрестоматиядағы» (2007) «Заман кімдікі?», «У жеген қасқырға» өлеңдері негізінде айқындалып берілген текстологиялық салыстырулар мәтіндік ерекшеліктерге көз жеткізеді. Әрине бүркеншік есімдерде анықталмаған, айқындалмаған әдеби-шығармашылық, ғылыми-зерттеушілік мәселелерде барша әдебиетшілер жұмыла атқаратын келелі істер жетерлік. Басқасын айтпағанда бір ғана «Қазақ» газетінде жарияланған авторлардың ашылмаған бүркеншік есімдерінің саны жүз тоғызды құрайды. Осы сипаттағы қордаланып қалған мәселелерді жүйелі зерттеу қазақ әдебиетшілерінің келелі міндеттерінің бірі болмақ. Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы Т.Шаңбайдың, «Әдебиеттану терминдерінің сөздігіндегі» Ө.Күмісбаевтың, «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясындағы Н.Ерсарыұлының әдеби бүркеншік аттарға қатысты шағын мақалаларының маңызын айта отырып, осы бағыттағы ғылыми ізденістерді жүйелі түрде дамыту өзекті мәселе екеніне назар аудартамыз. Қ.Мұхамедханұлы тілімен айтқанда «Тегінде, «Әдеби мұраны» қайта жариялау мәселесіне зер сала қарап, абай болғанымыз жөн». Бұл ретте «Садақ» қолжазба журналындағы бүркеншік есімдер құпиясын қажыр-қайратпен зерттеп-зерделеген Т.Кәкішұлы еңбектері  әдебиетшілерге үлгі болса керек.

 

Әдебиеттер тізімі

1 Айқап». Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов. – Алматы, 1995. – 368 б.

  1. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы, 1998. – 560 б.
  2. Шығарушылар алқасынан // Дөнентаев С. Шығармалар. – Алматы, 1957. – 464 б.
  3. Ысқақов Б. Сәбит Дөнентаевтың ақындық жолы. – Алматы, 1966. – 207 б.
  4. Шәменов К. Сәбит Дөнентаев. Кітапта: Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІ том, екінші кітап. – Алматы, 1965. – 522 б.
  5. Нұртазин Т. Бейімбет Майлин творчествосы. – Алматы, 1966. – 324 б.
  6. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. – Алматы, 1998. – 560 б.
  7. Бейісқұлов Т. Біз білмейтін Бейімбет // Ана тілі – 2009. – 19 қараша.
  8. Қамзабекұлы Д. Алаш тұлғаларына ықыласты болуымыз керек // Абай. abai.kzpost /10913
  9.  Кенжебаев Б. Бүркеншік аттар сыры. Ғалым архивінен алып, газетке ұсынған Б.Адырбекова // Қазақ әдебиеті. – 1994. – 14 қазан.
  10. Байменше С. Бүркеншік есім бүккен сыр // Саясат. – 2002. – №11. – Б. – 71-73.
  11. Бейісқұлов Т. Дарын даралығы. – Алматы, 1994. – 135 б.
  12.  Байменше С. Майлының Бейімбеті. – Алматы, 1994. – 160б.
  13.  Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918). – Алматы, 2000. – 358 б.
  14.  Түсініктемелер // Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы: Бірінші том: Өлеңдер, роман, пьесса, әңгімелер.//Құрастырушылар: Дулатова Г., Иманбаева С. – Алматы, 2002. – 368 б.
  15. Дулатова Г. Алаштың сөнбес жұлдыздары. – Алматы, 2010. – 360 б.

 

Сағымбай Жұмағұл,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?