Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құныскерей – халық кегіне туған ер

2347
Құныскерей – халық кегіне туған ер - e-history.kz
Заманында, өмір кешкен ортасында өткен оқиғаларда айшықты ізі бар бұл айтулы тұлға Құныскерей Қожахметов болатын

 

 

Халық оны батыр деп таныса да, тарихта оның есімі, бар абырой-атағы теріс жазылды. Атына тіркелген «банды» анықтауышы өмір бойы өзімен бірге аталатын болды. Кейде, тіпті, банды екеніне өз қандастарының да құлағы үйреніп, еті өліп кеткен сияқтанады. Заманында, өмір кешкен ортасында өткен оқиғаларда айшықты ізі бар бұл айтулы тұлға Құныскерей Қожахметов болатын. ХХ ғасыр басындағы аумалы-төкпелі заманда тағдыры аласапыранға айналған батыр туралы қалам тербемей өту мүмкін емес. 

Құныскерей 1895 жылы Атырау өңірі Тайсойған құмындағы Нөсер қыстауында өмірге келген. Жергілікті орыс-қазақ мектебінен білім алады. Туған өлкесінде 1880 жылы атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин ашқан мектепте оқыған Құныскерейдің білімді, сауаты бір басына жетерлік адам болғаны, алғашқыда болыс хатшысы, кейін қызылдар үкіметінде ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарғаны туралы деректер кездеседі. Ол жөнінде 1920 жылдың маусым айындағы үшінші санында «Трудовая правда» газеті шағын хабар жариялайды. Онда: «Гурьевке елден азық-түлік тасып, әсіресе, мал айдап әкеліп, оның етін дайындауда Қожахметов Құныскерей айрықша көзге түсті. Ол өте-мөте іскер, әрі бірбеткей, таза, совет өкіметінің ел ішіндегі сенімді өкілі», – деп жазады. 

 

df68fe46ead0ec5df14b2eceb2006d8a.jpg

Батырдың өмірін зерттеген тарихшылардың айтуынша, оның «банды» атанып, қашқын болуына екі оқиға себеп болған. Құныскерей ауылдық кеңестің төрағасы болып жұмыс істеген шағында халықтан жүн, ет және сары май жинау жөніндегі есепті басшылыққа ай сайын тапсыруға міндетті екен. Сондай бір күндердің түнінде Құныскерей азық-түлік салығы жөнінде жұмыстармен Калмыков ауылына бара жатып, жолшыбай бір үйге түнейді. Үйге кіріп келген Құныскерей қатты ұйқыға басып жатқан адамдар арасынан ұйқысыздықтан жапа шеккен жолаушыны көреді. Оның кім екенін таныса да, көп ештеңе ойламай, Құныскерей қаннен-қаперсіз ұйқыға кетеді. 

Кенет үй маңынан ат тұяғының дүбірі мен айғай естіледі. Үйдің сыртын ОГПУ және милиция қызметкерлері толық қоршап алған екен. Үйден шығып келген Құныскерейге олар: «Сен кімсің? Атыңды айт», – деп айғайлаған. Ол өзін ауылдық кеңестің төрағасы Қожахметовпін деп таныстырған. «Біз таң атқалы бері далада жалғыз шапқыншыны қуудамыз. «Контра» деп ойласақ, өзіміздің советтік екен ғой», – дейді қуанып қалған милиционерлер. Осы кезде үйден атып шыққан Олжабай қызылдарға оқ жаудырған. Атыс тез аяқталып, қарсы оқ атқан қызылдар қашқынды атып өлтірген. Қызылқоғада пайда болған Олжабай атты «халық жауының» нақақ қазасын көру Құныскерейді терең ойлантып тастайды. 

Құныскерейдің совет билігіне деген ызасын тудырған екінші оқиға – өз қонағын «халық жауын» коммунистерге бермеуі еді, яғни сатқындық жасамауы болатын. 1922 жылдың күзінде Құныскерейдің үйіне ақын, композитор Ерғали Аязбаев келеді. Патша ағзам заманында оны қарақшы-барымташы атап, ізіне түссе, қызылдар оған контрреволюционер деген ат қойып, айдар тақты. Сөйтіп, екі үкіметтен де теперіш көрген ол Құныскереймен дос-құрдас, жақын туыс, тіпті, құдалығы және бар, қуғында жараланып екі жолдасымен батырдың үйіне түнейді. Осы кезде Құныскерейдің үйін ОГПУ мен милиция қызметкерлері, бар барлығы 20 адам адам қоршайды. Милиционерлермен келіссөз жүргізуге Құныскерей сыртқа шыққанда, олар: 

– Сен үйіңе Совет билігінің жауын жасырдың! Оны өз қолыңмен бізге тапсыруға міндеттісің! Олай болмаған жағдайда екеуіңді де атамыз! – депті. 

– Сендер менен не сұрап тұрсыңдар? Қазақ қонағын ешқашан жауына бермеген! Менің үйімнің артындағы қыраттан асып бара жатқанда ұстай беріңдер. Мен бұлайша өз қонақтарымды сендерге бермеймін! – деп жауап береді Құныскерей. Милиционерлер үйге кірмекші болғанда Құныскерей мылтығын жұлып алып, олардың жолын бөгеп, атыс бастайды. Құныскерей аудандық милиция бастығы Ырзаны дәл көздеп атып, бала кезінен таныс Зиманға (академик Салық Зимановтың әкесі) аяушылық танытып, аяғынан атады. Милиционерлердің сасып қалғанын пайдаланған Құныскерейдің қонақтары үй артындағы шөпке өрт қойып, қоршаудан қашып шығады. Құныскерей де атыса жүріп, жүйрік тұлпарының арқасында қоршаудан құтылады. Билікке ашық қарсы шыққан қауіпті қылмыскердің соңына Гурьев милициясының, ОГПУ-дың және Қызыл Армияның жергілікті күштері шам алып түседі. 

Құныскерейдің ызасы – халық кегі. Жазықсыз жандардың көрген жәбірі, тартқан жазасы. Әкесін жауыздықпен өлтіріп, денесін үш күн бойы қораға сақтап қоюы кез келген қазақ азаматының ашуын туғызып, ызасын келтірмей ме. Сондықтан Құныскерейдің кегі жай әшейін нәрсе емес. Өйткені, Құныскерей қарапайым халықты ешқашан ренжітпей, кедейлерге көмектесіп келгендіктен халық оны құрметтейтін және жақсы көретін. Қауіп жайлы алдын ала ескертіп отыратын. 

Бұл туралы мынадай жеделхатты жоғарыға қарай жөнелтіп отырған: «Құныскерей Қожахметовтың контрреволюциялық бандысының соңына түстік. Қуғын жергілікті кедейлердің оны қолдайтынына және жасыратынына байланысты қиын болды. Гурьев ОГПУ бастығы Фролов». Осы жерде айта кетейік, Құныскерейдің атын малданып, теріс пайдаланған қылмыскерлер аз болмаған. Адам тонаумен, қарақшылықпен айналысқан олар Құныскерейдің есіміне қара дақ түсірді. Осының естіген қызыл белсенділер қайтіп тыныш жатсын, халық арасына «жауыз», «қарақшы» деп сипаттап, лақап таратқаны айдан анық. Советтік кер кезеңнің тарихында ұзақ жылдар бойы Құныскерейді «қандықол қарақшы» ретінде таныстырғанымен, ол зұлымдық пен жазықсыз жандардың зардап шегуіне, өлтірілуіне үзілді-кесілді қарсы болатын. Тіпті, өзінің атажауы қызыл коммунистерге өзіне себепсіз тиіспеуге және қандарын нақақтан-нақақ төкпеуге тырысатын. 

 

e1a4c84f78065731c95a0e7101f663b6.jpg

Құныскерей ғұмырының тағы бір ерекшелігі, оның басқа атпен жат жерде, бөтен елде өмір сүргені. Бірде «Әбілқайыр Жаманов», бірде «Елемес», енді бірде «Андрей» атанып, жасырып жүрген деген деректер бар. 1965 жылдарға дейін тірлік кешіп, жан сақтаған деседі. Сол жақта қайтыс болып, «жаназа үстінде өзімнің шын аты-жөніммен – Құныскерей Қожахметов деңдер, ал құлпытасқа Әбілқайыр Жаманов деп жазыңдар», – деп өсиет еткен екен. Құныскерейдің балалары: «Әкемізді ауру емес, тілімделген жүрегіндегі өмірінің ақырына дейін тарқамаған құса әкетті», – депті. 

Құныскерей және оның тағдыры туралы қаламгерлер Өтепберген Әлімгереев «Құныскерей», Марат Мәжитов «Құмдағы із» атты шығармалар жазған. Көрнекті жазушы Хамза Есенжанов «Ағайынды Жүнісовтер» романының арасында пайдаланған. 

1920-30 жылдары Совет билігі орнатқан жаңа тәртіп пен ұжымдастыруға ашық түрде наразы болып, кейіннен басқа да қитұрқы саясатқа қарсы шыққан ердің тарихтағы лайықты бағасын алуына біздің тарих тарапынан соны көзқарас қажет. Себебі, бәріміз білетін Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» деген әңгімесі бар. Осы әңгіменің ішіндегі Кудря (Құдіре) банды Құныскерей сияқты халық кегін қуған есіл ерлердің жиынтық бейнесі десек қателеспеспіз. Өте жағымсыз сипатталатын батырды сандаған жылдар бойы жас ұрпаққа оқытып, ата-баба бейнесіне сызат түсірдік. Советтің сойылын соққан Хамит сынды коммунистерді мадақтап, басқа көтердік. Ал қазіргі тәуелсіз заманда, жаңашыл санада банды емес батыр, қарақшы емес қаһарман болған өз асылдарымызды дұрыс танып, қадірін арттыруымыз қажет.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?