Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақмолаға ауысқан күн

2411
Ақмолаға ауысқан күн - e-history.kz
Жиырма бір жыл бұрын, 1997 жылы 20 қазанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды.

1997 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы астанасы ресми түрде Алматы қаласынан Ақмолаға көшірілді. Бұл ұлы көш қазақ тарихында маңызды датамен халық жадында сақталды. 

Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы ауыстыру туралы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдаған болатын. Осыдан кейін дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Құрылыс қарқынын арттыру әрі инфрақұрылымын дамыту мақсатында  1997 жылы Ақмола қаласында (қазіргі Астана) Ақмола арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ол белгілі бір деңгейде жаңа елорданың дамуына өз септігін тигізді. ҚР Президентінің астананы көшіру туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін Алматыда Ақмолаға мемлекеттік органдарды қоныстандыру жұмыстары басталды.

Қазақстан астанасын Алматыдан Астанаға ауыстыру (10 желтоқсан 1997 ж.) – Қазақстан астанасын ауыстыру есебі бойынша үшінші қала ретінде тарих бетіне қатталды. Бұрынғыға қарағанда, аталған ауысу республиканың  өз билігінің  бастамасымен ауыстырылды. Ол сондай-ақ совет өкіметі кеңістігіндегі мемлекеттердің ішінде мемлекет астанасын ауыстырған  алғашқы және жалғыз мемлекет болып, елдегі әлеуметтік-экономикалық өмірге маңызды әсерін тигізді. 

Өткен тарихқа көз жүгіртсек, Астананы Ақмолаға көшіру идеясы бұрын да көтерілген. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген.

Қуаныш Сұлтанов: Астана – ел еркіндігінің өрісі

Сондай-ақ Ақмоланы Астана деп таныған тарихи тұлғалар жайында да «Қазақстан тарихы» порталы деректер ұсынған. Сол деректерде Польша ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы, поляк революционері Адольф Янушкевич: «Ақмола, мәселен, бүкіл қазақ даласының болашақ астанасы» деп тұжырым жасайды.

Астана – мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы. Елдіктің еңсесі мен ұлттық бірлікті ту еткен бас қала. Астана қаласы 4 ауданға (Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр) бөлінеді. Тұрғыны 1 млннан астам. 

 

1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысы бойынша, Ақмола атауы Астана болып өзгерді. Астана қаласының қазақ елінің жаңа астанасы ретінде халықаралық таныстырылымы 1998 жылы 10 маусымында өтті. Астана күні  6 шілде күні аталып өтіледі.

1999 жылы  ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.

Бүгінде Астана қаласы түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды, ЕҚЫҰ саммитін, 7-ші қысқы Азиада ойындарын,  әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін,  EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін және тағы басқа іс-шараларды жоғары деңгейде өткізді.

Қосымша оқи отырыңыз: Астана қаласының тарихы

Қосымша оқи отырыңыз: Астана қаласының қалыптасу тарихы

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?