Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Мамочкино бейітіндегі» сенбілік

2598
«Мамочкино бейітіндегі» сенбілік - e-history.kz
Қарағандыдан 30 шақырым жерде «Мамочкино бейіті» деген жантүршігерлік атқа ие жер бар

Бұл жерде репрессияның қанды шеңгелінің құрбаны болған сәбилер жерленген. Жазықсық сотталған әйелдер лагерлерге жабылып, жаңа туған сәбилер өздеріне ауадай қажет ана мейірімінен айырылды. «Мамочкино бейіті» – бұл қайғы мен аза мекені, өмір сүріп үлгермей, періште боп көкке ұшқан кішкентай бейкүнә құрбандар туралы естелік орын.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында «Болашақ» Академиясының оқытушылары,Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жергілікті атқару органдары мен Долинка кентінің тұрғындары қуғын-сүргін құрбандарын еске алып,бейіт аумағында сенбілік өткізді. Сенбілік нәтижесінде ескі қоршау жаңаға ауыстырылып, ағаштар отырғызылып, кіреберістің бояуы жаңартылды. Уақыт пен табиғат күштері адам қолымен тұрғызылған нысандарға өктем-ақ, сондықтан да, оларды бақылауда ұстау маңызды.

«Мамочкино бейіті» – қуғын-сүргін жылдарында адам төзгісіз азаптың материалдық көрінісі болып табылатын тарихи және мәдени нысан. Лагерь аумағында өмірге келген сәбилер «деткомбинат» немесе «Мамкин дом» деп аталатын балалар қалашығында тұрды. Күніне екі-үш рет әйелдерді күзеттің айдауымен емшектегі сәбилерді емізуге әкелетін. Ол жерде балалар 2-3 жасқа дейін болатын да, сосын оларды балалар үйлеріне жіберетін. Балалар арасындағы өлімнің көп болуына байланысты, КарЛаг-тың құрылымдық бөлімшесінің аумағында «Мамочкино бейіті» пайда болды.

КСРО НКВД (ІІХК) ГУЛАГ-тың Санитарлық бөлімінің деректері бойынша тек 1939 жылдың өзінде ғана КарЛАГ-тағы 350 баланың 114-і қайтыс болған. Балалар балалар қалашығынан алыс емес жерде, Долинканың шыға берісінде жерледі. Тұтқындардың балаларына табыт бөлінген жоқ, олар жалпы молаларда жерленді.

«Карлаг: Тарихтан тағылым» ғылыми-ағартушылық жобасының басшысы ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Нұрлан Дулатбековтың айтуынша, қыста қайтыс болған балалардың мүрделерін үлкен бөшкелерге салып, тек бөшке толғасын ғана жерленгені туралы сұмдық естеліктер бар. Бұл бейітте ересектер де жерленген. Нұрлан Дулатбеков «Мамочкино бейітін» Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін музейлерін біріктіретін белгілі жерлердің бірыңғай мемориалдық кешеніне қосу туралы ұсыныс жасады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?