Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

КЕШЕ ҒАНА БОЛҒАНДАЙ...

1108
КЕШЕ ҒАНА БОЛҒАНДАЙ... - e-history.kz
Астана қаласында жаңа Мемлекет тарихы институты ашылатындығы жөнінде, маған 2008 жылдың шілде-тамыз айларында мәлім болды

Астана қаласында жаңа Мемлекет тарихы институты ашылатындығы жөнінде, маған 2008 жылдың шілде-тамыз айларында мәлім болды. Осы мезгілде Президент Әкімшілігі қызметкерлері телефон шалып хабарласты: «Жаңадан құрылатын институттың басшысы ретінде, Сізді шақырсақ қалай болады?» деген ұсыныстарын білдірді. Мен бұл кезеңде қызметкерлері білімді әрі білікті мамандардан құралған,«Қазақ энциклопедиясының» тамаша ұжымын басқаратынмын. Бірақ, менің көңілімәркез өзімнің жаныма жақын, тарих ғылымын қалайтын. Ойлана келе, келісімімді бердім.

Жаңа институт ол кезде ел арасында «Зажигалка» деп аталатын Көлік және коммуникация министрлігі ғимаратында отыратын. Министрліктегі жауапты қызметкерлер Институттың қызметкерлер құрамын жинақтау және оларға төленетін жалақы мәселесін шешу қажеттілігі жөнінде тапсырма берді. Мен келгенге дейін, Институт басшысының уақытша міндетін атқарушы, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Нұрмақұлы Қалиев қызмет жасаған.

Ол осы уақытқа дейін басы-аяғыбес-алты қызметкерді қабылдаған екен. Осындай жағдайда Институт жұмысын қолыма алдым. Жыл соңына дейін екі-ақ ай қалған, бөлінген қаржыны тиімді игеру мақсатында қызу ұйымдастыру жұмысына кірісіп кеттік. Ең күрделісі білікті ғылыми қызметкерлермен толықтыру қажет.

Сол кезде маған нақты жәрдем көрсетіп, күн не түн демей бар жұмысты атқарысқан азаматтарға көп рахмет. Олар: Ж. Қалиев, Г. Оразбекова, Ә. Ауанасова және басқалар аянбай қызмет атқарды. Осыдан 2-3 күннен кейін Институттың бас есепшісі қызметіне Әлия Нұрқалықованы алдым. Есепші-бухгалтер өте маңызды қызметкер, себебі шот ашу, жалақы төлеу, жиһаз, үстел алу және басқалар есепшісіз шешілмейтін мәселе.Кейінірек бұл бөлімге экономист Шокодько Надежда, менеджер Нұрсұлтан Тамабек келіп қосылды. Келесі маңызды мәселе, Институтты белгілі ғалымдармен, әсіресе ғылым докторларымен қамту керек болды. Яғни кітап жаза білетін мамандар керек еді.

Сонымен бір ай аралығында институтқа тәжірибесі мол, қолынан іс келетін ғалымдар жинала бастады. Сол кезде шақырумен Амангелді Қашқымбаев, Теңгеш Каленова, Анара Габдуллина келген болатын. Ал елге танымал болу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына хабар керек болды. Сондықтан қазан айының аяғында I Ғылыми Кеңес мәжілісін өткізіп, оған БАҚ өкілдерін шақырдық.

Астанадағы зиялы қауыммен қарым-қатынастарды нығайту үшін белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдарды: Серік Негимов, Қамал Бұрханов, Несіпбек Айтовтар кездесуге шақырылды. Ақпарат хабарынан ел жаңа институттың ашылғанын ести бастады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен: «Келемін, аласыз ба?» деген өтініштер көбейді. Сол кезде Павлодардан, Шымкенттен, Алматы мен Ақтөбеден біршама ғалымдар келіп қосылған болатын. Олар: тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейтқали Мәдуан, Сайран Әбушәріпов, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сәрсембина, Игорь Корнилов (белгілі журналист) сияқты азаматтар келіп қосылды.

Ең қуаныштысы біз өзіме ұнамайтын «Зажигалкадан» осы қазіргі отыратын «Министрліктер үйі» ғимаратына ауыстық. Оның жағдайы былай болды. Бұрын көп жыл Президент аппараты мен Үкіметтегі бірге жұмыс жасаған жігіттерді іздестірдім. ҚР Іс басқарушы мекемесінде Болат Ысқақов деген азаматты танитынмын. Соған кіріп жағдайымды айттым. Ол Әділет министрлігінің жоғарғы қабатында, 11-ші қабатта біраз бөлме босауы мүмкіндігі туралы айтты. Мен де қарап тұрмай, жаңа жерге орналасудың жағдайын айтып, жабыса кеттім. Сонымен, бір аптадан кейін жоғарыда айтылған, 11-шіқабатқа көшетін болдық. Мен тезірек қасымдағы Жабайды 11-ші қабатқа алып келдім. Институт қызметкерлерін төменде милиция қызметкерлеріғимаратқа кіргізген жоқ.

Оған рұқсат алу керек. Осы мәселені шештік. Көшіп келгенмен, отыратын орындық, үстелдер де болмады. Адамдардыңәрлі-берлі коридорда жүруіне тура келді.Менің оларға қарауға да уақытым жоқ. Себебі күн сайын не Министрлік, не Президент аппараты шақырады. Жазатын, қатысатын мәжіліс те көп, тапсырма да жеткілікті. Күн сайын ұйымдастырушылар және бухгалтерия түнгі 12-де, 1-де үйлеріне кететін. Ал, таңертең сағат 9-да қайта жұмыста болуымыз керек. Біз үшін сенбі, не жексенбі деген болмайтын. Біз осындай жүгіріспен жүріп, байқамай Жаңа жылға да жеттік. Ақылдаса келе жаңажылдық кешімізді салтанатты түрде Астананың мейрамханасында қарсы алмақшы болдық. Бұл жоспарға қарсы,  қолдамаушылар да табылды.Меніңше, бейресми кеште ұжым мүшелері бір-бірімен тығыз араласса, қатынасса деген ой болатын. Осындай кештер есте қалады. Жалпы Жаңа жылды жақсы қарсы алдық. Елге кеш ұнады. Ұжымның құрылғанына екі айғана болса да, бір-бірімен тез табысып үлгірді.

 

ӨРЛЕУ

...Міне,осындай жағдайлар он жыл бұрын болған. Кейін ұжым мүшелері спортзалға да бірге бардық. Тіпті қаланың сыртынан жер алып үй салмақшы да болдық. Талай рет таза ауаға шығып, «Бурабайға», «Атажұртқа» да барған едік.

Ортамызды толтырып жаңадан келген ғалымдар тез арада ұжымға үйренісіп жаңашылдығымен көзге түсті. Олар: Николай Лапин, Еркеш Нұрпейісов, Ғани Қарасаев, Радик Темиргалиев, Ілиясова Күлпәш, Сейтқали Дүйсен, Талғат Әминов,Сәуле Бағдатова, Қанат Еңсенов, Бауыржан Құрманбаев, Айтбала Әбенова,Айнагүл Ғаниева,Құндызай Ерімбетова сияқты әріптестерім болды. Жас ғалымдар –Рүстем Құдайбергенов, Айнұр Сейпілова, Дархан Жұмағалиев, Әйгерім Сейфуллина, Мәншүк Кемелбекова, Қуаныш Ақанов, Қайыркен Әдиет, Қуат Саманбеков, Бауыржан Ыдырысов, Жәния Нұрғожина, Зәуреш Арынова сияқты әріптестеріміз көңілден шықты. Осы институт қабырғасында жүріп олар ғылыми конференциялар ұйымдастырып, шыңдалды. Сол сияқты институттың құрылымы Нурикамал Сейтжанова басқаратынПерсоналды басқару тобымен толықты. Заңгер Салтанат Қасымова, инспектор Маржан Құдайбергенова, басқарушының көмекшісі Гүлнәр Омарова және көлік жүргізушісі Талғат Мұхамбетжанов жұмыс атқарады.

Жалпы, Институтта дүниежүзі елдерінен келген көптеген ірі зерттеуші ғалымдармен кездесіп, әңгімелерін тыңдау және бөлісу дәстүрге айналған. Мысалы, Марта Брилл Олкотт (АҚШ)«The Kazakhs» атты монографиясымен 1970 жылдары аты шыққан ғалым, Стив Уиткрофт (Австралия), Зайниддин Курманов (Қырғызстан), Михаил Липкин (Ресей), Изабель Огайон (Франция), Дина Аманжолова (Ресей), Дилором Алимова (Өзбекстан), Абдулвахаб Қара (Түркия) және басқалармен. Отандас ірі ғалымдар- Набижан Мұхаметханұлы, Зиябек Қабылдинов, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков сияқты ғалымдар бізде қонақта болып дәріс оқыды.

Дәстүр бойынша бізде қоғам және өнер қайраткерлеріЖандарбек Мәлібеков, Шәкен Ниязбеков, Төлеутай Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов және басқа тұлғалармен кездесу ұйымдастырылып тұрады.Уақыт өте біздің ғалымдардың  өскенін, қанатын жая түскенін байқап отырдым.

Ерекше есте қаларлық оқиғалардың бірі, 2015 жыл болатын. Бұл жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында республикалық және халықаралық шараларға белсенді қатыстық. ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасымен бірлесе түрлі шаралар өткіздік. 2016 жылдың Наурыз айында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында  ғылыми шаралар Алматы қаласындағы Ғылым Ордасында өткізілді. Осы шараға кітап көрмесін ұйымдастырып, Президент Н.Ә. Назарбаевты ғылыми жұмыстар нәтижелерімен таныстырдым.

Мемлекет басшысы ғылыми конференцияға келген шетелдік және Отандық тарихшылармен сұхбаттасты.  

2017 жыл - Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында ғалымдар республикалық және халықаралық шараларға қатысты.

2017 жылғы 10 қарашада Астанада Елбасы тапсырмасымен ЭКСПО Конгресс-орталығындаөткізілген «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті. Бұл іс-шараға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және өзге елдерден келген ғалымдар мен сарапшылар қатынасты. Бұл конференцияны ұйымдастыруда және өткізуде де, Институттың қызметкерлері белсенділік көрсетті.

 

КЕЛЕШЕК ...

Енді міне 2018 жылы біздің құрылғанымызға 10 жыл толады. Демек біздің алдымызда үлкен межелер тұр.

Ұжым ретінде біз маңызы терең ғылыми еңбектермен, өткір оймен көзге түсуіміз керек деген ойдамын.

 

Бүркітбай АЯҒАН,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры,

т.ғ.д., профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?