Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаныш Сәтбаев: «Менің халқым менен де биік»

2646
Қаныш Сәтбаев: «Менің халқым менен де биік» - e-history.kz
Қаныш Сәтбаевтың есімі Қазақстан өнеркәсібі мен ғылымының тарихымен ғана емес, республикадағы халық шаруашылығының, барлық экономикалық және мәдени өмірінің қалыптасып дамуымен тікелей байланысты

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында, қазақ халқының біртуар азаматы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 119 жылдығы қарсаңында ғалымның өмірі мен қызмет жолына арналған «Рухани жаңғыру: тұлға тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан ғылым саласының негізін қалаған Қ.И.Сәтбаевтың туған күнімен Ғылым қызметкерлерінің күні тұспа-тұс келеді. Аталмыш мереке Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазанда жарияланған №164 Жарлығымен бекітілді.

Іс-шараны Елбасы кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және «Зерайна» қоғамдық қорының қолдауымен, академик Қ.И. Сәтбаевтың мемориалдық музейімен бірлесе ұйымдастырып отыр.

– Ұлтымыз бен еліміздің тарихы Қаныш Имантайұлын жер қойнауының қыр-сырын білетін көрнекті ғалым, геолог, өз дәуірінің ірі ойшылы мен белгілі табиғат зерттеушісі ретінде сипаттайды. ХХ ғасырдағы Қазақстанның дамуына зор үлесін қосқан қоғам мен мемлекет қайраткері нағыз көшбасшының дәл өзі еді. Оның ғылыми мұрасы – таптырмас дүние. Бүгінде Қ.И.Сәтбаев мұрасын металлогения, минералогия, геохимия, пайдалы қазбалар, стратиграфия, тектоника, география, экономика сынды т.б. ғылым салаларында жазылған 800 жарияланым құрайды. ...Былтыр Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің үшінші жаңғыруы туралы сөз қозғалды. Бұл жаңғыру елімізді озық 30 мемлекеттің қатарына кіргізуді көздейді. Оның негізгі үш үдерісі, атап айтқанда, саяси реформа, экономиканы және қоғамдық сананы жаңғырту үдерістері іске қосылды. Сонымен қатар, Н.Ә.Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту бағыттарының бірі ретінде білім саласын белгілегенін ескерген абзал. Осы тұста ұлтымыздың бетке ұстар азаматы Қаныш Сәтбаевтың ғылым дамуына қосқан үлесі мен еңбек жолы кейінгі буын мен еліміздің жас ғалымдары үшін қоғамдық сананы жаңғыртудағы негізгі бағдар болып қала бермек, – деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов пленарлық отырысты ашты.

Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Назирмад Ализода өз баяндамасында биыл Қазақстан-Тәжікстан дипломатиялық қатынастарының орнағанына 25 жыл толатынын атап өтті.

– Бүгінде қос мемлекет арасындағы екіжақты қатынастар стратегиялық әріптестік бағытында дамып жатыр. Тәжікстан Үкіметі халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа, инновациялық зерттеулерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қаныш Сәтбаев сынды ғылыми қайраткерлер өз еңбектерімен елдеріміз арасындағы ғылыми ынтымақтастық негізін қалап, оның дамуына теңдессіз ықпал етті. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қазақ ғылымын әлемдік деңгейге көтерді. Ғасырлар өткен сайын ұлы ғалымның есімі кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі жаңғыра бермек. Қ.Сәтбаевтың есімі Қазақстан өнеркәсібі мен ғылымының даму тарихымен ғана емес, сондай-ақ республикадағы бүкіл халық шаруашылығының, барлық экономикалық және мәдени өмірінің қалыптасуы және дамуымен тығыз байланысты. Тәжікстан Ғылым академиясы Қ.Сәтбаевтың есімін ғылыми жетістіктері, ғылымға және мемлекеттік қызметке сіңірген еңбегі үшін мәңгілік ардақтайды, – деді Елші мырза. Сонымен қатар, ғалымның ғылым саласына, ғылыми-ұйымдастырушылық және мемлекеттік қызметке сіңірген еңбектерін ескере келе, Тәжікстан Ғылым академиясы Геология, сейсмикалық берік құрылыс және сейсмология институтының ғимаратында академик Қ.И. Сәтбаевқа арнап мемориалдық белгі орнатылғанын хабарлады.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қрықпышев Қаныш Сәтбаевтың мыс кен орнын ашып, өңірдің дамуы мен Жезқазған қаласының құрылысына зор үлесін қосқанын белгіледі. Сонымен қатар спикер кен қорын дамыту бойынша «Қазақмыс» компаниясының жоспарларын атап өтті:

– 2018-2019 жылғы геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасына сәйкес, олардың аумағы геологиялық білдектерді барынша жүктеген жағдайда 286 километрді қамтымақ. Қаржыландырудың жалпы сомасы 12 миллиард теңгені құрайтын болады. Кен қоры 140 миллион тоннаға өседі деген болжам бар, – деді Бахтияр Әбдірахманұлы.

Айтулы конференцияның сыйлы мейманы болып Қ.И.Сәтбаевтың немересі, «Д.В. Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институты» еншiлес мемлекеттiк кәсiпорны директорының орынбасары Әлима Жармағамбетова шақырылды.

– Қаныш Сәтбаев есімінің орны еліміз үшін ерекше. Ол кісінің бүгінде дамып жатқан Қазақстан жер қойнауының байлықтарын ашқаны бәрімізге мәлім. Ғалым бүгінгі ғылым саласын қалыптастырды. Ол өз халқының нағыз жанашыры, патриоты болды. Оның Уинстон Черчилльге айтқан: «Менің халқым менен де биік» деген сөзі халқының жадында сақтаулы. 1951 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған тұсында Қаныш Имантайұлына Мәскеуде жұмыс істеуге ұсыныс түседі. Алайда ғалым қазақ екенін алға тартып, өз елінде қызмет етуді көздейтінін айтады. Сол кездері оның құрастырған болжам картасы бүгінде Қазақстан геологиясы мен жер қойнауын пайдалану жұмыстарында қарқынды қолданылады. Өз отбасында негізі қаланған ғылым ұғымы мен адал еңбек ұстанымдары кейін халыққа да кең етек жайды, – деді Әлима Қайнекейқызы. Ғалымның немересі қатысушы жастарды ғылыммен айналысуға шақырып, ғылымның қайнар көзі өндірістен бастау алатынын белгіледі.

Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының Геология, сейсмикаға төзімді құрылыс және сейсмология институтының директоры Илхомджон Оймухаммадзода өз сөзінде қос мемлекеттер арасындағы тығыз байланыстарға тоқталды:

– Қазақ халқының белгілі ғалымы Қаныш Сәтбаев Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының қалыптасуы мен дамуына көп еңбек сіңірді. Ол Тәжікстан Ғылым академиясының алғашқы ұйымдастыру сессиясының қатысушысы болды. Қаныш Имантайұлы Тәжікстанның геология және сейсмология ғылымдарын дамытуға қосқан үлесі үшін «Тәжік КСР Ғылым академиясының құрметті академигі» атағымен марапатталды. Ол металлогендік карта құрастырудағы ереже мен тәжірибені дамытуда, Орта Азияда геологиялық ғылымды қалыптастыруда зор еңбек сіңірді. Қаныш Имантайұлы – КСРО Ғылым академиясы сайлаған академик, Орталық Азиядан шыққан тұңғыш ғалым. Ғалым өзінен кейін мықты ғылыми мектеп, талантты ізбасарлар қалдырды. Сәтбаев атындағы Геологиялық институтымен орнатылған тығыз іскерлік байланыстың арқасында көптеген тәжік ғалымдары докторлық диссертациялар қорғады. Шараны жоғары деңгейде өткізіп отырған ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігнің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасы Ақбатыр Надырбаев:

– Қазақстандағы ғылым саласына академик Сәтбаевтың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ғылыми-теориялық және өндірістік-практикалық жұмыспен қатар айналысқан ғалым Қазақстан жер қойнауын зерттеуде бір қатар жаңалық ашып қана қоймай, ғылым саңлақтарын тәрбиелеген ұлы ұстаз ретінде белгілі. Ол Қазақстан Ғылым академиясын құрып, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Ресей, Тәжікстан сынды елдермен қоян-қолтық қатынастар орнатты. Қаныш Имантайұлы ғылымға деген құштарлықтың, Отанға деген махаббаттың жарқын үлгісін көрсетті, – деді ол.

«Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі» ММ директоры Бақытжамал Айтмұхамбетова мекеменің негізгі қызметі мен Қаныш Имантайұлының ғылым тарихындағы рөлінен сыр шертетін баяндамамен шықты. К.Ақышев атындағы археология ғылыми зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина конференция қатысушыларының назарына Сәтбаев әулетіне арналған баяндаманы ұсынды.

Конференция тақырыбы «Қ..Сәтбаевтың ғылыми және адамгершілік-философиялық мұрасы», «Қ.И.Сәтбаев шығармашылық мұрасының қолданбалы маңызы» атты екі панельдік сессияда өз жалғасын тапты. Олардың барысында шетелдік және отандық ғалымдар, сәтпаевтану саласындағы зерттеушілер мен сарапшылар Қ.И.Сәтбаевтың Қазақстан ғылым саласына қосқан үлесін; ғалымның ғылыми идеялары мен мұрасын дәріптеу жолдарын талдап, өскелең ұрпақты Қаныш Имантайұлының үлгісінде құндылықтарға баулу амалдарын ортаға салды.

Іс-шара қатысушылары мен қонақтарының назарына Қ.И. Сәтбаевтың өмірі мен қызмет жолына арналған кітап көрмесі ұсынылды. Олар аталмыш іс-шараның мазмұны мен ұйымдастыру деңгейіне биік бағасын берді.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?