Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркі академиясының тың бастамалары

1850
Түркі академиясының тың бастамалары - e-history.kz
Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымыны (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте академияның алдағы жоспары мен тың бастамалары туралы мәлімдеді.

Мекеме басшысының айтуынша, академия үшін биылғы жыл табысты болмақ. Қазақтың көрнекті ақыны, түркі әлеміне танымал тұлға Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын түркі әлемі бойынша мерекелеуді бастаса, «Түркі әлемінің 100 тұғырлы тұлғасы» деп аталатын ауқымды жобаның таныстырылымын өткізбекші. Сондай-ақ ұйым ресейлік ғалымдармен бірлесіп, түркологиялық еңбектерді жариялауды қолға алады және жер бетінен жоғалу қаупіндегі түркі тілдерінің мәселесін ЮНЕСКО мінберінде талқылауды ұсынып отыр. Ол үшін Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады.

2018 жыл – «Мағжан жылы»

«Мағжан жылы» деп жарияланғаны туралы бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымыны (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Қазақтың көрнекті ақыны, Түркі әлемінің тегеурінді тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 125 жыл толады. Академия осыған орай Түркістан идеясын ту еткен ақынның шығармаларын шет тілдерге аударып, басып шығаруды қолға алыпты. Атап айтқанда, Академияның ғылыми жобасы аясында классик ақынның шығармаларын өзбек тіліне белгілі ақын Музафар Ахмад, моңғол тіліне ақын-аудармашы Жүкел Хамай, алтай тіліне шығыстанушы ғалым, ақын Бронтай Бедюров, әзербайжан тіліне Фузули Маджидли аудара бастады. Бұдан бөлек, Мағжанның жырларын қырғыз, мажар тілдеріне аудару жоспарланған. Айта кетерлігі, былтыр Академия Махамбеттің шығармаларын моңғол тіліне аударып, басып шыққан болатын.

Сонымен қатар, брифингте TWESCO-ның Түркі ынтымақтастығы ұйымдарымен бірлесіп жыл бойына ақынның өмірі мен әдеби мұрасына арналған іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғаны жөнінде айтылды.

Түркі әлемінің 100 тұлғасы анықталмақ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркі академиясы әлемдік өркениетке үлес қосқан 100 түркі тұлғасының тізімін жасамақ.

Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, «Түркі әлемінің 100 тұғырлы тұлғасы» деп аталатын ауқымды жоба адамзат тарихында із қалдырған есімдерді анықтауды көздейді. Ол үшін Академия арнайы сайт жасап, халықаралық сауалнама жүргізуді жоспарлап отыр. «Сауалнама нәтижесінде шын мәнісінде ғылыми, ой-таным тұрғысынан із қалдырған тұлғаларымызды түгендеуге үміттіміз» дейді ұйымдастырушылар.

Айта кету керек, бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Академияның өткен жылдары атқарған қызметі мен келешек жоспарларына арналған баспасөз брифингі өтті. Жиында TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі мен Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов ұйымның жобалары мен халықаралық байланыстары жөнінде кеңейтілген мәлімет беріп, журналистер сауалдарына жауап берді.

Ресей түркологтарының еңбектері жарияланады

Дархан Қыдырәлі бүгін ұйымның ресейлік ғалымдармен бірлесіп жүзеге асыратын жоспарларымен бөлісті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Академияның 2018 жылғы қызметінің негізгі бағыттары туралы айтылды.

Түркі академиясы Абайдың, Алаш қайраткерлерінің рухани ұстазы болған, жәдитшілдік қозғалысының негізін қалаушы ғұлама Шиһабутдин Маржанидің 200 жылдығына орай биылғы жылды «Маржани жылы» деп жариялайды. Бұл датаны Академия ұжымы татарстандық әріптестерімен бірлесіп атап өтуді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Түркі халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, әсіресе қазақ фольклоры үшін аса қымбат қазына қалдырған зерттеуші, Ресей түркітану мектебінің негізін қалаған көрнекті ғалым Василий Васильевич Радловтың биыл дүниеден өткеніне 100 жыл толады. Осыған байланысты Академия 2018 жылды «Радлов жылы» деп жариялайды. Бұл датаға байланысты Қазақстанда және Мәскеуде Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтымен бірлесіп алқалы шаралар өткізу жоспарланды. Сонымен бірге, Академия Радловтың «Түркі халықтары ауыз әдебиетінің үлгілері» атты көптомдығын алдағы уақытта жаңа сериямен толық жарияламақ.

Брифинтге Академияның негізгі бағыты – түркология екенін айтқан Д.Қыдырәлі ұйымның іргелі жобаларына атсалысып, қолдау көрсеткен, бірлесіп кітап шығаруға ықпал еткен Ресей Федерациясының Түркологтар комитетіне алғыс білдірді.

Айта кету керек, TWESCO Ресей Федерациясының ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және ғалымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Мәскеулік танымал шығыстанушы Әмір Нәжіптің «ХIV ғасырдағы түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи сөздігі» атты 4 томдық іргелі еңбегі, Дмитрий Насилов, Игорь Кормушин, Анна Дыболардың «Древнетюркский словарь» атты әлемге әйгілі еңбегінің Академияда жарық көруі сол шығармашылық ынтымақтастықтың айқын көрінісі. 

Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық нығаяды

Белгілі болғандай, Түркі академиясының биылғы негізгі бағыттарының бірі – Орталық Азия мемлекеттері болады.

Осы орайда, Академияның 2018 жылғы жоспарларында Өзбекстанға археологиялық экспедиция ұйымдастыру бар. Сонымен қатар, TWESCO қазір Өзбекстан Ғылым академиясымен ынтымақтастық меморандумын бекітуге келіссөздер жүргізіп жатыр. Айта кету керек, Академия 2017 жылы өткізген ІІ «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумына алғаш рет Өзбекстаннан ауқымды делегация қатысқан болатын.

Журналистермен өткен жиында сондай-ақ, көрші қырғызстандық ғалымдармен көптеген ортақ жобалар жоспарланғаны белгілі болды. 2018 жылы адамзаттың Айтматовы атанған әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы. Түркі академиясы бұл датаны да кең көлемде, халықаралық іс-шаралармен атап өтетін болады. Қазір жазушының мұрасына байланысты қырғыз ғалымдармен бірге дайындалған екі томдық үлкен монография баспаға әзір.

Сонымен қатар, биыл қырғыз елімен бірге атақты манасшы Сағымбай Оразбақовтың 150 жылдығына орай бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Мұның сыртында TWESCO-ның Түрікменстан және Тәжікстанмен ғылыми интеграцияны арттырып, бірлескен жобалар жүргізуді қолға алғаны туралы айтылды.

Жойылу қаупіндегі түркі тілдерге дабыл қағылады

Дархан Қыдырәлі мәлімдеген тағы бір тың ақпарат – Түркі академиясы 30-сәуір күні ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мұраны насихаттау: жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты халықаралық форум-фестиваль өткізуді жоспарлап отыр. Академияның жүзеге асырған соңғы жобалары мен 2018 жылғы жұмыс жоспары бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұйым басшысы Дархан Қыдырәлі осылай деп хабарлады.

Аталған жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және ЮНЕСКО-ның «Мұраны сақтау, насихаттау және жалғастыру» стратегиялық міндетіне үлес қосу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Париждегі алқалы шараға әлемнің 16 мемлекетінен тілдері жойылу қаупіне ұшыраған халықтардың өкілдері қатысады деп күтілуде. Олар өз тілдерінде ЮНЕСКО мінберінде баяндама жасап, сөз сөйлейтін болады. Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі кеңістікте өмір сүретін түркітілдес ұлыстар ана тілін жаңғырту туралы өздерінің келелі пікірлерімен бөліседі. Атап айтқанда, қашқай, қарайым, құмық, ноғай, шор, тыва, хакас, саха, сары ұйғыр, хотон секілді тілдері жойылып бара жатқан ұлт өкілдері қатысады. Олар өз ұлттық киімдерімен төл өнерлерін ұсынады деп жоспарлануда.

Осы ретте айта кету керек, Академия Елбасының қолдауымен жойылу қаупіндегі түркі тілдер жөнінде бірнеше жобаны жүзеге асырып, арнайы экспедициялар жүргізген болатын. 2017 жылы әлемнің 26 елінен 130 белгілі ғалымның қатысуымен жарық көрген «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты төрттомдық еңбек жариялады.

Сонымен бірге, Академия биыл қытай ғалымдарымен бірге сары ұйғыр тілін зерттеп, халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр. «Сары ұйғыр ауыз әдебиеті» кітабы және XIV ғасырға жататын «Хуа ии сөздігі» аударма сөздігі, сондай-ақ «Сары ұйғырлардың музыкалық мұрасы» еңбегі жуырда жарық көреді.

Бұдан бөлек, биыл ЮНЕСКО-ның Түркия ұлттық комиссиясының қолдауымен Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» шығармасының жарияланғанына 100 жыл толуын атап өтеді. Осыған орай Академия «Ақиқат сыйы» еңбегіне қатысты екі томдық ғылыми монографияны баспаға әзірледі.

Академия басшысы хабарлағандай, биыл ЮНЕСКО деңгейінде «Халықаралық түркі тілдері күнін» белгілеп, атап өту бастамасымен бірнеше шаралар жоспарланған.

Сондай-ақ, Академия 2019 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінің» 950 жылдығын Түркиялық әріптестермен кең көлемде, ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге атсалысуды жоспарлап отыр екен.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?