Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТӘЖІКСТАН

1838
ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТӘЖІКСТАН - e-history.kz
Тарихын Саманилер әулетінен бастайтын таулы ел туралы жазбақпыз. Тойсыз Тәжікстан десек те болушы еді. Бірақ біз көргеніміз бен қиырдағы қазақтардың өмірін айтамыз.

Худжанд – Душанбе

«Айбек» кеден бекетінен қабағы қатулы тәжікстандық шекарашылар қарсы алды. Мүлде бөлек ел, діні бір, тілі басқа жұрт. Кезек күтіп тұрмыз. Шырттай киінген жас жігіт келіп, Худжандқа дейін жеткізіп тастаймын деп шала-пұла орысшасымен түсіндіре бастады. Ақыры ағылшынша тіл қатыстық. Есімі – Шарив екен. Прапорщик. Әлгі әзілдерде жиі кездесетін әскери атақ. Душанбедегі шет тілдер институтының тәжік-ағылшын бөлімін бітірген. Тәжік-орыс тілін бітірмегеніне өкініп отыр. Бір байқағаным – Өзбекстан, Тәжікстан болсын ресейлік телеарналарды көп көретін халықтың қарасы қалың. ТНТ мен СТС һәм Вести арнасы жоғары сұранысқа ие. Тағы бір байқағаным, тәжік бауырлар елдегі орысша, түрікше атауларды түгел тәжік тіліне аударып тастаған. 10 долларымызды алған Шарив ескі «Опелімен» Худжандтағы автобекетке жеткізіп тастады. Әрмен қарай Душанбеге жету керек.

Таулы Тәжікстан

Қала көрікті көрінді. Ғимараттары көз тартады. Қазақстанның консулдығы жұмыс істейді. Бұрынғы Ленинабад қаласы. Қаладан шыға бере Спитамен деген жазуға көзіміз түсті. Томиристің ұлы Спаргаписпен шатастырып алдық. Сөйтсек, Спитамен нохияй дегеніміз біз асып келе жатқан Соғды облысындағы білдей бір ауданның атауы екен.

Ал, Спитаменнің өзі біздің дәуірімізге дейінгі 370-327 жылдар аралығында Александр Македонскийға қарсы соғыс ашқан соғдыларды басқарып, аты әлемді дірілдеткен Ескендір Зұлқарнайынның Менедем, Каран және Андромаха қолбасшылары бастаған әскерін қазіргі Самарқан қаласының маңындағы Зарафшан өзенінің бойында қирата жеңген.

Тарихты түгендеу қайта жүріп жатыр, өзбек еліндегі Зарафшанның суын кеше ғана іштік қой деп, аз-маз долларды сомониға ауыстыра бастадық. Бір АҚШ доллары – 8 сомони. Бір тәжік сомониы – 36 теңге. Бір теңге – 24 өзбек сумы, бір АҚШ доллары – 8100 сум болатын Өзбекстаннан соң қаржылай шығынымызды қайта-қайта есептеп, әбігеріміз шықты. 

Кеш бата жолға шықтық. Тәжікстан – таулы ел. Жерінің 6-7 пайызы ғана далалы, қалғанына таулар жайғасқан. Халқының басым бөлігі шетелдерде жұмыс істейді. Бұл – такси жүргізуші жігіттің айтқаны. Ақырын-ақырын таулы жолға көтерілгенімізде қаншама мың метр биіктіктегі көлік жолына шығып кеткенімізді бірақ аңғарыппыз.

Сарыарқаның сайын даласынан барған біздердің құлақтарымыз шыңылдап, қан қысымымыз қайта-қайта ойнап біраз қиналдық. Жол азабы деген осы да. Ұзындығы бес шақырым болар тау астындағы туннельге кіргенімізде жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Себебі де жоқ емес, қаншама көлік бұзылып, көлік түтінен тұншыққан қаншама адам о дүниелік болып кетіпті. Ал, серпантин жолдан құзға ұшып кеткен қаншама көліктен шәйіт болған жолаушылар тіпті көп екен. Қасымыздағы жолсеріктеріміз жайбарақат. «Жылына біраз адам шейіт болады. Құдайдың қылғанына не шараң бар?» деген фаталистік пәлсапаларын естіп, одан бетер көңіліміз құлазыды. «Уфф!» деп Анзоб асуынан түсіп, Шахристан асуымен шекарадағы тәжік ауылында кешкі ас ішіп алдық. Суға бай ел. Сарқырап тау өзені ағып жатыр. Құлағы ашық тұрған құдық суының сұрауы жоқтай көрінді. Кейін естідік, осы екі асуды мекендеп отырған қазақ ауылы бар екен. «Уақ ауылы» деп аталады. Кіл қазақ ауылының атауын тәжікшеге өзгертіп, біраз әңгіме болып, қазақ ағайындар елге көшу жағын қарастырыпты. Біз мұны кейінірек Хатлон облысына барғанда естідік, білсек, Уақ ауылына аялдар ма едік?!

Қиырдағы Хүсейін

Тау асып келе жатып, Хүсейін есімді тәжік жігіті жолсерік болды. Әйелі қырғыз екен. Бәйкелеп құрақ ұшты. Қонақ деп білгенін айтып, жол-жөнекей 7 сағат бойы түрлі әңгімелер айтылды. Айтуынша бармаған жері, көрмеген елі жоқ. Орысша ағып тұр. Ептеп қырғызша да сөйлейді. Мәскеуде біраз жыл тұрып, орыс қызға үйленіп, бала болмаған соң айырылысып кетіпті.

Бішкектен келе жатыр екен. Тауда отырып, кәуап жеп, сорпа сіміріп, тағы отырдық. Бұл жақтың қойларының еті ерекшелеу. Оған мұздай тау суы мен таза ауаны қосыңыз. Таза ауа, тәтті тамаққа мас болып, қан қысымың онша болмаса құлақ шыңылдайды. Біздің мұнда бірінші рет келгенімізді естіп, такси жүргізушісі екеуі барынша қонақжайлық танытып, көлікте тек қана тәжік әндерін тыңдатқандарына қайта-қайта кешірім сұрады. Күлдік те қойдық. Душанбеге жеткенімізде Хүсейннің інісі мен анасы алдынан шықты. Біздің қиырдағы қазақтарды іздеп жүргенімізді естіген апамыз «Меңсұлу» деп көз жасын бір бұлап алды. Осыдан отыз жыл бұрынғы құрбысын есіне алып, қазақтармен тату тұрғандарын айтып, қайта-қайта қонаққа шақырды. Букингтен брондалған жайымыз болғандықтан ертеңге қалдырдық. Телефон қалдырып, қаланы аралатпақ болып, Хүсейіндер қайтып кетті.

Дүние дидарындағы Душанбе

Душанбе – көрікті қала. Өздерін көне заманғы Саманидтердің ұрпағы санайтын тәжік ағайындардың тілінен аударсақ өзіміздің «дүйсенбі» деген сөз шыға келеді. Орталық Азиядағы түркі тілінде сөйлемейтін жалғыз елдің бас қаласында еңселі ескерткіштер мен шығыс стиліндегі сәулетті ғимараттар баршылық. Бірақ байқағанымыз тілдері мүлде бөлек. Өзбек, қырғыз ағайындармен емін-еркін тілдесіп, түркіменше түсінсек те тәжікшеге келгенде тіліміз бұралып қалды. Мысалы, «сәт сапар» деген сөз «рохи сафед» болады. Осыдан-ақ байқай беріңіз. Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарында болған азамат соғысынан есін жиған елді шамамен тоғызға миллионға жуық халық мекендейді. Статистика алдамаса, мұнда үш мыңға жуық қазақ тұрады. Көбісі елге көшіп кетіпті. Тек тәжік азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздары ғана қалыпты. Бұл мәліметті осындағы «Бәйтерек» қазақ бірлестігінің төрайымы Зәуре апайымыздан естідік. Ал, Душанбедегі жалпы халық саны 800 мыңға таяу. Таудың етегіндегі қала Варзоб өзенінің бойына жайғасқан. Әлемнің көптеген қалаларымен «бауырлас қала» статусына ие болғанымен, тізімнен қазақстандық қалаларды көрмедік. Ең қызығы, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары Темірбек Жүргенов Тәжік ССР-ның тұңғыш қаржы министрі қызметін атқарған. 4-5 тәжік жасын Мәскеуге оқуға жіберіп, Тәжікстан статистика агенттігінің іргесін қалауға өте үлкен үлес қосқан. Басмашылармен шайқасқан әйгілі қызыл командир Абдолла Жармұхамедов те осында қызмет еткен. Душанбеде батыр атында көше бар. Тек Ярмухаммедова деп жазылған.

Душанбедегі Президент резиденциясы

Кешкісін қаламен таныспаққа көшені біраз жаяу араладық. Ең басты екі көше  Рудаки мен Айнидың бойында қала өмірі қыз-қыз қайнап жатады. Бүкіл оқу орындары, кафе-ресторандар самсап тұр. Түнгі 23:00-ден соң бүкіл мекемелер жабылып қалатын Ташкенттен кейін көз үйрете алмай тосырқап қалғанымыз рас. Ертесіне Елшіліктен Әділ есімді консулымыз келді. Өз ісіне берілген кәсіби маман екені байқалып-ақ қалды. Жалпы жағдайымыз бен сапарымыздың мақсатын түсінген соң бүкіл шаруа Елші Нұрлан Сейтімов мырзаның қадағалауында екенін алаңсыз жұмыс істей беруімізді айтты.

Қала көрінісін біраз түсірдік. Президент резиденциясы мен мемлекеттік кітапхана және Тәжікстанның мемлекеттік туы ілінген тұс ерекше әдемі көрінді. Қызық әрі керек дерек – Тәжікстанның тутұғыры (флагшток) Гиннестің рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификат 2011 жылы ел Президенті Эмомали Рахманға тапсырылған. Тутұғырдың биіктігі – 165 метр. Ту көлемі – 1800, ені – 30, ұзындығы – 60 метр, ал, салмағы болса – 420 келі. Жел тұрғанда желбіреп, алыстан әдемі көрінуі үшін арнайы химиялық қоспалар қосылған. Шынымен де желді күндері қарасаң алыстан көзге ерекше көрінеді.

Қала көрінісі

2017 жылдың қаңтар айында қала билігіне Рустам Эмомали келгелі қаладағы таксопарктер жаңарып, интернет жылдамдығы жоғарылапты.

Көңілге қуаныш сыйлағаны – 80 JAC жеңіл көлігінің Қазақстаннан Тәжік еліне экспортталғаны болды. Осы істің басы-қасында жүрген Елшіліктегі кеңесші Талғат Шәріповтың өз аузынан естіп, өзге елдегі отандық өнімді көріп, марқайып қалдық.

Интернет демекші, тәжік елінде өзге елдің адамдарына SIM карта алу қиын іс. Өзбекстандағыдай шетелдік болсаң жергілікті байланыс операторына қосылу қиын шаруа екені келгеннен белгілі болды. Амалсыз осындағы қазақ ағайындардың көмегіне жүгінуге тура келді. Қазақ қашан, қазақты қиындықта қалдырған? Сөзге келместен бар мәселемізді шешіп берді. Елмен сөйлесіп арқа-жарқа болып қалдық.

Шапқылап жүргенде деректі фильм операторы Қалижан Оспанов екеуміздің аяқ киімдеріміз қақ айырылып, жыртылып қалыпты. Жат елде дүкен аралар мұрша қайда, ерінбестен етікші іздедік. Қаланы шыр айналып жүріп, ақыры бір дүңгіршекті таптық. Қонақ деп құрақ ұшқан екі шебер барын салып аяқ киімдерді жамап, одан қалды жылтыратып майлап берді. Қазақстанды біледі. «Елдеріңізде сұмдық аяз болып жатыр екен. Жаңалықтардан қарап отырмыз. Қалай шыдайсыздар?» деп күледі. +10 градус Душанбедегі от жағылмайтын қонақүйлерде тоңып, сырты суық, іші қапырық Астанадағы ғимараттарды сағынып жүргенімізді олар қайдан ұқсын? Қолымдағы «ақылды сағатқа» қарасам күніне орта есеппен 12 шақырым жүріппіз. «Темір етігің теңгедей, темір таяғың тебендей» деген сөздің мағынасын енді түсініп, демалмаққа қонақүйге қайттық.  

Тойсыз Тәжікстан

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Көнеден келе жатқан қазақ мақалы. Аталы сөздің шын мағынасын тәжік еліне барғанда іс жүзінде түсіндім-ау деймін? Себебі Тәжікстанда аста-төк той жасауға заң жүзінде тыйым салған. Елдегі кедейлікті ауыздықтау үшін және бай мен жарлының арасын теңестіру мақсатында 150 адамнан артық қонақ шақыруға болмайды. Біздегідей ит басына іркіт төгілетіндей дастархан жайылмайды. Арнайы комиссияға барып, арыз жазасыз, мәселеңіз қаралып, оң шешімін тапқанда тойыңызды өткізе беріңіз. Бірақ той уақыты демалыс күндері 08.00-22.00, ал, жұмыс күндері болса 18.00-22.00 аралығында өтуі қажет. Бірақ дастарханға қойылатын дәм түрі белгілі бір шектен аспауы тиіс екен. Жас жұбайлардың той кортежіндегі көлік саны 3-ден аспайды. Тойсүйер қауымға аталған заң жобасының қаншалықты қиын тигенін бағамдай алмадық.

Алайда Рудаки көшесінің бойындағы Mazza пиццериясында түскі ас ішіп отырғанымызда 4-5 адам болып кірген жас жұбайлар мен 2 көлікті көріп, елдегі даңғаза тойлармен салыстырып, мұндай да заңдардың да бізге қажет тұсы бар екен ғой деп ойланып қалдық. Әлгі жастар ешкімнен қысылған жоқ, түрлерінен оқыған, қала мәдениетін көріп өскен жастар екені көрініп-ақ тұрды. Бір шыныаяқ кофелерін ішіп, жүрек жалғады да жөндеріне жүре берді. Масайып қисалақтап бара жатқан күйеу жігіттің достары және байқалмады.

Рудаки ескерткіші

Бір байқағаным – бұл елде ішімдік ішіп, масайып жүрген адамды көрмейсіз. Есесіне адыраспан түтетіп, көше кезіп жүрген лолылар (сығандар) баршылық. Өзбекстанда долы дейді. Ташкеннен шығып бара жатқанда, осы жақтағы Қанат ағамыз лолылар жайлы қызық дерек айтып қалды. Ержетіп, шаңырақ көтерем деген әрбір лолы жігіті сандыққа кіріп жатып алатын көрінеді. Үйіне келген бойжеткен қыздар дауыстарын мың құбылтып, бар өнерін салып, тілдерінің балын тамызып, ер-азаматты асырайтындарын айтып, жанталасады. Ұнаған қалыңдықтың даусын естіп, түрін көрмеген күйеу жігіт сандықтан шықса, әлгі қыздың бағы жанды деген сөз. Енді ол күйеуін өмір-бақи асырап, бағып-қақса, отағасы жұмыс істемей, көшпелі өмірдің қызығын көріп жүре береді.

Той мәселесіне қайта келсек, бұл заңның осы жақты мекендеген қазақтардың салт-дәстүріне қайшы келіп отырған тұстары да бар. Мысалы, енді әр шаңырақта болар жайт, отбасы мүшесінің бірі о дүниелік болса, жетісі мен қырқына және асына мал союға тыйым салынған. «Ата салтты қалай аттаймыз?» деп қамыққан мұндағы ағайындар: «тек қана бет сипап, құран оқып, қазалы үйде жарты сағаттан артық отырмай шығып кетуге тырысамыз. Түбінде елге қайтпай болмайды-ау? Әйтпесе, дәстүрімізден ажырап, мүлде жұтылып, дүбәра ұлтқа айналып кететін түріміз бар?!» дейді. Еріксіз бас шайқадық. «Соймаса қан шықпайды, Құр тілден май шықпайды» деген қазақ мақалын еске алып, Душанбедегі «Бәйтерек» қазақ диаспорасы орталығымен танысуға бет алдық.   

 

Варзобтағы «Бәйтерек»

Зәуре Советқалиқызы Саминова басқаратын «Бәйтерек» ұйымы осындағы қазақтардың басын қосып отыр десек те болады. Ел бойынша 3 000-дай қазақ тұрады. Душанбеде 80-ге жуық қазақ отбасы бар. 2006 жылдан бері жұмыс істейтін ұйым өз бетінше біраз шаруаны атқарып келеді. Қазақ тілін оқытатын курс ашқан. Аптасына екі рет Зәуре апайымыздың өзі сабақ береді. Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы. Советтік кезеңде оқумен келіп, тәжік азаматына тұрмысқа шығып, қалып қойған. Бүгінде 4 ұл-қыз, 7 немере сүйіп отырған бақытты әже. «Елді сағынамын. 2-3 жылда барып тұрамын. Көзімді жұмсам көз алдыма Күршім келеді. Қанша дегенмен қан тартады екен. Балдарымның тең жарымының есімін қазақша қойдым» деп күрсінген Зәуре Советқалиқызын үнсіз тыңдай бердік.

Душанбедегі қазақ Елшілігі көмектесіп тұратын көрінеді. Киіз үй, домбыра және ұлттық нақыштағы киім-кешектер жыл сайын жеткізіліп тұрады. Жуырда Орта Азия және Иран, Ауғанстан қазақтарының кіші құрылтайы өтіпті. Негізгі мақсаты – көршілес елдердегі қазақтармен тығыз қарым-қатынас орнату, бір-бірімен жақын танысу. Біздер мұны әуліде жатқан құрылтай баннерінен байқап қалдық. Себебі, Зәуре апайымыз жекеменшік балабақша ашып, диаспора кеңсесімен біріктірген. Бәрі де сол баяғы күнкөрістің қамы да.

Бір байқағанымыз – тәжік елінде салық көлемі көптеу көрінді. Шамамен 25-26 пайыздай. Бизнес саланың өкілдері біздің елдегі шағын және орта кәсіпке жасалған жағдайды естіп қызығып-ақ қалды. «Қазақтар соңғы жылдары бізден әлдеқайда алға озып кетті. Үйде отырып-ақ біршама құжаттарды істей беруге болады дейді. Рас па?» деп қызыға да қызғана сұрғанда кеудеңді еріксіз мақтаныш кернейді.

Пшихаврда қан төккендер

Душанбедегі Халықтар достығы саябағы біз барғанда жабырқау көрінді. Күн көзін бұлт басып, айнала түнеріп тұрғандай. Бұл жерде 1995 жылы Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің есімі көк тасқа мәңгі қашалып жазылған. Тәжік-Ауған шекарасының ең қиын учаскесін күзеткен сарбаздарымыз ерліктің өшпес үлгісін көрсетіп, өздерінің отан алдындағы міндеттерін адал орындау барысында қаза болған еді. Калай-Хумб шекара отрядына көмекке жіберілген қазақстандық бітімгершілік батальонның 17 сарбазы қапыда мерт болды, 35 жараланды. Бұл – еліміз Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстаннан тысқары аймақта ең көп шығынға ұшыраған сәт ретінде тарихта қалды.

«Достық» саябағындағы қазақстандық сарбаздарға қойылған ескерткіш

Майор Лобачев басқарған Қазбаттың 5 сарбазы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, қалған 12 боздақ Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен жауынгерлік медальдармен марапатталды. Негізінен Шымкент қаласындағы №6506 әскери бөлімінде қызмет еткен сарбаздар осылайша Тәжік елінің бейбітшілігі мен болашағы үшін өз қандарын төкті. Себебі, ол уақытта Рудаки мен Айнидің елінде азамат соғысы жүріп жатқан еді. Діні бір бауырлас елдің бүгіні мен ертеңіне қазақстандық сарбаздар өмірлерін жан пида етті. Осылайша ой құшып отырғанымда қасымызға таяп келген тәжік жігітінің «ақынсың ба?» деген шала орысшамен қойылған сұрағы селт еткізді. Қолымда Абайдың «Қара сөздері» бар еді. «Жоқ, бауырым, журналистпін. Мындағы қазақтардың хикаясын іздеп жүрмін» дегенімде иығын қиқаң еткізді де, жөніне жүре берді.

Елдестірмек Елшіден

Ақырын шығып, ҚР Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Сейтімов мырзаның қабылдауына аяңдадық. Хусейнзада көшесінің бойындағы елшілік еңселі көрінді. Үш қабат ғимаратты алып жатқан елшілікте қазақ дипломаттары аянбай тер төгіп жатыр. Біздер мұны осында жүрген бір аптаның ішінде елшілікке келіп-кетіп жүріп, көз ұшымен байқадық. Нұрлан Мұсатайұлы – кәсіби дипломат. ҚазМУ-дың заң факультетін, Ресей Федерациясының СІМ Дипломатиялық академиясының «Халықаралық қатынастар» факультетін бітірген. Саяси ғылымдар кандидаты. Өмірбаянына үңілсек, ССРО Қарулы күштерінің қатарында қызмет етіп, қоғамдық және коммерциялық ұйымдарда жұмыс атқарған. ҚР СІМ жүйесінде 1994 жылдан бастап жұмыс істейді. Германияда және Ресейде консулдық қызметтер атқарған. 2016 жылдан бері Душанбеде Елші лауазымын атқарып отыр.

Картинки по запросу нурлан сейтимов

Елші Нұрлан Сейтімов

Аз-кемі жоқ бір сағаттай сұхбат құрдық. Әсіресе өзім қатты қызығатын Орталық Азия елдеріндегі аxуал мен тариx, саясат, геосаясат, экономика, этнография туралы көп мәліметтерді үш бет етіп, блокнотыма түртіп алдым. Өте мәдениетті және көргені көп жан екені байқалып-ақ отырды. «Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деп қазақ бекерге айтпаса керек-ті. Әңгіме тарихқа ойысқанда Л.Н. Гумилевтің «пассионарлық теориясын» және этногенез мәселесін сөз еткен Нұрлан Мұсатайұлының терең біліміне таң қалмасқа шара қалмады. «Шет елдерде дипломатиялық қызметте жүргеніме ширек ғасыр өтті. Аңдағаным – қазіргі жас дипломаттар еңбек демалыстарын алысымен елге емес, одан әрі өзге елдерге демалып келуге құмар. Елге барып, туған жерінде аунап-қунап қайтпаса, рухани байланыс, отаныңа деген жанашырлық қайдан болсын? Еліміз енді Тәуелсіздігін алып жатқан тұста 4-5 жылдап демалыссыз жұмыс істедік. Шіркін-ай, ауылға барсақ деп армандайтынбыз» - деп  қынжылды кәнігі дипломат.

Биыл Қазақстан мен Тәжікстан дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтуде. Атаулы датаға қатысты біршама игі істер қолға алыныпты. Жыл басында Ресей-Тәжік (славян) университетінің профессоры Абдусоттар Нуралиев ағамыздың «Тәжікстан қазақтары» атты зерттеу еңбегі Елшілік қолдауымен жарық көріпті. 1967 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген Абдусаттар ағамыздың өзімен де тілдесудің сәті түсті. Жасы 80-нен асса да тың көрді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласының тумасы. Университет қабырғасында Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев секілді қазақ журналистикасының алыптарының алдын көрген, өте білімді ақсақал. Қазақша сөйлегенде онша-мұнша қаланың қазағын шаң қаптырып кететін қабілеті бар. Еңбегін басып, елеп-ескеріп жатқан Елшілігімізге айтар алғысы зор. «Тағы бір жаңалыққа толы күніміз аяқталды. Жатжерде мұндай кәсіби дипломаттарымыз барда көк туымыз шетелдерде төмен түспес» деп біз Хатлон облысына барар сапарымызды пысықтамаққа тұрағымызға қайттық.

Хатлонға бардың ба, Айхатунды көрдің бе?  

Душанбеден 120 шақырымдай қашық жатқан Хатлон облысында қазақ ауылы бар дегенді естіп, жолға шықтық. Жолсерігіміз – Елшіліктің бірінші хатшысы Серік ағамыз бен Зәуре апайдың өзі. Таулы өлкенің иір-қиыр жолымен салып-ұрып келеміз. Облыс орталығы – Бохтар қаласы. Бұрын Қорғантөбе деп аталған. Қазір түгелімен тәжік тіліне көшіп жатқан ел саясатына сәйкес, бағзыдағы Бактрия мемлекетінің құрметіне Бохтар есімі беріліпті. Айта кететін нәрсе, бактриялықтарды қазіргі ауғандар мен тәжіктер бабалары санайды. Тарихқа үңіліп, жолға көз тігіп отырғанымызда, құлақ тағы шыңылдай бастады. Осыдан елге барсам, қан қысымымды өлшетпесем, деп қиналып отырсам, қасымдағы жолсеріктерім Зәуре апайымыздың айтқан мына бір әңгімесіне қыран-топан күліп отырды.

Хатлон облысының шекарасы

Эфиопиялық қазақ

Зәуре апайымыздың, мана жаздым, түбі – шығыстан. Көп балалы ана және әже болса да, өте белсенді. Бизнес, қоғамдық жұмыс, отбасы деп шапқылап жүреді екен. «Найманның қызымын ғой» деп күледі.

Содан апайымыз былтыр Астанада өткен құрылтайға бармай ма? Елбасымен кездескен соң, ЭКСПО-ға барған. Биік аяқ киімнен аяғы талып, Иран мен Өзбекстаннан келген құрбыларымен көрменің кіреберісіне отыра кетеді.

«– Күн ыстық. Су ішіп отырғанбыз. Алдымыздан бір қап-қара бала тұра қалды. Түрі - кәдімгі априканың адамы. Бұтында тылтиған шорты. Бетіне сурет салып, шәшін өріп тастаған: «Тоба! Мынадай түрімен қалай ұялмайды? Киімін қара, беті мен шәшін қара!» деп күлгеніміз сол еді.

– Әй, апалар, бұндай әңгіме айтуға сендер ұялмайсыңдар ма? – деген тап-таза қазақша жауапты естіп, талып қала жаздадық. Өзбекстандық келіншек қолындағы стақанын түсіріп алды. Ирандық қазағым:

– Ойбу, бауырым, сылпылдағым (аяқ киім) жоқ еді, кешір, айналайын! – деп тұра қашты.

Жөн сұрассақ, Эфиопияның қазағы болып шықты. Ал, керек болса?!  Он шақты үй қазақ тұрады екен. Арғынмын деп қояды. Ол да құрылтайға келіпті. Құдая тоба, қазақтың жүрмейтін жері жоқ-ей!» деп апамыз таңқалып отыр. Ал, күлейік сосын...

Қызық әңгіменің қызығына кіріп, Дусти ауданындағы Әлімабад ауылына келгенімізді байқамай қалыппыз. Кіші жүз, әлімдер тұратын ауыл. Өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары Қазақстанда байларды жаппай кәмпескелеу басталғанда 1000 түйені айдаған қызылордалық қазақтар Өзбекстан арқылы Тәжікстан асып кетеді. Таулы өлкені мекендейтін тәжіктер түйе мінген қазақтарға басында тосырқай қараса да, уақыт өте бір-біріне үйренісіп кетеді. Ақыр соңында түйелі қазақтар «Тәжіктранс» ұйымының негізін қалайды.

Әлімабад ауылының жалпы көрінісі осындай

Бертін келе ІІ Дүниежүзілік соғыс басталады да, мұндағы қазақтар брон алып, Ауғанстан мен Тәжікстанның арасында керуен жолын жүргізеді. Астық, қару-жарақ, тұрмысқа қажетті заттарды тасымалдап, көлік жүре алмайтын таулы өлкенің өзегіне қан жүгіртіп, ССРО экономикасына айтарлықтай үлес қосады.

Әлімабадтағы Нұрлан ақсақалдың айтуынша, 3-4 ай жол жүретін керуеншілер 3-4 күн демалып, қайтадан сапарға аттаныпты. Қаншамасы таулы өлкенің құз-қиялы жолдарынан қиыс кетіп қаза табады. Тек соғыс аяқталып, таулы өлкеге тас жолдар салына бастаған 50-інші жылдардан кейін ғана түйелі қазақтар әскери өмірге пара-пар қызметтерін тапсырып, бейбіт өмірге қайта оралған. Сол Нұрлан ақсақалдың қорасында тайлақ байлаулы тұрды. «– 1000 түйеден қалғаны осы. Сойып тастауға көз қимайды. Ата-бабам кәсіп қылған түліктің тұяғы ғой. Жүре берсін» дейді Нұрлан атамыз.

Мың түйеден қалған жалғыз бас осы

Ауылдағы қазақтардың тұрмыстары ауқатты секілді. 60-тан астам үй қазақ бар екен. 3000-ға жуық қой асырайды. Жайылымдары ауыл іргесіне тиіп тұрған Ай-Хатун тауының бөктері мен баурайы. Ары қарай 100 шақырым жүрсеңіз, Ауғанстанның шекарасына тап боласың.

Ертеде осы өлкені бай қазақ әйелі мекендепті. Малының көптігі соншалық, санауға кісі жаңылса керек. Бай әйелдің құрметіне тәжік ағайындар бұл тауды Ай-Хатун атап кетіпті. Бірақ елдегі соңғы өзгерістерге қарап, жуырда бұл таудың атауы да өзгеретін шығар деп болжап кеттік. «Қазақстаннан журналистер келеді» деген хабарды естіген ақсақал бір ақсарбасты жайратып тастапты. Алдымызға қуырдақ тартып, тандырға піскен таба нанды ұсына берді. «Алыңдар, ыстық өлкенің қойларының еті дәмді болады» деген ақсақал соңында жүк салғышқа және бір сыбағаны ытқытып жіберді.

80-ге таяса да сыр бермеген Нұрлан ақсақал

Қазақтар қисар деп атаған гисар тұқымды қойларды өсіреді екен. Ауыл рекорды Нұрлан атамыздың бір қошқары таза 108 келі ет беріпті. Ащы қуырдақтан соң анардың сөлін ішіп, білгеніміз осы болды. Бұл жақта тамақтан соң анар ұсынады екен. Шөл басқанға таптырмайды. Бұрын қалай білмегенімізге, есте ұстайтын нәрсе екен деп бас шайқадық. Айналамызға бажайлап қарасақ бала басы баршылық. 8 ұл-қызынан 30-ға жуық немере, 10 шақты шөбере сүйіп отырған ақсақал: «Қазіргі жастар 1-2 баламен шектеліп қалады. Тәйірі 2-ден 1-у туғызған өлген адамның тірлігі ғой» деп кейіп қалды. Ұлдарының сақалдары қауғадай, шамасы табиғат әсер етсе керек. Қыздарының түгелге дерлігінде орамал. Бөтен ер-азаматты көрсе беттерін жаулықпен бүркемелей берді. Шамасы жергілікті елдің салты әбден сіңген-ау дедік?

Әлімабадтағы қазақ балақайлар

Әлімабадтағы ағайындардың тілдері бір қызық. Бұрын бұл маңда өзбек ағайындар көп болғандықтан қазақтар өзбек мектебінде оқуға мәжбүр болған. Қызмет істеп, жоғары білім алу үшін тәжік тілін және үйренген. Екі тілді еңсеріп, үйіне сүріне жетіп, қазақша сөйлескен ағайынға не өкпең бар? Тек бертін келе түбегейлі тәжік тіліне көшкен. Бұрын осы маңдағы Колхозабад елді мекенінде бір ғана қазақ мектебі болған. Кейін жабылып қалған. Сондықтан да болар елге көшіп жатқан қандастардың қарасы қалың.

Жүн түтіп отырған ауыл тұрғындары

Бір ғана Нұрлан ақсақалдың 2-3 баласы Таразда тұрады. Қазақстан азаматтығын алған. Қыс айында Қазақстанға барып, жазғы бау-бақшаның қамын жасаймын, жаз болса Әлімабадқа келіп шаруаны күйттеймін деген атамыз қажылыққа да барған. Кез-келген жерден тамақ ішпейді екен. Суы мен таба нанын алып шығады. Біз мұны Душанбеге бірге қайтқанда байқадық. Жасы 80-ге келсе де қимылы ширақ. Ай-Хатун тауына шығып, сұхбат жазғанда жас жігіттей жүгіріп шыққан қимылына сүйсіндік. «1959 жылы түсірілген «Человек меняет кожу» фильмінде басмашының рөлінде ойнағанмын. Құдайдың берген өмірін сүріп жатырмыз» деген ақсақалдан басмашылар жайлы да сұрап қалдық.

Бір атаның балалары

Бөлек зерттеуді қажет ететін басмашылық қозғалыс кезінде лақайлар ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен. 1950 жылдарға дейін большевиктермен соғысқан Ибрагимбекті «Лақай Напалеоны» немесе «Лақайлардың Шәмілі» деп те атаған. Борап тұрған пулеметке атпен шапқан лақайлардың ерліктері шынымен де ересен. Қазірдің өзінде әр отбасы жылқы өсіруге тырысады. Лақай үшін басты байлық – жүйрік тұлпар. Қазақ секілді көкпар шабады. Өздерін орта жүз қыпшақ Алақай батыр мен Қараменде бидің ұрпақтары санайтын лақай халқының саны мұнда баршылық. Жергілікті халықтың айтуынша шамамен 1 млнға жуық. Өздерін қазаққа жақын санайтын лақайлар бір апта қалып, бөлек бір зерттейтін тақырып екен.

Ер қанаты – ат

Әттең, оған уақыт тапшы болды да ақырындап Душанбеге жинала бастадық. Себебі елге де қайтатын уақыт таяп қалған еді. Жалпы алғанда тәжік еліндегі сапар тағылымға толы болды. Қаншама ізгі жандармен, ақылы мол ағалармен таныстық. Елшіліктегі Мұхтар ағамыздың шығармашылығының өзі неге тұрады?! «Дүбірлі дүние» кітабын қолтаңбасымен тарту етті. Мәз болып, қоржынға артып алдым. Ұшақта оқып тастадым. Сыртқы саясат пен ішкі ойларының үзіндісін әдемі қиюдастырған тамаша еңбек екен. Душанбенің төрінде отырып, жапонның волейболшы қызы – Курихараға өлең арнап, Алла Пугачеваның «Айсберг» өлеңін қазақша сөйлеткен Мұхтар ағаның шығармашалығына еріксіз таңдай қақтық.

Сонда барып ойладық, қазақ деген шынымен де неткен дарынды халық деп! Тарих пен поэзиядан, тіл білуден ешкімге есе жібермесіміз анық. Мысалы, Мұхтар ағамыз Марокко, Иран, Малайзияда білім алған. Араб тілдерінде ағын судай еркін сөйлейді. «Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатымен бірге жасасып келе жатқан Мұхтар Ахатұлы түптің-түбінде Елші қызметіне тағайындалып, Нәзір Төреқұлов атындағы арнайы медальмен марапатталары хақ қой» - деп Қалижан екеуміз өзара талқылап алдық.

Тәжікстандағы сапарды қорытындылап, оны күнделікті жазғанша біршама күн зу ете қалыпты. Біздің келгенімізге ерекше қуанған қандастырымыздың көзіндегі сезімдер бізге ерекше қанат бітірді. Біздің қиырдағы қазақтарды іздеп жүргеніміз де әр қазақтың көзіндегі осындай қуаныш еді. Себебі, Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай: «Біздің ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі алып аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді». 

 

Астана-...-Худжанд-Душанбе-Хатлон-Душанбе-Алматы-Астана

Суреттерді түсірген автор.

Мақаланы әзірлеу барысында қолдау танытқан филантроп Оралбек Ботбай мен Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшілігіне Алғыс білдіреміз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?