Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Д. Шишкин: «Қазақфильм» саннан сапаға өтеді

1930
Д. Шишкин: «Қазақфильм» саннан сапаға өтеді - e-history.kz
Осыдан 55 жыл бұрын, қаңтардың бір күнінде Қазақстан кинематографистері одағының тұңғыш құрылтай съезі өтіп, онда Шәкен Кенжетайұлы Айманов бірінші хатшы болып сайланды

Қазақстанның бас киностудиясы – «Қазақфильм» соның атымен аталады. Алматы киностудиясы, Біріккен орталық киностудия және қазіргі «Қазақфильм» түрлі картиналар шығарып, олардың көпшілігі шетелде мойындалып, наградалармен марапатталды. Қазіргі киноның жай-күйі, проблемалары мен болашақтағы дамуы туралы «Қазақфильм» киностудиясының PR-директоры Дмитрий Шишкин әңгімелеп берді.

–​ 5 жыл бұрын Мәдениет және ақпарат экс-министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Студияның бюджеті «Қазақстан» мемлекеттік телеарнасының бюджетінің өзінен бес есе аз» деген болатын. Осындай  жағдайдағы қазақстандық киноның жай-күйі қалай? Қандай да бір демеушілік, продюсерлік көмек бар ма? Осы жылдар ішінде жағдай өзгерді ме?

– Жағдай түбегейлі өзгерген жоқ, бірақ соңғы жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ел үшін әлеуметтік және мәдени құндылыққа ие жобаларды белсенді түрде ілгерілетіп жатыр. Осының арқасында «Қазақфильм» өндіретін фильмдердің саны біршама өсті.

Бұдан басқа, елімізде жекеменшік киностудиялар да белсенді жұмыс істей бастады, сонымен қатар біз («Қазақфильм») копродукция, бірлескен қаржыландыру негізінде басқа да мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытудамыз – бұл да өнім ассортименті мен оның сапасын арттырады. Бұл бюджетке түсетін салмақты жеңілдетіп қана қоймай, шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді – әрине, таза қазақстандық киноға бұны жасау қиын, барлық мемлекеттер алдымен өздерінің киноөндірушілерін қолдайды.

Бізге, бірлескен жобалардың арқасында, АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан сияқты әлемнің ірі кинонарығына аз-аздап жол ашылуда. Соңғы екі жылдың ішінде Ресеймен, Үндістанмен, АҚШ-пен бірлескен жобалар жүзеге асырдық. Ресеймен бірлескен «28 панфиловшылар» фильмі Ресейде де, бізде де прокат көшбасшыларының бірі болды. Үнді-қазақстандық «Love you family» фильмі Үндістан прокатында және жаңажылдық демалыстар кезінде бізде де жап-жақсы нәтиже көрсетті, оның үстіне картина тұңғыш рет бірден қазақ тіліне дубляжданды.

Ал биыл біздің ұлы әнші, актер, музыкант Әміре Қашаубаев туралы америкалық-қазақстандық «Әміре» фильмінің релизі күтілуде. Қазір, эвакуация кезінде Алматыда тұрған Қытайдың ұлы композиторы Си Синхай туралы және оны қонақ қылып күткен біздің ұлы жерлесіміз, композитор Бақытжан Байқадамов туралы «Композитор» атты Қытаймен бірлескен үлкен жоба түсірілуде.

Сонымен қатар, Алматы киностудиясы базасы негізінде қызмет еткен Біріккен орталық киностудия қызметі туралы және 1941-1944 жылдары Алматыға эвакуацияланып, осы жылдары КСРО киноөнімінің 80 пайызын шығарған Мосфильм мен Ленфильм туралы Ресеймен, Бірінші арнамен бірлескен екі жоба дайындалуда, сонымен қатар, Қазақстанның жаңа астанасы – Астананың қалыптасуы туралы сериал да дайындық үстінде.

Әрине, қаржы жағынан алғанда, біз жалғыз өзіміз осындай ірі жобаларды игере алмас едік.  Бұған қоса, жеке киностудиялармен бірлескен өнімдер үлесі де артуда – толықметражды көркем фильмдердің үштен бір бөлігін біз тура осылай шығарамыз. Жеке демеуші, инвесторлармен жұмыс жасауға қатысты айтар болсақ, негізінен бұл сұрақтармен біз бірлесіп жұмыс жасайтын жеке киностудиялар айналысады.

«Қазақ хандығы» және «28 панфиловшылар» жобасына қаражатты краудфандинг тәсілімен жинаған сияқты мысалдар да бар.  Өкінішке қарай, екі жобада да жинаған қаражат шығындалған шығынның үштен бірін жапқан да жоқ, бірақ, не дегенмен жақсы нәтиже болды, сол көңілге қуаныш ұялатады. Түйіндей келе, жағдайдың жақсарып келе жатқандығын айту керек.   

– Қазақстанның жеке кинокомпанияларымен ынтымақтастық қаншалықты дамыған?

– Бірлесіп қаржыландыру негізінде жеке компаниялармен бірге бірлескен өнімді дамыту – қазіргі уақытта біздің басым бағыттарымыздың бірі. Қазақстанда 30-ға жуық жеке кинокомпаниялар бар. Солардың көпшілігімен біз табысты жұмыс істеп келеміз. Мысалы, «16 қыз» комедиясы «Kanaidar production» қатысуымен түсірілді.

2016 жылғы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған фильмдер арасында «Новый мир» Продакшн» ЖШС-мен бірлесіп түсірген режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты тарихи драмасы прокат көшбасшыларының тізімін бастады.  прокаттың тағы бір көшбасшысы – «Так сложились звезды» картинасы да «Бәйтерек» кинокомпаниясының қатысуымен түсірілді. «Алмас қылыш» «CentauRus» Rustem Abdrashev production» ЖШС қатысуымен түсірілді. Осылай әрі қарай кете береді.

Бұл – ұзын тізім.  Биыл бізді «Kanaidar production», «Satai film», «Тұрсынов фильм», «Қазығұрт фильм» компанияларымен бірлесіп түсірген премьералар күтуде.

– Заманауи технологиялар дамып, монтаж, спецэффектілердің үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізілуіне байланысты киноның сапасы қаншалықты жақсарды немесе «бұрын жақсы болған» деген тіркесті айтуға бола ма?

– Бұрын нашар болған. Тіпті смартфондардың үлгілері де жыл сайын жаңарып отырады – кино шығару үшін де технологиялық база шамамен осындай қарқынмен дамуда. Мысалы, бар болғаны бірнеше жыл бұрын ғана түсірілімді таспаға түсірілетін, ал қазір бұлай ешкім түсірмейді.

Бізде таспа өңдеудің үлкен кешені қалды, мысалы, қазір, біз, оны керісінше қолдануды жоспарлап отырмыз – цифрлық фильмдерді сақтау үшін таспаға ауыстыруды.  Өйткені  таспаны сақтау шарттары мен мерзімдері бәріне белгілі, ал цифрлық тасымалдағыштар жақын арада ғана шығып, қолданысқа енгендіктен, осы тасымалдағыштардағы контенттің сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды – көшіру кезінде түрлі ақаулықтар туындауы мүмкін және т.б.

Бір қызығы, бізге келген батыстық киностудиялардың өкілдері осы базамызға қызығушылық танытты, соған қарап, бізде шет елдерден және ішкі, бюджеттік, тапсырыстар болады деп үміттенеміз.

2008-2010 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының технологиялық базасы толығымен жаңартылды – жаңа камералар, жарық түсіруші және дыбыстық техника және т.т. сатып алынды.

Өкінішке қарай, бұдан кейін техникалық жабдықталымға қаражат алған жоқпыз – бюджет нақты фильмдердің өндірісін ғана қаржыландырады,, сондықтан да жаңа техникалық жабдықтарды сатып алуға, қайта жабдықтауға қаржы қарастырудың ыңғайы келмейді. Бірдеңе алуға тырысамыз, онсыз технологиялық тұрғыдан артта қалып қоямыз – ал бұны голливудтық блокбастерлермен салыстырғанда көрермен экранда бірден көріп қояды. Дегенмен мәселе баршылық және ол біршама өзекті.

Көптеген киноөндірушілер техниканы шетелден жалға алу немесе фильмді шығаруға қажетті қандай да бір үдерістерді батыстың студияларына жүзеге асыруды тапсыру арқылы туындаған жағдайлардан жол тауып, шығады. Бірақ бұл картинаның бюджетіне едәуір әсер етіп, оны қымбаттатады.  

– Қазіргі кино өнерінің ахуалы қандай?

– Нарық біршама жанданды – оны кез-келген адам қазақстандық кинолардың премьералары санынан-ақ көре алады. «Қазақфильм» еліміздің ірі киноөндірушісі болды және болып қала береді, алайда шағын жеке студиялар фильмдерді көптеп шығаруда – бұл үдеріс бізді тек қана қуантады.

Кино – бұл, бірінші кезекте, индустрия, шығармашылықта тұрғызылған индустрия, бәсеке бәріне қажет – режиссерлерге, продюсерлерге, операторларға, жарық түсірушілерге, «дыбысшыларға», гримерларға! Соңғы кезекте, әрине, көрерменге! Коммерциялық картиналар қатарының өсуіне қарамастан, қазақстандық фильмдердің сапасы артуда: тек «Қазақфильмнің» жұмыстары ғана өткен жылы халықаралық кинофестивальдардан 24 награда алды, бұл ретте , 2016 жылы наградалар саны 19 болған.  

Бұл ақылға әбден сыйымды үдеріс, бұл жерде марксистік философиядағы сияқты: «саннан сапаға өту»: кино қаншалықты көп түсірілсе, бәсекелестік те соғұрлым жоғары, өз көрерменін таңдап табу үшін (қазір «таргеттелген» деп айту сәнді) жанрларға айқынырақ бөлінеді, нәтижесінде картина сапасы жоғары болады.  Барлық салада да әрқашан осылай болған, бұл жағдайда киноиндустрияның еш өзгешелігі жоқ – бұны Голливуд мысалы көрсетеді. 

Онда, мысалы, жыл сайын шедеврлермен қатар, өте көп «трэш» те шығарылады.  Егер адамдарға өз күшін сынап көруге және сол бір қоқысты жасауға мүмкіндік бермесе, шедеврдің пайда болуына ешкім кепілдік бермейді, кез-келген шығармашылық индустрияның заңы осындай. Контентті көбірек шығару керек, жаңа адамдарға өз күшін сынауға мүмкіндік беру керек, ел таныған авторларға тәжірибе жасауларына мүмкіндік беру керек.  

– Қызметтеріңіз жаңа заңнамамен қалай реттеледі?

– Біз қазір «Кинематография туралы» заңның қабылдануын асыға күтудеміз – оның қажеттілігі туралы сұрақ бірнеше жыл қатарынан көтерілген болатын. Ол енді кинематография саласындағы жұмысты реттеп, барлық үдерістерді айқын әрі түсінікті ете түседі – мемлекеттік тапсырыс қаражатын бөлуден бастап,прокат мониторингі мен жиындарды бөлуге дейін. Бұл біздің киноиндустриямызға серпін берері сөзсіз.

Оны мейлінше коммерциялық жолға қою өте маңызды, бірақ бұл ретте, біздегі нарықтың өте кішкентай екендігін, ол нарықта қысқа метражды кино, деректі, анимациялық, тарихи толық метражды кинолар сияқты кино өнерінің тұтас бір бағыттары ақталмаған, ақталмай отыр және алдағы уақытта ақталмайдығын да есептен шығармау керек.

Бұлардың бәріне мемлекеттік қолдау керек, бұл бәріне түсінікті де.  Ал коммерциялық киноны дамыту үшін прокаттың дамыған желілері, салықтық жеңілдіктер керек – бұны біз ойлап тапқан жоқпыз, бүкіл әлемдегі киноиндустрия осылай дамуда, тіпті бай әрі құдіретті Голливуды бар АҚШ-та да қолдау шаралары бар.

– Қазақстандық нарықта қазіргі уақытта қандай кино өзекті? Қандай жанрлар?

– Ең көп кассалық табысқа комедиялар, боевик және тарихи фильмдер  ие. Біздің жеке киностудиялар комедия жанрын сәтті игеруде, осы жанрда «Қазақфильмде» де жақсы кинолар бар. Мысалы, 2016 жылы Қанағат Мұстафиннің «16 қыз» фильмі прокатта табысты болды, сөз реті келгенде айта кетейін, биыл оның жалғасы шығады.

Бізде тарихи кино да танымал, бірақ оның өндірісі өте қымбат – декорациялар, костюмдер, компьютерлік графика біршама шығынды қажет етеді, сондықтан да шағын студиялар оларды шығара алмайды, қаражатты жақсы жинағанымен, біздің нарықта бұл фильмдер ақталмайды. Сондықтан, тарихи кино шығарумен негізінен «Қазақфильм» айналысады.

Біздің «Жаужүрек мың бала» фильмі әзірге қазақстандық прокаттың көшбасшысы болып қалуда – кезінде ол 2 млн доллар жинаған болатын, бұлай бізде тек үздік голливудтық блокбастерлер ғана жинаған еді. Бұған қоса, «Анаға апарар жол», «Аманат», «Так сложились звезды», «28 панфиловшылар», «Алмас қылыш» тарихи картиналары да прокатта жақсы өтті.

«28 панфиловшылар» фильмінен алынған кадр

– Қандай кино танымалдылыққа ие, қазақ тіліндегі ме, әлде орыс тіліндегі ме?

– Тілге қатысты айтар болсақ, «Қазақфильм» киностудиясы шығарған фильмдердің 80% мемлекеттік тілде шығарылады («16 қыз», «Оралман» және т.б.). Прокатқа шығару үшін кейін олардың көпшілігі орыс тіліне дубляждалады, немесе орысша субтитрмен шығарылады. Мысалы, «Қазақ хандығы» тарихи киносериалының кино нұсқасы – «Алмас қылыш» көркем картинасы прокатқа екі тілде шығарылып, қазақстандық прокат көшбасшыларының бірі болды. Көптеген қалалардағы көрермендер тіпті қазақ тіліндегі сеанс санын арттыруды талап етті – біздің киноиндустрияда бұндай жағдай тұңғыш рет орын алды. Нәтижесінде, біз, дереу қосымша көшірмелер жасадық. Барлығы 2,5 мың сеанс көрсетілді, оның ішінде  60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде көрсетілді. Ал, мысалы, «Оралман» прокатта тек қана қазақ тілінде, орысша субтитрмен көрсетілді.

– Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ішінде киноиндустрия қандай басты жетістіктерге қол жеткізді?

– Біздің фильмдеріміздің түрлі халықаралық кинофестивальдарда көптеген наградалар жеңіп алатындығы туралы мен жоғарыда айтып өттім. Отандық картиналарды көретін көрермендер саны да артып келе жатқандығы туралы айттым. Бүгін ең бастысы, «Киноиндустрия туралы» заңнаманың ҚР Парламентіне қарастыруға енгізу деп ойлаймын. Оны қабылдау және содан кейінгі саладағы өзгерістер басты оқиға және жетістік болмақ.

 – Бүгінгі күні перспективті қандай қазақстандық кино қайраткерлерін атай аласыз?

– Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев, Меруерт Өтекешева сынды қазақстандық кино мэтрларымен қатар, қазақстандық киноның жаңа кескін-келбетін қалыптастырушы актерлердің жаңа буыны да танымал болып келеді, олар Дулаға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Әсел Сағатова, Берік Айтжанов, Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Санжар Мәдиев, Әнуар Нұрпейісов, Қарлығаш Мұхамеджанова, Әлия Әнуарбек, Бибігүл Ақтан және басқалар.

Қазақстандық киноның болашақ даму тенденциясын айқындайтын Қазақстанның кинематографист, режиссер, сценарист, продюсер, операторларының жаңа буыны қалыптасуда. Оның жарқын өкілдері – Фархат Шәріпов, Әділхан Ержанов, Ахат Ыбыраев, Қанағат Мұстафин, Берлинале лауреаттары – киностудияның даңқ залына бірінші Күміс Аюды әкелген Әмір Байғазин мен Әзиз Жамбакиев және басқалар. Нұргелді Сәдіқұлов пен Төлеген Байтөкенов биыл толықметражды көркем кинода дебют жасамақшы. Қазір шынында жаңа есімдер өте көп, атын атамай кетіп біреуді ренжітіп алуға қорқамын – сондықтан да жеке тоқтап, аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын.

– Неге көптеген талантты қазақстандықтар шетелде ғана өздерін таныту мүмкіндігіне ие болады?

– Кино саласында мен ондайларды білмеймін. Бәлкім, сіз Тимур Бекмәмбетов туралы айтып тұрған шығарсыз? Бірақ ол Өзбекстанда оқып, кинематографистік жолын сол жақта бастады. Біздің «Номад» каскадерлер тобы батыстық киножобаларда белсенді өнер көрсетіп жүр, бірақ олар осында, Қазақстанда қалыптасып, «аяқтанды».

Халықаралық кинофестивальдарда үлкен табыстарға жетіп жүрген қазақстандық авторлардың фильмдері де – осы жерде шығарылады. Сондықтан да, біздің кинематографистер тап осында өздерін танытады. Ал егер де шетелде жетістікке жетсе немесе жететін болса – сол арқылы олардың киноларына қазақстандық көрермен тартылып, қызығушылық көрсетсе – бұл тіптен керемет. Бұл адамдардың  психологиясы, өкінішке қарай, бізде көңіл тоғытарлық ештеңе шығара алмайды деген кейбір провинциалдық көзқарас баршылық.  Ал бізде көптеген лайықты шығармашылық адамдар да, лайықты жұмыстар да көп.

– Қазіргі сәтте «Қазақфильмде» қандай жобалар іске асырылуда?

– 2017 жылы 18 көркем картина шығарылды, олардың премьерасы биыл күтілуде, ол картиналар: «Киномехани» (режиссері Ермек Тұрсыновтың), «Балуан Шолақ» (режиссері Нұргелді Сәдіқұлов), «Шыңырау» (режиссері Жәнібек Жетіруов), «Талан» (режиссері Болат Қалымбетов), «Жеңімпаз» спорттық драма  (режиссері Алексей Каменский), Қанағат Мұстафиннің «Он алты қыз» комедиясының жалғасы және басқалары. Бұдан басқа, ел тарихындағы қызықты оқиғалар туралы әңгімелеп беретін картиналар бар өндірісте. Бұл «Қазақ хандығы» тарихи телесериалының жалғасы, массагеттер ханшайымы туралы «Томирис» тарихи фильмі, «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы - «В эпицентре мира» фильмі, жоғарыда сөз болған Қытаймен бірлескен «Композитор» жобасы және Бірінші арнамен бірлескен екі жоба, Эмиль Байғазин мен Әділхан Ержановтың жаңа фильмдері. Бұдан басқа, 2017 жылы «13 километров», «Казахский ренессанс», «Казахский танец», «Ұста. Дәркембай Шоқпаров», «Алтын Эмель. Жемчужина природы Казахстана», «Асанәлі Әшімов. Сыр тұнған Айсберг», «Қаз дауысты би», сонымен қатар, «Большая страна – большая семья»: «С чего начинается родина», «Гармония оттенков», «Потому что люблю», «Наири» және «Пацаны, зовут его Батя» атты деректі фильмдер циклі іске қосылып, аяқталды. Барлығы – 21 фильм.  

Сонымен қатар, осы жылы «Дебют» ТПО аясында 8 қысқа метражды фильм түсірілді, бұл жерде біз  жас кинематографистерге өз күштерін сынауға мүмкіндік береді және екі толық метражды «Күлтегін» және «Мұзбалақ» анимациялық фильмдері шығарылды.

«Балуан Шолақ» фильмі түсірілімінен сурет

– Сәтті жобалар санын арттыру үшін «Қазақфильм» киностудиясына қазіргі таңда не жетіспейді?

– Тағы да қайталаймын: жалпы алғанда, бүгін, Қазақстан кинематографына кинематографистердің, кино өндірушілердің, прокатшылардың, дистрибьюторлардың жұмысын шоғырландыратын, киноиндустрияны дамытудың экономикалық тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Кинематография туралы» Заң жетіспейді.

Заңнама, басқаларымен қатар,  киноиндустрия саласындағы шетелдік серіктестермен бірлескен жұмыстарды ынталандыру үшін «Қазақфильм» киностудиясы аумағында арнайы экономикалық аймақ құруды көздейді. Бұған қоса, Кино қоры мен прокат саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйе құрылатын болады – осының арқасында отандық киноиндустрияның коммерциялық құрамдауыш бөлігі белсендірек дамитын болады.

Заң жобасын әзірлеуге барлық тараптар – министрлік те, Қазақфильм де, жеке киностудиялар да, прокатшылар да қатысты, ұзаққа созылған талқылаулардан кейін барлығын қанағаттандыратын заң жобасының нұсқасы дайын болды.  Қазір әлі Парламентте және қоғамда талқыланатын болады – біз, Заң жуық арада қабылданып, өзгерген, айқынырақ, бәсекеге қабілетті, соның нәтижесінде нарықты жағдайда жұмыс жасаймыз деп үміттенеміз.

– Рахмет, шығармашылық табыстар тілейміз! 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?