Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ пен қырғыз халқы достықта өмір сүрген

2907
 Қазақ пен қырғыз халқы достықта өмір сүрген - e-history.kz
Өткелден өзім өттім, ендігісі маған бәрібір деген де болмайды. Ел елден, ер ерден айырылысарда ердің артқы қасын сұрайды. Дала көшпелілерінде сақталған символикалық мән бұл!

Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбевтың Қазақстан билігіне қатысты сыни сөздері қоғамды дүрліктірді. Ел азаматтары мен кәсіби мамандар Алатаудың ар жағынан келген тасқа өз пікірлерін білдіріп жатыр. Қалай болғанда да билік басына келетін-кететін басшылардың әр қилы сөздеріне бола ежелден дос, ауылы аралас, қойы қоралас көшілес қазақ-қырғыз елінің достығына сызат түспейді.

Іс басындағы Қырғызстан басшысының аяқ астынан бұлай құбылуының бірнеше себебі бар делік. Ең бастысы, бұл өткелдегі ат ауыстырудың кебіндегі кісінің әрекеті. Адамның кім екенін білгің келсе, тар жерде ертоқымын сұрау керек деген тәмсіл бар қазақта. Алмазбек Атамбаев тар өткелде ертоқым сұраймын деп, сырына жасырған шынын білдіріп алды.

Қырғызстан қазір саяси доданың қарсаңында. Биліктің дәмін сезінген басшылар «тәттіден» айырылғысы келмейтін баладай билік басына өз жолын жалғайтын ізбасарды іздейтіні заңдылық. Президенттік мерзімнің аяқталуға жақын қалған Атамбаевтың шамына тиген нәрсе – елдегі оппозициялық партияның өкілі, үміткер Бабановтың Қазақстан Президентімен кездесуі.

Атамбаевтың ойынша, бұл жағдай Қазақстанның Қырғыз елінің ішкі саясатына араласумен бірдей саналады. Елдегі билік жүйесіне қол сұғу болып есептеледі. Сондықтан қырғыз президентін ашуын келтірген және 7 қазан күні жасаған баяндамасына орай ҚР Сыртқы істер министрлігі нота жолдады, онда былай делінген: «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қырғыз БАҚ-тарында таратылған 2017 жылғы 7 қазандағы Қырғыз Республикасының Президенті А. Атамбаевтың Қазақстан Республикасының басшылығына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдіреді және мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынастарда жол берілмеуі тиіс деп санайды. Қырғызстан Президентінің сайлау алды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәнді және жалған пікірі елдеріміз арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлы байланыстарына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз».

Тәуелсіздік алғалы бері қойын-қолтық араласқан екі елдің экономикалық қарым-қатынасынан бастап бүкіл байланыстары берік қамтылған. Тарихи тамыры да терең. Алатаудың бөктеріне сонау Енисей бойынан үдере көшкен аталы жұрттың бұл мекенде тұрақтап қалғаны, аңыз бойынша бұғыдан таратып, ұрпақ жайғаны, кейін келе Алты алаштың құрамында болып, қазақпен бірге жауға шауып, құдандалы ел болып бейбіт күндер кешкені баршаға белгілі. Күні кеше 550 жылдығын тойлаған Қазақ Хандығының құрамында қырғыздың еншісі қазақтан бөлінбеген. Әсіресе қазақтың ханы Таһирдың тұсында қазақ пен қырғыз бірге дұшпандарына күйрете соққы берген. Моғолстанға кетуге мәжбүр болған Таһирға көмекке келген күш – қырғыз әскері болатын. Қазақ-қырғыз біріккен қолынан Моғолстан билеушісі Рашид сұлтанды Ыстықкөлге дейін ығыстырып, сонда жеңген. Таһир билігінің соңғы жылдары қырғыздардың  арасында өтті. Ал одан кейін Қазақ Хандығының тағына келген Хақназардың тұсында екі елдің достығы күшеймесе, кеміген жоқ.

«Ақназардың Моғолстан билеушісі Абд әл-Латиф сұлтанға қарсы күресінде қырғыздар оған әскери көмек берді. Қазақтар мен қырғыздардың біріккен қолы моғолдарды жеңіп, Абд әл-Латифты қолға түсірген. Моғолстан мен қазақ хандығы арасындағы Жетісудағы жер үшін күрес Есім ханның дәуірінде де тоқтамады» делінеді «Қазақстан тарихы» оқулықтарында. Ал Тәуке ханның кезінде «Жеті Жарғыны» жазысқан жеті бидің бірі – қырғыздың Қоқым биі және бұл кісі Тәукенің билігін қырғызда жүргізіп отырды. Абылай заманында бірді-екілі соғыстарды айтпаған күнде, негізінен қазақ пен қырғыз халқы достықта өмір сүрген.

Тарихта бұл екі халық та Ресей патшалығының боданында болды. Қазақтар «қырғыздар», «қырғыз-қайсақтар» деп аталса, қырғыздарға «қара қырғыздар», «тағы қырғыз» деп ат қойып айдар тақты. Айналып келгенде, бұлар бір негізді, туыстас халық дегенді білдіреді.

Сүйінбай мен Тоқтағұл, Шоқан Уәлиханов пен Саяқбай Қаралаев, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов, Шәкен Айманов пен Толомыш Өкеев, Мұхтар Шаханов пен Сүйменқұл Чокморовтардың достықтары жарасып өткені секілді қазақ пен қырғыз бір туған болып жасай береді.

Кезінде бір халық болып өмір сүрген күн қайта келмес, дегенмен, келешекте Қазақстан Қырғызстанға көмектесуге әрдайым әзір. Алатаудың арғы бетіндегі ағайынды электр энергиясымен, қара алтынмен қажетті мөлшерде қамтып отыруға мүдделі. Бұрынғыларды айтпағанда, осы жақында Қазақстан Қырғызстан шекарасындағы кеден зертханаларын салу үшін 40 млн доллар ақша бөлген. Мемлекет іші бүлініп, Ош жанжалы туындаған шақта гуманитарлық көмек көрсеткеніміз ел есінде. Басқа ұмытса ұмытар, мұны қарапайым қырғыз азаматы ұмытпас. 

Р.S. Бұған дейін Қырғыз басшысы А. Атамбаевтың Н. Назарбаевты «түркі әлемінің ақсақалы», «аға» деп арқадан қағып, мақтап жүргені, сырт айнала бергенде тұтас Қазақстан саяси элитасына тас лақтырғаны жараспайтын қылық. Өткелден өзім өттім, ендігісі маған бәрібір деген де болмайды. Ел елден, ер ерден айырылысарда ердің артқы қасын сұрайды. Далалық көшпелі дәстүрде бұл жолы айырылғандықты, достықтың үзілгенін білдіретін символикалық мән. Сондықтан Қазақстанда нәпақасын айырып жүрген мыңдаған, он мыңдаған қырғыз бауырларының көңіліне қарамай, ойындағысын тақ еткізген Қырғызстанның қазіргі басшысының орнына келетін жаңа президент те Қазақстанмен достық байланысты нығайта түседі деген сенімдеміз.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?