Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш арыстарының рухына тағзым

2010
 Алаш арыстарының рухына тағзым - e-history.kz
Батыс Қазақстан облысы Жымпитыда Алаш тойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды

1917 жылғы төңкеріс халықты таптық тұрғыда жік-жікке бөле, құлаққа жағымды «халыққа – бостандық» идеологиясын күштеп таңып, оны мойындатқаны мәлім. Ел келешегінен зор үміт күтті, теңдікке жететіндіктеріне еш күмәнданбастан қоғамда қаптап жүрген «контрреволюционерлер», «халық жаулары» барына сенді. Айта кету керек, одақ көлемінде төңкеріс нәтижесінде «социализмге» бағыт алынғанмен, әрбір республиканың өзіндік мүддесі де болғаны жасырын емес. Ұлт аймақтары «орталықтан» таңылған қоғамдық өзгерістерді сырттай мойындағанмен, іштей өз тіршіліктерін жүйелеуге талпыныс жасағаны жасырын емес. Басқаша жағдайда, тәуелсіздікке қол жеткізу мүмкін емес-ті. Өкініштісі, пролетариат диктатурасын нығайтуға күш салынды. Ол «Орталықтан» басқарылатын саяси күш болатын. Осындай төңкерістің алдын алуға қазақ зиялылары талаптанды. Дала халқын азаттық идеясына топтасуға жұмылдырды. Ерте ме, кеш пе, қазақ мемлекеттілігін орнату – басты стратегиялық мақсат екенін жеткізді. Алаш арыстары ұлттық мүдде жолында жандарын пида ете, сүйікті халқының рухына дем беріп кетті.

XX ғасырдың басындағы рухани жаңғырудың лебі XXI ғасырдың басына келіп жетті. Бүгінгі күні сол ізбен ілескентарихи сана жаңғыруының қайта өрлеу кезеңі жалғасын тапқандығы өзекті.

2017 жылдың 15 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Күнбатыс Алаш Орданың идеялық ұясы болған Жымпиты ауылында «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл, Батыс Алаш Орда қайраткерлерінің мерейтойларына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференция жұмысына қоғам қайраткерлері, тарихшы-ғалымдар, архив және музей қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Оразалдыұлы мен Сырым ауданы әкімі Төлеген Серікқалиұлының конференцияға қатысушыларын құттықтау сәті

Пленарлық отырыстың модераторы, С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Мағауияқызы Ойшыбаеваның кіріспе сөзімен конференция жұмысы ашылды. Ол 2016 жылдың тәуелсіздіктің 25 жылдығымен, биылғы жыл – Халықаралық EXPO-2017 мамандандырылған көрмесінің жоғарғы деңгейде өтуімен ерекше болғанын атап өтті. Сонымен қатар 2017 жыл Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл, қоғам қайраткері, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл және тағы да басқа айтулы күндерге толы екенін, ғылыми іс-шараның негізгі міндеті – жоғымызды түгендеп, барымызды ұлықтау екенін жеткізді.

Конференцияның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шеңберінде Отандық тарихты зерттеуші ғалымдардың ғылыми жұмыстары арқылы зерделенген ұлттық құндылықтарды ұлағаттау, қоғам мүшелерінің патриоттығын арттыру, ХХ  ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының Отаншылдық рухын дәріптеу, Алаш Орда қайраткерлерінің елдің өркендеуі мен нығаюына қосқан үлесін, олардың өмірі мен қызметіне қатысты тың деректердан мәлімет алу болатын. Расында, ғылыми шара мазмұнды әрі мағыналы өтті. «Азаттықтың таңы атты, Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік, бұл күні теңелдік! ...Қазақ шаңырағы бәріне пана бола бермек. Тек ауызбірлікте болайық!  (Жаншаның Орал облыстық съезінде сөйлеген сөзінен)».

БҚО Сырым ауданы Білім беру бөлімінің басшысы З.М. Ерғазиева мен Жаһанша Досмұхамедов атындағы мектептің директоры конференция қонақтарын оқушы қауыммен күтіп алды

 Алдымен Ж. Досмұхамедов атындағы Өлеңті орта мектебінің оқушылары құшақ гүлдерімен, қанатты отаншылдық тақпақтарды мәнерлей жатқа айта құттықтау сөздерімен, конференция қатысушыларын қарсы алды. Одан соң мектеп ішінен ашылған «Жаһанша Досмұхамедовке арналған Музейдің» ашылу салтанатына куә болдық. Ол жазушы, алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай және облыс әкімінің орынбасары Азбаев Бағдат Оразалдыұлы, Жайсаң Досболатұлы Ақбай, Амантай Боранқұл, Энгельс Шыңғали және басқа да құрметті азаматтардың қатысуымен салтанатты түрде кесілді. Ерғазиева Зәмзагүл Мерекеқызы басшылығындағы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы, Білім беру бөлімінің бүкіл қызметкерлері ұйымшылдығымен көзге түсті. Музейде ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар тарихын қамти келе, бүгінгі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясының сабақтастығының қамтылуы, оның тарихи өзектілігін паш етіп тұр.

Сырымның қоғам қайраткерлері-ақсақалдары мен алаш ұлдарының үрім-бұтағы

Жымпитыдағы С. Датұлы атындағы Тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Мағауияқызы Ойшыбаеваның жетекшілігімен биыл жаз айында Жымпиты-Семей, Жымпиты-Мәскеу, Жымпиты-Нүкіс-Гүрлен-Үргеніш бағыттары бойынша тарихи танымдық экспедиция тынымсыз жұмыс атқарғаны мәлім. Соның нәтижесінде Жыпитыдағы «Алаш» музейі қайта жасақталып, қосымша құнды материалдар және экспонаттармен толықтырылыпты. Бұл жұмыла жасалған іс-қимылдың жемісі екені белгілі. Пленарлық мәжілісте үш панельдік отырыс өткізілді. Онда баяндамашылар Т. Жұртбай, Д.Д. Сүлейменова, А.И. Исин, Б.С. Жұмағұлов, Қ.М. Ерімбетова, А.В. Сызранов, Е.Т. Берлібаев және «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы басқармасының мүшесі, биология ғылымдарының кандидаты Аманжолова Шолпанай Асқарқызы және басқалар шығып ой ойларын ортаға салды.

 «Алаш аллеясындағы» сұхбат. Ортада алаштанушы, жазушы Тұрсын Жұртбай

Түстен кейін Қ. Мырзалиев атындағы мектепте секция отырысы жалғасын тапты. Конференцияға ұсынылған тақырыптар сан алуан Алаш қозғалысының мүшелері, азамат соғысы кезеңіндегі қызметі, Алаш идеясының ұлттық құндылықтары, саяси көзқарастары, өңірдегі жастар ұйымы тарихына және басқа да баяндамалар тыңдалды. Өңірдің алдыңғы буын өкілдерімен әңгіме-сұхбат өрбіді. Конференция жұмысы қойылған мақсатына сәйкес мәресіне жетті. Облыс ауқымында «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламасы аясында сансыз көп жұмыстардың қолға алынып, бастамалық іс-шаралардың молдығы көңіл қуантарлық. Ғылыми шараны ұйымдастыру алқасы мүшелеріне, конференция материалдары жинағының басылымына жауапты, тарих магистрі Айболат Шамұратұлына алғысымыз шексіз. Алаш аманатына адал ұрпақтың, келешегі бекем болмақ!

 

Мектеп жанындағы Жанша Досмұхамедов музейінің ашылуынан кейінгі түсірілім

Конференцияның секция отырысы Қадыр Мырзалиев атындағы мектепте өтті

Кешке өнер шеберлерінің күшімен «Жанша» қойылымы көрсетілді

Арнайы кітап көрмесі

Музейдегі жаңадан жасақталған Ж. Досмұхамедовтің ас үйі

Бақтығали Бисеновтың немересі Ғұмаров Ғалымжан музей жанындағы пәуескеде

 

Құндызай ЕРІМБЕТОВА, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?