Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи жадының жаңғыруы

2171
Тарихи жадының жаңғыруы - e-history.kz
Халықаралық Түркі Академиясы ұйымдастырған «Кентайдан Ұлытауға дейін» ғылыми экспедициясы түбі бір түркілердің құтты мекендерін зерттеп, ортақ тарихымыздың белгісіз тұстарын тани түсуді көздейді

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедициясыныңғылыми жаңалықтары мен қорытынды нәтижелерін жұртшылық назарына ұсынды. Сонымен бірге, осымен 2 жыл қатарынан Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде жүргізілген қазба жұмыстарының жаңалықтары таныстырылды.

Келелі жиынға Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадов, Түркия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык, ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің директорының орынбасары Ғабит Қойшыбаев сынды лауазымды тұлғалар мен дипломаттар, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Моңғолиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресей мен Түркиядан келген және қазақстандық көрнекті түркітанушы, тарихшы ғалымдар қатысты. Сонымен қатар кездесуде мемлекет және қоғам қайраткерлері, ІІІ халықаралық экспедицияға қатысушылар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер болды.

Алқалы жиынды ашқан Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институтының қолдауымен ұйымдастырылған ІІІ халықаралық экспедиция жұмысының мақсаты мен маңызына тоқталды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айрықша назар аударған қастерлі жерлер мен тарихи сананы жаңғырту мақсатына орай, Түркі әлемінің жаһандық ауқымдағы тарихи құндылықтар мейлінше шоғырланған қазіргі Моңғолия аумағындағы маңызды ескерткіштерді зерттеу мәселелеріне баса назар аударып жүргенін айтты. 2017 жылдың 15-ші тамызында Моңғолиядағы қасиетті Бурхан-халдун тауынан бастау алып, 16-шы қыркүйекте Орталық Қазақстандағы Ұлытауда қорытындыланған ІІІ халықаралық экспедициясының жұмысы Алтын орданың 750 жылдығы қарсаңында сәтті аяқталғанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Д.Қыдырәлі, Моңғолияның беделді ғылыми-зерттеу ұйымдарымен меморандумға қол қойып, тығыз байланыстар орнатудың нәтижесінде сәтті жүзеге асырылған жобаларды да тілге тиек етті. Атап айтқанда, Шығыс Моңғолиядағы бұрын-соңды зерттелмей келген көне түркілік ғұрыптық кешендері мен тасмүсіндер табылғаны жайында айтты. Моңғолия Ұлттық музейінің қорында сақтаулы дүниежүзілік теңдесі жоқ Білге қағанның алтын тәжі, алтын, күміс бұйымдары, кейбір сирек артефактілерінің ғылыми көшірмесі алынғандығымен бөлісті. Сонымен қатар, Моңғолия Ұлттық музейінің басшылығы музей қорындағы ғұн, түркі дәуірінің құнды жәдігерлердің ғылыми көшірмелерін беруге келісім бергені белгілі болды. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк сынды көне түркі жазба деректері, «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын товч» секілді моңғол жазба деректері негізінде «Моңғолия жеріндегі ежелгі жер-су атаулары топографиялық картасын» жасауға екі тарап келіскенін жұртшылыққа жеткізді. Бұл жайында жиында сөз алған Моңғолия ұлттық музейі директорының орынбасары Баярсайхан Жамсранжавын баяндады.

Алқалы басқосуда белгілі мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Кентайдан Ұлытауға экспедициясының қорытынды кезеңіне белсенді қатысқан Ресей Федерациясы Жоғарғы кеңесі Ар-ұждан еркіндігі, дін ұстану, мейірімділік пен қайырымдылық бойынша комитет төрағасының орынбасары Мұрат Заргишиев пен Қырғызстанның алдыңғы қатарлы басылымдарының бірі "Кыргыз туусу" газетінің жауапты xатшысы Назарбек Байжігітов сөз сөйлеп, пайымды пікірлерімен бөлісті.

Бұдан бөлек, Академияның 2015 жылғы, 2016 жылғы және осы жылғы экспедицияларына үзбей қатысып, ақпараттық қолдау көрсетіп жүрген, түркиялықбелгілі ғалым, журналист, «Gazete Vatan» газетінің шолушысы Күршат Зорлу баяндама жасады. Ол өз сөзінде Академияның ғылыми экспедициялары түбі бір түркілердің құтты мекендерін жете зерттеп, танытуға, ортақ тарихымыздың белгісіз боп келген тұстарына сәуле түсіретінін айтты. Бұдан кейін ІІІ халықаралық экспедицияға қатысып, Академия тарапынан аталған аймақтарды зерттеп қайтқан ғалым Нәпіл Базылхан арнайы баяндама жасап, көпшілікке Шивээт Улан кешеніндегі қазба жұмыстарының екінші кезеңі жайлы ғылыми есеп ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, Академия Түркі әлемі тарихында аса маңызды орын алатын Моңғолиядағы «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде 2016 жылдың 2 шілде - 28 тамыз аралығында 58 күн бойы қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Биыл да сол кешенде жалғастырылған қазба жұмыстары нәтижесінде жаңадан 2 тасмүсін және басқа да дүниелер табылды. Түркі академиясы ғалымдарының алдын-ала зерттеу қорытындысы бойынша Шивээут Улан Еуразиялық кеңістікте билік еткен Шығыс Түркі империясының қағаны, күллі көшпелі этностардың басын біріктіріп, елдің тәуелсізідігін қамтамасыз еткен Елтеріс Құтлық қағанның (682-692 жж. билік құрған) құрметіне орнатылған болуы ықтималдығы басым. Сонымен қатар, Академия 2017 жылы аталған тарихи кешенді қорғау мақсатында темір қоршаумен қоршаған. Келешекте «Шивээт-Улаан» кешенінде аспан астындағы мұражай жасау мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны да айтылды. Салтанатты жиын соңында TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі экспедицияға атсалысып, қатысқан барша жұртқа алғыс білдірді.

Айта кету керек, 7 түркі мемлекетінің тарихшы ғалымдары мен журналистері қатысқан «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедициясы негізінде Түркиялық NTV арнасы мен қазақстандық «Хабар» телеарнасы арнайы деректі фильмдер әзірлейді.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі Академиясының президенті:

- Біз өткен жылы Өтүкенге бардық. Оның алдында Алтайға сапар шектік. Міне, биыл ұлт ұясы – Ұлытауға жол түсті. Бұл үш мекен, біріншісі Алтай – бүкіл көшпелі жұрттың Алтай тобына жататын Байкалдан Балқанға дейінгі аймағы, тіпті әр жақтағы жапон, кәрістерге дейін, америкалық үндістердің өзі осы Алтайдан тарихи тамыр тартамыз деп жататын қасиетті мекен. Екіншісі – Өтүкен. Ол – Ғұндар мен Көк Түріктердің мекені. Ал, енді бүгін біз келіп отырған Ұлытау – ол Алтын Орданың құрылған қасиетті орыны. Ұлытау – ол аты айтып тұрғандай Ұлы Даланың Ұлы тауы. Кентай –ұлы қағандар өмір сүрген аймақ, Шыңғыс қағанның туған топырағы болса, Ұлытау олардың империясы салтанат құрған тарихи орын болып қадырленеді, біз, яғни Академия ғалымдары Өтүкендегі, Елтеріс қаған тұсындағы үлкен кешендерді ашып жатқан уақытта ондағы кесенелердің табаны сегіз бұрышты болғанын аңғардық. Ол шолпан жұлдызы, сегіз бұрышты жұлдыз түркілердің жұлдызы болған. Домбауыл ескерткішінің де тұғыры сегіз бұрышты болып отыр. Заман өте келе қирап, қайта қалпына келтіру кезінде төрт бұрышты болып қайта қаланған. Бұл кешен түрік дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Ал, енді Жошы хан мазарының Домбауыл кесенесінен ерекшелігі, осы Ұлы Даладағы исламдық алғашқы ескерткіш болып есептеледі. Және мұсылмандық ғұрыппен салынған Бүкіл Орта Азиядағы кесенелердің атасы болып табылады. Жошының немересі Берке хан Ұлы Далаға ресми дін ретінде ислам дінін алып келген. Сондықтан, біздің пайымдауымызша Жошы хан кесенесі Беркеден кейін салынғанға ұқсайды. Шыңғыс ханның өзі де айтқандай, менің ұрпағымның тәрбиесін мұсылмандарға қалдырамын деген.

Фото: Артем Чурсинов

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?