Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кенесары және серіктерінің шейіт болғанына 170 жыл

1963
Кенесары және серіктерінің шейіт болғанына 170 жыл - e-history.kz
Кенесары Хан десе елең етпейтін қазақ жоқ! Ол түсінікті де, өйткені, Қазақтың соңғы ханы – өшпес өршілдігімен, қайтпас қайсарлығымен, халыққа деген риясыз көңілімен ел есінде мәңгі қалған

Қазақтың соңғы ханы – Кенесарының, серіктерімен бірге шейіт-опат болғанына биыл 170 жыл толып отырғандығы және осы айтулы оқиғаларды зерделеу үшін, үстіміздегі жылдың 7-қазанында, қасиетті Таразда арнайы ғылыми-танымдық конференция және қазақи-діни тұрғыдағы «Ас» берілетіндігі туралы бірнеше рет БАҚ-да хабарлаған болатынбыз.

Кенесары Хан десе елең етпейтін қазақ жоқ! Ол түсінікті де, өйткені, Қазақтың соңғы ханы – өшпес өршілдігімен, қайтпас қайсарлығымен, халыққа деген риясыз көңілімен ел есінде мәңгі қалған. Хан туралы зерттеулер, жазбалар, ауыз әдебиетіндегі толғамдар, біршама баршылық екенін де айта келіп, биылғы маусым айында арнайы жинақ шыққанын да атап өттік.

Барлығы, 38 автордың шығармаларын қамтыған, 25,5 баспа табақтық, профессор А. Шотаевтың және Азкен Алтайдың (А. Ақылбеков) құрастыруымен 500 дана болып шыққан жинағымыз, Республиканың  түгелдей дерлік өңірлеріне таратылды. Еліміздің көптеген белгілі азаматтары жинаққа «өте жақсы» көзқараста екендіктерін білдіру үстінде.

Осы тұста аталған шараларды ұйымдастырушы ынталы топтың мүшесі – Қанатбек Жақсылықұлы, аталған жинақты Ел Президенті – Н. Ә. Назарбаевқа жолдап, Елбасының:

«өткізілмекші іс-шараларды толығымен қолдайтындығы және игі істердің халқымыздың береке-бірлігін арттыруға қызмет ете берсін...»

деген ізгі тілегін жеткізгендігі туралы жауап келгендігін айта кетелік.

Алда өтетін іс-шараларды ұйымдастыруда көрсетіп жатқан белсенділіктері үшін, арнайы мақалаларды тоқтаусыз жариялап жатқан Abai.kz, e-history.kz (Қазақстан тарихы) сайттары, Жас Алаш, Казахстанская Правда, Егемен Қазақстан газеттері және тағы басқа БАҚ-не, «Қазақ Хандығының 550 жылдығын» атап өткізген қасиетті Тараз өңірі жұртшылығына және Жамбыл облысының әкімдігіне, басқа да көмек қолын созушыларға, үлкен алғысымызды білдіреміз.

Республикалық-Халықаралық деңгейдегі «Ғылыми-конференцияны» өткізуге Тараз Мемлекеттік Университеті және Алматыдағы Ш. Уәлиханов атындағы тарих институтының мамандары дайындықтар жүргізуде. Өткен оқу жылында Жамбыл облысы бойынша барлық мектептерде «Кенесары оқулары» өткізілді. Осы байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылған 8-сынып оқушылары: Жанұзақ Мәди мен Жұмаділ Ақнұрдың шығармалары елімізге танымал тұлғалардың еңбектерімен бірге аталған жинаққа енгізілді. Осы жинақты қайтадан, көбейтіп басып, мектептерге, оқу орындарына, кітапханаларға тарату туралы да ұсыныстар түсіп жатыр. Ондай ұсыныстарды және 7-қазан күндері Тараз қаласында «Ұлттық» спорт түрлерінен жарыстар өткізулерді де қарастыру жоспарымызда бар. Әйткенмен, бәрі де қаражатқа байланысты.

Кенесары хан туралы аз айтылған жоқ, айтыла да бермекші. Хан тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан, тәуелсіздікке жеткен соң, қарқынды түрде қолға алынды. Көптеген тарихшылар, зертеушілер т.б. өз еңбектерін жариялады. 2002 жылы Ханның туғанына 200 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның есімімен аталатын көшелер бар. Хан туралы, академик М. Қойгелді ағаның кеңесімен түсірілген документальды фильм көпшілік көңілінен шықты.

Биыл, Кенесары ханның туғанына – 215, опат болғанына (Наурызбай және де басқа туыс, серіктерімен бірге) - 170, Ұлт-Азаттық күрестің басталғанына – 180, Сұлтан Сыздықтың (Садық) туғанына – 180 жыл толғандығын қайталай кетелік. Осыған орай, Республиканың басқа да облыс әкімдерін, саналы азаматтарды жоғарыдағы мәселелерге өз үлестерін қосып, атсалысуға шақырамыз.

Аман Шотаев

Профессор

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?