Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАЗАҚСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА» ІІ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

1360
ҚАЗАҚСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА» ІІ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ - e-history.kz
АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей мен түркі мемлекеттерінен келген 200-ге жуық ғалым-зерттеушілер мен сарапшылар 6 панельді отырыста мазмұнды баяндамалар жасайды

Бүгін Астанада Түркі академиясы ұйымының (TWESCO) ұйымдастырумен халықаралық «Ұлы Дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы өз жұмысын бастады. Қазақстанда екінші рет өткізіліп отырған форум Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына арналған.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ECO Science Foundation, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, ТүркПА сынды халықаралық ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.

Сонымен бірге дипломаттар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, іргелі зерттеу орталықтарының басшылары, көрнекті ғалым-зерттеушілер қатысқан алқалы жиынды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзімен ашып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құттықтау хатын оқып берді. Елбасы құттықтауында форум жұмысына сәттілік тіледі.

«Құрметті мәртебелі меймандар! Зиялы ғылыми қауым! Сіздердің баршаңызды «Ұлы дала» екінші гуманитарлық ғылымдар форумының ашылуымен құттықтаймын! Ұлы дала – Еуразия кеңістігін мекендеген халықтардың 1000 жылдық байланысынтарының шежірелі куәсі. Батыс және шығыс өркениеттерін тоғыстырған тоғыз жолдың торабы. Оның географиялық ауқымы алыс көкжиектерді қамтиды. Тарихи тамырлары тереңнен таралады. Бай мәдени мұрасы адамзаттың ортақ игілігі. Сондықтан бүгінгі форум тақырыбының ынтымақтастырушы қуатқа ие символикалық мәні бар деп танимын...» - делінген Елбасының құттықтау хатында.

Халықаралық форум аясында TWESCO Түркі әлемі ғылымына сіңірген ерен еңбегі мен бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбекұлы Жолдасбековты алтын медальдармен марапаттады.

АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей мен түркі мемлекеттерінен келген 200-ге жуық ғалым-зерттеушілер мен сарапшылар 6 панельді отырыста мазмұнды баяндамалар жасап, Елбасы мақаласында көтерілген міндеттер мен тақырыптар төңірегінде пайымды пікірлерін ортаға салады. Алғашқы секция «Рухани жаңғыру жолында» деп аталды да, оны Түрік тарих құрылымының басшысы Туран Рефик жүргізді. Бұл отырыста белгілі түколог ғалымдар Болат Көмеков (Қазақстан), Хайдара Мансура (Үндістан), Кожаоглу Тимур (АҚШ), Биро Андарш (Мажарстан) тағы басқа ғалымдар спикерлер қатарынан табылып, баяндама жасады. 

 «Ғылым киесі: ғылыми интеграция және ортақ құндылықтар» атты 2 панельді Түркі әлемі ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов тізгіндеді. Отырыста баяндама жасаған түрколог ғалым Оғыз Өжал Түркі тілінің халықаралық қауымдастық өміріне енуі жайында сөз қозғады. Сондай-ақ бұл пленарлық мәжіліст Мичиган штаты университетінің Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры Грэм Норман, ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов,  ECO Science Foundation  Президенті Сумро Манзур Хусейн, Орта Азия зерттеулер институтының директоры Пак Пильхо, Түркия ҒА вице-президенті Ахмет Юрдусев, Түрксой бас хатшысының орынбасары Пурташ Фырат  өзара пікір алмасты. Түстен кейін отырыстың пленарлары төмендегі бағыттар бойынша жұмыстарын бастайды. «Тарихи жады және болашаққа көзқарас», «Түркі әдеби дәстүрі және қазіргі кезең», «Түркі тілдері: зерттеу, қорғау және дәріптеу», «Әлем өркениетіндегі Түркі мәдени мұрасы» атты төрт секцияда ғылымды дамыту мәселелері, қазақ тілінің латын әліппесіне көшуі, киелі жерлер мен қастерлі мекендерге арналған «Туған жер» бағдарламасы сынды мәселелер талқыланып, сындарлы пікірлер айтылады деп күтілуде.

Шара барысында Түркі академиясы халықаралық ұйымының соңғы жылдары шығарған кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?