«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ өнерін паш етті

3738
Қазақ өнерін паш етті
81 жыл бұрын Мәскеуде Қазақстанның жас өнерінің жетістігін көрсеткен Қазақ өнері мен әдебиетінің алғашқы онкүндігі өткізіледі

Совет Одағының зор аумағында өмірге келген советтік музыка, көпұлтты бірліктің таңқаларлық феномені, әлемдік музыкалық мәдениеттің ерекше құбылысы болды. Н. Шахназарова атап өткендей, оның бет-бейнесі 30-шы жылдарда-ақ айқындала басталды:«бүкілодақтық» мәдениет идеясы қоғамдық санаға белсенді енгізіле бастады, Мәскеудегі ұлттық республикалардың әдебиеті мен өнерінің онкүндігі, түрлі өңірлердің драматургтерінің пьесаларын астаналық сахналарда қою, әдеби шығармаларды аудару сияқты, т.б. науқандармен қуаттала түсті».

Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысушылардың соңғы концерттегі өнер көрсетулері 

1936 жылы мамырда Мәскеуде Қазақстан әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өткізілді. 17 мамырдан бастап 26 маусым аралығында Мәскеудегі Үлкен театр филиалының фойесінде бейнелеу өнері көрсетілді. Экспозиция Қазақстанның Орталық музейінің, Ұлттық мәдениет институты мен басқа да ұйымдардың материалдары негізінде ұйымдастырылды. Ол көркем сурет, графика, заманауи суретшілердің плакаттарын және халық өнерінің үлгілерін көрсетті – жалпы саны 200-ден астам жәдігер. Қатысушылар арасында - Ф.И. Болкоев, А.И. Бортников, Л.В. Гербановский, К.Г. Григорьянц, А. Исмаилов, В.В. Каптерев, А. Кастеев, Н.И. Крутильников, А.А. Риттих, Е.А. Техменев, Х.Х. Ходжиков, Н.Г. Хлудов болды. Мәскеуге Қазақ мемлекеттік музыка театрының ұжымы, Қазақ мемлекеттік драма театры, Қазақ мемлекеттік филармониясы, ұлттық оркестр және халық ақындары – жиын саны 300-ге тарта адам келді.

Мәскеудегі Өнер мен әдебиеттің алғашқы онкүндігіне қатысушы қазақ артистері

10 күннің ішінде қазақстандықтар Е. Брусиловскийдің «Қыз-Жібек» және «Жалбыр» операларын көрсетті, есептік концерт берді. Сол кезде осындай іс-шараларды декадник деп атайтын, сол декадник, бірінші кезекте, қазақ музыка өнері үшін триумф болған еді. Үкімет көптеген театр қайраткерлерін марапаттады.  Сонымен қоса, көркемөнер көрмесі де елеусіз қалмады. «Литературная газета» жазған болатын: «Бояулар мен сызықтар арқылы осы өлкенің өзгешелігін беретін Хлудовтың отыздан аса картинасы Қазақстанның шағын энциклопедиясы іспеттес». «Онкүндікке ұйымдастырылған картиналар, суреттер, кілемдер, оюлар, әшекей бұйымдар да қызығушылық тудырады». Көрмеде қойылған картиналардың көбі Хдудовтыкі... Техменевтың үш картинасы қойылған.... Көрмеде Риттих, Бортников және басқаларының картиналары бар». Сол кездегі газеттерден тағы бірнеше дәйексөз: «23 мамырда Қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігі Үлкен театрда қазақ халық музыкасымен, ән-биі концертімен аяқталды. Жолдас Сталин қатысты». Орталық газет-журналдарда көркемөнер зиялы қауымының белгілі өкілдерінің оң рецензиялары мен үндеулері көп басылып шықты. «Қазақстандықтардың спектакльдері өздерінің шынайы көркем шабытымен толқытады. Әуезді музыка байлығының жаңа лебі, оның оптимистік жалынмен орындалуы тыңдаушыларға даланың таза ауасындай әсер етті», – деп Борис Асафьев сүйсіне жазған еді.  Ал «Литературная газета»: «Қазақ өнерінің онкүндігі «…» – Қазақстанның шығармашылық есебі. Қазақ халқының өскендігін дәлелдей отырып, сонымен қатар оның әрі қарай дамуына түрткі болады», – деп жазды.

«Үлкен Кремль сарайының Георгиев залында 25 мамырда Қазақстан мәдениет қайраткерлерінің мәскеулік өнер қызметкерлерімен шығармашылық кездесуі өтті.   Кездесуге Сталин, Молотов, Ворошилов, Калинин, Каганович, Микоян, Хрущев және басқалары қатысты. Режиссер, әртіс, жазушылар, суретшілер, мүсіншілер шақырылды».

Қазақстандықтардың осындай табысты өнер көрсетуі, табанды, кей кезде тіпті ауыр жұмыстың жемісі болды. Қатысушылардың бірі Қ. Жандарбеков дайындықты былай сипаттайды: «Күні-түні репетициялар жүрді, декорациялар жазылды, костюмдер тігілді. Репетициялар арасындағы үзілістерде тура көрермендер залындағы креслоларда, сол жерде ұйықтадық. Туыстарымыз үйден тамақ әкелетін. Халық ағарту комиссары Жүргенов күндіз-түні залда болды. Бұндай ырғаққа бірінші болып оркестрдің музыканттары шыдамады, өйткені олар үздіксіз ойнаумен болды. Ісініп кеткен саусақтарын көрсетіп, олар үшкүндік демалыс сұрады. Темірбек Жүргенов орнынан атып тұрып: «Кімде-кімге қазақ өнері қымбат болмаса, осы жерден қарасын өшірсін!», – деп қарлыққан, қырылдаған даусымен айқайлап жіберді. Музыканттар үн-түнсіз орындарына отырды да, репетиция қайтадан жалғасты».

Онкүндік туралы Е. Брусиловский де естелік қалдырған: «Ұлттық онкүндіктерді өткізу тәжірибесі әлі жоқ еді. Украиндықтардың бірінші онкүндігінен кейінгі Қазақ онкүндігі бар болғаны екінші ғана еді. Бірақ украиндық өнер, әрине, Мәскеуде бұрыннан таныс еді, ал қазақтар туралы, оның үстіне қазақ өнері туралы тым аз білетін еді... Осылайша, қазақ онкүндігі Мәскеу жұртшылығын алғаш рет қазақ халқымен, оның өмірімен, салт-дәстүрімен, әдебиетімен және өнерімен таныстыруы керек болды. Өте ауыр, өте маңызды және ардақты міндет. «…» Біздің оркестр «…» қалжырап-қажудың шегінде еді. «…» Бірінші репетиция таңғы сағат 9-да басталып күндізгі 3-те аяқталатын. Екінші репетиция күндізгі сағат 5-те басталып кешкі 9-10-да аяқталатын. Демалыс күні деген болмайтын және күнде әбден әлсірегенге дейін репетициялар болатын». Үлкен танымалдыққа ие бола отырып, Онкүндік советтік тыңдаушыға Шығыстың сиқырлы әлемін ашты – қазақтар ортаазиялық республика өкілдерінің арасында бірінші болып 1936 жылы Мәскеуде, ал кейін 1937 жылы Ленинградта өзінің бірегей өнерін көрсетті.