«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Енді соғыс болмасын!»

4971
«Енді соғыс болмасын!»
Ерлердің Отан үшін жасаған ерліктерін өз ауыздарынан есту арқылы серпін беріп, рухтарын көтеру мақсатында тарихи-мәдени кеш ұйымдастырылды

Жеңіске 72 жыл! Қаншама жанның өмірін жалмаған сұрапыл соғыстың аяқталғанына да қаншама уақыт өтсе де оны жауынгерлер дәл кеше өткен күндей ұмыта алмайды, өйткені, жүректен орнығып алған сол ауыр да қиын күндер, әр секундтық өмірдің өзі өмір мен өлім арасында жүру – жүректерін қатайтып, өшпес із қалдырған. 

Бүгінгі болашаққа жарқын, бейбіт өмір сыйлаған ер жүрек жауынгерлерімізді Жеңіс күні қарсаңында «Ешкім де ұмытылмайды, Ештеңе де ұмыт қалмайды» атты Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алып, оларға тағзым жасау, оқушыларға ерлердің Отан үшін жасаған ерліктерін өз ауыздарынан есту арқылы серпін беріп, рухтарын көтеру мақсатында тарихи-мәдени кеш ұйымдастырылды.

Кешімізге ардагерлер Байкешев Ризағұл, Шамбулов Жанияз және Каримов Жүніспек аталар қатысты. Алдымен №38 «мектеп-лицейінің» директоры Әзимбай Кәмила Кәрімбердіқызы сөз сөйлеп, бүгінгі кешке келіп отырған ақсақал қарияларға ерекше ықыласын білдірді.

Мектептегі тарихшы мұғалімдер, Сағитова А.А., Шакенова З.К., Бутабаева М.Е. ұйымдастыруымен өткен ардагерлермен кездесу оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Оқушылардың жалынды, рухты әндері мен хормен айтылған «Бейбіт күн жасасын әлемде!» тақырыбында айтылған әнге ардагерлер ерекше ықыласын білдіріп, қолдап отырды. «Катюша» биі де отырған көрермендерге ұнады. Панфиловшылар ескерткішін еске алып,   қойылым түрінде өлең жолдарын мәнермен әсерлі жеткізді.

Соңына қарай ардагерлердің өзіне сөз берілді. Олардың сөздері, қадау-қадау жүйелі  ойлары, қазақ ұлты үшін әрқашанда ел қорғауға дайын болу керек, Елбасының жолдаған сөзімен байланыстырып, өз елімізді қорғауға жастардың рухы мықты, жігерлі, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау үшін алмағайып заманда өз күшіңе сеніп, сақадай дайын болу керектігін айтты. Бұл сөздерді әрбір жан ести отыра, өздерінің Отан алдындағы борышты міндет екенін сезінді.  

Шамбулов Жанияздың айтқан мына сөзі ерекше әсер қалдырды: «Менің көргенім – сіздердің түстеріңізге де кірмесін!». Олар небәрі соғысқа аттанған кезде жастары 18, 19 жаста болған, Алматыда үш ай дайындықта болып, 1941 жылы Берлиндегі майданға кірген, содан басына оқ тиіп, жараланып, бір ай госпитальда жатып, қайта соғысқа қатысқан. 1945 жылы соғыс аяқталып, жеңіске жеткеннен кейін де елге бірден қайтарылмай, авиациалық училищені оқып келіп, елге қызмет жасаған.

Байкешев Ризағұл 1923 жылы туған, 19 жасында соғысқа аттанған. Сталинград, Берлин түбіндегі майданда болған. Ал Каримов Жүніспек: «Фашистер біз Отанды қалай қорғасақ, олар да солай барын салып қорғады, Берлинді алу оңай болған жоқ, – деп бастады сөзін, – соғысты айтып сіздердің жүректеріңізді ауыртпай-ақ қояйын. Мен детдомда өстім, ата-ана дегенді білген жоқпыз, сегіз жыл детдомда, сегіз жыл армияда болдык, содан соғысқа аттандық», – еске алды.

Қандай батыр ерлер десеңізші, бейбіт күннің елшілері, бізге алаңсыз күлкі, бақытты болашақ сыйлаған ерлер, тіпті көрген қиындықты ұрпақтарының түсіне кірмеуін қалайды!.. неткен жүрек! «Ер есімі – мәңгі ел есінде». Аман болыңыздар, ардақты, асыл Ерлер! 

Маржан ӘЖІБЕКОВА, №38 мектеп-лицейінің мұғалімі