«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Қазақ киносы: кеше және бүгін»

6441
«Қазақ киносы: кеше және бүгін»
«Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабының құрылымы «Уақыт және қазақ киносы», «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал», «Уақыт. Кино. Тұлға» және «Кино – өмір айнасы» атты негізгі төрт бөлімнен тұрады

Наурыз айының 30 күні сағат 15.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» залында «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты жаңа кітаптың (37,7 баспа табақ) тұсауы кесілгелі отыр.

Авторы – кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ Ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Назира Рахманқызы. Ол бұған дейін жарық көрген Қазақстан деректі киносының негізін қалаушылардың бірі, кинорежиссер Ораз Әбішевтің шығармашылығы туралы «Кинорежиссер Ораз Әбішев», «Ораз Әбішев» атты кітаптардың, «Қазақ киносының тарихы» оқулығындағы «Қазақ деректі киносы» бөлімінің, «История искусств Казахстана» атты екі томдық кітаптағы «Қазақ киносының тарихы» бөлімінің авторы болды. Сондай-ақ, қазақ киносы туралы 100-ге жуық мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар мен зерттеулердің авторы.

«Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабының негізгі құрылымы «Уақыт және қазақ киносы», «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал», «Уақыт. Кино. Тұлға» және «Кино – өмір айнасы» атты негізгі төрт бөлімнен тұрады. Осы бөлімдерге енген зерттеулер, мақалалар, рецензиялар мен сұхбаттарда қазақ деректі киносы, көркемсуретті фильмдер, сценарий, бүгінгі жастар киносы, кинофестивальдер, отандық кино өнеріндегі өзекті мәселелер сияқты тағы да басқа көптеген өзекті тақырыптар арқау болған.

«Уақыт және қазақ киносы» деп аталатын зерттеулер бөліміне қазақ киносының кейіпкерлері, киносценарий және фильм, прозаның кинематографиялық табиғаты, деректі кинодағы мәселелер сияқты тағы да басқа көптеген тақырыптарды арқау еткен зерттеу мақалалары енді.

«Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал» атты екінші бөлімде қазақ киносындағы өзекті мәселелер мен жекелеген фильмдерге қатысты ой-пікірлер, жастар киносы, кинофестивальдер т.б. туралы мақалалар мен рецензиялар ұсынылып отыр. Кітаптың «Уақыт. Кино. Тұлға» деп аталатын үшінші бөліміне отандық және шетелдік белгілі кинематографистермен болған сұхбаттар енген. Бұл сұхбаттардан 1990 жылдардағы отандық кинопрокат, кинотеатр, репертуар мәселелері, жаңа фильмдер, 1998 жылы тұңғыш рет өткен «Еуразия» халықаралық кинофестивалі, кинематографистердің шығармашылық зертханасы, олардың уақыт, қоғам, кино туралы ой-толғамдары, т.б. көптеген маңызды мәліметтер алуға болады. Ал, «Кино – өмір айнасы» атты соңғы бөлімде кітап авторының кино өнері туралы баспасөз беттеріне берген сұхбаттары ұсынылып отыр. 

Кинотанушы Назира Рахманқызының «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты кітабы өнерсүйер оқырман үшін қазақ киносының кешегі мен бүгінгі күні туралы молынан мәлімет беріп, рухани қажеттілігіне қызмет етеді деген үміттеміз.   

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)