Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Суер Екер: Түркі дүниесінің қарайым, гагауыз тілдері жойылуға жақын

1848
Суер Екер: Түркі дүниесінің қарайым, гагауыз тілдері жойылуға жақын - e-history.kz
Жойылып бара жатқан тілдер жөнінде батыста көп жұмыстар атқарылады. Миссионерлік ұйымдары бар. Тілдік орта қалыптастыратын әдеби клубтары бар, түрлі мәдени акциялары болады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) ХХІ ғасырдың соңына қарай жер бетіндегі ұлт тілдерінің жартысына жуығы жойылып кетеді деп болжаған болатын. Сол қасірет індетін Түркі дүниесіндегі жойылып бара жатқан түркі тілдері де кешуі мүмкін. Осындай жаһандық індеттің алдын алып, жойылып бара жатқан тілдердің тарихын зерттеп, сол тілде сөйлейтін халықтың мәдени мұрасын жаңғырту үшін Түркі әлемі үлкенді-кішілі жұмыстар атқарып келеді. Осы орайда бүгін Елорда төріндегі ҚР Ұлттық академиясында Түркі академиясы халықаралық ұйымының қолдауымен жарық көрген «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты көптомдық еңбектің таныстырылымы өтті.

Салтанатты рухани шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым басшылары, түркі дүниесіне еңбегі сіңген ғалымдар, Қазақстандағы дипломатиялық корпус жетекшілері, дипломаттар, әдебиеттанушылар, Қазақстан және шет ел ғалымдары, БАҚ өкілдері қатысты.  

Кітаптың таныстырылымында сөз алған Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» респбуликалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жойылып бара жатқан тілдерді сақтап қалу үшін маңызды шаралардың қолға алынғанын тілге тиек етті.

«Бұл жойылып бара жатқан тілдерді сақтау үшін жасалған өте үлкен еңбек деп есептейміз. Сол арқылы біз тек қана қазақ тілінің, түрік тілінің ғана емес шор, сары ұйғыр, алтай немесе Кавзказдағы, Сібірдегі, Ирандағы, Қытайдағы, жалпы жер жүзінде тарыдай шашырап жүрген азғантай топ өкілдерінің тілдерін қамқорлыққа алып отырмыз. Сондықтан бұл еңбек кезіндегі Қашқаридің еңбегінен кейінгі үлкен жұмыс деп есептеймін. Өйткені, бұлардың барлығы сандыққа салынды, қорғауға алынды, хатқа түсті», – деді Д. Қыдырәлі.  

Сонымен қатар шара барысында сөз сөйлеген көрнекті қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов түркі әлемінің рухани мұрасын насихатту жолында, Халықаралық Түркі академиясы ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын, Халықаралық ұйымның, түркі дүниесіндегі рухани бастамалардың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарабаев тұрғанын айтты.

«Бүгінгі шара – жоғалып бара жатқан тілдердің және солардың тағдыры туралы төрт томдық кітаптың тұсаукесерімен басталып отыр. Түркі тілдерін зерттеу мұрасын қолға алған әрі құрастырушысы түрік ғалымы – Суер Екер. Бұл кітапта 26 түркі халқының еңбектері жазылған. Түрікше, ағылшынша, орысша құрастырылған кітап кеше ғана қолымызға жетіп отыр. Бұл Халықаралық Түркі академиясының атқарылып отырған жақсы нәтижелі жұмыстарының бірі деп ойлаймын. Әлемде көп тілдер сақталғанымен, біраз аз тілде қатынас жасайтын тілдер жойылып бара жатыр. Жалпы Халықаралық Түркі академиясының мақсаты – түркі мемлекеттерінің басын біріктіріп түркі халықтарының ынтымақтастықтарын нығайту. Бұның басы-қасында біздің Елбасы тұр. Түркі халықтарының Президенттерінің бас қосқан жобасында осы мәселеге қол қойылған. Міне содан бері біраз уақыт өтті», – деді Әділ Құрманжанұлы.

Сүбелі еңбек Қ.А. Иассауи атындағы Қазақ-түрік университетінің қолдауымен, түркиялық ғалым Суер Екердің ғылыми жетекшілігімен жарық көріп отыр. Сондықтан шара барысында ол да сөз сөйлеп, жобаға әлемнің 26 елінен 130 ғалымның қатысқандығын, барлығы 132 зерттеу топтастырылғандығын атап өтті.

«Төрт томдық кітапқа қарасаңыз, 50-60 түркі халқының сандары олардың пайдаланып отырған тілдері жайында деректер жазылған. Дүние жүзінде 175 млн түркі тілінде сөйлескен адам бар. Бұл – ресми сан. Біз түркі мемлекеттерінің статистика мәліметтері бойынша бұл ресми санақты алдық. Сол 175 млн ішінде аз санды сөйлескені аз болған көп тіл бар. Сол тілдердің ғасырлардан бүгіні әкелген мәдени мұрасы жоғалып барады. Жойылып бара жатқан тілдер жөнінде батыста көп жұмыстар бар. Миссионерлік ұйымдары бар. Бізде сондай бір акцияның түркі мемлекеттерінде болуы үшін осындай жобаны қолға алып отырмыз. Негізгі мақсатымыз жойылып бара жатқан тілдерді әлеуметтік ортада тілдік қолданысқа енгізу. Осы себеппен кітаптың жарық көруіне қол үшін берген, еңбектерді жинастыруға үлес қосқан Түркі академиясы мен Қ.А. Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне шын жүректен алғыс айтамын. Бізге көмек берді. Олардың атымен біздерге есіктер ашылды».  

Сондай-ақ шараның үзіліс уақытында жобаның авторы, құрастырушыларының бірі Суер Екерге «жойылып бара жатқан түркі тілдерін атап өтсеңіз?» деген сауалымызды да қойып үлгердік.

«Жойылып бара жатқан тілдерге қарайым тілін жатқызуға болады. Қырым мен Украина шекарасы аумағындағы түркі халықтарының бірі қарайымдар осы тілде сөйлеуі қажет. Қарайымдар әлемнің үш мемлекетінде бар. Бір ғана Украина да 800-ге тарта қарайым тұрады. Бірақ олардың 10-дайы ғана осы тілде таза сөйлей алады. Сондай-ақ екінші бір жойылып бара жатқан тілдердің қатарына гагауыз тілін айтсақ болады. Бұл – Литьва, Польша, Украина елдерінде тұратын гагауыздардың ана тілі. Бұл түркі халқының да адам саны өте аз. 150-200 мың адам ғана. Бұл халықтың ғалымдары мен тіл мамандары сайттар мен оқулықтар жасап тілдерін сақтап қалу бойынша үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Сондықтан гагауыз тілі сақталады деп бата қылғанымыз жөн», – деді Суер Екер.

Айта кетерлігі, шара аясында Дархан Қыдырәлі Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыз бен түркиялық ғалым Суер Екерді «Түркі дүниесінің ықпалдастығы мен дамуына және түркітанулық зерттеулерге қолдау көрсеткені үшін» академияның құрмет грамотасымен марапаттады.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?