Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәдени серуен: «Шапағат» тарихи-өлкетану музейі

2466
Мәдени серуен: «Шапағат» тарихи-өлкетану музейі - e-history.kz
Атақты коллекционер Азат Әкімбек аталған мұражайға 1 млн. 705 мың 78 теңгеге бағаланған XVII-XVIII ғасырлардағы құнды жәдігерлерді тарту еткен. Келешекте шағын музейді үлкейту жоспарда тұр.

Елбасы әліппе таныған орда

Мектебіміздегі «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайы 1998 жылғы 23  мамырдағы мектеп директорының №43 бұйрығымен қоғамдық негізде құрылды. Мұражай жетекшісі болып ұзақ жылдар бойы тарих пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасының  оқу-ағарту ісінің үздігі Рымкеш Шәйкенқызы Байқонысова қызмет етті.

e39de70f3186637b5051d8955aed9192.jpg

 «Мектеп – шәкіртімен мерейлі» дегендей, бұрынғы Фурманов, кейін Қарасай батыр атындағы орта мектебінде 1-9 сынып аралығында білім алған  ең жарқын тұлға: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатын. Осылайша жас Сұлтанның үлкен өмірге деген қадамы осы мектептің табалдырығынан басталыпты.

Мектептің бірінші қабатындағы оң жақ  қанатындағы ауданы 248 шаршы метр болатын көлемді аумақта орналасқан музей ауылдың өткен-кеткен тарихы мен мұралары, шыққан атақты тұлғалары мен болашақ даму жоспары секілді құнды деректер, әр түрлі көрнекі материалдар сөресі сізді қарсы алады.

611d1760bea1261af2ca4053629a3952.jpg

Білім ордасындағы  білім, тәрбие беру және  өлкетану жұмыстарын жандандыру және жалғастыру; тарихи ескерткіштерді, туған жердің  табиғатын және мәдениетін қорғау және насихаттау; оқушылар мен тұрғындар арасында мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізу; қазіргі заманға сай  ғылыми негізде  жүйеленген мектеп мұражайы  туған елдің тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, өнерін, мәдени құндылықтарын  меңгерген жеке тұлға  қалыптастыру; әсіресе тәуелсіз еліміздің тұңғыш президентінің  балалық шағынан  тұлға  ретінде қалыптасуындағы ата-анасының, мектеп ұстаздарының  тәрбиелеу жолын зерттеп азамат болып Елбасы дәрежесіне  көтерілгендігін жас ұрпаққа жеткізу – музейдің ең басты міндеттері болып саналады.

Шағын музейдің қорында 2500-ден астам жәдігер бар

«Шапағат» тарихи-өлкетану музейінде 2 500-ден аса мұра сақталып тұр. Қосымша қорға жататын фотосуреттер, сызбалар, буклеттер, іс-тәжирибелерді баяндайтын хаттамалар бар. Музей қорлары арнайы кітапшаға тізімге алынған. Музей заттары  арнайы стенділерге, витрина, яғни арнайы орынға қойылған. Мәдениеттің ордасы өз қызметін елбасытану  саласымен,  өлкетану жұмыстарымен және Елбасының балалық шағы мен қызметі байланысты деректермен  ұштастырып жүргізеді. 

6f7efa90373afbf5df041b0a6bbaee81.jpg

Музейдің бөлімдері 24-тен асады, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, нақты деректерді анық та қанық сөйлеп жеткізген мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәулет Нұрданбекова музей құрылымымен толық таныстырып шықты.

Алғашқы «Археология» бөлімінде Алматы облысының Есік қорғандарынан табылған «Алтын киімді адамға» қатысты дүниелер мен Қарасай ауданының жерінен табылған әр түрлі жәдігерлер жинақталып, әлемдік құнды мұраны тапқан археолог Бекен Нұрмұханбовтың Президентпен кездесуі кезіндегі фотосуреттері ілінген.

c3c1e0ef5ccae12d94ce5aac8f9711fa.jpg

Ал Елбасының туған жері, кіндік қаны тамған қасиетті өлке Үшқоңырдың тарихына байланысты бай деректер келушілердің қызығушылығын оятады. «Үшқоңыр ғасырлар қойнауында», «Үшқоңыр. Дауылды, дабылды 1916 жыл», «Шамалған – совет  үкіметі тұсында», «Шоқтығы биік Үшқоңыр» және «Үшқоңыр – бүгін» деген бөлімдерде ауылдың ескі тарихынан бастап бүгінгі жағдайына дейінгі көл-көсір деректер шоғыры топтастырылып, жұртшылыққа ұсынылады.

Қазақ даласының тарихы мен тағдыры, даңқы тұлғалар есімі көрнекі тақталарға орнатылып, әсем безендірілген бірнеше бөлім жалпы тарих саласына байланысты деректерді ұсынады. Айталық, «ЮНЕСКО  көлемінде  тойланған тұлғалар мен құндылықтар», «Қазақтың қасіретті ғасыры (1937, 1986)», «Олар Отан үшін шайқасты», «Ел қорғаған батырлар», «Көшеге есімі берілген тұлғалар» деген айдарларда тарихи тұғалар бейнесі шеру тартады.

cc40b02847c75ec19828549905c3f479.jpg

Ал «Этнография» бөлімінде киіз үйдің жарты қаңқасының ішінде ата-бабаларымыз пайдаланған тұрмыстық заттар, киіз үй жабдықтары, төсек орын мен ыдыс-аяқ түрлері, ас-табақтар сақтайтын мүліктер ретімен орналастырылған.

Мектеп оқушылары мен сынып жетекшілері тарапынан  «Туған елім-тірегім», «Кәсіпкерлік-шаруашылық» іздеу тобы, «Жетелі  елдің жеті белгісі» іздеу тобы, «Салт-дәстүр» іздеу тобы, оның ішінде  «Дәстүр» және «Әдеп-ғұрып және  ұғым» бөлімі, «Ардагер» іздеу тобы, «Сөнбес жұлдыздар» іздеу топтары  бойынша  әр сынып  зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ардагерлер туралы арнайы кештер ұйымдастырылып,  арнайы стендтер жасалған.

a9d8b32b2be2cb4c4fa10f924bfe3c86.jpg

Атап айтқанда,  2011-2012 оқу жылында тәуелсіздіктің 20  жылдығына  байланысты «Тәуелсіз елдің көшін бастаған тарихи тұлға» тақырыбында Елбасына арналған  республикалық семинар, «Өзін-өзі билеген ел бақытты, Өзін-өзі басқарған ер бақытты» тақырыбындағы «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша облыстық семинар, «Қайсар ұрпақ бабалардың арманы» тақырыбындағы республикалық семинар, «Нұрлы күнге талпынған қазақ бүгін, Әлемді таңқалдырған азаттығым» тақырыбындағы аудандық семинар, Тәуелсіз қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен даму жолдары, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі  әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы, 2010-2020 жылдар арасындағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары бойынша  «Ізшілер» тобының зерттеу жұмыстары өткізілді.

Елбасының жарқын істері – музей төрінде

Музейдің ең басты ерекшелігі – Елбасына арнайы бөлек залдың ашылуы дер едік. Онда ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың балалық шағынан кемел ойлы, кең құлашты саясаткерлік жолына дейінгі барлық ғұмыры кезең-кезеңімен ұсынылады. «Мектеп шәкіртімен мерейлі» атауымен  мектеп пен Елбасының байланысы, «Берекелі отбасы үбірлі ұрпақ» айдарында отбасылық жағдайы, ата-анасы мен бауыр-қарындастарының өмір тарихы қызғылықты беріледі. «Елінің еңселі азаматы еді» деген тарауда Қазақ ССР ұзақ жылдар басқарған мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы, ұстаздық және шәкірттік һәм әріптестік байланыстары фотосуреттер арқылы айғақталып тұр.

63cf4640492ad07aa5db2e96be67b0f9.jpg

«Елбасы өткен асулар», «Ізгілікке жүрегіңнен орын бер», «Бала біздің болашағымыз. Елбасы балалар арасында» бөлімдерінде Елбасының жастық шағы өткен Теміртау-Днепродзержинский-Қарағанды қалаларындағы қайраткерлік қызметі мен Алматы-Астана қалаларындағы биік мансаптық лауазымы арасындағы жарқын сәттер, қайырымдылық шаралары мен балалар әлеміндегі кездесулердің бейнесі орналастырылған.

Музейдің экскурсия  жүргізушісі – Рымкеш Байқонысова – ҚР білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері.

6d4cd1a019cf9154dc9bdaa5689414cb.jpg

Музейдің техникалық  құралдармен жабдықталуы:  электронды экран, теледидар, ДВД, видеокамера, фотоаппарат. Музей әрбір оқу жылына жасалған  іс- шаралар жоспары негізінде жұмыс істейді. Мұражайға  Қарасай ауданы, Жамбыл ауданы, Алматы қаласы бойынша оқушылар  сыныбымен  арнайы саяхаттар жасайды. Музей кеңесі құрылған. Кеңес мүшелері  хандар, батырлар, билер, Елбасы  өмірі бойынша баяндамалар жасап, арнайы тақырыптық әдеби-сазды кештер ұйымдастырады.

Музейдің басқа музейлермен байланысы бар: Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапхана ұжымы, Д.А. Қонаев  музейі, темір жол музейі,  ұйғыр мәдениет орталығы  музейі, атақты коллекционер Азат Әкімбек,  суретші-ұста Қыдырбай Далабаев, шебер ұсталар ағайынды Құлментегі,  Астана қаласындағы Тұңғыш Президент мұражайы.

b45212bb2df1a80db064a51b5baa8d78.jpg

Атақты коллекционер XVII-XVIII  ғасырлардағы  құнды жәдігерлерді тарту еткен

2003 жылы 23 мамыр күні музе үшін атаулы күн. Бұл кезде музейдің ашылғанына 5 жыл уақыт толып, мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтілді. Мереке қонақтары республикаға есімі белгілі қайраткерлер қатысты. Ағайынды ұсталар Құлментегі 26 құндылықты 77000-ға бағалап табыс етсе, Елбасының ұстазы Сейітхан Исаев, Қонаев мұражайының директоры  Болысбек Батталханов 1978 жылы Д.А. Қонаев пен  Н.Ә. Назарбаев бірге түскен  фотобейнелерін 17000-ға бағалап сыйлады. 

86baa5be50ad51811a1938b76373bc35.jpg

Ал 2008 жылдың 19-23 қаңтары аралығында музейдің 10 жылдығына  орай кездесулер, көрме, апталық өткізіліп, сондағы шаралар барысында атақты коллекционер Азат Әкімбек мұражайға 1  млн. 705 мың  78 теңгеге  бағаланған XVII-XVIII  ғасырлардағы  құнды жәдігерлерді тарту етті. 10 жылдық мерекеге орай 53 дана құнды зат мен әр түрлі құжаттарды да Алматыдағы Президент Резиденциясы музей қорына ұсынған.

Танымал тұлғалар бас сұқпай кетпейтін мәдениет ордасы

Музейге қонақ болған ҚР  Президенті  Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев бастап басқа да саясат қайраткерлері, ғалымдар мен өнер тарландары, ақын-жазушылардың қатарында Николай Канишев, Зәуре Қадырова, Ерлан Ыдырысов, Жекен Қалиев, Бақытжан Жұмағұлов, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов, Қапалбек Нағашбеков, Роза Рымбаева, Гүлмира Ақүрпекова, Елбасының сыныптастары мен қызметтес достары, елшілік қызметкерлері, т.б. болды.

Музей қонақтары алғыс, тілектерін жазатын 1998  жылдан бүгінгі күнге дейін арнайы альбом-кітапшалар ұйымдастырылған. Музейге бір жылда қамтылу  саны орташа есеппен 1000 адамнан асады.  

Заңғар КӘРІМХАН

Астана-Алматы-Қаскелең-Үшқоңыр-Астана 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?