Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көші-қон саясаты: сан мен сапа

3312
Көші-қон саясаты: сан мен сапа - e-history.kz
Алатау мен Сарыарқаны бетке алған Қазақ көші толастаған емес. Бүгінгі көші-қонның тынысымен танысайық

Қазақ халқы небір алмағайып күндерді бастан кешті. Десе де, халқымыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бүгінгідей бақытты, бейбіт күнді ешқашан көрмеген болар. Бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған байтақ даласы бізге қалай мирас болса, осы ел мен жердің тәлейіне туған Нұрсұлтан Назарбаев алыстағы ағайынды Отан құшағына оралтып, қазақ тарихында алтын парақтар ашты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы батыл әрі тарихи шешімінің арқасында көші-қон мәселесі мемлекетіміздің стратегиялық басым бағытына айналды. Елімізге ширек ғасырға жуық уақыт ішінде бір миллионға жуық қазақ келіп қосылды. Өткен жылы 24 қарашада «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қайта қабылданды.

КСРО толықтай тарамаған, Қазақ елі тәуелсіздігін әлі жарияламаған 1991 жылдың қыркүйек айында республика Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барған еді. Сапар аясында Ыстанбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уәде берді. Сол кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасынан «алғашқы кезекте жедел түрде Ауғанстаннан ауып барып, Пәкістанда, Иранда, Сауд Арабиясында және Түркияда тұрып жатқан қазақтарды елге қайтаруға қолұшын беруді» өтінді. Президент бұл өтінішті бірден қабыл алып, тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта Қазақстаннан арнайы әуе көліктерін аттандырып, аталған мемлекеттердегі бірқатар бауырымызды атамекенге жеткізді.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Президент Н.Ә.Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында радиодан сөз сөйлеп, алыста жүрген қандастарға арнап, «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады. Аталған хат «Егеменді Қазақстанның» 1992 жылғы 1 қаңтардағы санында жарық көрді.

Тағы бір маңызды қадам, 1997 жылы 8 қарашада жасалды, атап айтқанда Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі құрылды. Одан басқа 1997 жылы «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыттары» туралы қуатты құжаттар жасалды. Аталған құжаттар мен қажырлы істер қазақ көшінің кедергісіз жүруіне құқықтық мүмкіндіктер берумен бірге көші-қонға бөлінетін қаржының көлемі артып, оралмандарды баспанамен қамту мәселесі де айтарлықтай ілгеріледі. Енді осы сөзімізге бірер дәлел келтірсек.

 

1992 жыл. 30 қыркүйек. Алматыда өткен

Дүниежүзі қазақтарының I құрылтайынан көрініс

Мемлекеттік хатшы тәуелсіздік жылдары 965 мыңнан астам адам азаматтық алғанын және бұл еліміз Мемлекет басшысының басшылығымен қол жеткізген табыстардың айшықты айғағы екенін атап өтті. Г.Әбдіқалықова қазақстандықтардың өз қатары толыққанына қуанатынын айтып, азаматтық алғандар еліміздің одан әрі дамуына үлес қосатынына сенім білдірді. Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойған соң, алыс және таяу шетелдерден келген түрлі ұлттың 819 өкілі Қазақстан азаматы атанатын болады. 

Ал 2016 жылға жоспарланған көші-қон межесі:

1) 1259 отбасыдан тұратын оралмандарды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасы;

2) 463 отбасыдан тұратын қоныс аударушыларды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасы.

1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек.

Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 61,6% - Өзбекстаннан келген, сондай-ақ, 14,2% - Қытайдан, 9,2% - Моңғолиядан, 6,8% - Түрікменстаннан, 4,6% - Ресейден және 3,6% - өзге елдерден оралған қандастарымыз. Олардың 21,2% - Оңтүстік Қазақстан облысына, 16,3% - Алматы облысына, 13% - Маңғыстау облысына, 9,4% - Жамбыл облысына, 40,1% - еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды.

Елге оралған қандастарымыздың 55,6% - еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері - 39,9%, зейнеткерлер - 4,5% құрайды. Еңбекке жарамды оралмандардың 8,8%-ның жоғарғы білімі бар болса, 20,6%-ында орта арнаулы білім бар, 60,8% - жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 9,8%-нің білімі жоқ. Естеріңізге сала кетейік, 24 қарашада Елбасы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның көші қон мен халықты жұмыспен қамту салаларын әрі қарай жетілдіруді жүзеге асыруға бағытталған «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын.

Міне, содан бері Алатау мен Сарыарқаны бетке алған Қазақ көші толастаған емес. Елбасы бұл жетістікті «Біз 1 миллион ағайынды елге қайтардық!» деп үнемі мақтанышпен айтып келеді. Қазір сол қандастарымыз өсіп-өніп, ұрпағымен 1,5 миллионнан асып кетті. Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда қазақтардың саны 40 пайызға жетер-жетпес қана болса, қазір 70 пайызға жетті. Соның бір бөлігі, әрине, шеттен келген ағайынның үлесінде.

Дәулет ІЗТІЛЕУ 

Мақаланы әзірлеу барысында статистикалық мәліметтер ұсынған Көші-қон және демография жөніндегі агенттігіне алғысымызды білдіреміз.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?