Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаһарманға құрмет

1811
Қаһарманға құрмет - e-history.kz
Бүгін Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылуы өтті

Бүгін Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылуы өтті. 1945 жылы қазақ жауынгері ресейлік Григорий Булатовпен бірге Қызыл әскер құрамында бірінші болып Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен. 

11 метрлік монумент Б. Момышұлы мен Р. Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан, деп хабарлады Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан. Жобаға сәйкес, мүсіндік композицияның биіктігі - 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі – 4,5 метр. Ескерткіштің авторы – «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов. 

a7dc5a8286ae487d94089aa105691f65.jpg

Салтанатты шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала тұрғындарын ескерткіштің ашылуымен құттықтады: «Бүгін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мәңгілік ету үшін осы монументті ашып отырмыз. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керек, сол себепті Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елордада аты аңызға айналған нағыз жауынгерімізге арнап ескерткіш орнатылды». 

9919a15022158788782fd95bec35de73.jpg

Шараға Рақымжан Қошқарбаевтың қызы – Әлия, аты аңызға айналған кеңес жауынгерінің немерелері, сондай-ақ, лейтенант Қошқарбаев туралы кітаптың авторы Қасым Аппасұлы қатысты. Сонымен қатар, ескерткіштің ашылуына қатысқан жүздеген адам ұлы қазақ жауынгерінің мүсініне гүл шоқтарын қойды. Монументті орнатуға елорда әкімдігі бастамашы болды, ескерткішті дайындаған және орнатқан «BI-Group». Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ашылуы маңызды оқиға, өйткені ол қазақ жауынгерінің Екінші Дүниежүзілік соғыста жасаған өлшеусіз ерлігі туралы тағы да бір еске салады. 1945 жылдың 30 сәуiрiнде, Рахымжан Қошқарбаев шайқасқан 150-шi атқыштар дивизиясы Рейхстагқа шабуыл жасайды. Жаңбырдай жауған оқтан жасқанбаған лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов, фашистер тiрегiнiң кеңсесiне бәрiнен бұрын жетiп, жеңiс туын Рейхстагтың бiрiншi қабатына тiгедi.

Осы ерлiгi үшiн 150-іншi дивизия басшылығы қазақ жауынгерiне Совет Одағының батыры атағын беру туралы ұсыныс жолдайды. Алайда, сол кездегi КСРО басшылары әдiлетсiз шешiм қабылдап, Қошқарбаевқа ең жоғарғы награданың орнына «Қызыл Ту» орденiн береді. Арада жарты ғасыр өткен соң, ресми Мәскеу тарихи қателiктi түзетiп, қазақ батырының ерлiгiн мойындауға мәжбүр болады. Тарихи деректерге сәйкес, сол күнi Рейхстагтың төбесiнде 40 жалау желбiреген екен. 

86cab29294b92405524e0a31106457c8.jpg

Алайда олардың тек тоғызы ғана жеңiс туы, қалғандары шабуылға қатысқан әскери бөлiмшелердiң байрақтары көрiнедi. Көп жылдар бойы советтік тарихшылар оның ерлігін мойындамай келгенін айта кету керек. Тек 2007 жылы ғана ресейліктер Екінші дүниежүзілік соғыста Берлинде Рейхстагты басып алу кезінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың бірінші болып ту тіккендерін ресми түрде мәлім етті. Осы ерлікті жасаған кезде Қошқарбаев небәрі 21 жаста болған. 

Батырлығына қарамастан Совет әскері қазақ жауынгерін ешқандай марапатқа ұсынған жоқ. Алайда 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Осылайша әділдік салтанат құрып, көп жыл кешіккен атақ пен сыйлық өз иесіне лайықты беріліп, құрметпен атап өтілді.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?