Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Алтай мұрасы» автоэкспедициясы мәресіне жетті

1846
«Алтай мұрасы» автоэкспедициясы мәресіне жетті - e-history.kz
Автосапар көк түріктердің ұлы мекені Алтай ізімен бағыт алып, қазақ тарихынан сыр шертетін тарихи орындарды, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарын аралап, ұлы бабалар туған өңірлерді жүріп отырды

«Алтай мұрасы» тарихи-мәдени автоэкспедициясы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 20 жылдығына арналып 14 маусымда жолға шығып 25 маусымда Елорда төрінде өз мәресіне жетті.  Делегация құрамын Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері салтанатты түрде қарсы алды. 

Автосапар көк түріктердің ұлы мекені Алтай ізімен бағыт алып, қазақ тарихынан сыр шертетін тарихи орындарды, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарын аралап, ұлы бабалар туған өңірлерді жүріп отырды. 

Экспедицияның негізгі мақсаты – тәуелсіздік арқылы келген жақсылықтарымызды, нәтижелі жұмыстарымызды насихаттау. Алтайдың мәдени-тарихи мұраларымен кеңінен танысып, еліміздегі автомабильдік туризмді дамытуға үлес қосу. Шекара аймағындағы қазақтардың тыныс-тіршілігін байқап, ұлт тарихын, мәдениетін, тарихи жәдігерлерді сақтап қалу мәселесіне халықтың зейінін аударту.  Сондай-ақ, келер жылы елімізде өтетін ЭКСПО-17 халықаралық көрмесіне үн қосу. 

Бес жол талғамайтын автокөліктен құралған топтың құрамына танымал қазақстандық ғалымдар, өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері кірді. Экспедиция Астана қаласынан 2016 жылдың 14 маусымында жолға шыққан болатын. 12 күннің ішінде экспедиция құрамы 4500-ден астам шақырым жолды жүріп өтіп, тарихи жерлерде және көне түркі мұрасына бай аймақтарда болды. Сонымен бірге шекара аймағында, Ресейдің Қосағаш өңірінде тұратын қазақ ауылдарының ақсақалдарымен, ғалымдарымен, ауыл тұрғындарымен тікелей тілдесуге мүмкіндік туды, олар өз қазақ ауылдарының салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа беріктіктерін айта келіп, қазақ тарихына, көк түріктер мекені Алтай тарихына қатысты деректерді қуана-қуана және ашық баяндап берді. 

038c6de55a1154a6601b78e4e4fe5120.jpg

Экспедиция бағытының негізгі орындары Қазақстан және Ресей мемлекеттері аралығында болып өтті. Автосапар Қазақстан аумағы бойынша Астана-Қарағанды-Қарқаралы-Қарауыл-Семей-Павлодар өңірлерін қамтыды. 

Экспедицияның алғашқы аялдамасы өңдірісті-индустриалды өлке Қарағанды шаһарынан басталды. Одан әрі қасиетті, тарихи мекен Қарқаралы топырағында жалғасып, Мәди Бәпиұлы ескерткіші, Құнанбай қажы мешіті, Шөже Қаржаубайұлы зираты, Құсбек және өзге де төрелер кесенелерінде болып, зиярат жасады. Шығыс жері мәдени мұраларға және тарихи тұлғаларға бай мекен. Экспедиция құрамы бұл өлкедегі Абай мен Шәкәрім мемориальдық кешені, Кеңгірбай би ескерткіші, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу шатқалы, Еңлік-Кебек ескерткіші, Қызылүңгір, Қоңыр әулие үңгірі т.б. жерлерінде болды. Артынша автосапар алаштың астанасы атанған Семей шаһарында болып, рухани кездесулер мен ғылыми-конференциялар ұйымдастырды. 

Автоэкспедиция Ресей аймағы бойынша Алтай республикасы-Барнаул-Таулы Алтай-Қосағаш-Артыбаш-Бийскіде болды. 

Көк түріктер мекені Алтай республикасы мен Алтай өңіріндегі сапардың алғашқы нүктесі Таулы Алтай қаласында басталды. Әл-құрылтай төрағасы Иван Белеков бастаған үкімет мүшелері экспедиция құрамын салтанатты түрде қарсы алып, шаһар басындағы тарихи орындар мен эл-музейін аралаттырды. Одан әрі экспедиция құрамы Шүй жазығында болып, Қошағаш ауданы, Жазотыр ауылында бірнеше күн уақыт өткізді. Шекара аймағындағы қазақ ауылдарын аралады. Тарихтан сыр шертетін обалар кешенін көрді. Таңбалытастардың сырына үңілді. Алтай халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетінен сыр шертетін музейлерін тамашалады. Рухани кездесудер ұйымдастырып, концерттік бағдарламаларына қатысты. Артыбаш өлкесінде болып, көк түріктердің Алтын көліне саяхат жасады. Экспедицияның Ресей жеріндегі соңғы аялдамасы Барнауыл қаласында жалғасын тапты. Мұнда Азия университеттері қауымдастығының форумына қатысты. 

036c3df8de8a7d2b405020582f102ef8.jpg

Экспедиция барысында автошерушілер туына қала өкілдері мен Алтай елі тұрғындарының қолтаңбасы жиналды. Сондай-ақ экспедиция мүшелері әрбір тоқтаған өңірлеріне жаңадан жаңартылып, өзгеріске ұшыраған Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасын сыйға тартты. «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасы» сериясы бойынша оқу орнынның 20 жылдығына арнайы шыққан білім мен ғылымдағы өзекті мәселелерді көтерген кітаптартарды да кәдесый ретінде ұсынды. 2011 жылы университет ғалымдары архелогиялық қазба жұмыстары кезінде тапқан «Көктүріктер» жәдігерінің көшірмесі де сыйға берді. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?