Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Соғыс логистикасы

2206
Соғыс логистикасы - e-history.kz
Соғыста ең маңыздысы не? Тактика ма, әлде стратегия ма? Екеуі де керек. Бірақ, жаумен соғыспас бұрын сол соғысатын майдан даласына аман жетіп алудың өзі – үлкен олжа!

Олай болса, соғыстағы ең маңызды жайт – логистика! Әйтпесе, межелі жерге жеткенше әскерінің жартысынан айырылып қалған қолбасшылар тарихта көп болған. Еуропа шежіресіне бармай-ақ өзіміздің өткен күндерге үңілейікші.

Мысалға, 1216 жылы Мұхаммед Хорезмшах қыпшақтарды жазалау үшін Самарқан түбінен 75 мың шерікпен шыққаны жазылады. Торғай даласына жетіп Жошы әскерімен соғысып қалар сәтте хорезмдіктер армиясы 60 мың деп көрсетіледі. 15 мыңға таяу әскер қайда кетті? Бұл жылнамашының санға ұқыпсыздығы, яки қателігі емес. Тізімнен түсіп қалған 15 мың адам аштан, аурудан өлген. Әлгінде жаздық, Хорезмшах ылдым-жылдым сарбаздарды жинады деп. Яғни әскер өзімен бірге азық-түлікті көптеп алуға, дайындауға мүмкіндігі болмаған. Ал, арқұқты (жорық, соғыс кезінде азық-түлік, қару-жарақ қоры артылған арбалар) сонау Самарқаннан Торғайға дейін яғни 2500 шақырым сүйреп жүру мүмкін емес еді. Содан келіп, әскердің азығы таусылғандары ашыққан, әлсірегендері жолай қылжия берген.

Негізі, ортағасырларда үлкен армиялар – жау оғынан гөрі аштан көп қырылған. Өз тарихымызда да, мұндай оқиғалар бар. Мысалға, Бұрындық хан Мәуеренахр әміршісі Мұхаммед Шайбаниды Ташкен түбінде ұстаймын деп, едел-жедел 20 мың әскерді сапқа тұрғызып, жүріп кетеді. Жігіттеріне 2 апталық қана азық алдыртады. Бірақ, жорық 3 айға созылып, жүгірген аңы, ұшқан құсы жоқ жапан түзде, нөкері аштыққа ұрынып, жорық өте сәтсіз аяқталады. Бұл оқиға Бұрындықтың биліктен айырылып, таққа Қасымның келуін жеделдетті.

Тағы бір мысал, 1598 жылы Тәуекел хан 80 мың әскерімен Бұхарды алмақ болады. Қаланы қоршау 20 күнге созылып кетеді. Ал, сарбаздардың азық қоры бір жетіге ғана шақталған еді. Бұл қателіктің өтеуі Тәуекелдің өмірі болды!

Қысқасы, ол замандарда логистика яғни әскерді азық-түлікпен қамту, алып армияның ішіп-жемін тездетіп тауып беріп отыру – жеңістің кілті саналған. Сенің әскерің жеңе ме, жеңіле ме, ол – сарбазыңның дорбасының көлеміне, ішіндегі құнарға тікелей тәуелді еді!

Қазақ армиясы жорықта не жеді?

Әрине, кинода көріп жүргеніміздей, қазақ әскерінің артынан қазаны бұрқ-сарқ қайнаған «полевая столовая» ілесіп жүрген жоқ. Мұндай жүйе отырықшы елдерге тән. Бұл мемлекеттердің армиясы жорыққа шықса, соңынан арбаларға азық-түлікті бөгіп алған арқұқ (обоз) ілесті. Ал көшпенділерге бұл тиімсіз іс еді. Енді ше? Ұшы-қиыры жоқ далада арбамен ырғалып-жырғалып жүру мүмкін емес. Әрі номадтардың соғыстағы басты артықшылығы – жылдамдыққа бұл арқұқ ілестіру үлкен тұсау болар еді.

Арнайы асханасы, азық-түлік арқалап жүретін қосыны болмаса, қазақ қолбасшылары әскерін қайтіп, қалай тамақтандырды? Бұл, біздің аталарымызға мәселе болмағанға ұқсайды. Енді ше?

Қазақтың асханасы тұтас жорыққа шақталған емес пе?! Мысалға, бір сүттің өзінен 3 минутта даяр болатын ас-ауқаттан бастап 3 мың жыл сақтауға болатын тағам түрін жасай білген. Мәселен, сарбаз бір жерде 5-6 минут қана аялдар болса, сүт пісіріп ішеді. Сол сүттен 2-3 күннен соң, құнарлы тағам айран жасайды. Айраны іріп кетсе, 1 ай сақтауға болатын ірікті ұйытып алады. Бір айдан кейінгі әлгі тамақты ақ ірімшікке айналдырады.

Жорық өте ұзаққа созылса, ірімшікті құрт қылады. Құрт – нағыз жорықтың жеңсік асы. Күн астында терлеп, бойындағы тұзын жоғалтқан жауынгер, ұртына ащы құртты салып жіберіп, керек витаминнің бәрін қайтадан жинап алатын болған.  Кенесары қолына тұтқын болып түсіп, қазақ әскерінің жорық асын тыңғылықты зерттеген поляк офицері Иосиф Гербрут мынадай дерек қалдырыпты:  «Если войска останавливается на ночлег, то каждый киргиз разводит огонь, наполняет чан водой, бросает в него просу, добавляет соли и варит. Если же он желает побаловать себя, то тогда к этому вареву добавляет кусочек копченную мясу. Если у батыра и его слуг есть курт и шалап, то они легко обходятся без всего остального».

Суға салып, жібітіп жей береді деп, тұзға пісіп бес жыл тұрған қақпыш етті айтып отыр.  Расымен, ыстық суға салсаң, жібіп, езіліп піседі. Дәмі тіл үйіреді.  Бір жылға дейін сақталатын қима қуырдақ деген де тағамның түрі болған. Аламандар жорық кезінде осындай ас-ауқатты жеген.

Әлбетте, жортуылға шығатын жігіттер қазіргідей «тоңазытқышты» ашып жіберіп, ішіндегісін дорбаға төгіп, жүре бермеген. Жауынгердің ас-тамағын әр үй тыңғылықты дайындаған. Поляк офицері ыстық суға салып, жібітіп жейтін ет туралы жазды ғой. Қақпыш еттен бөлек, «Түте» дейтін де түрі бар. Қойдың семіз етін аямай тұздап, жақсылап кептіреді. Қақпыш болып қатқан етті келіге салып түйеді. Содан соң мылжа-мылжа болған етті бір үйлі жан отырып, жүн құсатып талшықтап түтіп шығады. Түте дегеніңіз осы. Тұздың әсерінен сүрленіп, пісіп қалады. Алда, жей бер!

Сосын әлбетте, торсық толы қымыз, шалап артып алады. Қайда артады дейсіз бе? Әлбетте, бұл жүктің түгелін жылқыға байлайды. Жорыққа шығатын жігіт, кемі 3 жылқы ертіп ерттеп шығуға тырысқан. Әуелгісі – мініс ат, сосын – қосар ат. Қосар ат дегені – тұлпары шаршағанда ауысып мінетін көмекші күлік қой. Сосын – асар ат. Атынан көрініп тұрғандай, бұл соңғысы азық арқалайтын ат. Міне, көрдіңіз: Бір сарбазға 3 жылқы қызметке тартылған.

Тағы бір қызықты айтайық. Көшпенділер жауына алапат көп көріну үшін, ағаштан қуыршақтың сұлбасын жасап, оған өз киімдерін кигізіп, әлгіні ерттеулі асар ат пен қосар атқа мінгізіп қоятын болған. Алыстан барлап тұрған дұшпанға өте көп армия құйылып-құйғындатып келе жатқандай көрінуші еді. Бұл көріністен жаудың дегбірі қашып, қатты үрейленгені сонша, соғыспай жатып, қашуға пейілі ауған. Рухы сынған әскерді талқандау бірер минуттың шаруасы емес пе?

Сонымен аламан жорыққа кейіпкеріміз дайын болды. Азық-түлігін түгендеп, сауыт асынған жас сарбаз қара жолға бір өзі ғана түспейді. Ауылдас-құрдастары топ болып шығады. Қазақтың ауылы бір атадан тарайтын 10 шақты үйден құралады емес пе? Осы 10 үйдің баласы бірігіп, ең кіші әскери бөлік «ондықты» құрайды. Сонда ондық дегенің ет-жақын туысқандардың бірлестігі ғой. Осы он жігіт әулеттің алғыр бір адамын онбасы сайлап, соған бағынады. Онбасы бейбіт кезінде қол астындағы он адамның қайсысы қайда жүргенін біліп отыруға міндетті. Онбасының оны жиналып келіп, бір жүзбасыға бағынады. Жүзбасылар мыңбасыға  бағынады. Мыңбасылар түменге бағынады. Түмендерді хан басқарады.

Жиналу нүктесіне әскерлер әр жақтан келіп жеткенде сап түзеп, реттелу үшін кемі 7-8 сағат керек. Ал, қазақтардың армиясы бұл іске бір сағаттан аз уақыт жұмсайды. Әр ондық, әр жүздік армияның қай бөлігінде тұру керек екенін интуиция деңгейінде біледі деп, орыс әскерилері қайран қалыпты. Таңғаларлық түгі жоқ. Бұл рулың жүйенің кереметі ғой. Әр тайпа, әр рудың жігіті қосынның қай бөлігінде тұру керектігін шежіре арқылы жаттап өскен емес пе?

Ұмыт болған жорық асы

Сонымен жорық басталды дейік. Әр қайсысы 3 аттан ерткен әскер күніне 150 шақырым жол жүре алады. Тоқтаусыз жортқан аламан қалай демалып, қалай тамақтанғанын марқұм Таласбек Әсемқұлов өзінің «Бастырма» дейтін мақаласында тәптіштеп түсіндірген. Сол еңбегінде қазақтар таңсәріде немесе түн ортасында жортып отырғанын, сөйтіп салқынмен талай жерді еңсеріп тастағанын жазады. Күн түске тырмысқанда қол бастап келе жатқан хан әскербасыларға белгі береді. Бұл түскі астың уағы. Тубегі, мыңбасы, жүзбасы мен онбасы бәрі бір кісідей айқай салады.

– Бір рет асауға болады!

Сол сәтте бүкіл әскер бір адамдай, қоржындарына қол салып, мылжа еттен уысын толтырып бір асайды. Адам баласының азғасы қанша бейімделді дегенмен құрт, сүр еттен жалығып, ыстық асқа аңсары ауады. Бір аптадай жол жүріп тастағанда хан әскерге асар аттың біреуін союға рұқсат етеді. Әр жүздік өзінің қосарындағы аттың біреуін шалады. Түн ортасында сойылған жылқының етін мүшелемей көрпе құсатып сылып алады да, аттардың ертоқымының астына төсеп, айылды қатты тартып тастайды. Етінен жалаңаштанған сүйек-саяқты тастамай қоржынға салып алады. Кешке отқа көміп пісірілген жіліктерді шаққанда ішіндегі майы балдай тәтті болады екен. Алайда тамақтың үлкені күні бойы ертоқымның астында жаншылып әбден езілген, отқа қақталып үлбіреп піскен бастырма. Бұл жерде аттың тері етке шауып кетпей ме деген күмән болуы мүмкін. Айтайық сізге, аттың алғашқы қамау тері шынында да удай ащы болады. Содан кейінгі қара тер де ащылау. Бірақ бірнеше ай жорықта, міністе жүрген мініскер аттың тері адам ішкендей дәмді болады дейді. Бастырма біздің қазіргі «отбивное мясо» деп жүрген ресторан тамағына келіңкірейді екен. Мұнан бөлек жаужұмыр, шыртылдақ, жаубүйрек, көмбе, үлпершек деген жылдам даярлатаны ет-тағамдары болған.

Бизон үндістерге, киік қазақтарға қастерлі

Дәстүр бойынша, хан қандайда да бір елге жорық ұйымдастырғалы отырса, онысын жұртына жарым жыл бұрын айтып қояды. Бұқара бүкіл шаруасын сол уақытқа дейін шешіп тастауға қамданады. Ал енді, ел шетіне жау тиіп, шұғыл аттану керек болатын кезде ше?  Ондай суыт жорықта, жоғарыда жазғандай үй болып, сарбаздың ас-ауқатын дайындап жатуға уақыт жоқ. Қоржынға малта құртты толтыра төгіп, белге шұбат-қымызды байлап жүре береді. Ер азығы, бөрі азығы – жолда. Қазақ мұндай жедел жорықта Құдайдың мүлкі – даладағы мыңғырған киікке сенеді. Сол мақұлықтарды алдына салып ап, шабар еліне қарай айдап жүреді. Киік табыны бірден екі мәселені шешті. Ең әуелгісі – шүпірлеген көп бөкен мыңдаған әскердің азығына айналса, екіншіден, алғаш жорыққа шыққан жас жауынгерлер, осы киіктерге аңшылыққа шығып, соғыс даласына жеткенше мергендікке, ептілікке үйреніп барған.

«Аттарға бір-бір асатыңдар!»

Батырдың жорық уағында не жегені түсінікті болды! Ал, астындағы аты нені талғажу етті? Орта ғасыр тарихшыларының дені далалық жылқылар шөп-шаламды талғамайды деп суреттейді. Қандай қалың қар жаусын, қазақтың жабысы, тұяғымен қарды тебендеп, шөп тауып жей алған. Мысалға, В.В. Трепавлов атты жылнамашы көшпенділердің тақымындағы тұлпарлар жайлы бүй дейді: «Малорослые, но крепкие, [одинаково] хорошо переносящие голод [и работу] и питающиеся ветками и корой деревьев, а также корнями трав, которые они выкапывают и вырывают из земли копытами».

Негізі, қыс уағында көшпенділер соғыспауға, жорыққа шықпауға тырысқан. Бірақ, Хан Кене орыс бекіністеріне шабуылды белуардан қар жауған, ыңғайсыз уақыттарда ұйымдастырыпты. Себебі, жылдың бұл мезгілінде Ресей империясының әскері бір-бірімен байланыса алмайды, бекіністері жеке-жеке соғып алуға өте ыңғайлы еді. Бірақ, қыс – тек орысқа ғана қиындық туғызған жоқ. Қазақтың әскеріне де кедергісін көп келтірген болуы керек. Енді ше?! Қалың қар, ат тұяғын шөпке жеткізбейді. Ал, тұлпары ашықса, үстіндегі жігіттен қайыр жоқ емес пе?! Не істемек керек? Кенесарының тұтқынында болған поляк офицері Иосиф Гербрут «қазақтар бұл мәселені алдын-ала шешіп тастап отырды» дейді. Қара күзде хан төлеңгіттерін жұмсап, болашақ жорық жолының бойында, әр 150 шақырым сайын жасырын шөмеле дайындатқызған екен. 

Қыс уағында кавалериясына осылай азық тапқан соңғы хан жаз уағында, құмдауыт далада да амал тапқан. Жоғарыда жаздық. Жорыққа шыққан сарбаз 3 атқа азық түлігін артып шығады деп. Жауынгердің қапшық-дорбаларының бір бөлігі тұлпарлардың нәпақасы. Таба алса сұлы-арпа артып шыққан. Ал, негізінен екі қапшық етіп, қойдың сүрленген құйрық майын алып жүретін болған. Сусыз, құмдауыт аймақты басып өткенде, аты шөліркеп, болдыра бастаса, хан жарлық беретін: «Аттарға бір-бір асатыңдар!» деп. Сол сәтте әр жігіт қапшықтағы құйрық майды таспалап тіліп, аттың өңешіне салып жібереді. Бұл, біріншіден, азық, екінші жағынан, хайуанның шөлін басқан. Әне көрдіңіз бе, қазақтар астындағы жылқысын да, ет жейтін жыртқышқа айналдырып жіберген.

Не керек, күндердің күні болғанда межелеген жерде қазақ әскері жауды кезіктірген. Олжа аңсап, әйел аңсап, қаны сорғалаған ет аңсап келе жатқан жаужүрек аламан жаудың қосынына лап бермек. Соғыстың тағдырының 90 пайызы – логистика, ішіп-жемді дұрыс шешкен қолбасшыға тактика, стратегиялық айла-қулық түк емес.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?