Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ескі Жаңа жыл» неге 14 қаңтарға қараған түні тойланады

2054
«Ескі Жаңа жыл» неге 14 қаңтарға қараған түні тойланады - e-history.kz
Жалпы, біз «жыл» деп Жердің Күнді айналуын, «ай» деп Айдың Жерді айналуын, тәулік деп Жердің өз осьін айналуын айтамыз.

Жердің Күнді айналуы - 365 тәулік 5 сағат 54 минут болса, Айдың Жерді айналуы - 29 тәулік 11 сағат 49 минут, ал, Жердің өз осьін айналуы - 23 сағат 56 минут 4 секунд. Бұдан біз ойлағандай жылдың дәл 365 күн, айдың дәл 30 күн, тәуліктің дәл 24 сағат емес екендігін ұғамыз.

Біздің жыл санауымыздан 45 жыл бұрын Рим императоры Юлий Цезарь, сарай жұлдызшыларының кеңесі бойынша «Египет» күнтізбесінің негізінде елге жаңа күнтізбе енгізеді. Юлий күнтізбесі Еуропаға кеңінен таралып, өзінен де дәл жаңа күнтізбе шыққанша 1600 жыл бойы «дәурендеді». Кейінірек жүргізілген есеп бойынша, «Юлий» күнтізбесінің 128 жылда 1 тәулікке артта қалатын қатесі бары анықталды. Бұл жаңалық жаңа «Григорий» күнтізбесінің пайда болуына ықпал етті.

Ал, патшалық Ресейге «Юлий» күнтізбесі I Петрдің жарлығымен 1700 жылы енгізілген. Бұған дейін әлем жаратылғанынан бері деп есептеліп келген 7208 жыл - 1 қаңтардан бастап 1700-ші жыл деп өзгертілді. Ал, ол кезде Еуропа «Григорий» күнтізбесіне ауысып кеткен еді (1582 ж). Екі күнтізбедегі айырмашылық себебінен бұл кезде Ресейде 1700 жылдың 1 қаңтары болса, Еуропа елдерінде 1700 жылдың 10 қаңтары кіріп жатқан еді.

Уақыт өтуімен «Григорий» күнтізбесі бүкіл әлемге таралды. Біз құрамында болған Кеңес Одағына ол 1918 жылы енгізілді. 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде «Юлий» және «Григорий» күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді (1700 жылы екі күнтізбедегі айырмашылық 10 күн болғанын жоғарыда айтқанбыз). Декретте көрсетілгендей 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Осы өзгерістен кейін, 1919 жалдан бері, ескіше жаңа жыл қаңтардың 13-інен 14-іне қараған түні тойланып келеді.

Бұл өзгеріс қазақ халқын да айналып өтпеді. 1 наурызда жаңа жыл мерекесін тойлайтын біздің ел ендігі кезде 14-інші наурызда жаңа жылды қарсы алатын болды. Бұған Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігі дәлел: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты - «ұлыс». Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» - деген, тіпті ескі мақал».

Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал - Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққанын айтқанбыз. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт - көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек.

«Юлий» күнтізбесінің 128 жылда 1 тәулікке артта қалатын қатесі бар екендігін жоғарыда айттық. Енді 2100 жылы 1 наурызда екі күнтізбе арасындағы айырмашылық толық 14 күнге жетеді. Осылайша 2101 жылы «Ескі жаңа жыл» 14-інен 15-інші қаңтарға қараған күні тойланатын болады.

inform.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?