Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ мешіттерінің тарихы

3245
         Қазақ мешіттерінің тарихы - e-history.kz
Исламды мемлекеттік діні деп жариялаған алғашқы түркі мемлекеті – Қараханидтер мемлекеті. Ягма тайпа басы Сатук Богра хан 932 жылы исламды қабылдап, атын Абд әл-Керім деп өзгертеді.

Қазақстан мешіттерінің тарихы көшпенді қазақ тұрмысына ислам мәдениетінің келуімен тығыз байланысты екені баршаға мәлім. Мәдениеттердің араласып, исламның орнығып, оның мойындалуы бірнеше ғасырларға созылды.  Дегенмен де, қазақтардың ислам мәдениетінің жайылуына  атақты Талас шайқасының зор ықпалын тигізгені мәлім. Орталық Азияда исламның таралып, өңірде мешіттердің  жаппай салына бастауына осы шайқас түрткі болды дейді тарихшылар.

Араб ғалымдарының дереккөздері бойынша Талас шайқасы қазіргі Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аудандарында 751 жылдың шілдесінде, Аббас халифаты мен қытайдың Тань билеуші династиясы әскерлерінің арасында болған.  Шайқас бес күнге созылған. Қолжазбалардағы деректерге қарасақ, шайқастың бесінші күні қытай армиясының ту сыртынан Қарлұқ қағанатының әскері соққы беріп, қытайларды қашуға мәжбүр еткен. Кейбір тарихшылар бұл шайқас бүкіл дүниежүзі тарихы үшін зор маңызы болды деп санайды. Мысалы, дәл осы шайқастан кейін ислам түркітілдес халықтардың ішіне бойлап ене бастайды.  Осы кезде еуропалықтар қағаз дайындау технологиясына ие болды.  Орта Азиядағы қытай экспансиясы жойылды. Исламның Орта Азияда таралу тарихын зерделеген нидерланд ғалымы Атабаки Тураж о баста ислам Түркістан мен соның аумағындағы жерлерде таралған деп топшылайды. Оның сөзін ортағасырлық тарихшы Ибн әл-Асираның қолжазбалары да растайды. Осы жерде 893 жылы (арабтың жазба дереккөздеріне сәйкес) мешіт салынған, бұл мешіт қазіргі Қазақстан аумағында салынған тұңғыш мешіт деп саналады.

Ол туралы бұрынғы  Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісалы былай дейді: «Таразды  Қазақстандағы исламның діни орталығы деп есептеуге болады. Қазақстандағы ең көне мешіт осы Таразда орналасқан. Кейіннен  Каирдегі атақты Бейбарыс медресесінің тұңғыш рухани ұстазына айналған қазақтың атақты рухани қайраткері Һибатулла ат – Таразидің дәл осында келген болуы әбден мүмкін».  Тарихшыларға Тараздағы мешіттен басқа, ерте ортағасырға жататын тағы да екі мешітті анықтады. Соның бірі ортағасырлық араб  географы әл-Мұқаддисидің еңбектерінде кездесетін күмбезді мешіт. Бұл көне мешіт Отырар қаласына қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған болатын. Археолог ғалым  Карл Молдахметұлы Байпақов бұл туралы былай дейді.  «Кедермен салыстырғандай  (бұл жердегі Кедер жер аты)   Құйрықтөбедегі  қазба жұмыстары  кезінде Қазақстан аумағындағы ең көне болуы мүмкін мешіттің қалдықтары табылды. Ол қала орталығында  бас көшелердің қиылысында орналасқан. Мешіт күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Мешіттің жалпы көлемі 36,5 х 20,5 м.  Тарихтағы деректермен салыстыра  келіп, бұл Құйрықтөбедегі мешіт деп болжауға әбден болады» дейді.  Тағы бір айта кетерлігі, Тараз қаласы туралы араб географы әл-Мұқаддиси былай дейді. «Тараз – бақтары қыруар көп, халық тығыз қоныстанған, орлары, төрт қақпасы мен адамдары мекендеген қамалы бар үлкен бекіністі қала. Медина қақпасында үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, оның үстінен өтетін көпірі бар. Базарлардың ортасында үлкен мешіт үйі тұр» деп жазады.  Ерте ортағасырдағы тағы да бір құлшылық ету орнына қазіргі Маңғыстау мекенінде орналасқан Шақпақ ата жерасты мешітін жатқызуға болады.  Бұл мешіттің ерекшелігі сол – жартаста тұрғызылған. Айта кетерлігі, мешіттерді осылай салу тәсілі еліміздің батыс өңірі мен Түркістанда  XVIII ғасырға дейін сақталып келген екен. Түркістанда табылған жерасты мешіті ақын, әрі ойшыл Қожа Ахмет Яссауиге тиесілі. Ол 63 жасқа келген шағында пайғамбардан асып өмір сүруге болмайды  деп шешім шығарып, жерасты мешітіне түсіп, өмірінің соңғы он жылын сонда өткізген. Кейіннен, қазба жұмыстары кезінде, ғалымдар сол жерде XIV ғасырға тиесілі тағы бір жерасты мешіті мен шілдехана тапқан. Мұсылмандар санының өсуіне байланысты халқы көп қалаларда мешіттер тұрғызу басталды. Осылайша, Отырар аумағында (Кедер, Оқсыз), Түркістан маңында (Иқан, Қарнақ, Сауран, Сүткент, Шәугер), Сайрамда (Манкент, Жумишлагу, Хурлуг), Таразда  (Атлах, Хамукет, Жикил, Адахкет), Ілебалық, Қоялық, Талғар, Түрген  және Шілік қалаларында мешіттер салына бастаған. Осы және басқа да қалалар мен елді-мекендер туралы араб саяхатшылары мен тарихшыларының  қолжазбаларында кездеседі. Өзбекстан Ғылым Академиясының Шығыстану Институтында «Әл-Байда және қасиетті қала Исфиджаб туралы трактат» қолжазбасы сақтаулы.Осы жәдігерден білетініміз, Жумишлагуден шыққан ақылы асқан Маулана Имад ад-Дин Исфиджаби Сайрамдағы Қазийан мешіті қақпасының жанында жерленген. Тағы да осы қолжазбада  кезінде Сайрамда Ыдырыс хазірет, Қыдыр хазірет, әл-Ғайып деген әулиелердің аттарымен аталған мешіттердің де болғандығын көреміз. Осы көрсетілген мешіттердің барлығы дерлік моңғол шапқыншылығы кезінде қиратылып, жойылған. Исламды мемлекеттік діні деп жариялаған алғашқы түркі мемлекеті – Қараханидтер мемлекеті. Ягма тайпа басы Сатук Богра хан  932 жылы исламды қабылдап, Абд әл-Керім деп атын өзгертеді. Он жыл өткесін ол Қараханидтердің ханы болып, 960 жылы исламды Қараханид мемлекетінің мемлекеттік діні деп жариялайды. Бұдан кейінгі ғасырларда ақын-ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің қызметінің, Шыңғыс ханның, Берке ханның  (1255-1266) мен Өзбек ханның (1312-1340) ұрпақтарының арқасында исламның таралуы жалғаса берді. XV ғасырдың ортасында ислам Қазақ хандығының мемлекеттік діні деп  атанды.

XVIII ғасырдың ортасынан бастап Ресей империясының патша әкімшілігі қазақ жерлерін иемденудің отарлау  әрекеттерін бастады. Жергілікті халықтың бейілін өзіне қаратуға үміттенген Екатерина ІІ патшайым жергілікті халыққа мешіттер мен медреселер салуға рұхсат ететін арнайы жарлық шығарады. Дегенмен де, ол өз райынан тез  қайтып, көп ұзамай қазақ даласында күштеп шоқындыру, күштеп христиан дінін қабылдату басталып кетеді. Қудалаулар мен тыйым салуларға қарамастан, татар мен башқұрт молдалары қазақтарға мешіт салуға көмектесуге тырысты. XVIII ғасырдың ортасынан бастап монархия құлағанға дейін Қазақстанда мешіттер саны жылдын-жылға  өсіп отырды. Осы кездегі алғашқы мешіттердің бірі Петропавлда салынып, қазақ даласында тастан қаланған тұңғыш мешіт болып тарихта қалды.

 ХІХ ғасырдың басында қазір «Қасымов» мешіті деген атпен белгілі мешітке найзағай түсіп, жартылай қираған  ол 1820 жылы  қайтадан тұрғызылған. Ал бұдан кейін жаңадан салынған мешіттер, осы мешіт құрылысына қаржы бөлген көпестердің аттарымен аталған. Осылайша, Семейде Тыныбай мешіті (ХІХ ғасырдың 30-40  жылдары), Петропавлда Дінмұхамед (1851), Мұсатаев (1860), Мұратов  (1868) Янгузаров (1882), Таразда  Нәметбай  (1867), Қызылордада Айтбай (1878), Әулие-Атада Жүнісбай (1913) мешіттері белгілі. Бұл мешіттердің көпшілігі совет үкіметі кезінде  жабылып қалды. ХІХ ғасырдың ортасында Верныйда салынған татар мешіті 1940 жылы етік фабрикасының қарауына беріледі де, фабрика оны қойма ретінде пайдаланады. 1920 жылдары Оралдағы Қызыл мешіт мүгедектер артеліне айналады, кейіннен ол  қолөнер училищесі, ПТУ студенттерінің жатақханасы болады. Ақтөбе қаласының орталық мешіті 1903 жылы салынған болатын. 1921 жылы жабылған ол 1934 жылы баспахана, одан кейін драма театрының қоймасына айналған. Мешіт жабылған кезде мешіттің имамы Омар қазірет Қ

Қарағанды лагеріне қамалып, сол жерде 1925-1926 жылдары аштықтан қайтыс болған. Жүнісбай мешіті бірнеше рет жабылып  ашылған екен.

1930 жылдардың басындағы жаппай  ашаршылықтан  кейін мешітте астық қоймасы ретінде ұйымдастырылған, кейіннен казарма ретінде қайта жабдықталған. Алайда, 1943 жылы мешіт  қайтадан қолданысқа беріледі. Ұлы Отан соғысы жылдары мешітке келушілердің  жинаған қаражатынан Қызыл Армияға танк алынған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аман қалған мешіттер Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды. Тәуелсіздік жылдары салынған мешіттермен қатар бұл тарихи мешіттер де осы күнге дейін қызмет етіп келеді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?