Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құлагерді құлатқан кім?

5467
Құлагерді құлатқан кім? - e-history.kz
Тарих тек шындықпен ғана жазылады десек қатты қателескен болар едік. Тарихта шын кейіпкермен қатар жалған кейіпкерлер де өмір сүреді.

«Шындық иіледі, бірақ ешқашан да сынбайды. Майдың су бетіне қалқып шығатыны сияқты өтіріктің бетіне қалқып шығады»- дейді әйгілі Сервантес. Рас шындықтың аты шындық. Оны ешкімде бүркемелеп тұра алмайды. Тағдыр жүйрік пен талантқа  іштарлық жасап қыранды қарғаға неге қор етеді екен. Тарихта Моцартты-Сальери, Пушкинді-Дантес, Қозыны-Қодар, Төлегенді-Бекежан өлтірді дейміз. 

Қазір халық арасында қағазға түскен Қозы Көрпеш Баян сұлу мен Қыз Жібек жырының  бірнеше нұсқасы (варианты) бар. Оның бірінде Төлеген өлдіге саналса, бір нұсқасында өзгеше баяндалады. Мәселен, ең білгір деген тарих мамандарымыз Төлегенді өлтірген Бекежан емес, Қарабалта деген қаныпезер, қарақшы деп қаншалықты дәлелдесе де жалпақ жұртты сендіре алмады. Өйткені, ғасырлар бойы халық санасына біте қайнасып, сіңісті болып кеткен дүниені бір-ақ күнде өзгерте салу оңай шаруа емес. Әрине, ол үшін сандаған жылдар керек.

Дәл осы тақылеттес оқиғаның бірі Ақан серінің Құлагеріне қатысты айтылады. Бұл дау бұдан көп ілгеріде, яғни 1986 жылы тұтанған  еді. Сол жылғы  «Жұлдыз» журналының №6 санында қазақ әндерінің шығу тарихын бір кісідей жеттік білетін жазушы, белгілі сазгер Ілия Жақановтың Құлагер өліміне қатысты мақаласы жарияланған болатын. Мақала «Желтоқсан оқиғасы» деп аталатын дүрбелең жылдармен тұспа-тұс келгендіктен, әрі ел өміріндегі саяси бұлғақтарға байланысты жалғасын таба алмай қалды. Содан кейін бұл тақырыпқа қалам тартқан бірде-бір адам болған жоқ. Құлагерге қатысты пікірталастың жалғасы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана жандана бастады.

Ақан серінің кісі қолынан мерт болған арғымағы жайлы трагедиясы бізге Ілияс Жансүгіровтың поэмасы арқылы белгілі. Бұл қазақ тарихында Құлагерге қатысты тұңғыш рет жазылған әдеби әм тарихи еңбек болатын.  Ол асқан шеберлікпен жазылғандықтан миллиондаған оқырмандардың жүрегінен орын алды. Әрі барша жұрт Ілияс Жансүгіров келтірген деректерге риясыз сенді. Оған себеп болған шығарманың ерекше әдеби көркемдігі еді.  Поэма соңында Құлагер күншілдіктің қолынан мерт болады. Нәтижесінде  Ереймен жеріне үш жүз түгел шақырылған Керей Сағынайдың асында Ақанның Құласы қаза тауып, 350 аттың ішінен Батыраштың Көктұйғыны бірінші келеді. Осы тұсқа келгенде оқырман Ақан серімен бірге қайғырып, бірге жылайды. Амалыңыз бар ма, қазақ поэзиясына тыңнан сүрлеу салып, бұрын соңды тарихымызда болмаған мұндай шедевр еңбек қалдырған Ілиястың өзі де Құлагердің аяғын құшып адам қолынан мерт болды.

                            Нән жуан менемен кеуде, намыс ері,

                            Суық қол Батыраштың жібергені.

                            Жалт етті жайдың оты жүрегінен,

                            Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.

                           Сап етіп бердеңкедей кеп ұрынды,

                         - Бере бер, балам, бері шылбырыңды!

                           Жанасып Құлагерге қалғанында,

                           Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды…

 Осы өлең жолдары жұрт жадысына бірден жатталып қалды.  Рас, «Құлагер» қазақ позиясының рухани бойтұмары. Керек десеңіз, мұндай асқан шеберлікпен жазылған поэманы қазір де жолықтыруымыздың өзі екі талай. Ал жоғарыда келтірілген қос шумақ өлеңнің мағынасы Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты деректі очеркінде  мүлде басқаша сипатталады.  Анығын айтсақ, Құлагерді Батыраш емес, Барақбайдың шабарманы Бөрібай өлтірді деп жазды. Очеркте жазылған деректерді Мағжан Ақанның дүние салғаннан кейін әйгілі әншінің көзін көрген халық ішіндегі Баялы Мырзаұлы, Қазы Самыратұлы, Қоқыш Шыңғысұлы, Ысмағұл Бозайұлы сынды сауатты адамдардың ауызынан естіп, қағазға түсіргендігін айтады. Бір қызығы Ілиястың поэмасы мен Мағжан очеркінде жер мен көктей айырмашылықтар бар. Біз бұл арада екі ақынды бір-бірімен бәс таластырып, әдейі тырнақ астынан кір іздегелі отырған жоқпыз. Тек Құлагер өліміне қатысты деректер үшін ғана айтып отырмыз. Мәселен, Жансүгіровте Ақан Құлагерді нағашысынан алса, Жұмабаевта Құлагер  Қарауыл Шөкетай жылқысынан.  Ақан Құлагерді Шөкетайға жүз сом беріп сатып алады. Мағжан еңбегінде Құлагер өліміне Аққошқар  Сайдалының асы себепкер болғандығы суреттеледі. Бұл Керей Сағынайдың асынан бұрын болған оқиға еді. Онда былайша баяндалады. Аста үш жүзге жуық аттың ішінен Құлагер жеке қара үзіп алдыға шығады. Оның артынан Барақбайдың Кетеберкөк деген аты құйырық тістесіп келе жатады. Сол кезде Барақбайдың Бөрібай есімді шабарманы көмбеге жақындаған аттардың алдынан шауып шығып, Құлагердің алдынан кес-кестеп Кетебөркекті көтермелей жөнеледі. Мұны алыстан бажайлап отырған Ақан ашуға мініп, Барақбайға тілі тиіп,  Бөрібайды қамшымен салып-салып жібереді. Осыдан кейін Барақбайдың ішінде Ақанға деген кек кетеді.  Құлагерді қалайда мерт етіп, Ақанды құсаландырудың жолын іздестіреді. Барақбай кеудесінде берішке айналған осы кек Керей Сағынайдың асында Құлагерді өлтіріп тынады.

Сонда осы арада Құлагерді өлтірген кім? Барақбай ма, жоқ әлде Батыраш па деген заңды сауал туады.

Енді осы сауалға жауап іздестіріп көрелік. Бұған дейін Құлагер өліміне Батырашты кінәлі санаған 2004 жылғы «Жұлдыз» журналының бірінші санында Мұстай Ғалымның «Құлагердің киесі» деген мақаласы мен «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 29 қазанда Естай Мырзахметтің «Құлагердің құлауы. Аңызы қайсы? Ақиқаты қандай?» деген  материалдары жарияланған болатын. Онда мақала авторлары Құлагерді өлтірген Батыраш деп үзілді-кесілді пікір айтады. Тіпті кейбір деректерде Құлагерді өлтірген Батыраштың ағасы Хамза десе, тағы бір жерлерде Ақан Құлагерді кім өлтіргенін білмей кеткен деген сыңайдағы сөйлем жолдары кездеседі. Ал Ілия Жақанов ағамыз өзінің «Орталық Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Құлагерді жазым еткен Барақбайдың  жендеті Ізбасқан деген көзқарас білдіреді. Өкінішке қарай, аталған авторлардың бірде-біреуі Ақанның  қасіреттен туған «Құлагер» әніндегі мен мұндалап тұрған ақиқатқа еш назар аудармаған. Бұл жағынан Мағжанның жазғанымен келіспеске амал жоқ. Автор онда Құлагерді мерт еткен Барақбайдың шабарманы Бөрібай деп батыл кесім айтады. Сағынай асынан кейін Ақан ажал құшқан арғымағына арнап «Құлагер» әнін шығарғаны белгілі.

               Жел соқса қамыс басы майды-ау деймін.

  Ат қостым ат айдаушы айда деймін.

                               Алдыңғы ат баран болмай қылаң болды,

                               Жығылмаса Құлагер қайда деймін-ай.

 Шынымен өлгенің бе Құлагерім,

 Салбырап сапты аяқтай төменгі ерінің.

 Баспа-бас қызға бермес жануарым,

 Мың зарламай басылмас менің шерім.

             Әй, Бөрібай-әй-әй-әй

Мен осы «Құлагер» әні орындалғанда шумақ сайын асқан күйінішпен қайталанып отыратын  Бөрібай сөзінен қатты күдіктенетін едім. Бөрібай ат айдаушы не болмаса атқа шапқан баланың есімі шығар  деп ойлайтұғынмын. Осы ойым Мағжанның «Ақан сері» очеркін оқығаннан кейін бір жүйеге келді. Сөйтсек, біз осы уақытқа дейін аңғармаған екенбіз.  Құлагерді кім өлтіргенін «Құлагердің» өзі айтыпты (Біз бұл жерде Ақанның «Құлагер» әнін айтып отырмыз). Онда әр шумақ  сайын «Әй, Бөрібай-әй-әй-әй» деп қайталанып, тұла бойыңды шымырлататын өксік бар. Арада қос ғасыр өтсе де осы ән бүгінгі ұрпаққа Батыраш  емес, Бөрібайлап  жетуі тегінен-тегін болмаса керек. Олай болса, күні бүгінге дейін Құлагер өліміне кіналы болып келген  Батыраш есімінің бұған еш қатысы жоқ екендігін ашық айтуға тиіспіз. Жазықсыз жанға таңылған қиянат пен қауесеттің ақ пен қарасын ажыратып беру тарих алдындағы міндетіміз  екендігі  тағы да мәлім ғой...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?