Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жанқожа батыр жайлы жазушы дерегі

3667
Жанқожа батыр жайлы жазушы дерегі - e-history.kz
Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы (1795-1859) Ресей отаршылдығымен қатар, Сыр бойы қазақтарын Хиуа және Қоқан хандықтарының езгісінен азат еткен ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі.

Ұлы тұлғаның ерлігін мақаламызға арқау ете отырып, біз бүгін батырдың ел аузында сақталған тарихын және Кенесары хан Қасымұлымен біріге өткерген майдандарын әңгімелемекпіз.

Жанқожа батырдың ең әуелі даңқын елге әйгілі еткен Әлімұлы тайпасының рулары сайлаған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығындағы оқиға еді. XIX ғасырдың 20 жылдарынан бастап Сыр бойы қазақтарын барымталап, алым-салық жиған Хиуа хандарынан есесін қайтармаққа аттанған жасаққа елеусіз еріп келген 17 жастағы Жанқожа ешкімге дес бермей жүрген қарақалпақ батыры Тықыны үлкендердің "тәйтіне" қарамастан жекпе-жекте жеңіп шығады. Осы жорықта қазақтар Хиуа әскерін ойсыратып, жас қыздары мен бағалы бұйымын, төрт түлігін қоса еншіге алып бөліседі. Олжаны бөлісер кездегі Қылышбай ханның әділетсіздігі үшін бозбала Жанқожа нағашысы Есет батыр Көтібарұлы сыйлаған айбалтамен ханның туысы болғанына қарамастан аңдаусызда қарақұсынан соғып, қол жұмсайды.

Жазушы Молдахмет Қаназ "Жанқожа батыр" атты кітабында осы жағдайдан соң ханға қол жұмсап, иттік жасады деген Жанқожаның әкесі Нұрмұхамед батыр баласын тырдай жалаңаш шешіндіріп, арқанмен буып әкеліп, ауыр хәлде жатқан Қылышбай ханның алдында "сенің жолыңда садаға" деп бауыздамақшы болғаны айтылған. Дегенмен өзінің әділетсіздікке бой бергенін білген хан "Жанқожа жазықсыз, босатыңдар" деп ыммен бұйырған екен. Жасынан ерлігімін қоса әділдігімен танылған Жанқожа батырды осынау оқиғадан соң дүйім қазақ құрмет тұта бастапты. Бір-біріне ұласып, азаттыққа шөліркеуден тұтанған ұлт-азаттық көтерілісі кезеңінде Кенесары хан қазақ ұлысын қарамағына жинап, сес көрсеткен жауға қарсы шабуға ниеттенеді. Ханның төре тұқымынан шыққанын ескерген, баба жолын бұзуға ары жібермеген Жанқожа батыр Кенесарының қолбасшылығымен бірнеше майданға қатысқан.

Жоғарыда аталған Молдахмет Қаназдың батыр жайлы кітабында 1845 жылы Жанқожа Кенесары ханның шақыртуымен Созақ қамалын алуға қатысқаны айтылады. Ер жүректілігімен қатар, бір басына жететін өрлігі мен даңққұмарлығы бар хан қамалды алуға Жанқожа әскерін араластырмай, өзім алам деп біршама жасаққа зиян кетіріп алады. Ханның рұқсатын алған Жанқожа батыр қамалды бір күнде қанға бөктіріп, жауды тізерлеткен көрінеді. Жазушы осыдан соң Кенесары мен Жанқожа арасында ел қамынан бөлек, пенделік іске жақын араздық болғанын айтады. Батырдың ханнан жасы үлкендігі бар, дегенмен төре тұқымын сыйлау бұлжымас заңдылық. Әлімұлы жұртынан Кенесары әуелде Батба (Фәтима) есімді қызды тоқалдыққа алады. Жас қалыңдықты көре алмаған ханның бәйбішелері оны ойнас жасады деп кінәлап, ақыры ханды сендірген. Жас қалыңдықтың құлағын кесіп, атқа теріс отырғызып бостырып жібергенін Жанқожа батыр білсе де үндемеген.

Созақ қамалын алып, кешкісін жайланып отырған басқосуда Жанқожаның жанындағы Төремұрат жырау мен Кенесарының Доғалақ жырауы сөз қағыстырып, айтысады. Төремұрат жыраудан айласын асыра алмаған Доғалақ жырау сөз арасында Фәтима қалыңдықтың жайын қозғап, "Жанқожа мықты болса, қарындасы қиналғанда қайда қарады" дегенге келтіріп айтып салады. Осы сәтте ашуға булыққан Жанқожа батыр төрде отырған Кенесарыға қарай тізерлей аяңдап, "атаңа нәлет, қалмақ" (Кенесары атасы Абылай ханның қалмақтан алған әйелінен туған ұрпақ. авт.) деп қылышын кезенген екен. Көпшілік араласып, басқосудағы дауды әрең тоқтатқан. Кейін хан жанындағы батырларына не қарадыңдар деп өкпе айтқанында аяқ-қолдары бағынбай, қылышы қынабынан шықпай қойғанын айтып, арқалы адам болғанын жеткізген екен. Хиуа және Қоқан хандықтарынан бөлек сол кезеңде Патша үкіметінің де өктемдігі өрши түсті. Қол астына бағынышты етуді көздеген Патша үкіметі Жанқожа батырға түрлі сый жасап, атақ бергеніне қарамастан ол барлығынан бас тартқан.

1856 жылдың желтоқсан айынан бастап Сыр бойы қазақтары Патша үкіметіне қарсы көтеріле бастады. Өмірден өткенше жауға иілмеген Жанқожа батырдың қазақ тарихында Сыр бойын сақтап қалуда еңбегі зор. 1859 жылы батыр жазалаушылар қолынан қаза тапты. Батырдың халық арасындағы ерлігі жайлы Төремұрат, Масыбай, Жұмабек Табынбаев, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Қарман Сұлтанұлы атты жараулар дастан етіп толғап өткен.                                                                                                               

Мадияр Төлеуов

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?