Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ең қатерлі қызмет

1642
Ең қатерлі  қызмет - e-history.kz
(немесе Сталинге жасалған қастандықтар) Қазақтың қария сөзі «Патша – Тәңірдің жердегі көлеңкесі» дейді. Ханның бағасын бұдан асырып айту қиын шығар.

Жай адамға қол жетпес арман есебінде көрінетін осы лауазым  иелері қалтқысыз  қатаң қорғауда болғанымен, әлемдегі ең қатерлі қызмет иесі болып саналады екен. 

Әрине, билік пен тақ бар жерде  онымен бірге күндестік пен қызғаныш та қатар жүретіні мәлім. Кейде  өзге жандардан қарағанда тұзы тым жеңіл осы жандарды шынымен-ақ аяйсың. Мұның үстіне ел мен жердің жауапкершілігін қосыңыз.  Біздің бұл мақаланы жазғандағы бар  мақсатымыз – осы лауазым иелерінің қауіп пен қатерге толы өмірінің беймәлім тұстарын оқырманға жария ету.

                                                             I

Ғалымдар бүгінге дейін  әлемдегі ең қауіпті мамандық иелеріне шахтерлар мен ұшқыштарды жатқызып келген еді. Алайда, америкалық Гэллап зерттеу институтының ғалымдары ұсынған мәліметтер бойынша, өткен XX ғасырда белгілі мамандық арасында қауіпке ең көп душар болатындар мемлекет басшылары екендігі дәлелденген. Мәселен, тек өткен ғасыр да ғана кісі қолынан  160-тан астам президент пен премьер-министр қаза болған екен.  Атап айтқанда: Индира және Р. Ганди (Үндістан), Дж. Кеннеди (АҚШ), У. Пальме (Швеция), Н.М. Карахи, Х. Амин  және Наджибулла (барлығы да Ауғанстаннан),Зия-уль-хак (Пәкістан), А. Садат (Мысыр), Пак Чжон Хи (Оңтүстік Корея), Б.Муссолин (Италия), С.Альенде (Чили), И.Рабин (Израиль),М.Гишоп (Гренада )және тағы  басқалары. Аталған қастандықтардан мемлекет басшыларның бір өзі ғана емес туған туысқандары да зардап шеккен. Бұл сөзімізге соңғы орыс патшасы II Николай отбасының тағдыры мен Кабулдағы президент сарайын шабуылдау кезінде қаза болған Аминнің кішкентай екі сәбиін де жатқызуға болады. Румын жетекшісі Н. Чаушескудің әйелімен бірге атылып өлтірілгені сол кездегі БАҚ үшін бәрі де мәлім-тұғын.

Соңғы жүзжылдықта мемлекет басшыларына қатысты төрт мыңға жуық қастандықтар тіркелген екен. Әрине, олардың дені осы бір қаскөй ниеттің құрбандарына айналған. Алайда осылардың арасында  тірліктегі дәм-тұзы таусылмай аман-есен қалғандары да бар. Атап айтқан да II Иоани  Павел, СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы Л.Брежнев, АҚШ  Президенті

Р. Рейган, Куба жетекшісі Ф.Кастро тб.

Бұған дейін ел басқарған мемлекет басшыларының беймәлім тағдырлары біздерге құпия болып келді. Енді көп дүниенің көбесі сөгіліп, тарихи шындықтар там-тұмдап айтыла бастады.

                                                     II

Есімінен күллі Кеңес одағы тітіркенген, сол кездегі Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, өмірі қауіп пен қатерге толы тұлғаның бірі Иосиф Сталин болды. КСРО  халқын ашса алақаны, жұмса жұдырығында ұстаған қаһарлы Сталинге де қастандық жасалды дегенге бүгін еш сенгің келмейді. Сөйткен Сталинге де  онға жуық қастандықтар жасалған екен. Енді соны өз ретімен оқырманға баян етіп  көрейік.

Сталинге ең алғашқы қастандық 1931 жылдың қарашасында жасалған. Бұл  тапсырысты КСРО-ға астыртын жолмен келген РОВС агенті Отарев деген адам жүзеге асырмақшы болған. Осы жылдың  он алтыншы қараша күні  ол өзі келіп тоқтаған жасырын пәтер иесімен бірге Ильинканың бойында қыдырып келе жатады. Түс ауған мезетте қарсы келе жатқан  Сталинді көрген ол тапаншасын суырып алып  атқанша, ОГПУ-дің бұрынғы агенті болған жасырын пәтер иесі оның қолын қағып үлгереді. Сөйтіп небары бірер минут ішінде ОГПУ қызметкері қылмыскерді  өз тұтқынына алады. Осы оқиғадан кейін Сталиннің қауіпсіздігін күшейту жөнінде үлкен шаралар қабылданады. Нәтижесінде Сталинге жеке күзет орыны ашылып, оның бастығы болып Владсик тағайындалды.

Ал мына екі қастандық 1933 жылдың жазында Сталиннің Грузия да демалып жатқан жерінде жүзеге асырылған.  Жоспар бойынша Сталин отыруға тиіс болған машина көпірдің опырылып  кетуінің салдарынан өзенге құлаған.

Ең қызығы, оқиға орын алардан бірнеше минут бұрын ғана Л.Берия Сталинді басқа машинаға отырғызғандықтан, бұл оқиға болмай  қалған. Көпірдегі оқиғадан  кейін тағы бір таңғаларлық жағдай  болады. Қара теңізде серуендеп жүрген Сталиннің кемесіне алыс жағалаудан оқ атылады.  Алайда  ғалымдар бұл екі оқиғаны да Сталиннің көзіне түсу үшін Берияның  өзі әдейі ұйымдастыруы бек  мүмкін деген болжам айтады. Сталиннің көзін түбегейлі жоюды  мақсат еткен қастандықтың біріне Жапонияның әскери барлау органы, үшінші дәрежелі мемлекеттік қауіпсіздік комиссары Люшков ұйымдастырған «аю» операциясын жатқызуға болады.

Генти Люшков 1938 жылы НКВД-ның Қиыр Шығыс басқармасының бастығы қызметін атқарған болатын. Осы жылдары  бүкіл елді шарпыған сталиндік қуғын-сүргін чекистерді де қырмандай қырған еді. Естеріңізге сала кетейік,1937 жылдың өзінде ғана үш мыңға жуық чекист атылды.

1938 жылы НКВД-ның Қиыр Шығыс басқармасында он алтыға жуық басшы қызметкердің бір күнде атылғандығын естіген Люшков өзіне өлім сағатының жақындағанын сезіп,  шекарадан асып жапондықтарға берілген болатын.

Квантун армиясы штабы барлау басқармасына берген жауабында ол өзінің  тұтқынға алынып, атылу қаупі төнгендіктен, КСРО-дан қашып Жапонияға бас сауғалауға мәжбүр болғандығын ашық мойындаған еді. Осы Люшковты жапондықтар Сталиннің көзін жоюға  қарсы айдап салған-тұғын. Сөйтіп Люшков пен жапон әскери барлау басқарма бөлімінің бастығы полковник Кавомотоның жоспары бойынша Сталинді Сочиде өлтіру көзделеді. Бірақ  кеңестік шекарашыларға олардың бұл   іс-әрекеттерін біреулер жеткізіп  қойғандықтан, бүге-шігесіне дейін дайындалған «Аю» операциясы  еш жүзеге аспай қалады. Қалайда Сталинді жазым етуге бел байлаған жапондықтар 1939 жылы тағы бір қастандық ұйымдастырды. Бұл жолғы бомба бірінші мамыр күні таңертеңгі сағат 10.00-де мавзолейде жарылуға тиісті болатын.

 НКВД органында қызмет істейтіндерге тағы да жансыз біреудің осы бір жайтты хабардар еткендігінен болып  бұл қастандық та жүзеге аспай қалады. 

  Сөз жоқ, Сталиннің көзін жоюға құштар мемлекеттің бірі Германия еді. Немістер де Сталинге қарсы бірнеше рет теракт ұйымдастырған. Оның алғашқысы 1943 жылдың 28 қарашасында Тегеран конференциясында жасалу керек еді.  Н.Кузнецовтың жедел хабарлауымен  НКВД-ның Ирандағы резидентурасы ағылшын барлаушыларының көмегімен неміс агентурасын қатаң тексерудің нәтижесінде қастандықтың алдын алады. Десек те немістер бұл пиғылынан еш айныған жоқ. Олар КСРО Халық комиссарлар кеңесінің төрағасына қатысты небір қитұрқы әрекеттерді ойлап тапты. Осындай операцияның бірі тарихта «Шило-Тавриннің ісі» деген атаумен баршаға мәлім. Бұл операцияны толыққанды жүзеге асыру Петр Таврин деген лақап атпен танымал Шило есімді адамға жүктелді. Ол 1909 жылы кулак отбасында дүниеге келген. 1932 жылы Саратовта мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін тұтқынға алынып, түрмеден қашып шыққан болатын.

1939 жылы жалған анықтамамен Петр Иванович Тавриннің атына түрлі құжаттар жасалып, 1941 жылы осы атпен әскерге шақырылған.

1942 жылы барлауға  аттанып, Германияға өтіп кеткен ол 1943 жылы немістердің барлау қызметіне жұмысқа алынады. Сөйтіп Ригада «Цецпелин» командасының бастығы майор Краустың басшылығымен Сталинге қарсы терактіні ұйымдастыруға арналған  үлкен дайындық «мектебінен»  өтеді. Оның атына  «Кеңес Одағының Батыры», «Алтын жұлдыз», «Ленин», «Қызыл ту», «Қызыл жұлдыз» ордендері  сияқты  жалған марапаттар жасалады.  Бұл атақтар оның Мәскеуде ешбір кедергісіз жүріп қандай да бір салтанатты мәжіліске  емін-еркін кіріп терактіні жүзеге асыру үшін керек болатын. Олар бұл әрекеттерін жүзеге асыру үшін Тавринді қыркүйектің бесіне қараған түні  арнаулы ұшақпен әкеліп түсірді. Оның қасында дивизияның хатшысы, кіші лейтенант Лидия Яковленко есімді жалған құжат жасатқан өзінің әйелі болады. Бұл жолы да Сталиннің су ішері болып аман қалған. Қырағы шекарашылар Можайскге қарай ұшып бара жатқан ұшақты байқап қалып, дереу НКВД-ның Гжатск ауданы бөлімшесіне хабар соққан. Күллі шартарапты тінтіп шыққан күзетшілер таңертең әйел мен еркек мінгескен мотоциклді тоқтатады.  Тексеру барысында  олардан 7 пистолет, 5 граната, сондай-ақ 400 000 рубль тәркіленді. Қылмыскерлер дереу тұтқынға алынып Мәскеуге жеткізілді.  Қатаң тергеу кезінде Таврин КСРО-ға Сталинге қарсы террорлық акт жасау үшін жіберілгендігін ашық мойындайды. Сөйтіп, қария тарихта немістердің Сталиннің көзін жоюға қатысты тағы бір әрекеті осылайша жүзеге аспай қалған екен.

PS. Естеріңізде болса осыдан бір жыл бұрын батыс режиссері  түсірген «Сталин умер» фильмінің Ресейде көрсетілуіне орыс халқы жаппай наразылық танытқан болатын. Бұл қалай десек те тарих қой. Ал тарих бетіне тіке қарап, әділ баға бере алмаудың өзі орыс қоғамының рухани катарсис (тазалану)  процесінен өтпегендігінің көрінісі болса керек. Бұдан біз  Сталин өлгенмен, сталинизмнің санада әлі күнге тірі екендігін  тағы бір бағамдауымызға болады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?