Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Томирис қай тілде сөйлеген

3218
Томирис қай тілде сөйлеген - e-history.kz
Белгілі тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев facebook-тегі парақшасында Томиристің тілі туралы жазба қалдырды.

Томирис ханымға арналған фильм шыққан екен, әлі тамашалаудың мүмкіндігі болған жоқ, Құдай бұйыртса реті келіп қалар, көрерміз. Қалың оқырман қауым фильмнің тілі туралы дауласып жатыр, бұл пікірталас дұрыс деп ойлаймын. Менің осыған байланысты ойыма келген бір сұрақ, Томирис қай тілде сөйлеген?

Сіздер сияқты мен де Томирис туралы алғаш рет Геродоттан оқыдым. Геродот Томиристі скиф (түпнұсқада -скуз) патшайымы дейді, тарихшының түпнұсқа жазбасында патшайымның аты Томир делінеді. Кейін келе бұл атауды римдік тарихшылар латын тіліне салып Томирис қылып өзгерткенге ұқсайды. Помпей Трог Томирис әңгімесін сипаттай келе оны скуздардың ішінде массагет еді дейді. Енді осы жерде бір қызық басталады. Сіздер тек Геродоты оқысаңыздар, мен гот (гет) тарихшысы Иорданды да оқыдым. Ол біздің заманымыздың 550 жылдары өмір сүрді. Оның «Gotica” сериясынан шыққан «Геттердің шығу тегі мен даңқты істері» деген кітабы бар. Бұл ғажап кітап скуз (скиф) және ғұндар туралы тамаша деректер береді.

Ең басты қызығы Иордан Томирды өзіміздің арғы замандағы анамыз, патшайымымыз деп неміс тарихымен байланыстырған. Ғұндардың ұлы қозғалысы кезінде герман-гот тайпалары бірі Аттиламен одақтасты, біір Рим жағына шықты, әйтеуір Қара теңіз маңынан батысқа қарай лықсып, бүкіл Еуропаға тарады. Бұл деген керемет қызық тарих. Жалпы массағеттердің қазіргі Батыс Қазақстан және Маңқыстау өңірінен Қара теңізге қарай жылжуы дайлардың жорықтарына қатысты екенін өткен жолдары адай тарихына байланысты жазғанмын.

Иорданның тағы бір дерегі – Кирді жеңген соң Томир Қара теңіз жағалауына Томы қаласын салды дейді. Иорданға тәпсір жасағандар ол қаланы Қара теңіздің батыс жағалауындағы Констанца дейді, ал мен осы қазіргі Азов қаласы емес пе екен деп ойлаймын. Себебі Геродот сияқты Иордан да Кирмен массагеттердің соғысы парсылар (түрнұсқада -Парфия) Әмудариядан бері өткен соң, далалық алқапта болды деп сипаттайды.

Міне, Томирис ханым туралы осындай қызықты деректер аз емес. Бұл тұлғаны толық ашып көрсету үшін немістің тарихшы-этнограф ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеу керек деп білемін. Мәдениет министрлігі осы шаруаны мойынға алып, массагет тарихына қатысты зерттеулерді Германия (Алман) жерінде жалғастыруға мүмкіндік берсе бұл шаруа нәтижелі болар еді.

Оқи отырыңыз: Парсыларды ойсыратқан Томирис

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?