Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның бас дирижері

2238
Қазақстанның бас дирижері - e-history.kz

Композитор Нұрғиса Тілендиев ақиық ақын Мұқағали Мақатаев және біртуар азамат Дінмұхамед Қонаевпен дос болған. Майданға бару үшін өзіне екі жас қосып алған сонымен қатар балет әртісі болып кете жаздаған. Qazaqstan Tarihy порталы оқырмандарын саналы ғұмырын музыкаға арнаған ұлы адамның өмірімен таныстырады.

Нұрғисаның әке-шешесі өңірде біршама беделді адамдар болған. Әкесі Атабай домбырашы, қазақ халық әндерінің білгірі болған. Шешесі Салиқа да музыканы жақсы көрген, өлең айтқан, тіпті сырнайда да ойнаған екен.

Осындай талантты отбасында 1927 жылдың 1 сәуірінде Нұрғиса Тілендиев өмірге келген. Нұрғиса жастайынан пысық, тіпті жыбырлақ бала болып өседі. Баласы бір бәлеге ұрынып қалмас үшін кейде шешесі баласының аяғын ағашқа байлап қояды екен. Содан баланың энергиясын сәл болсын басу үшін оны домбыра тартуға үйретеді. Бала төртке толғанда оған пианино сыйлайды, ал анасы оны ноталық сауатқа үйретеді.

1933 жылы Нұрғиса Ахмет Жұбановпен кездеседі. Көп жыл өткен соң Нұрғиса Ахмет Жұбановтың сол кезде жаңа құрылған Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестріне домбырашылар іздеп жүргенін айтады. Бір күні ол Нұрғисаның үйінің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады да, бұл аспапта сонша шебер ойнап отырған кім екенін білгісі келеді. Алты жасар баланы көріп композитор оның анасынан ұлының тағы бір рет домбыра тартуына рұқсат сұрайды. Шешесі Салиқа (суретте сол жақта) келісімін береді, бірақ баланы тіл-көзден сақтау үшін баласы мен Жұбановтың ортасына шымылдық іліп қояды. Ахмет Қуанұлы баланың ойнауын ұйып тыңдап, ақырында оған музыка училищесіне баруға кеңес береді. Бұл кеңес алты жасар баланың дарынын мойындаумен пара-пар еді. Салиқа баланы училищеге алып барады, бірақ Жұбанов болмай шығады. Ол жоқ болғандықтан, баламен басқа композитор Латиф Хамиди айналысып, оны би класына жазып қояды. Іссапардан келген Жұбанов талантты домбырашы баланың балет сабақтарына барып жүргенін көріп талып түсе жаздайды.  Дереу Тілендиевті музыка класына ауыстырады.

Нұрғиса Тілендиев Ахмет Жұбановпен өмір бойы дос болып, құрметтеп өткен. Ол туралы Нұрғиса Атабайұлы былай деп жазады:

«Жұбанов мені бәріне үйретті: халық музыкасы мен классикалық музыканы түсіну мен сүюді, еңбектенуге және шығармашылықтан қуаныш алуға үйретті, өмірді сүюге үйретті. Мен ол кісіге қарыздармын»

Училищеде Нұрғиса Тілендиевтің шеберлігі өсе берді. Он екі жасында ол оркестрге концертмейстер болып тағайындалады, ал он төрт жасында, Салауаткерейдің шәкірті Науша Бөкейхановтың тәжірибесіне еліктеп, оркестрдің бас дирижеріне ассистент болады. Оқуды бітіргесін, шығармашылықтағы табыстары үшін Ахмет Жұбанов шәкіртіне арнап домбыраға тапсырыс береді, ол домбыраны кейін Нұрғиса өзінің жарының құрметіне Дариға деп атап кетеді. 1943 жылы Нұрғиса Тілендиев соғысқа аттанады. Сол кездегі көпшілік жастар сияқты он алты жасар Нұрғиса да төлқұжатына екі жас қосып жаздырып алады. Сондықтан да, кезінде Нұрғиса тілендиев 1925 жылдың 1 сәуірінде өмірге келген деген пікір болған. 1943 жылдан 1945 жылдың 9 мамырына дейін Нұрғиса Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейінгі сарбаз жолымен жүріп өтеді, бірнеше рет жараланады. Соғыс біткеннен кейін «Ерлігі үшін!», «Берлинді алғаны үшін!» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдерімен марапатталлады.

Соғыс біткен соң Нұрғиса Тілендиев әскери қызметті жалғастырсам ба деп те ойланып қалады. Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына Тілендиевті елге қайтару туралы өтініш жазып, соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген қатты сұраныс болады деп дәлелдейді. Ақыры Нұрғиса тілендиев 1945 жылдың қазанында әскерден босатылады.

1948 жылы Н.Тілендиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына емтихан тапсырып, оқуға түседі. Ұлт аспаптары бөлімінде екі жыл оқып шығады. Оқуын аяқтаған соң, Нұрғиса Мәскеу консерваториясына оқуға барады, осы оқу орнына түскен алғашқы қазақ та осы Нұрғиса Тілендиев еді. Бұл жерде ол советтік мэтр Николай Аносовтан дирижерлік шеберлікті оқиды. Үлкен театрда тәжірибеден өтеді. Оқуын бітірген соң, 1953 жылы Нұрғиса Тілендиев Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері лауазымына тағайындалады. Театрдағы жұмысы кезінде көрермендер оның «Ортеке» (1957) балет-поэмасынан, «Достық жолымен» (1958) балетінен, «Менің Қазақстаным» (1959) кантатасынан рахат алатын. Осы жұмыстары үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды.

Көпшілік біле бермейтін жәйт: Дариға Тілендиеваға дейін Нұрғисаның  Натэлла Саимова деген жұбайы болған, одан 1960 жылы Сәуле есімді қызы өмірге келген.

1961 жылы Нұрғиса Атабайұлы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестріне бас дирижер болып тағайындалады. Сонымен қоса, оркестрдің көркемдік жетекшісі лауазымын қатар атқарған. Бұл лауазымдарда ол небәрі үш жыл ғана жұмыс істегенімен, бұл жылдар оның мансабындағы ең жемісті жылдар болды. Ұйғыр кәсіби музыкасының негізін қалаушы, ұйғыр композиторы Құддыс Қожамияровпен бірге «Алтын таулар» операсын жазады, оркестрге арналған «Ата толғауы» поэмасын, «Халық қуанышы» және «Қайрат» увертюраларын жазады. Айта кетерлігі, бірлесіп жазылған «Алтын таулар» жұмысы премьера күні ғана, бір-ақ рет қойылады, одан кейін репертуардан алынып тасталады, өйткені шығармада күштеп ұжымдастыру тақырыбы қозғалған еді. Нұрғиса Тілендиевтің режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмінің композиторы болғанын айтпай кетуге болмайды. Абдолла Қарсақбаев екеуі жақын достар болған. Соның арқасында ол өзінің екінші жары, актриса Дариға Омаровамен танысады. 

1968 жылы Нұрғиса «Қазақфильмнің» музыка бөлімінің бас редакторы лауазымына тағайындалады. Ол «Қарлығаштың құйрығы неге айыр»  анимациялық фильміне, «Қауын», «Қызыл үй», «Бандыны қуған Хамит», «Балалық шаққа саяхат», «Көгілдір маршрут», Дариға Омарова Алпамыстың анасы Қалиханның рөлін ойнайтын «Алпамыс мектепке барады» және т.б. фильмдердің муызкасын жазады. «Қыз Жібек» фильміне арнайы «Аққу» күйін жазады. «Қазақфильмдегі» жұмысы жылдарында Нұрғиса Атабайұлы сол кездегі қазақтың танымал ақындарымен жақын танысып, жолдас болады.

Мұқағали Мақатаев оның жақын достарының бірі болған. Тағдыр Тілендиев пен Мақатаевты ақын өмірінің соңғы жылдарында таныстырды. 1975 жылдың күзіне қарай жүректерді елжіретер өлең жолдарының авторы Мақатаев есімі бүкіл Қазақстанға белгілі боп тұрған еді. Сол кезде Тілендиев өлеңдерін муыкаға түсіруді ұсынып Мақатаевқа өтініш білдіреді. Мұқағали келісіп, көп ұзамай жұмыс басталып кетеді. Отыз күн Мақатаев Тілендиевтің пәтерінде тұрып, екеуі отыз екі ән жазады, олардың ішінде «Сарыжайлау», «Сәлем саған Жетісу», «Ошақ отың сөнбесін», «Мен сені іздедім» әндері бар. Мақатаев 1946 жылғы наурыздың аяғында қайтыс болады, бұл Нұрғиса үшін үлкен соққы болып, досының қазасын қатты жоқтап, бірнеше ай ауруханада жатып шығады. Біраз уақыт өткеннен кейін пиджагінің қалтасынан Мұқағалидың қолымен жазылған шағын жазбаны тауып алады:

«Аға, бұл мен ғой. Ауруым қабынып барады. Не боларын, білмедім. Мүмкіндігінше мынаған көңіл бөлсеңіз» деп жазылған екен.

Жазбамен бірге пиджактың қалтасынан 1966 жылы жазылған «Есіңе мені алғайсың» өлеңінің қайта өңделген нұсқасын тауып алады.  1981 жылы Қазақ ССР Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Тілендиевке «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрін басқаруды ұсынады. Бұл оркестр осыған дейін Нұрғиса басқарып келген оркестрлерден көп өзгеше еді. Ол этнограф Болат Сарыбаев құрған ансамбль негізінде құрылған еді. Онда үйреншікті ішекті және клавишалық аспаптар орнына отрағасырлық Отырардың музыка мәдениетінің бірегей аспаптары – заманауи шеберлер дайындаған сазсырнай, сыбызғы қолданылған еді. Оркестр осы аспаптарда ойнай алатын музыканттарды іздеп жатты. Бұл ұсыныс Нұрғиса Тілендиевті қызықтырып, ол келісімін береді. Нұрғиса Тілендиев оркестрге өмірінің аяғына дейін басшылық етеді.

Тілендиевтер отбасы Дінмұхамед Ахметұлының отбасымен жақын араласады, тіпті көрші тұрған. Нұрғиса тілендиевтің қызы Дінзухра (Дінмұхамед пен Зухра Қонаевтардың құрметіне осылай аталған) бала кезінде Димаш ағаның үйінде жиі қонақта болғанын айтады:

«…Біз оларға жиі қонаққа баратынбыз, Димаш Ахметұлы сапарларынан әкелген шетелдік кәмпиттерді беруші еді. Сағыздың өзі сол кезде бізге үлкен қуаныш сыйлар еді. Маған алғашқы рюкзакты сыйлаған да осы Димаш Ахметұлы, жары Зухра Шәріпқызы қайтыс болғаннан кейін ол менің туған күндерімнің біріне оның коллекциясындағы қуыршақтарының бірін сыйға тартты...»

Өз қызынан басқа Тілендиевтер Нұрғисаның соғыста хабарсыз кеткен ағасының қызы Ларисаны да тәрбиелеп өсірген. Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1998 жылғы 15 қазанда жетпіс бір жасында өмірден озған. Ол «Қазақстанның Халық батыры», «Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері», «Қазақ ССР Халық әртісі», «ССРО Халық әртісі» атақтарының иегері. Оның атымен музыка мектептері, музейлер мен көшелер аталған. Оның құрметіне қоладан ббюст құйылып, деректі фильмдер түсірілген. Оның есімі елорда көшелерінің біріне берілген.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?