Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әміренің ізін жалғаған талант

1641
Әміренің ізін жалғаған талант - e-history.kz
Жүсіпбек Елебековтың ән айту таланты ерекше еді. Көбінесе соның арқасында халық әндерінің көбісі қазақ ауыз әдебиетінің классикасына айналды

Жүсіпбек Елебеков қазақ тарихындағы ең қайғылы кезеңдердің куәгері болды. Жүсіпбек Елебеков патша режимінің құлап, социализмнің туғанын көрді, 1931-1933 жылдардағы аштық та оны айналып өтпеді, сталиндік репрессия да жақындарын жалмап кетті, ал ол тек ғайыптың күшімен аман қалды...

Жүсіпбек 1904 жылы 28 тамызда Семей облысының Қарқаралы уезінің Сарытау болысының № 8 ауылында ақын Лебек пен оның жары Қымбаттың отбасында өмірге келген. Одан басқа отбасында тағы да бес бала – ағалары Сейітбек пен Жүнісбек және Бәдібай, Мәлике және Рымкеш деген әпкелері болған. Лебектің туған ағасы Берсімбек өлгеннен кейін отағасы оның жесірін алып, одан Айтбану деген қыз өмірге келеді. Лебектің отбасы кедей тұрған, өзі ауыр жұмыста істегендіктен, шығармашылықты тастауына тура келген. Жүсіпбектің арғы атасының ағасы Қарабатыр кезінде ақын болған, әкесінің ағасы Балабек пен оның ұлы Исламбек те күйші болған екен. Жүсіпбек бес жасынан бастап ән айтуды үйренеді. Ән айтуды оған ағасы Жақыпбек Балғабайұлы үйреткен. Замандастары да, Жүсіпбектің өзі де Жақыпбекпен салыстырғанда кез-келген басқа ақын дарынсыз боп көрінетін. Ол өзі де өз дарынын жәрмеңкелер мен Қоянды, Семей мен Қарқаралы базарында көрсетіп тұрған. Ол бауырының жіңішке, әдемі дауысын жақсы көрген, «Келіншек» пен «Ғалия» әндерін жиі айтқызып, әннен рахат алады екен.

Қарқаралы, 1911 жылғы тамыз

1914 жылы маусымда баланың ауылы сол кездің ең белгілі ақындары жиналған атақты Қоянды жәрмеңкесіне барады. Сол жерде Жақыпбек бауырын қазақ ақыны Мәди Бәпиұлымен таныстырады, ол баланың әнін тыңдап, оған батасын береді. Сол кезден бастап Жақыпбек Жүсіпбекті жанына ертіп жүретін болған. Олар ауылдарды аралап, өнер көрсетіп, танымал болады, уайымсыз жаңа өмірді армандайды. Алайда, тағдырдың өз жазуы бар. 1916 жылдың маусымында патшаның бұратана халықтардан тыл жұмыстарына адам алу туралы «Маусым жарлығы» шығады. Көп өтпей Жақыпбек тыл жұмысына шақыртылып, Бесоба деген жерде қорғасын өндіруге жіберіледі. Сейітбек деген ағасы да тыл жұмыстарына шақыртылады, ол Құмдыкөлде көмір өндіреді. Ауыр жұмыс сүзектің таралуына себепші болады. Сүзекпен Жақыпбек ауырып, кейін әкесінің ағасы Өмірбек пен шешесі Қымбат та ауырады. Лебек пен Сейітбекті де сүзек айналып өтпейді, сол себепті Жүсіпбек әншілігін тастауға мәжбүр болады. 14 жасқа қарай Жүсіпбек оқу мен жазуды үйренеді, большевиктердің келуімен ол отбасын кедейліктен алып шығам деп үміттенеді. Өзінің естеліктері бойынша, ол байларды биліктен тайдыруға аянбай көмек көрсеткен, социализм туы мен «Билік кедейлерге!» ұранын көтеріп жүрген.  

1920 жылдың мамырында Жүсіпбек Семейге келіп, алғашқы уақытта алыс туысы Бекіштің үйінде тұрады. Жүсіпбек бастапқы кезде халық назарын өзіне аудара алмайды. Бірде Жүсіпбек Бекіштің көршісінің үйіндегі шілдеханада өлеңді тамаша айтқаны сонша, Бекіштің үйіне марқұм Жақыпбектің бауырының әнін есту үшін қаланың түкпір-түкпірінен халық ағылып келе бастайды. Жүсіпбектің таланты туралы жергілікті драма үйірмелері де естіп-біліп, Кенжебек Құлғарин мен Ахмет Әуезов басқарған «Ес-аймақ» труппасы да оны байқайды. Жүсіпбектің ақын ретінде қалыптасуына театр труппасы үлкен әсер етеді.

Осы труппаның қатарында жүріп аңызға айналған тұлғалар Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовпен танысып, солардан өнер үйренеді. Айта кетерлігі, «Ағаш аяқты» айтуға Жүсіпбекті үйреткен де осы Әміре. Ж.Елебеков Әміре туралы аса бір жылылықпен еске алады:

«Әміренің аты маған бала күнімнен таныс. Оның дауысы мөлдір әрі жоғары болатын. Әлі есімде, оның дауысын 7-8 шақырымнан естіп қалған жылқышылар, шауып келіп, тағы да айтуын сұрайтын»

Жүсіпбек Елебеков осы оқиғаның куәсі болған. Оқиға Қарқара жайлауында 1934 жылы болған. Аштық аздап қайтып, ел басшылығы халықтың сенімін қайтару үшін жанталасып жатқан кез еді. Қарқараға Ораз Жандосов келіп, сөз сөйлеп, жиналған халыққа Әміре Қашаубаевты таныстырады. Әміре жұртшылық алдында бірнеше өлең айтып, бола бергенде жиырма шақты ат тұяғының дүбірі естіледі. Салт аттылар аттарынан түсіп, осы жерден 7-8 шақырым жердегі ат зауытынан Әміренің дауысын ести сала шауып келгендерін айтады.

Жүсіпбек Елебеков Иса Байзақовты жақсы білген. 1921 жылдың қарашасында «Ес-аймақ» труппасы «халық үйі» клубында «Бәйбіше - тоқал» спектаклін дайындайды. Ол кездерде халық театрды жақсы көргені сонша, қойылым аяқталған соң да бірден тарап кете қоймаған. Спектакль аяқталғаннан кейін әртістер тағы да концерт қойған. Бұл жолы да солай болады. Халық Ақатай Қоңырқаевтың, Сәруар Арықованың өнерін тамашалап отырған кезде, Жүсіпбек труппа басшысы Ахмет Әуезовтің бір жас жігітпен сөйлесіп тұрғанын көреді, жігіт А.Әуезовтен сахнаға шығаруын өтініп тұр еді. Әуезов бейтаныс адамды сахнаға шығара алмайтынын айтып түсіндіріп жатты. Осы кезде әлгі жігіт сырт киімін шешіп, Жүсіпбекке ұстатып, оның қолындағы домбырасын алып, сахнаға шығып «Желдірмені» орындай жөнеледі. Елебеков бұл оқиғаны былай еске алады:

«Алдымен біз таныстық. Ол өзінің Павлодардан оқуға келген қонақ екенін, бірақ өнерге бола, бәрін тастағанын, Ахмет Әуезовтың оған өнер көрсетуге рұқсат етпегенін айтты. Халық қалаулысын тапқандай болды. Олар қол шапалақтап, оны жібермей, тағы ән айтуын сұрады»

1923 жылы Әміре мен Иса Семейден кетеді, ал Жүсіпбек кештер мен концерттерде өлең айтуын жалғастыра береді. Семей труппасының қазақтың интеллектуалды зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болғаны белгілі, большевиктердің қандай позицияны иеленгендерін көргендіктен, олар жабылуға мәжбүр болады. Алаш басшыларының бастарына қара бұл үйіріле бастағанда, Жүсіпбек те мансабын тоқтата тұруға мәжбүр болады. 1923-1931 жылдар аралығында Жүсіпбектің немен айналысқаны нақты белгілі емес. Сондықтан да Ж.Елебековтың өзі жазған өмірбаянына сүйенуге тура келеді. Елебековтар отбасының жеке мұрағатында 1936 жылдың 22 қарашасы мен 1939 жылдың 20 наурызында жазылған осындай екі жазба сақталған. Екеуінде де Ж.Елебеков 1923 жылы үйірме жабылғаннан кейін бір жыл ет комбинатында істегенін, кейін 1928 жылға дейін Түрксіб құрылысында қара жұмыста істегенін жазған. Түрксіб құрылысының 1926 жылы басталғаны белгілі, сондықтан да Елебеков нені айтпай қалғаны қызығушылық тудырады, 1924 – 1926 жылдар аралығында ол немен айналысқан екен? Бұл сұраққа жауапты келесі құжат береді:

Справка Қағаз

Берілді.

Осы справка қағаз

Қу ауданы, 14 ауыл ішінен ашылған Қызыл малшы, Артел мүшесі, Жүсіпбек Лебекұлына, Себебі бұл азамат 1930 жылы июль айының 7-сінен бастап, Қоянды жәрменкесінде қой айдап, Қызылжар уездігіне барған. Артельде төрт ай қызмет істеді.

Сондықтан қол қойып мөр басып сендірілді.

Артел бастығы П Чоңманұлы Қатысты Ысқақұлы

ТРУДОВАЯ АРТЕЛЬ СКОТОГОНОВ И ПАСТУХОВ «ҚЫЗЫЛ МААЛША» Кувского района, ауыл №14

01.05. 193

№33

Қазақстан

Құжаттың мамыр айының 5-і күні берілгені анық оқылады. Өкінішке қарай, жылдың соңғы цифры түсіп қалған. Шамалауымызша, құжат 1931 жылдың көктемінде, яғни Жүсіпбек Алматыға кетер алдында берілген. Өйткені осыдан кейін арада небәрі 18 күн өткенде, яғни Алматыға аттанар алдында Жүсіпбекке екінші сенім хат беріледі. Екінші анықтама латын қарпімен жазылған. Кеңсе тілі дами қоймаған сол кездің іс-қағазының қазіргі қазақша оқылуы былай болды:

Сенім хат

Осыны ұсынысы Лебек ұлы Түсіпбек жолдас анық Қу ауданы 16 ауыл азаматы, жасы 27 де, Шыққан табы және негізгі кәсібі батырақ, соңғы жылдарда шойын жол мен параходта жұмыскер болған, ұлы кәмпескеде үлес мал алған.

Сол туралы қол қойып мөрмен сендіріледі.

18. 5. 1931 ж.  

Бұл құжатта бірнеше мөр басылған, сондықтан айтылғанға сенуге болады. Бұдан басқа, бұл қағазда оның пароходта да жұмыс істегені көрсетіледі, ал бұл туралы Елебеков өзі еш жерде айтпаған. Патша үкіметі ХІХ ғасырда пароход құрылысына көп көңіл бөлгені белгілі, сол себепті де Өскемен – Семей – Павлодар – Омбы су жолы салынған, Елебековтың Семейде жұмыс істеген жылдарында бұл жол өзінің шырқау шыңында болған еді. 1926 жылы сол кездегі басқа да мыңдаған жастар сияқты Түркістан – Сібір теміржолын салуға қатысты. Оның жұбайы Хабиба Елебекова өз естеліктерінде Жүсіпбектің Аягөз стансасының құрылысына қатысқанын жазады, ол жерде де ол қолы қалт етіп босай қалса, домбырада ойнайды екен. Оның сөздерін Ахмет Жұбанов еңбектері де растайды:

1928 жылы Жүсіпбек туған ауылына оралады, бұл кезде байлардың мал-мүлкін тәркілеу саясаты жүріп жатқан еді. Өз еңбектерінде Елебеков бұл процесске өзінің де белсенді қатысқанын мойындайды. Жергілікті билікке Ж.Елебековтың жұмысы ұнап, оған тәркіленген малдан бөліп берген.

1928 жылдан 1930 жылға дейін Жүсіпбек ауылда болады. 1931 жылы Ж.Елебеков Қояндыдан Қызылжарға мал айдаушы болып жалданады, сол жылдың ақпанында ол Қызылжарда Қазақ драма театрының директоры Орынбек Бековпен кездеседі. Ол Ж.Елебековты Алматы қаласының Драма театрына жұмысқа шақырады. Өзінің автобиографиялық анықтамасында ол бұл жағдайды түрліше түсіндіреді: Біреуінде ол, Қызылжарда директор О.Бековпен кездестім десе, екіншісінде, ол О.Бековты театрдың жай ғана өкілі деп атап, тіпті аты-жөнін де атамайды. Бәлкім, 1937 жылы О.Бековтың «халық жауы» ретінде атылып кетуі себеп болған шығар. Ахмет Жұбанов 1931 жылдың мамырында О.Бековтың Алматыға Жүсіпбекпен бірге келгенін жазған. Бұл пікірді ақынның жары Хабиба да қуаттайды:

«1931 жылдың май айының орта шені болатын. Аудан орталығынан арнайы келген хабаршы жігіт Төлеубек: «Жүсіпбек, сүйінші, сені Алматыға әкететін болды» – деп басындағы тымағын аспанға атты. Жүсіпбек ештеңесіне түсінбей, жаутаңдап жаңағы жігітке қарай береді. «Жүр, тез жинал, кеттік» – деп үсті-басына бастырмалатып жатыр. Жүсіпбек сүйіншінің мән-жайын түсіне қоймаса да, Алматыға әкеткелі жатыр деген сөзден жолы түсіп тұрғанын сезіп қуанды.

Алматыда театр ашылғаны, өзі білетін Әміре, Иса, Қалибектер сияқты өнер санлақтарының жиылған ордасы сол театр екені мәлім еді. Жүсіпбектің арманы сол театрда жұмыс істесем, азды-көпті бойымдағы барды елімнің игілігіне тарту етсем деп қиялдайтын. Енді, сол арманына, шынымен жеткені ме? Жоқ, әлде мына жігіт жай-әшейін әжуалап тұр ма деп, тіпті, анығын сұрауға батылы бармай, тілі тұтығып үндей алмай қалады. Әлгі жігіт: «Өй, саған не болды? Тіпті, өзің қуанбайсың ғой. Барасың ба, жоқ па?» – деп Жүсіпбектің қолынан жұлқылайды. Жүсіпбек сонда ғана барып есін жиғандай: «Келген кім? Ол кісі саған не деп айтты?» – деп сұрай бастайды.
«Қазақ мемлекеттік драма теа­тры­ның директоры Орынбек Беков деген кісі сені сыртыңнан біледі екен. Және де Әміре, Иса, әсіресе, Қалибек көп айтушы еді дейді.

«Егер, баратын болса біржола келсін, ертең ерте жүреміз!» – деп, Орынбек Бековтың сөздерін айта бастады Төлеубек. Келген күні Жүсіпбек Орынбек Бековтың үйіне түседі, әртістермен танысады. Өзіне таныс Иса, Әміре мен Қалибектен басқа Құрманбек Жандарбековпен, Елубай Өмірзақовпен, Серке Қожамқұловпен танысады. Театрға қабылдану үшін ол тіпті тыңдалымнан да өтеді. Бұл 1931 жылдың 20 мамырында болды»

Ж.Елебеков театр әртісі болып қабылданған күні. 20 мамыр 1931 жыл

Осылайша Жүсіпбек Елебеков Қазақ мемлекеттік драма театрының әртісі болды. Жүсіпбек театрдың барлық концерттеріне қатысады, жеке өзі де, әнші Рабиға Есімжановамен бірге дуэт болып та ән айтып жүреді. 1932 жылы Жүсіпбектің әкесі қайтыс болады. Хабибаның айту бойынша, аштық басталысымен Жүсіпбек қайта-қайта ауылға барып, әр барған сайын туыстарын алып келіп жүрген. Бірінші болып әкесін әкеледі. Бірақ келгеннен кейін әкесі қатты ауырып, қайтыс болады. Хабибаның айтуынша, жүрек ауруынан қайтыс болған. Ағаларын да әкеліп жұмысқа орналастырған, Сейітбекті өз театрына күзетші қылып, ал Жүнісбекті Байланыс басқармасына күзетші қылып орналастырады. 1933 жылы Жүсіпбек Қазақ музыка театрына опера әншісі болып орналасады. Бірнеше жылдың ішінде ол ел ішінде танымал спектакльдерде көптеген рөлдерді ойнайды, олардың ішінде «Айман-Шолпан» комедиясында Әлібек, «Еңлік-Кебектегі» малшы Жапал, «Қыз Жібектегі» Төлеген рөлдері. Бір жылдан кейін халық ағарту комиссариаты жанынан музыкалық студия ашылып, музыкалық дарынды әртістер шақырылады, Жүсіпбек пен Әміре Қашаубаев сол жерде қауышады. Бірақ, олар бірге ұзақ жұмыс істей алмады, сол кезде Әміре қатты ауырып жүрген еді. 1935 жыл Жүсіпбекке көп жақсылық әкелді. Дәл осы жылы Жүсіпбек Елебековтың әндері бірінші рет радиомен бірге патефон пластинкасына жазылды. Осы жылы, 1935 жылдың 3 тамызында, Жүсіпбек шаңырақ көтереді.

Жүсіпбек пен Хабиба  

1935 жылы ол қазақ филармониясының әншісі болып, сол жерде жиырма бес жыл қызмет етеді, 1936 жылы Мәскеуде өткен алғашқы қазақ декадасына қатысады. 1937 жылғы сталиндік репрессиялар Жүсіпбекті де айналып өтпейді. Сол қанқұйлы жылдары 125 мың адам халық жауы аталып, оның 25 мыңы сот-тергеусіз атылып кетеді. Хабиба апамыздың естелігі бойынша, сол жылдары Жүсіпбек мазасыз болды, түнімен ұйықтамайды, түн күзетіп шығады. Машинаның даусы шықса болды, ұшып түрегеледі. «Не болды? Неге ұйықтамай­сың?» – деймін мен де шошынып. «Жай» – дей салады салғырт қана. Ашып ештеңе айтпайды. Ұйқы-күлкіден қалып, қатты жүдеп кетті. Тура шоқ үстінде жүргендей жаны мұрнының ұшына келгендігін ке­йін барлығы басылып, іс түзеле бас­таған кез­де бір-ақ айтты ғой. «Пәлен жер­де пәлен­дей қонақта болыпсың, сонда кім­дер не сөйледі? Барлығын тәпіштеп баянда» – деп жауап алып, қинапты. Сонда Жүсекең: «Әрине, болғаным рас. Бірақ олардың әңгімелеріне араласқан емес­пін, менің білетінім – ән салу. Басқасы есімде жоқ» – деп құтылады екен. Ақыр соңында оған қарсы іс қозғалмайды. 1942 жылы Жүсіпбек Елебеков Қазақ ССР Халық әртісі атағын алады. Сол жылы концерттік бригада құрамында Калинин майданы солдаттарының алдында өнер көрсетеді. Соғыс жылдары И.В.Панфиловтың Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлерімен де кездеседі, сол жерде Рамазан Елебаевпен танысады. Р.Елебаев өзінің жаңа «Жас қазақ» әнін орындап береді, осы өлеңді Жүсіпбек соғыс жылдарының әндерінің ішіндегі танымал әндердің бірі етеді.

Соғыс біткесін Ж.Елебеков сахнадағы еңбегін жалғастыра береді. 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиетінің онкүндігіне қатысады. 1950, 1955 жылдары Қытайда, 1958 жылы Мәскеуде өткен онкүндіктерде өнер көрсетіп, сол үшін Ленин орденімен марапатталады. 1960 жылдан 1967 жылға дейін Ж.Елебеков Қазақконцертте еңбек етеді. Қазақконцерт қызметкері ретінде ол Моңғолияда (1960ж) және Үндістанда (1967 ж.) өткен онкүндіктерге қатысады.

Өмірінің соңғы жылдарын Ж.Елебеков әншілердің жаңа ұрпағын тәрбиелеуге арнайды. Ол Қазақ эстрада өнері студиясында оқытушы болып қызмет еткен. Оның шәкірттерінің қатарында Мәдениет Ешекеев пен Қайрат Байбосынов бар.

Жүсіпбек шәкірттерімен.

1977 жылы бүйрегі ауырып Жүсіпбек ауруханаға түседі. Ота жасалғаннан кейін бірнеше күн өткен соң ауруханадан шығарылады. Сол жылы ол туған Қарқаралысына барады. Бар өмірін музыкаға арнаған Жүсіпбек Елебеков 1977 жылдың 12 тамызында өмірден озды. Жүсіпбек Елебеков жайлы Әміре Қашаубаевтан асып ешкім айта алмас: «Қазіргі әншілердің ішінде халық туындыларын Жүсіпбектей керемет орындайтын әншіні білмеймін». Шынында да, Жүсіпбек Елебеков әнді керемет орындайтын...

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?