Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Татар мен моғол қақтығысы II

1461
Татар мен моғол қақтығысы II  - e-history.kz
Татарлар туралы ең мол мәліметтер Рашид Ад- диннің әлемге әйгілі «Жамиғ ат-тауарих» еңбегі мен «Моңғолдың құпия шежіресінде» келтіріледі.

Басы. Оқи отырыңыздар: Татар хандығы

Онда татарлардың 10-11 ғасырлардағы тарихы емес қайта 12 ғасыдағы тарихы көп ауызға алынған. Татарлар деректер бойынша керейлермен және олармен одақтас моңғолдармен бітпес жауға айналған.

«Ал олардың (татарлар мен мұғулдар) арасындағы ежелгі кек пен қастық келесі себептен болған: Мұғул тайпаларының ханы Қабыл хан заманында қият қауымының көпшілігі оның руынан еді және мұғулдардың нируун қауым оның ағайын бауырлары болатын. Ал оған дейін әрқайсысы өзінің ере атымен және лақабымен танымал болған басқа мұғул тармақтары оның (как ханның) немере ағалары мен ата-бабалары болып келеді. Туыс әрі дос болғанды (оның) жақтастары, одақтастары еді. Қиыншылық пен шапқыншылық кезінде оның қорғаушылары мен қолдаушылары болатын.

(Бірде) Қабыл ханның қоңырат руынан шыққан әйелі Қуақу Лукудың ағасы Сайин Тигин (Сайын тегін) атты кісі ауырып қалады. Оны емдеу үшін (мұғулдар) татарлардан Чарқил Будуй (Шарқыл будуй) атты бір «қамиді» шақырады. Ол келіп қамшымен ем жасайды, алайда Сайын тегін өліп қалады. (Мұғулдар) ол қауымға (татарға) берген уәдесін орындап, оны (емшіні) үйіне жөнелтеді. Содан сайын тегіннің аға-інілері барып Шырқыл емшіні өлтіріп кетеді. Осы себепті татарлар мен мұғулдар арасында жаугершілік пайда болды.

Қабыл ханның балалары Сайын тегінмен құда-жекжат болғандығы себебінен қажеттіліктен және амалсыздан оның руына көмектесуге тура келді. Осы себептен олар мен татарлар арасында ұрыс-керіс, дұшпандық және соғыс жағдайлары орын алды, сөйтіп олар әлденеше рет ұрыс жүргізді.

Екі жақ та ыңғайлы сәттің туған кезінде бірін-бірі өлтіріп, тонап кететін. Көп жылдар бойы бұл соғыс пен жаугершілікке ұласты.

Оқиғаның әуелгі басталуында татарлар ыңғайлы кезді пайдаланып Хамбақай каанды (Қамбағай қағанды) ұстап алады. Бұл жайлы олардың (тайжуыттың) рулық тармақтарына қатысты дастанда (баяндап) қамтылатындай, Қамбаған каған тайжуыт руының патшасы әрі көсемдерінің бірі болатын және қабыл ханның барша немере ағаларынан тарағандар оның руласы (ұрқы) бол табылатын.

Және (татарлар мен мұғулдар арасында дұшпандық пайда болуының бір) себебі: Қытайдың Алтан ханы Қабыл ханнан қатты ренжіген еді. Себебі Қабыл Алтан ханның (жіберген) елшілері мен нөкерлерін өлтіріп тастаған еді.

Ал татарлар оған (Қытай патшасына) бағынышты, бодан болғандықтан олар (татарлар тұтқындап алған) Қамбағай қағанды оған (Қытай патшасына) жібереді. Сонымен қатар, өздерінің де оған (Қамбағай қағанға) ежелгі дұшпандығы мен кастығы бар еді, сол үшін осындай өрескел әрекетке барды.

Қытай патшасы Қамбағай қағанды темір шегемен ағаш есекке қағып тастауға бұйырды. (Сонда Қамбағай қаған) былай деді: «Мені сен емес, басқалар ұстады (тұтқынға алды). Менімен мұндай жиіркенішті түрде (есеп айырысуың ешбір мақтауға лайық емес, төмен, әрі бекзаттылықтан тыс (іс болып табылады). Барлығы менің туыстарым болып келетін мұғул тайпалары (мен үшін) сенен кек қайтаруға тырысады, сол себептен саған да, сенің мемлекетіңе де қиындықтар келеді.

Алтан хан оның сөздеріне құлақ аспай, Қамбағай қағанды ағаш есекке қағып тастады, содан қаза тапты. Сосын (Қытай патшасы) оның Булуғачи (Бұлғашы) атты нөкерінің біріне еліне қайтуға рұқсат берді. Ол мұғулдарға қайғылы оқиғаны жеткізді. Осы жағдайдан соң Қутула хан (Құтыла хан) мұғул әскерімен Қытай патшасына соғысқа аттанып, ол елді тонады, қырғынға ұшыратты. Бұл оқиғаның егжей-тегжейлі баяны Қабыл хан жайлы дастанда әңгімеленетін болады.

Келесі бір жолы татар рулары ыңғайлы сәтті аңдып Қабыл ханның үлкен ұлы, қият-жұрқын руының арғы атасы Укин Барқақты (Үкiн Барқақты) ұстап алады, содан оны ағаш есекке шегелеп өлтіру үшін Алтан ханға жібереді. Осының салдарынан мұғул тайпаларының Қытай патшасы мен татар қауымдарына (деген) дұшпандығы мен жеккөрушілігі күшейе түсті. Түрлі уақыттарда мұғул патшаларының татар патшалары және ұлықтарымен жүргізген шайқастарының кейбіреулері (осы кітапта) келтіріледі. Олардың бірі келесідей:

«Татарлардың матур (Матұр) атты патшасы Қабыл ханның ұлы Кал баһадүрмен шайқасып жатқан еді. Алғашқы ұрыста-ақ Қадан баһадүр оны атының тоқымын найзамен ұрып, атымен қоса жерге жықты. Матұр жара болғанымен ол жарақаттан өлген жоқ, алайда көп уақыт бойы жарақатта (ауырсынып) жатты. Жарақатының ауырғаны басылған кезде қайтадан (мұғулдарға қарсы) ұрысқа кірді. Қадан баһадүр қайтадан оны найзамен ұрды, найза оның омыртқасын тесіп өтті де, Матұр сол мезетте мерт болды. Оның әскері (мұғулдар үшін) олжаға айналды. Бұл хикаяның егжей-тегжейі Қабыл хан мен оның ұлдары туралы дастанда толығымен келтірілген» (14)

Бұл қақтығыстар Қабыл ханның заманында болғанына қарағанда 11 – ғасырдың соңына қарай басталса керек. Бір бақсының өлімі қақтығысқа білте болған сылтау десек, ең негізгі себеп 1089 жылы татар хандығындағы бұлғақтан кейін татардан басқа тайпалардың бағыныштылықтан бас тартуында жатқаны анық. Татарлар арқылы басқа тайпаларды шеңгелдеп отырған қидандар үшін де бұл тиімсіз. 11- ғасырдың соңы сахараға сырттай үстемдік етіп отырған қидан мемлекетінің тауы шағыла бастаған кезең болып, шүршіттер олардан бөлектеніп  1125 жылы қидан мемлекетін түбегейлі жойды. Қабыл ханның Шыңғысханның үшінші атасы екенін ескерсек  бұл жыл Иесукей енді туған, оның атасы Қабыл тақта отырған кезең болады.  Ал Қабыл ханның Алтан ханын ренжітуі де осы шүршіттер енді ғана билігін орната бастаған кезеңге дүп келеді, Қабыл хан және билеушіні мойындамаған тәрізді, оны (Қабыл ханды)  қидандарға қарсы одақтасуға шақырса керек. Ал Әмбағайды шегелеп өлтіру оқиғасы одан кейін болған. Сол замандағы нақтылы тарихи жағдайларға сүйенсек татарлар моңғолдардан басым түскен, ең бастысы 350 мың халқы, 70 мың жасағы бар, Шыңғысханның ата бабаларына қатысты деректерде тек оларды баса дәріптеу орын алғанда олардың дұшпандарын төменшіктету үрдіс алған. Әмбағайда, Өкін барақта соғыста жеңіліп тұтқынға түскен болуы әбден мүмкін.

Әмбағайдың ұсталуы «моңғолдың құпия шежіресенде де баяндалған:

«Бұйыр көлмен Құлын көлдің арасында және Өршіген өзенінің бойын айырғұт және бұйырғұт  деген татарлар мекендейтін. Әмбағай қаған оларға қыз ұзата барғанда, татарлар ұстап алып қытайдың Алтан  ханына апарып берді. Әмбағай қаған бесуттың Балықшы дегенінен сәлем айтып: «Менің он ұлымның ішіндегі Қадан тәйшіге барып айт! Халықтың ханы, елдің иесі бола тұра қызын ұзата бару менімен тоқтатылсын! Мен татарларға қолды болдым! Бес саусақтың тырнағы мұқалғанша, он саусақтың көбесі сөгілгенше менің өшімді алыңдар!» дейді... Құтула қаған болған соң Қадан тәйші екеуі татарлардан өш алу үшін аттанды, татардың Қотан барағы мен Жалынбұқасымен 13 рет шайқасса да Әмбағай қағанның өшін ала алмай кері қайтты. Сол кезде Иесукей батыр татардың Темужін үге, Қори бұқа атты адамдарын ұстап әкелгенде, екіқабат Ұуалын ұжін ононның Делуін болдақ деген жерінде Шыңғыс қағанды туады. Татардың Темужін үгесін ұстап әкелгенде туды деп ырымдап атын Темужін қойыпты» (15)

Әмбағайдан кейін моңғолдар Алтын патшалығының шегарасын барып шауып қайтқаны белгілі, осы соғыстан кейін шүршіттер мен татарлар моңғолдарға қарата қатты келгенге ұқсайды, 13 рет татармен соғысып жеңе алмаған, немесе жеңілген. Соның салдарынан тұтас моңғол хандығы ыдырауға беталады, бұны кейінгі оқиғалардан білуге болады. Сонымен қатар моңғолдардағы тақты ағайындыларпдың ұрпақтан ұрпаққа емес кландық алма кезек отыруына байланысты қияттармен оның ішіндегі тайшығұттар арасында алауыздық пайда болады.

«Иесүкей батыр жолда Сексірдің сары даласында кетіп бара жатып, келін түсіріп, той жасаған татарларға кезігіп, әбден шөлдеген соң, бір үйге түседі. Татарлар Иесукейді танып: «Есүкей қиян келіпті», - десіп төрден орын береді. Әйтсе де бұрынғы кеткен кегі қайнаған олар құпия келісіп, сусынға у қосып береді. Есүкей батыр ол жерден аттанып, жолда келе жатқанда қатты қиналып, үш күн дегенде әрең үйіне келеді. Есүкей дауыстап: «Менің ішім өртеніп барады. Менiн касымда кім бар?» - дегенде, қонқотандық Шырқа ақсақалдың баласы Меңлік: «Мен бармын», - дейді. Сөйтіп, оны жанына шақырып алып, бүй дейді: «Бауырым, Меңлігім, менің сөзімді сен тыңда! Ұлымның қабырғасы қатпаған еді. Темүжінімді қайнына тастап, қайтып келе жатқанда, татарлар у берді, ішім өртеніп барады. Жетім қалған бауырларыңды, жесір жеңгеңді саған тапсырдым. Темүжінді тез барып алып кел, менің қадірлі Меңлігім!» Осы сөзді айтады да, Есүкей қайтыс болады» (16)

Иесүкей деректер бойынша хан емес, әскербасы болған. Иесүкейді татарлар улап өлтірген кезде Құтулахан қайтыс болған кезеңге тура келсе керек. Себебі соның келесі жылында үлкен аруақтарға арнап ас берілгенде Ұуалынды сарқыттан қағыс қалдырады. Сол аста ортақ шешімге ешкім келмесе керек. Темужін жас болғандықтан оны жұртқа тастап кетеді де билікке келген тайшығұттар Тарғұтайға ілеседі. Тарғұтай атасы Әмбағайды татарлар қастап өлтірседе кейінгі кезеңдерде ол татарлармен соғыспайды, қайта олармен одақтасады, ал Шыңғысхан керейлерге арқа сүйейді. Тарғұтай татарларға арқа сүйесе керек, ал тағыда тақтан дәмелі қият жұрқын Сача бектерде татармен ауыз жаласқан сыңайлы, себебі татарға қарсы соғыста ол келмей қояды.

 

 

 

Татарлармен керейлердің соғыстары

 

Татар хандығы 1089 жылы ыдырағаннан кейін 1090 жылы Марғұз керей хандығының шаңырағын көтерді. Марғұз бен татарлардың арасындағы соғыс  он жылғы созылды, соңында татарлар Марғұзды қидан патшасына апарып берді, қидан патшасы оны шегелеп өлтірді. Оның ханымы Құтұқты күл қыз айламен татарлардың тойына 100 сабаға батырларын жасырып әкеліп татар хандарын өлтіреді. Марғұздан кейінгі керей ханы Сарығ хан болған, оның тұсындада соғыс толастамаған.

«Айтуларынша, алшы-татарлардан шыққан Қуридай Батир (Қорыдай батыр) мен Кумус Сайжан (Күміс Сайжаң) екеуі керейттер патшасы Сариқ (Сары) ханмен соғысқа аттанған кезінде Қорыдай батыр (әскердің) алдыңғы шебінде жүрген. Күміс Сайжаң оған: «Сен негізгі күштің алдыңғы сабында келесің, дегенмен қарауыл мен жасауыл тобының қойылу мен сақтандыру шараларын ұйымдастыруды сен шын мәнінде елемей келесің. Сол үшін менің (әскердің) басында жүргенім дұрыс болар!» - деді. Қорыдай батыр (оған) жауап беріп: «Сен (патша) орынбасарының ұлы және бауыры болғандықтан ғана (өзіңнің) үстемдігің үшін менің бабаларым мен аталарымның қимыл-әрекеттерінің дәстүрін әрі сенімін тартып алмақсың. Ал, шындығында, (сенің әңгімеңнің) төркіні (келесіде) - сен жалғыз өзің тонауға барып, өзің қалағанның бәрін жасап, әскермен кері қайтпақсың (яғни, сенің мақсатың сол!)» - деді. Күміс Сайжаң: «Мен сенсіз тонай алмаймын!» - деп жауап берді де, әскерді жылжытып алып кетті.

Сары хан (бір орыннан екінші орынға) көшіп-қонып бір-біріне жак келетін. (Татарлар) үш рет оны талан-таражға салды. (Сары ханның көшін тонау үшін бөлек жасақтарды қалдырып, оны (тұтқындауға бір бөлек әскермен ізіне түсіп, Күміс Сайжаң үш жүз атты әскерімен соңынан өкшелей қуды. Сара ханның жасағы ол (қуғыншы) жаудың әскері соңында (оларды қолдайтын) әскерсіз келе жатқанын түсінді. Сол үшін олар татарларға батыл шабуылдады Күміс Сайжанды әскерінен бөліп, оны тұтқынға түсірді. Сары хан одан: «Сен қайда келе жатырсың?» – деп сұрады. Ол: «Мен Бурқан (Бұрқан) орманында жақсы бұтақты ағаштар өскенін естіген ем, сондықтан мен (садақ) оғы үшін бұтақтарды кесуге келе жатқанмын», - деді жауап беріп. Сары хан: «Бұтақ кесу үшін сен өте батырлықпен келе жатқан едің!» – деп, оған қыңырая қарады. Күміс Сайжаң (мұны байқап): «Сен маған қыңырая қарай алмайсың (оған сенің құқың жоқ), өйткені сенің руың олай қарай алмайды (дәрежесі төмен), сенің табиғатың (шығу тегің) да дәл сондай», – деді. Сары хан: «Не үшін сендер бұл асыл текті баһадүрге осынша көп сөйлеуге мұрша бересіңдер? Өлтіріңдер оны!» – деді (әскерлеріне). Ол (Күміс Сайжаң) қарсылық білдіріп: «Сенің қылышың маған ештеңе істей алмайды, ал менікі саған істей алады!» - деді. (Сонда) барлығы жабылып оны өлтіріп тастады.

(Содан соң) Сары хан: «Алшы-татарлар арасында жетпіс буын бар, алайда (олардың арасында) Күміс Сайжаңнан басқа ер жоқ. Енді оларды қуып тастайтын кез келді», – деді. Содан ол өзінің (киіз) үйін Урқан (Орқан) өзені жағалауына орналастыруға бұйырды әрі ай жарығында жасырын әскер жинады. Оның жауынгерінің бірі қашып кетті, Қорыдай батырға (ол) хабарды жеткізді. Қорыдай батыр әскерді жылжытып, Орқан өзенінің жоғары жағына бет алды. (Керейттердің) үйлерінің арасынан өтіп, оларды (Сары ханның әскерін) кетіп бара жатқан жол үстінде қуып жетті. Сары ханның жауынгерлері оларға суқаны сүймейтіндей (кейіппен) қарады. (Алайда Қорыдай батырдың әскері) кенеттен Сары ханға шабуылдап, оны қашуға салды (мәжбүр етті). (Керейттерден корка кашканы) соншалык (ақыр соңында) ол ие болған қырық мындық әскерден қырық адаммен кайтты, ал қалғандарының барлығы өлтірілді.

Сол Сары хан жеңілген шайқаста қырғыннан аман қалып, қашып құтылған Тарбай Қайан (Тарбай Қаян) (атты) әйел бар болатын және ол жағдай орын  алған кезде Чилaун (Шылауын) әмір де бар еді. Әлгі әйел: «Біз (осы кезге дейін халықтың) жоғарысын да, төменін де қорлап келуші едік. Егер (енді) барлығы кеміп жатса, неге бізге де кемімеске?! Егер барлығы бөлініп жатса, неге (біз де солай) бөлініп кетпеуге?!» – деді. (Оның бұл сөзіне) Сары хан: «Бұл әйел дұрыс айтып отыр» – деді. Сол үшін ол барып Битактай Утаку (Битақтай утаку) қоршы Буйруқ (Бұйрық) ханның қамқорлығына кірді.

Кейіннен ол әйелден Ил Кутуй (Елқұтүй) туылды. (Сары хан) ол рудың камкорлығына берілген кезде өзінің қызын Бұйрық ханның Қучакусына (Кушакусына) берді. Қыздың аты Тура Қаймыш (Төре Қаймыш) еді, сондай-ақ Қачир (Қашыр) ханға əпке болып келетін.

Содан Қашыр хан мен Сары хан бірігіп әскер жинады, татарға шабуыл жасады. (Қашыр хан) Карасчин (Қарасшын) ұлысын Сары хан үшін босатып, оны оған табыстады. Сол кезде Оң хан өз анасы Илма (Елма) қатынмен бірге татарлардың тұтқынына түскен болатын, оларды да босатты. Елма қатынды Алчитай (Алшытай) (атты бір) кісі жақсы көретін. Ол бүлікшіл адам болғандықтан (Қашыр оны оларға Чуңгайға (Шұңғайға) табыстады.

Төре Қаймыштың ұлдарының жіктелуі мынадай: Йуламағус (Жыла Мағұс), Тайтимур (Тайтемір) мен Тайчи (Тайшы). (Олардан) басқа тағы төрт ұлы бар еді, олардың есімдері мәлім емес.

Содан соң мұғулдар Сары ханға барды. Сары хан: «Менің жүз әйелімнің арасынан менің жүрегіме қош келетін бірде-бірі жоқ. Олардың арасындағы пайым-парасаты барының қолдары мен аяқтарының әдемісін) білмеймін. Және аяқтары мен қолдары әдемінің пайым-парасатын білмеймін. Және өз ісін білетін шебер сұлу жоқ. Сондай-ақ менде бар мыңдаған аттардың ішінен менің көңіліме жағатын бірде-бірі жоқ. Әлде шауып бара жатқанда сүрінеді немесе асау мінезді, әлде бос, баяу, ал үйретілген және дене бітімі жақсысының - еті жоқ. Үлкен шайқаста бір рет «Ху! Ху!» деп айқай салады да, кейін (барып) сенің жеңгенін, әлде жеңілгенің сынақтан өтеді. Шыбын шағып жатқан кезде онымен шайкасу киын: егер оны өлтірсең туысқандарыңнан ұят болады, ал өлтірмесең – (оның тістегеніне) шыдау мүмкін емес», - деді.

Содан кейін Отаку коршы Бұйрық хан жағынан Сары ханға барып, әлгі мұғулдарды сыйға беруін (сұрады). (Оның сұратуына) Сары хан: «Біздің кіші бауырларымыз болып келетін бұл мұғулдармен араласып кеттік, кұшақтас әрі бір-бірімізді қолымыздан ұстадык, (енді) біз оларды бере алмаймыз! Буйрык хан (оның сөздеріне): «Мен сенің өлген рухыңды көптеген адамдар тірілттім. Мен түскі намаз уақытында сенің (шашырап жатқан) отарын (малдарыңның) тобын (жинадым) әрі оларды отардың жиналатын орны токтаттым. Яғни, мен сенің қауіпсіздігіңді қамтамасыз етіп, (сені) жаудан қорыдым. Десек те, адам жер қандай өзгергіш болса, (сондай дәрежеде) ұмытша Осыдан кейін мұғулдармен достықта бол, алайда (менің) нөкерім болып кала бер!» - деп сөзін айтып, кері қайтып кетті. Бұдан кейін Сары хан: «Бұл адам сенімді емес!» - деді де, мұғулдарды Далан Табан аталатын тауға жағалатып жіберді әрі өзі де сол жолмен кетті. (Алайда) Туй Тағажу деген жерден қайта оралды, сонда мұғулдар бір-біріне: «Сары хан аш әрі әлсіреген!» – деді де, ургажут ретінде олар оның әр адамына он аттан берді және (бәрін) отырғызып қонақ етіп, дастарқан жайды. Сонда Сары хан: «Ей, менің кіші бауыр-мұғулдарым, бір-біріңмен ешқашан құда болмаңдар әрі (өзге рулармен) дос болған жағдайдан басқа кезде өзге жақпен байланысты болғандардан әркез аулақ болыңдар, сонда бір-біріңмен аға-іні (туыс) боласыңдар (ағайындықтарың жоғалмайды). Ей, менің мұғул інілерім, өзін билеп-төстейтін адамы, яғни күйеуі бар әйелмен оңаша қалмаңдар. Үңгір мен қатпарлы таулы аймаққа (көшіп) алыстап кетпеңдер», - деді. (Осымен әңгіме) аяқталды.» (17)

Керей хандығы бұл соғыста 40000 әскермен соғысып басында татардың бір бөлігін жеңгенімен соңында ойсырай жеңілгені айтылған. Деректің ыңғайына қарағанда сол кезде керейде екі билеуші болған тәрізді, бірі осы Сарығ хан. Енді бірі Құрчақұз бұйрық хан. Осы реткі татармен болған соғыста Сарық хан жеңілген соң Құрчақұз керей елін тұтас біріктірген тәрізді. Осымен ұқсас уақытта «Моңғолдың құпия шежіресінде» былай делінеді:

 «Оң хан еті жасында меркіттердің қолына түсіп, бөрте лақтың терісін киіп, Селеңгінің Буыра керіне дейін барып, меркіттің бидайын түктеп күн көрген еді. Әкесі Құршақұс-бүйрық хан меркіттермен соғысып жеңіп, үлын алып келген-ді. Ал, мына Тұғырыл хан он үш жасында әкесімен бірге татардың Ажай ханының қолына түсіп, оның түйесін баққан болатын. Сөйтіп, Ажай ханның қойшыларымен ілесіп қашып, үйіне келеді.»(18)

Тұғырыл татарға қолды болатын соғыста осы кезде болған. Сарық хан әскері қырылып әлсіреген кезде Құрчақұз оны ығыстырып шығарса керек. Кейінгі Сібір хандығын құрған Тайбұға әулеті осы Сарығ ханмен қатысты деген дерек бар. Тұғырылды қайтарып әкелуге Құрчақұздың шамасы келмедіме ол жағы мәлімсіз, бірақ ол алдымен керей елін бір ту астына топтауды бірінші кезекке қойса керек. Сондай ақ моңғолдармен одақтасқан. Оның әйелінің бірі Төреқаймыш Сарық ханның қызы, одан Темір тайшы, Иұла мағұс туған, олар Елма қатұннан туған Тұғырылмен таққа таласқан.

                                                   

Татар хандығының жойылуы

12- ғасырдың соңында бір тұтас татар тайпалар одағы ыдырауға беталды, алты тайпаның өзі алауыз болды,  ақыры сол алауыздық түпке жетті. Татарлар өзара алауыздықпен қоса Алтан хандығыныңда қалаларымен аймақтарын шабады. Алтын хандығыда бұл кезде құлдырай бастаған болатын. Бірнеше рет әскер шығарып жеңе алмай ақыры татарды сахаралықтар арқылы жоймақ болып керей ханымен одақтасады. Керей Тұғырыл хан мен шүршіт патшасының қарым – қатынасы туралы Марко Поло деректерінде келтірілген. Рашид Ад-Дин бойынша бұл 1169 жылы болған:

«Татар руының Алтан ханға  бағынбауының  және оған бағыныштылық танытпауының себебін, олардың Алтан хан және әскеріне қарсы  тұруға күштерінің жоқтығынан, сондай- ақ жағдайларының шарасыздығы мен Алтан ханның әскерлерінен құтылу үшін әйелдері, балалары, табындары және отарларымен бірге, (сондай-ақ) әулетінің мүшелерімен және малайларымен (бірге) көшіп кетіп, жеңіліс тапкан (рухы түскен) күйде келе жатқаны туралы Шыңғыс ханға хабар жетті.

(Негізінен сол кездегі) татар рулары күшті, саны жағынан көп әрі бай болатын. Және олардың әрбірі жайлы өз орнында баяндалатындай, көне vа қыттардан бері Шыңғыс ханның ата-бабалары олармен соғысып жататын.

Сонда Шыңғыс хан (осындай) ыңғайлы сәтті пайдаланып, дереу жақын маңайдағы әскерді жинап, Ұнан өзені бойындағы мекеннен оларға қарсы (жорыққа) аттанды. Сөйтіп, жұрқын руларына да олардың (жорыққа) шығуы туралы хабар жіберді. Содан (Шыңғыс хан оларды) алты күн бойы күтті, (бірақ олар келмеді. Сонда Шыңғыс хан өзінің аз ғана күрен әскерімен (алға) кетті. Улжа (Ұлжа) деп аталатын жерде ол Можын сиултуды тоқтатып, оның әскерін қиратты, оның (өзін) тұтқындап, өлтірді. Олардың барша табынын, отары мен дүние-мүлкін олжалап алды. Ол олжа кезінде олар күміс бесік пен алтынмен тігілген жамылғы тауып алды. Ол заманда мұғулдар арасында мұндай заттар сирек болғандықтан бұл үлкен (маңызды) оқиға болып, ол (оқиға) кеңінен (тарады) атақты болды.

Бұл іс Алтан ханның және оның әмірлерінің жағдайына (қалауларына сай болғандықтан, (жоғарыда аталған (Унгиң) Чиңсаңға да жағымды келді. Ол Шыңғыс ханды көп мақтап, оған қытай тілінде «Ұлы әмір» дегенді білдіретін «Жаут кури» лақабын берді. Кейіннен ол кері бұрылып, Алтан ханға қайтты. Сол кезде (жоғарыда аты аталған (Унгиң) Чиңсаң керейттің Тұғырыл патшасына «бір мемлекеттің патшасы» дегенді білдіретін Уң хан (Оң хан) деген лақап (ат) берді» (19)

Татарды жою соғысында татардың Можын сиулту атты билеушісінің аты аталады, кейін тағы Жалынбұқа атты көсемінің аты аталады. Тұғырыл ханның бала кезінде татардың Ажай атты ханы болған екен. Ол керейлерді шауып Тұғырылды шешесімен қоса тұтқынға түсіреді. Осы сұрапыл соғыстан соң татарлар сахарадағы үш үлкен күштің бірі болудан қалады. Алтын патшасы ендігі жерде керей ханына атақ мәртебе силап, оған бір қала тарту етеді. Ордос әсілі татарлар иелігінде болса керек, кейін оны Тұғырыл ханның қыстауы етеді. Осы соғыста Шыңғысхан иерен ерлік көрсетіп, зор еңбек сіңіреді.

1201 жылы (таулай жыл) моңғолдардан Тарғұтай қырылдақ бастаған тайшығұттар, Жамұқа бастаған жажыраттар, Бақу-шорық бастаған қатағандар,  Шіркітай батыр бастаған салжығұттар, Қашқынбек бастаған дүрбендер, Түге мақы бастаған икірестер, Терге , Емел бастаған қоңыраттар, Ақ шойық бастаған құраластар және татардың Жалы бұқасы, найманның Күшегур бұйрық ханы , меркіттің Тоқта бегі, ойрат құдұқа бек бәрі жиналып  Алқай бұлақ деген жерде бас қосып, ақ айғыр сойып серттесіп, Жамұқаны «гүр хан» сайлап , Тұғырыл мен Темужінге қарсы аттанбақ болды. Екі жақ Күйтен деген жерде ұрысады, найман Бұйрық хан мен Құдұқа бектің күн жайлататын сиқыры бар екен, соны іске қосып еді, дұғалары өздеріне кері дарып, әскерлері аязда қол аяқтары үсіп, таудан домалады, «тәңір бізді керіне алды» деп олар бет-бетіне қашып, тоз-тоз болды.

1199 жылы керей хандығы мен моңғолдар татарларды толықтай талқандау жорығына аттанады, әскерді Шыңғысхан бастайды, ал Тұғырыл өз әскерінің бір бөлігімен меркіттерге аттанады. Шыңғысхан татарларды ойсырата шауып бас көтерер еркек кіндіктілерін биік арбаның  доңғалағына өлшеп бойы асқандарды түгел қырады.

Ал моңғолдың құпия шежіресінде бұл 1202 жылы болған делінген. «Сол жылы қыстап, ит жылдың (1202) күзінде Шыңғыс қаған ақ татар, алшы татар, алуқай татармен Далан немүргіс деген «жерде соғысудан бұрын: «Жауды жеңер кезде олжа айналып қалмаңдар. Жауды жеңген соң оның дүниесі қашанда біздікі. Сондықтан оны бөлісу оңай. Егер біз шегінер болсақ, ең алғаш шабуыл бастаған жерге тез оралу керек. Болжалды жерге келмеген адамдар өлтірілсін!» - деп әмір етеді. Далын немiргi деген жерде татарлармен соғысқанда олар қашып кетеді. Оларды куа соғысып, Ұлқүй шілугелжі деген жерде басып алады. Ак, татар, алшы татар, алукай татар, татауыт татарлардың билеушілерін жаныштап, халқын иеленген кезде, алғашқы айтқан заңын Алтын, Құшар, Даридай үшеуі бұзып, олжаға айналсоқтап кешігеді. «Айтқан сөзде түрған жоқ, тоқтатқан рәсімді орындаған жоқ» деп, Жебе мен Құбылай екеуін жіберіп, олардың олжаланған жылқылары мен дүние-мүліктерін түгелдей әкелдіреді.

Шыңғыс хаған татарларды жойып, бәрін иемденгеннен кейін алтын әулетін бір үйге жинап, ел-жұртына қайту туралы үлкен мәслихат шақырады.

Алдына тәңір келтірген, Ата-бабамызды өлтірген, өшін алып, кегін қайтарып, мына малғұн татарды мәңгі типыл етейік. Майдалаған атызды манадай таптап өтейік. Мұндай қатын-баласы мылқау жандай күң болсын. Мәңгі-бақи әр үйде мұңлы-шерлі құл болсын», - деп кеңесіп, үйден шыққанда татардың Дәу Шеріні Белгiтейден: «Сіздер не деп кеңестіңіздер?» - деп сұрайды. Сонда Белгiтей: «Сендердің бәріңді арбаның өзегіне өлшеп, онан бойы асқандарды түгелдей қырмақ болдық», - дейді. Белгiтейдің бұл сөзін естіген Дәу Шерін қалың татарға жар салып, бір камалға (бекініс) жинайды. Біздің әскерлер олардың бекінісін бұзу үшін көп шығындалады. Бекініске жиналған татарларды әрең иемденіп алып, арбаның өзегімен өлшеп қырғанда, әрбір татар жастығымызды ала жатайық» деп, жеңіне пышақ тығып алғанықтан, біздің әскерлер тағы да көп шығында Татарларды арбаның білігімен өлшеп қырып бол Шыңғыс хаған: «Тұқым-жұрағатымыз тұтастай жиналып  кеңескенімізді Белгiтей айтып қойып, біздің әскерлерімізді үлкен шығынға ұшыратты. Бұдан кейін үлкен мәслихаттарға Белгiтейді кіргізбеңдер. Кеңес болған кезде Белгiтей даладағы істі басқарып, төбелес-жанжал мен ұрыс-керісті тексерсін. Мәслихат бітіп, шарап ішілгеннен кейін Белгiтей мен Даридай екеуі кіруге болады», - деп әмір етеді.

Сол кезде Шыңғыс хаған татардың Еке Шерiнiнiң қызы Есүгінді жар етіп алады. Шыңғыс хаған жылы шырай көрсеткен соң, Есүгін ханым: «Хаған ұйғарса, мені адамға санап асыратар. Менің әпкем Есүй менен де артық, хағанға ылайық сұлу еді. Тек әлгі қақтығыста қайда кеткенін білмей қалдым», - дейді. Сонда Шыңғыс хаған: «Әпекең, әлбетте, сенен сұлу болса, оны іздеттірейік. Әлекең келсе, сен тұрып орныңды бересің бе?» - дегенде, Есүгін: «Хаған ұйғарып, әпекемді әкеп сөйлестірсе, мен тез тайып тұрар едім», - дейді. Сөйтіп, Шыңғыс хаған әмір етіп іздеттірсе, Есүй ханымның өз күйеуімен бірге қашып бара жатқанын біздің әскерлер көріп, Есүй ханымды ұстап әкеледі, күйеуі қашып кетеді. Есүгін ханым әпкесін көрген соң, айтқан сөзіне жетіп, өзі тұрып, отырған орнына оны отырғызып, өзі аяқ жағына орналасады. Есүгін ханымның айтқанындай, Есүи ханым шынында да сұлу болғандықтан, Шыңғыс хаған кешірім етіп, ханымдар қатарынан орын бергізеді.

Татарларды жайпап болып, бір күні Шыңғыс хаған үйінің сыртында, Есүй ханым мен Есүгін ханымның ортасында, тамақ ішіп отырғанда, Есүй ханым катты күрсінеді. Шыңғыс хаған бұдан сезіктеніп, ноян Борши мен Мұқылайды шақыртып алады да: «Сен екеуің осында жиналған барлық халықты тайпа-тайпасымен жікте. Бөгде аймактын кісісін басқа аймақта қалдырып жүрмендер». - деп әмір етеді. Сөйтіп, барлық жұртты тайпа-тайпасы бөлгенде, бір сұлу жігіт оқшау қалады. «Сен кімсің?» деп Дәу Шерiнiнiң қызы Есүйді сұрағанда, ол: «Татардың Дәу Шерiнiнiң кызын алған күйеуі едім. Жаудың қолына түсуден қорқып қашып кеткен болатынмын. Енді тынышталды ғой деп ойлап көптің ішінен тани қоймас деп келіп едімˮ деді. Бұл сөзді Шыңғыс қағанға айытқанда ол былай жарлық берді: «ол жападан жалғыз қаңғып жүріп осында арам оймен  келген ғой, ондайларды арбаның доңғалағына өлшеп қырмап па едік? Енді аянатын не тұр? ˮ деді. Ол табанда өлтірілді.»(20)

Татар сынды 350 мың халықты Шыңғысхан дерліктей қырып тастады деу ақылға симайды. Татарлардың әліде кемі 5000 жауынгері үй ішімен найман хандығына кетеді, 1204 жылғы соғысқа қатысқан. Ал соғыста кемі 40-50 мың бас көререр еркек кіндікті қырылған соң қалған бала-шаға, кәрі-құртаңды, әйелдерді моңғолдар бөліске салған. Олар өздерін иемденген рудың атымен кеткен, ішінара өз тектерін ұмытпағандар кейін қайтадан татар руының атын жаңғыртқан. Шыңғысхан татардан Иесүй, Иесулұн атты екі әйел алады. Шыңғысханның татардан асырап алған асыранды ұлы Шикіқұтұқу кейін ұлыстың атақты төреші заңгері болады.

«Алайда Шыңғыс ханның мемлекетінің басталу уақытында да, кейін де мұғул рулары да, мұғул емес рулар да өздерінің әулеті үшін татарлардан қыз алып, оларға да (қыз) беретін еді. Шыңғыс хан да олардан əйел алған, оның әйелдері қатарынан Иисулун (Есұлын) мен Иисуган (Есуған) татар қыздары болатын. Шыңғыс ханның үлкен ағасы Жучи Қасар (Жошы қасар) да олардан қыз алған. Басқа да көптеген әмірлер олардың қыздарын (өзі үшін) алған-ды. Осыған байланысты олар ешкімге білдірмей кейбір татар балаларын жасырып қалды. Шыңғыс хан мың татарды Жошы қасарға өлтіру үшін берген болатын. Ол өзінің әйелінің көңілі үшін әрі аяушылық танытқандықтан олардың бес жүзін өлтіріп, ал (қалған) бес жүзін жасырып қалған-ды.

Кейін (ол жағдай) Шыңғыс ханға белгілі болғанда, ол Жошы қасарға ашуланып (келесідей) ескерту айтқан болатын: «Жошы қасардың жасаған айыптарының бірі – осы». Оның осындай екі-үш өзге айыптары да болған. Бұлар туралы оған арналған дастанда баяндалатын болады. |

Соңында Шыңғыс ханның татар руына деген ашу-ызасынан олардың (басым бөлігі) жойылып, біразы әртүрлі бұрыштарда әрқайсысы (белгілі бір себептермен (тірі) қалды. Және әмірлер мен олардың әйелдерінің үйінде, ордаларда жасырып қалынған татар руының балалары болса (өсіріліп) тәрбиеленді. Кейбір өлімнен аман қалған жүкті әйелдерден (татар) балалары туылды. Қазіргі кездегі татарлар тайпасы деп аталып жүргендер солардан туылған болатын. Ол жамағаттан шыққандардың кейбірі Шыңғыз ханның дәуірінде де, одан кейін де ұлы әрі құрметті әмірлерге және ордада (қызмет ететін) мемлекеттің сенімді адамына айналды. Оларға «утагу буғул» жағдайы қолданылатын... Содан олар Шыңғыз ханның уақытына дейін әрдайым бір-бірімен соғысып жатты. Әр жақтан да (әскер шығып бірі) екіншісінің еліне кіріп қырып-жойып, тонап кететін еді. Шыңғыз хан мен оның ұрпақтары жайлы дастанда толық айтылатындай, Шыңғыз хан барлық татар рулары мен қытай патшаларын (өз) қылышының азығы етіп, бәрін әлсіз етіп, өзінің тұтқындарына айналдырды. Және барша уәлаятын бойсұндырып, өз тағының астына алды. Оны (бұл биліктің жалғасын) біз қазіргі уақытқа дейін көріп келеміз» (21)

1203 жылы Шыңғысхан керей хандығын жойғаннан кейін жасағы 45-50 мыңға жетті. Ендігі жерде сахараны бірлікке келтірудегі ең соңғы кедергі найман хандығы еді. Шыңғысханға қарсы моңғолдар, керейлер, меркіттер мен татарларда наймандар жағына шықты.

«Сосын олар келесі жолы, қайтадан сол тышқан жылының күзінде жиналып, Құбылай мен Жебені алдыңғы әскер етіп жіберді. Ал Таян хан Қаңқай өңірінің шекарасында, Алтай өзені аңғарында тұрған еді. Алға жіберілген (жансыздар) кері қайтып келді.

Меркіттердің патшасы Тоқта, керейттердің сол жакка кашкан әмірлерінен Әлін тайшы мен көсемі Құтыка бек болған ойрат руы, жанжират руынан шыққан Жамука, дүрбен руы, татар-қатаған және салжуыт қауымдары - барлығы Таян ханның алдына жиналды.

Түн кезі болғандықтан, сондай-ақ Таян ханның әскерлері жеңілгендіктен, ал Шынгыз ханның әскерлері оларды қуып бара жатқандыктан, кашкындар катты корыккандықтарынан өтуі қиын тауларға кіріп кетті. Түнде найман әскерінің көпшілігі тайып кетіп, сырғанап, тік кұламалар мен шығуы қиын Наку Кун деп аталатын жартастан құлап, өлім тауып жатты. Бұл оқиға мұғул руларының арасында белгілі әрі өте танымал. Бұл соғыста дүрбен, татар-қатаған және салжуыт руларының барлығы мойынсұнып, Шыңғыс ханның қызметіне келді» (22)

Нақу қоң соғысында одақ қосын жеңілген соң татарлардың қалдығы бағынады. Тек меркіттер бағынбай кетеді. Шыңғысхан осы топ татарларға қарата қырғындау жүргізгені деректерде айтылмаған. Сондада бір топ татарлар бағынбай кетсе керек, Алтайдан батысқа қашқандар Батыс сібірге қашса керек, Сібір татарларындағы татар руы солардың сынығы болса керек.

Ал бағынған татарлар кейінгі Моңғол империясындағы айтулы рулардың бірі ретінде империядағы төрт ұлысқа таралады. Юань империясында татарлар 1-сортты халық моңғолдарға жатқызылады. Ал Алтын ордада 92 рудың бірі татарлар болған.

«Алшы-татар руынан да бұл мемлекетте (Иранда) құрметті де, атақты және (олар туралы) жазуға лайық ешкім жоқ. Алайда Жошы ұлысында, Жошының улкен ұлы Батудың бәйбішесі Бурақчин (Бұрақшын) атты (әйел) алшы-татар руынан еді. Сол ұлыстың патшасының бірі Тудай Муңганың (Тудай мұңғаның) әйелі Тура Қутлук (Тура Құтлық) та осы рудан шыққан. Батудың әмірлері, арасынан бұл рудан шыққан Ит Қара есімді ұлы әмір бар болатын. Сол ұлыстың патшаларының бірі Муңга Тимур (Мұңға Темір) әмірлерінің арасында сол рудан (шыққан) Биктимур (Бектемір) атты ұлы әмір бар болатын.

Шығу тегін анықтауға мүмкін болмаған және қай рудан шыққаны белгісіз татар әмірлері арасынан Йисун Ту ақтачи (Есенту ақташы) атты біреу бар еді. (Ол) Шыңғыс ханның төрт кизик (кезік) ақташыларының әмірі, әрі Шыңғыз ханның жеке мыңдығы құрамындағы жүздіктің бас сардары еді. Ол Бөрте ужиннің ұлы ордасына тиесілі болатын. Оның Бикдаш (Бекдаш) атты ұлы болған. Құбылай қаған оны елшілікпен Хұлағу ханға жіберген болатын.» (23)

Жошы ұлысындаға татарда, алшында сол татар руларынан келсе керек. Алтын ордадағы белгілі рудың бірі татарлар. Ал алшындар кейін қазақтың кіші жүзіне кіріп «кіші жүз алшын» деп аталды, бірақ кіші жүз тегіс сол алшын дегенді білдірмейді, алшын сондағы рулар одағының ұйытқысы. Кіші жүздің бірталай рулары көне көктүріктің рулары ( Түрке, беріш, себек, шекті, шөмекей) , тағы бір тобы теле тайпалары( Таз, төлес, телеу, шеркеш т.б) , табын, тама моңғолдың әскери жүйесінен шыққан. Керейт керей хандығының ұйытқы тайпасы. Адай, сағал(қарасақал), жағалбайлы Хакасия мен Тыбалардада кездеседі. Ал байұлы баяуыттың қыпшақша айтылуы десек аты аталған рулардан өзгелері сол алшын мен баяуыттан тараған рулар болуы мүмкін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Уей тарихы. Шығай тарауы
  2. Күлтегін бітіктасы
  3. Мойынчор бітіктасы
  4. Әбілғазы Баһадүр хан. Түрік шежіресі
  5. Бес әулет тарихы
  6. Ляоши
  7. Құдұд әл әләм
  8. Махмұд қашқари. Түрік тілдер сөздігі
  9. Бес әулет тарихы
  10. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  11. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  12. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  13. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  14. Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих. 1- том
  15. Моңғолдың құпия шежіресі. 1- тарау
  16. Моңғолдың құпия шежіресі. 1- тарау
  17. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  18. Моңғолдың құпия шежіресі
  19. Рашид ад- дин. Жамиғ ат- тауарих. 1- том
  20. Моңғолдың құпия шежіресі
  21. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
  22. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 2- том
  23. Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 1- том
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?