Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: Абылай аңсаған азаттық

1861
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: Абылай аңсаған азаттық - e-history.kz
Қазақ халқы талайлы тағдырында ұлтқа ұстын болған хандардан, ел қорғаған батырлардан, кемел билерден кенде болмаған.

Абылай Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Оның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә.

Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті.

Болашағымыз баянды, тәуелсіздігі­міз мәңгілік болуы үшін біз бабалардан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өткізіп отыруға тиіс­піз. Өйткені, біз Абылай бабамыз арман­даған осы күнге оңайлықпен жеткеніміз жоқ.

Ел арасында Абылайдың арманына байланысты айтылатын тәмсіл бар. Ақтық сәтінде: «Хан ием, не арманыңыз бар?» деп сұраған Бұқар жырауға Абылай хан: «Үш арманым бар. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екіншісі, халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», деген екен.

Әрине, сыртқы жауға қарсы қазақтың басын біріктіріп, халқын азат қыламын деп аттан түспеген ардақты ханның ел келешегіне қатысты арманы аз емес еді. Бірақ ауызбірліктің дұрыс болмауынан Абылайдың көп арманы заманында орындалмай қалды. Маңдайына бақ пен соры қатар жазылған Қазақ елі Абылай хан өмірден өткеннен кейін де тағдырдың талай тауқыметін тартты. Ырысын қашырған алауыздықты, «бас басына би болған өңкей қиқым» заманды, ұлттық болмысымызды жоймақ болған тоталитарлық саясаттың тепкісін көрді. Алайда ертеңгі күнге деген үмітімізді өшірмей, бәрінен өттік. Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Байтақ өлкеміздің шекарасын заман талабына сай халықаралық нормалармен бекітіп, әлемдік қауымдастықты мойындаттық. Сол арқылы көршілерімізбен мәңгілік достыққа, өзара тиімді сауда-экономикалық, мәдени байланыстарға негіз қаладық. Бұл күнде ешқандай елдің Қазақ жеріне қатысты дауы жоқ.

Ең бастысы, біз бабалар аманат еткен киелі жерімізде құрған мемлекетімізде ынтымағымызды сақтай білдік. Соның арқасында берекелі бірлігіміз төрткүл дүниеге мәлім болды. Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан Тәуелсіз мемлекетке айналды. Қандай қиын-қыстау замандардан өтсе де елдігін жоғалтпаған қазақ халқы Абылай армандаған мамыражай бейбіт өмірді көрді. Абылай мұратының орындалғаны осы емес пе?!

Олай болса, қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде хандық құрып, тұтастай бір мемлекеттер жер бетінен жойылып кетіп жатқанда елге, жерге қорған болған айтулы Абылай ханның 300 жылдығы – жалпыұлттық ұлағатты той. Ал республикалық деңгейдегі кез келген мерекелік шара ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілікті нығайтуға қызмет етуі ләзім.

Осы орайда Абылай ханның ұлағатты өмір тарихын ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге ету керек. Жас ұрпақ Абылай ханның Қазақ елінің тарихындағы алар орнын жақсы білуге тиіс. Бұл кейінгі буынның жүрегіне отаншылдық нәрін егіп, бойында мемлекетшіл қасиеттердің өркен жаюына ықпал етпек. Мемлекет тарихын, даңқты бабалары жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарысын, қилы кезеңдері мен тағдырлы шешімдерін, ақтаңдақ беттері мен дара тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады. Ол үшін біз ұрпақ алдындағы өз міндетімізді толық атқарып, жастардың ой-санасының дұрыс қалыптасуына барынша жағдай жасауымыз қажет.

Әрине, Абылай хан зерттелмей қалған тұлға емес. Қазір ұлттық тарихымыз тәуелсіз жаңа көзқарас тұрғысынан түбегейлі қайта зерделенуде. Ал аумалы-төкпелі аласапыранды бастан кешкен Абылай ханның заманы – алыптар дәуірі. «Болу немесе бордай тозудың» алдында, өмір мен өлімнің беттескен тұсында дұшпанға қарсы тізе қосып, Абылайдың қасынан табылған үзеңгілес серіктері де ақылы озған абыздар, төрелігі әділ билер, жүрегі түкті батырлар еді. Атамекен жері үшін қасықтай қанын қиған даңқты бабалардың аттары ұрпаққа ұран болып бүгінге жетті. Тарих – тағылым. Сондықтан, Абылай хан мен оның дәуірін, сол тұстағы жыраулар мен абыздарды, билер мен батырларды бар болмысымен жас ұрпақтың санасына сіңіру керек.

Мен халыққа арнаған сөздерімде ел бірлігі, ұлт татулығы – игіліктің кепілі екендігін айтудан жалыққан емеспін. Осы жолда бар қажыр-қайратымды жұмсап келемін. Өйткені, бірлігі тайған елге бақ құтаймайтынын осынау азды-көпті жиырма жылдың ішінде өзгенің тәжірибесінен сан рет көрдік. Берекенің бастауы елдің ынтымағы екеніне де Тәуелсіздігіміздің ғасырға бергісіз алғашқы белесінде куә болып отырмыз.

Өткенінен сабақ алмаған ел табысқа жете алмайды.

Сонау қилы замандарда қазақтың жерін жоңғар басып алса, ол қазақ сар­баздарының немесе қазақ ұлтының әл­сіздігінен емес, бірлігін құнттай алма­ғандығынан, ағайынның алауызды­ғы­нан және заманның көшіне ілесе ал­мағанынан болатын. Ал адуынды жаудан қасиетті жерімізді азат етіп, жоң­ғар әскерін оңалмастай етіп жеңсек, ол да бар күшімізді бір қолға, Абылай хан­ туының астына жинаған тастүйін бір­лігіміздің, ынтымағымыздың арқасы еді.

Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен, армандап кеткен Қазақ елінің Тәуелсіздігіне біздер, бүгінгі буын қазақстандықтардың жеткені үшін де шексіз тәубе айтып, бөлінуге бастайтын жершілдік пен рушылдық дертінен арылған жөн. Себебі, бүгінгі заманның жаңаша түрленген қауіп-қатері кешегіден кем соқпайды. Ендеше, Абылайдың арманына қазіргі Қазақстан қол жеткізгенін ерекше мақтан тұтып, ішкі ынтымағымызды, сүттей ұйыған татулығымызды сақтауға қызмет ету баршамыздың парызымыз.

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, ағайын!

Дерек көз: egemen.kz
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?