Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қыпшақ хандығы

2841
Қыпшақ хандығы - e-history.kz
Қыпшақтар Қазақ орта жүзіндегі алты арыстың бірі.

Қыпшақтар Қазақ орта жүзіндегі алты арыстың бірі. Дегенмен қыпшақтар орта ғасырлық тарихта өте үлкен патшалық құрған, олар ертістен Денепрге дейін созылып жатқан ұлан қайыр даланы өздеріне қаратты, қазақ даласының көп бөлігіне екі ғасырдай иелік етті. Арине жоқтан бар пайда болмайды, осы күшті тайпалар бірлестігі ең алғашта көк түрік заманында сыр ендалар деген атпен қалыптасты, олардың тегі ғұндар мен деңлеңдерге барып тіреледі, олар Байқалдың батысымен Алтай таулары аралығында өмір сүрген болатын.

 «Кейіннен Модон терістіктегі Ғұнру (浑窳), Құтша (屈射), Деңлең (丁零 ), Сенле (薪犁 ), Кегүн (鬲昆 ) ұлыстарын бағындырды. Сол үшін Ғұн ақсүйектері мен ұлықтары Модон тәңірқұтқа ерерк сүйініп оны білге деп атады». ( Тарихи жазбалар 110-бума, Ғұн баяны. Сыма Цэян)

Кей тарихшылар осы деректегі құтшаны қыпшақтар деп қарайды, бірақ бұл толық дәлелденген жоқ. Бірақ олардың орналасқан жағрафиялық  ортасы кейінгі сыр ендалардың мекеніне сәйкес, ғұнның Шөже тәңірқұты осы жерге бірәз елімен келген болатын, ол ғана емес деңлеңдерде осылай қарай беттеген болатын.

Түркі қағанаты заманындағы сырендалар

«Телектердің арғы аталары Ғұндардың ұрпағы. Олардың түрі орасан көп, батыс теңіздің шығыс жағалауынан бергі тау мен сай саланың бәрінен оларды кезіктіруге болады. Тоғыла өзенінің солтүстігінде бүкіт, тоңыра, құйғыр, байырқы, бұғыра рулары; бұлар тула өзенінің солтүстігінде тұрған; Мөнден, танағыр, сегет, ғұн, қоқсыр, деген арыстарының соғысқа жарамды адамы 20 мыңдай. Үбірдің батысы мен Әнгенің терістігіндегі ақ тауды қапталдай қыбыт, бұлақшық, едер, сұба, нағар, оғыз, қырғұт, ядыр, иүрегірлер отырады. Бұлардың да соғысқа жарайтын адамы 20 мыңдай. Алтайдың батыс күнгейінде сыр-енда, тайнақ, зыбан, дарқыттар мекендейді. Бұларда жорыққа 10 мыңдай адам аттандыра алады.» ( көне таңнама)

Сыр ендалар сыр және енда деген екі тайпаның атынан шыққан, олар әжептауыр күшты тайпалар одағы. Жалпы теле тайпалары 108 мың атты қосынға ие болатын, 546 жылы түріктер нонелерге аттанған телелерді тұтқиыл шабуыл жасап бағындырып алдыда түрік қағанатын құрды.

«Теле ғұнның өзге атасынан. Түрік күшейгеннен бастап теле ұлысы торғайдай тозып әлсіреді. 618-626 жылдары сыр енда, қыбыт, ұйғұр, тыба, құрықан, төленгіт, бұқыт, байырқы, тоңыра, хұн, сегет, қоқсы, қығыт, едіз, ақ септер маңғар шөлдің солтүстігіне бытырай қоныстанды.»

Сыр ендалар түрік қағанатының құрамындағы ең белді тайпалардың бірі болған. Түрік қағанаты екіге бөлінгеннен кейін олар Шығыс түрікке қарады, 7- ғасырдың бастабында түрік қағанатының керағар саясатының кесірінен бағынышты теле тайпалары одан бет бұра бастады, шығыс түрік қағанатының құлауының түпкілікті себебіде осында. Түркілерді Таң патшалығы жойған емес, керісінше ел ішіндегі былықпалық жеткен.

«Сыр енда өз әулет есімін сыр деп атады. Арғы аталары енданы талқандап олардың еліне үстемдік еткендіктен сыр енда аталып кетті. Олардың шен лауазымы, әдет- ғұрпы, қару- жарағы түріктермен ұқсас.  605-618 жылдары Батыс түріктің Шора қағаны мықтап күшейгенде , теле ұлыстары соған бағынды. Шора қағанның алман- салығы шектен шығып, сыр енда қатарлы ұлыстар оған наразалақ білдіргенде , ашуға булыққан Шора қаған олардың 100 ден аса ұлыс басыларын  қырып тастады. Осылайша телелер бірінен соң бірі бүлік шығарды. Барлығы ақыл қоса отырып Қыбыт Қалынды Емучын баға қаған деген лауазыммен тахқа отырғызды. Тамған тауының теріскейіне орда тікті, сыр ендада Шыбараны ядыр кіші қаған деген атпен қаған көтеріп Емер тауының теріскейін мекендеді. Батыс түріктің шағыр қағаны күшейгенде сыр енда мен қыбыт ұлыстары қағандығын жойып оның қолтығына кірді.  Сол үшінде ұйғұр сияқты алты ұлыс шығыс жағындағы шібір қағанға, Алтай тауындағы Шібара ұлыстары батыстағы Ябғұ қағанға бағынды.

628 жылы Ябғұ қаған дүние салып елі қатты былықпалыққа түсті, Шыбараның немересі Інан 70 мыңнан аса түтінді бастап келіп Шығыс түрікке паналады. Кейін Елік қағанның үстемдігі әлсіреген кезде жасағымен Елікке тап беріп оны ойсырата жеңді. Осылайша Еліктің тайпалары онан бет бұрып Інәнға бағынді де бәрі бірігіп оны қаған көтермек болды. Інән көнбеді, Елікті бір жолата жоймақ болған Таң тәйзұң жортуыл санғұн Чияу Сыуаңға орда таңбасы басылған жолдаманы сыр ендаға жеткізіп ,Інәнға інжу білге қаған лауазымы берілгенін жариялауға және дабыл, байрақ тапсыруға жіберді. Інан қатты қуанып сарайға өзінің жергілікті өнімдерінен тарту ұсынды, әрі ордасын дешті құмның солтүстігіне Өтукен тауының бауырына тікті. Ол астанаға 6000 шақырым жер еді. Оның иелінің шығысы мүркетке( тұңғыстар), батысы батыс түрікке, оңтүстігі құба шөлге, солтүстігі Құлын суға жетті. Ұйғұр, байырқы, едіз, тоңыра, бұқыт, сеп сияқты үлкен ұлыстардың бәрі оған бағынды. 626 жылы Інән інісі Тоң тегінді сарайға елшілікке жіберді. Тәйзұң оған ерекше ілтипат көрсетіп алмас семсер және дырау қамшы ұсынып:" Егер қоластыңдағылар үлкен қылмыс жасаса қылышпен басын ал, егер ұсақ қылмыс жасаса қамшымен шықпырыт" деді. Інан төтенше қуанды. Келесі жылы түрік Елік қаған ұлыстары тынышталған соң қорғанның терістігі иен қалды да , Інән ұлысын бастап шығысқа көшіп бұрынғы мекеніне қайта қоныстанды. Ордасын Дуакен тауының теріскейіне, Тула өзенінің күнгейіне тікті. Шығысы шығаймен(һинган тауы) , батысы Алтайға, күнгейі түрікке(Ордос) , теріскейі Қаңғайға ежелгі Ғұндардың байырғы мекеніне тірелді, соғысқа жарамды адамы 200 мыңға жуық, екі ұлына ұлыстарын бөліп басқартты.» ( көне таңнама)

Тарихтағы Шығыс түрік қағанатын жойған шын мәнісінді сыр енда, ұйғұр, байырқы ұлыстары екендігі өзі айтылып отыр, таң патшалығы тек солармен сәйкесу ролын атқарған. Түрік қағанатының орынына сыр енда қағанаты құрылды. Бірақ 200 мың атты қосыны бар сыр енда Таң империясы үшін қауыпты еді, олар іріткі салу саясатын жүргізді. 627 жылы 100 мың әскермен Таңды шауып жеңіліске ұшыраған Елік қаған бастаған түріктер ол кезде Сары өзеннің оңтүстігінде еді. Ордоста қоныстанған олардың елбасы Сымаға таңдықтар қаған атағын береді, осылайша сыр енда мен түрікті бір- біріне айдап салады.  640 жылы Тәйзүң патша тайшанда тілеу жасауға аттанып оның қосыны солай беттеген орайда Інән Сымаға тап бермек болады. Ұлы Тардұш чадқа 200 мың әскермен дайын тұруға бұйырады. Түріктерге қоса таңдықтардан неше түмен әскер қатысады, алдымен сыр енда жеңіп оларды тықсыра қуады, алдын тоспақ болған таңдықтарды жебенің астынан алады. Одақтас қосында барын салып соғысты,Тардұш шад соңынан төтеп бере алмай шегінді, Інән түріктермен жараспақ болды. Келесі жылы сыр ендалықтар таңдықтармен құдаласпақ болып Шыбара низек іркінді жіберді, Тәйзұң мақұл болып Гүлден ханшаны атастырды. Інән қалың малымен өзі бармақ болғанда ябғұларымен чадтары бармауға кеңес берді.  Айдатқан қалың малдың жартысы жола қырылғандықтан таңдықтар құдалықты бұзды. Сыма да бірнеше рет сыренданы шапты. Сыр ендада Төліш бастаған қосынын жіберді. Сол жылы таңдықтар Корейге жорыққа аттанып кетті, мүркеттер сыренданы таңға шабуылдауға желіктірді. Бірақ ол ұнамайды, көп ұзамай Інан қайтыс болады, оның кіші ұлы Ісіл ябғұ көтеріліс жасап ағасы төліш қағанды өлтіріп , Ел күл шад істеми қаған деген атпен таққа отырды. Ол елге қайырымсыз адам болғандықтан елді тоздырады. Таң еліне шабуыл жасап түрік әскер басы Сапыш сілік оны жеңіп неше түмен әскерін тұтқындады, өзі қашып кетті. Көп ұзамай ұйғұрлардың қолынан өлды, аман қалған 50-60 мың адамы батысқа қашты.  Таң әскері мен түрік әскері Моңғол сахарасына шабуылға өтті, ұйғұрлар төтеп бере алмай тізе бүкті.  Осыдан кейін батысқа кеткен сыр ендалар Інанның ағасының ұлы Табықшыны Етмыш қаған деген атпен таққа отырғызды. Ол 60-70 мың адамымен келіп таңға бағынды. Бірақ сенімге кіре алмай басы алынды, 5000 нан аса адамы қоса қырылып , 30 мыңы тұтқын болды. Осылайша түрік қағанаты жойылды, оның түбіне кесірлі саясат, теле тайпаларының бүлігі, табиғи апат, таңның орайдан пайдаланып шабуылдауы жетті. Дегенмен таңдықтар тек Ордостағы түркінің қыстауын басып алды, түріктер тізе бүкті, тура 50 жыл. Ал ұлы дала сыренданың билігінде қала берді, тура 646 жылға дейін.

Оны таң деректеріде растайды. Таңдықтар сахаралық телелерден пайдаланып Елік қағанды 100 мың қолымен қолға түсірді. Сонан бағынған түріктерді пайдаланып сахарадағы телелерге шабуылдап сыренданы жойды, сыр енда Алтайдың батысына жылжыды.

 «646 жылы сыр енда бүлік шығарды, Ли Жи жарлық бойынша 200 атты әскермен барды да, түріктердің әскерлерін ертіп барып сыр ендаға шабуыл жасады. Өтукен тауына барғанда сыр ендалықтарды күйрете талқандады. Олардың аға ұлыс басы Тешын тарқан әскерлерімен келіп қорғаныс шараларын жасады. Қағандары Табықшы оңтүстіктегі иен даланы бетке алып қашып кетті. Жебеңгер жанайдар Шияу Сіие бағынған елді тыныштандырды да елбасыларын астанаға алып барды.»(көне таңнама . Ли жи)

Удының 9- жылы(625) сыр енда, ұйғұр ұлыстары түріктерге қарсы көтеріліп Үкек шадты жеңді. Шене оларға қарсы шабуылдағанымен олда сыр ендалықтардан жеңілді.

Таң тәйзұң заманы жынгуанның 1- жылы Барқынтаудың теріскейіндегі ұйғұр, сыр енда, байырқы ұлыстары бүлік шығарып Үкек шадты қуып салды. Елік оларды жазалауға Төлені аттандырған еді, ол жеңіліп шағын қолмен қашып келді.( көне таңнама)

Елік күйрегесін оның ұлыстарының бір бөлігі сыр енданы паналады, енді бір тобы батысқа қөарай босты, сарайғада аса көп адам тізе бүкті.

Осыдан көп өтпей Таң патшалығы сыр ендаға хат жазып түріктерді ата мекеніне қайтару туралы сөз қозғайды. Екі ел татуласып берекелесіңдер дейді.

Түркі қағанатының моңғол империясындай құдыретті бола алмауындағы басты себеп өзіне бағынған ұлыстарды өз орынына қалдырып оларды түбегейлі құртқан жоқ. Ал Шыңғысхан басқа тайпаларды түбегейлі жойып оларды өз тайпасына бөліп бытыратып араластырып жіберді, ол тайпалар қайта бас көтере алмады. Ал түркі қағанатында 618 жылдан бастап бұл тайпалардың көтерілісі толастамады, Күлтегін жырындада оның бар өмірі осы тайпалармен соғыста өткені айтылған. Ақыры титықтап құрып кетті.

«Сыр ендалықтар Таң елінің түріктерді Сары өзеннің солтүстігіне қайтарғанын естіп, олар оралады деп ойлап жеңіл атты әскерлерін топтап оларға шабуыл жасауға сақадай сай тұрды. Тәйзұң оларға: Бір- бірлеріңе соқтықсаңдар мемлекет заңы бойынша жазаланасыңдар деді. Сыр ендалықтар: "Мәртебелі патша бізге бір- бірлеріңе шабуыл жасамаңдар деп жарлық шығарды. Жарлықты қабылдамауға батылымыз бармайды. Алайда түріктер екібеткей ,сенімсіз халық. Олар күйремей тұрған кезде патшалықтарыңыздан әр жылы сан түмен адамды қырды. Мәртебелі ағзам түрікті жойғасын, оның халқын құлға айналдырып әр халыққа бөліп беру керек еді. Керісінше оларды бағып- қақты. Бұның соңы кезшуат бүлігіне әкеп соқты. Пақырыңыз шапағатыңызға тәнті, мәртебелі ағзамнан оларды құртуды өтінемін" деді. Бұл кезде Сымаға қарасты ел 100 мың, әскері 40 мың еді, олар Сары өзеннен өткен соң Сыма елін дұрыс билей алмады, халқыда оған бағынбады. 643 жылы олар бірінен соң бірі бүлік шығарды. Ел жұрты Ісілді қаған етіп көтерді. Ол билік басына келгеннен кейін телелердің үстінен аттанды. Сонан сыр- енданың тұтқиыл шабуылына төтеп бере алмай жеңілді.(630?)

Сырендалар батысқа ауғаннан кейін арада бір ғасыр өткеннен кейін сыренда атауы тарих бетінен өшедіде оның орынына қимақ, қыпшақ деген атаулар пайда болады.

Ұйғұр қағанаты дәуіріндегі қыпшақтар

742 жылы түрік қағанаты құлап оның орынына ұйғұр қағанаты құрылды. Ұйғұр қағанатынан қалған мойын чор яғыни Ел етмыш білге қаған бітіктасында : « ... Он ұйғұр , тоғыз оғұз үзе иүз иыл олырұрұп... Орхұн гүз... Түрік... Чақ  иелліг иыл олұрмыш» делінген жол бар, көптеген түркологтар тастағы Чақ сөзін қыпшақ деп толықтап оқиды. Жоғарыда айтылған сыр ендалардың кейінгі қыпшақ бірлестігінің алғашқы сұлбасы деп танысақ онда олардың сахарада 50 жыл үстемдік құрғанын ескерсек дұрыс болып шығар еді. Сонымен бірге ұйғұр қағанатын көзімен көрген авторлар еңбегінде қыпшақ туралы дерек бар.
«Түрік тоғыз оғыздар елі түрік елдерінің ішіндегі ең үлкені. Олар Ас синмен(қытаймен) ат Тубатпен( тибет) және қарлықтармен шектеседі. Одан ары өзеннің ар жағында тұратын халықтар: Қарлықтар, қимақтар, азқыштар, ғұздар, түркештер, шығылдар, қыпшақтар, қырғыздар бар.(Китаб ал – мессалик. Ибн хордадбек)

Бұл дерек 846 жылы жазылған. Бұндағы тоғыз оғыздар елі деп отырғаны ұйғұр қағанаты, оның батысы қарлықтар, шығысы мен оңтүстігінде Таң империясы мен Тибеттер болған. Солтүстігінде қырғыздармен қыпшақтардың қатар ауызға алынғанына негізделсек қыпшақтар қырғыздармен көршілес Алтайдың батыс қапталы , қазіргі Шығыс қазақстанның шығыс аудандары, онымен іргелес Ресей Алтайында жасағанын білуге болады. Бұл 7 ғасырдың ортасында сыр ендалардың Таң империясымен соғысып Орталық моңғолиядан Алтай аса көшкенін еске салады.

Қыпшақ хандығы

Қыпшақ хандығы – шамамен 11 – 13-ғасырларда қазіргі қазақ жерінде өмір сүрген мемлекеттік бірлестік. Қимақ (кимек) қағандығы ыдырағаннан кейін әскери-саяси билік қыпшақ  ақсүйектерінің қолына көшті. Олар 11-ғасырдың 2-ширегінен бастап Арал мен Каспий өңірлерін жайлаған оғыз тайпаларын ығыстырды. Оғыздар Мәуераннахрға, хорезмге, түркімен жеріне, Хорасанға ығысты.  Сол жерлерге барып салжұқтарға бағынды. “Оғыздар даласының” (Мафадат әл-ғұз) орнына Дешті Қыпшақ атауы орнықты. 11-ғасырдың ортасынан бастап қыпшақтар Еділден өтіп, батысқа қарай жылжиды. Кейіннен олар Византия мен Болгария жеріне әлсін-әлсін шабуыл жасап, 1071 – 80 ж. Дунай өзеніне келіп жетті. Кейбір рулары басқа түркі тайпаларымен бірлесе отырып, Кіші Азияға тарай бастады. 11 – 12-ғасырларда Алтай мен Ертістен  бастап Карпат пен Дунайға дейін созылған даланы мекендеген халықтардың бәрі қыпшақтар деп аталды. Ертістен Денепірге дейінгі кең байтақ дала «дешті қыпшақ» атанды. Онан соң олар батысқа жылжып хазар хандығына шабуыл жасады, олардың бірәзін өздеріне бағындырды.  Онан ары Кавказ бен қырымға дейін жетті. Осылайша Ертістен Денепірге дейінгі ұлан- қайыр далада қыпшақ хандығы құрылды.

1072-1074 жылы жазылған Махмұд Қашқаридың «Түрік тілдер сөздігі» кітабында балай айтылады: «Қыфжақ- түркі тайпасы. Иемак- түркі тайпасы , біздің білуімізше олар қыпшақтар. Румға бәрінен жақын орналасқан тайпа бажанақ (печенег),  онан кейін қыпшақ , оғыз, иемек, башқұрт, басмыл, қай, ябғу, татар, қырғыз тайпалары... Қырғыз, қыпшақ, оғыз, тохси, яғыма, шығыл, оғырақ, чарұқ  тайпалары тек түркі тілімен ғана сойлейді... Іле, Ертіс, Еділ, Ямар өзендерінен ұйғұр шаһарларына дейін жасайтын халықтардың тілдері сондай анық... Әтил- қыпшақ еліндегі өзен аты.  Артұш- Иемак даласындағы өзен»( Махмұд Қашқари. Түрік тілдер сөздігі)

Бұнда Ертіс пен Еділ аралығы қыпшақ жері екендігі, иемактардың қыпшақтарға қарастылығы айтылған. Тарихта иемактар қыпшақтардан бұрын мемлекет құрған, ол кезде қыпшақтар оларға қарасты болған. Демек екі тайпада батысқа жылжып Алтай асқан сыр-енда тайпалар бірлестігінің тайпалары. Тіл тұрғысынанда қыпшақтардың 15 ғасырға дейінгі тілі көне 8 ғасырдағы түркі тілінен айнымайды.

Қыпшақтардың рулық құрамы

12 ғасырдағы қыпшақ балбал тасы

Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Елбөрілі әулеттік ру саналған, хандар солардан шыққан. Тарихшы Джузд- жани (1260 жылдан кейін қайтыс болған) қыпшақ ханының әлеуметтік руы туралы мынадай құнды мәліметтер келтіреді: жас кезінде Қазақстан аумағынан Үндістанға монғолдардан қашып барған «(ұлы) ханның асқан ұлы ұлығы», Дели сұлтанатында ол «Елбөрі ханы және имектердің шахы» ретінде белгілі болады. «Ұлық ханның әкесі де, — деп жазады одан әрі Джузджани, — Елбөрі тайпасының арасында күшті кісі болған және хан атағымен аталған», ал оның атасы Елбөрі Абарханның ұрпағы саналады. Демек, Абархан қыпшақтардың әулеттік елбөрі (елбөрілі) руының генеалогиялық негізін қалаушыдан басқа ешкім де емес.

Араб тарихшысы Ибін Қалдұнның айтуынша : «Қанжаоғылы, бөржоғылы, елбөрі, жерсан, журсан, дөріт, бөрілі, иетоба, тоқысоба, құтан, күнан(куман), қалаалыплы, қаңғарлы(қаңлы) , қара бөріклі» деген тайпаларға бөлінген. Бұлар Жәйіқтан батыстағы қыпшақтар. Қарап отырсақ  бұндағы қаңғар оғылы қаңлы, қанжа оғылы қазіргі арғынның қанжығалы тайпасы, бөржоғылы арғын қуандықтан тарайтын бөрші руы, тоқсоба кіші жүздегі шағын ру. Тоқыс оба мен иеті оба олар мекендеген жердегі көне қорымдармен қатысты. Тарбағатай аймағы Толы ауданында сондай жеті оба бар, ол тайпа сол арада қалыптасқан болуы мүмкін. Ал бөрілі, елбөрі элиталық тайпа, көне түріктердің бас тайпасы ашена бөрімен қатысты, бөріден тарағандар. Қыпшақтардың бөрі төтемі олардың түрікпен андалас сыр- ендалардан шыққандығына дәлел болады. Деректерде қыпшақтар бөрі басты ту көтерген, бұл жағынанда көктүрікпен барандас. Ал қара бөріклі ол қарақалпақтар. Тегіндегі қарақалпақпен айырмасы бар, бас киіміне қарағанда түркімендер тектес тайпа екені байқалады. 1740 жылдарға дейін Ақтөбе облысында мекендеп кейін Арал теңізінің оңтүстігіне ығысқанда маңғыт, қытай, қоңырат, кенегес сияқты рулармен қосылып қара қалпақ ұлтына айналған. Ал шығыс қыпшақтар кейін қазақ, өзбек, қырғыз халықтарына қосылды.

Хорезм- қыпшақ қақтығысы

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе хорезм шахтармен ерекше табанды күрес жүргізді. Егемендікті тану, әдетте, вассалдардың билеушілерге адалдыққа ант беріп, алым төлеуінен, оның соғыс жорықтарына өз қолдарымен қатысуынан көрінді. Салжұқтар әскерінің құрамы көбінесе қыпшақ көсемдері бастаған тайпалық топтармен толықтырылып отырды. Хорезмнің билеушілерімен қыпшақ арасындағы қақтығыс бейне қазақ-ойрат қақтығысы сияқты неше ғасырға созылған қайшылық болса керек. Үйткені хорезм шахтары оғыздардың бекделі тайпасынан шыққандар болатын. Ал олардың ата жұртын қыпшақтар Алтай мен Ертістен келіп басып алып өздерін хорезмге ығысуға мәжбүр еткен болатын. Бейне қазақ хандары мен қазақ даласынан қазақтардың тепкісімен ығысқан Мұхаммед шәйбанидің қақтығысынан аумайды. Хорезмді басып алған соң  олар ата мекенін қайтарып алу жолында күрескен тәрізді. Бұл жаулық 1217 жылға дейін жалғасқан.

XI ғасырдың екінші ширегінде хорезмшахтар салжұктардың өктемдігіне қарсы қыпшақ және оғыз тайпаларынан тұратын әскер қолдарын қызметке кең келемде тартты. 1065 жылы салжұктардың билеушісі Алып Арслан хорезм шахтарды бағындырып, қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға жорық жасады, онда қыпшақтардың жақсы бекінген қамалы орналасты. Қыпшақтарды бас идіруге көндірген Алып Арслан оғыздардың шағрақ тайпасына шабуыл жасап, олардың 30 мыңдык әскерін талқандады. Осыдан кейін салжұқ сұлтаны Жент пен Сауранға жорық жасады. Осы соғыс науқанының нәтижесінде қыпшақ тайпаларынын бір бөлігі уақытша Хорасан салжұқтарына тәуелділікке түсті. Осы тайталастар барысында қыпшақтар оғыз-салжұқтардың алқабұлақ тайпасын тұтқынға алса керек, бірақ соңғылары, Махмұд Қашғаридың айтуынша, олардан құдайдың көмегімен құтылып кеткен.

XI ғасырдың соңғы ширегінің аяғында Маңғыстауда және Каспий теңізінің шығыс жағалауында бұрынғысынша қыпшақтар билік жүргізді, оларға оғыз және түрікмен тайпаларынын жекелеген топтары саяси жағынан тәуелді болды. 1096 жылы «құдіретті» хан бастаған қыпшақ бірлестігінің тайпалары Хорезмге жорық жасады. Алайда хорезм шахтардың қамқоршылары салжұқтар оларды Манғыстауға қайтуға мәжбүр етті. Құтып Ад-Диннен кейінгі хорезм шах атсыздың тұсында1136-1137 жылдары Жент пен Маңғыстауға тағыда жорық жасайды, ол жолы ол қыпшақтарды дінсіздер деп оларға қарата ғазауат ашады. Бұдан қыпшақтардың тәңірлік ұстанымда көшпенділер салтымен жүргенін, ал хорезмдіктердің араб- парсы мәдениетінің ықпалына түсіп исламға бет бұрғанын көруге болады. Бұл жолы бірталай жерлерді басып алады. Бұндағы тағы бір қайшылық осы Сыр бойынан батысқа қарай өтетін «жібек жолы» бойындағы қалаларға болған экономикалық мүдде таласыда жатқаны анық.

Өзінің дінсіз көшпенділерді боданға түсірген жеңіс салтанатына орай алыс пен жақынға жолдаған фатихнама мәлімдемесінде: «Жент- ислам жұртының шегіндегі аса маңызды аймақ. 540 жылы (1145 жыл) санатты, рәбил- әл- ахир айының бас кезінде хорезмнен аттанып, шөлді басып, қйын- қыстау жолмен теңіз жағасына жеттік. Әскеріміз бен көлігіміз аз- маз тыным тьапқан соң, түн жамыла шеру тартып, таң сәріде Жент шаһарының қарасынын көрдік. Үлкен ұрыс бастап, мемлекетіміздің жеңіс туын тіктік... Өзін хан деп атаған бағымсыз бүлікші бас сауғалап қашып кетті, қалған ұлықтары мен әскербасыларының  көпшілігі биік өкімге құлдық ұрды, Жент уәләяты алыс аймақтармен  қоса азат болып біздің қолымызға өтті» дейді.

Деседе жент қаласын қыпшақтар қайта басып алады, 1152 жылы хорезімдіктер қайта басып алады. Сонан қыпшақтардың астанасы Сығанаққа көшеді. Атсыздан кейінгі Салжұқтардың ыдырауына байланысты оқиғалар орайымен Жент, Маңғыстау қайтадан қыпшақтардың қолына өтеді. Бірақ билікке берік бекіген хорезм шах Ел- арсылан екі аймақты қайта басып алады. Жүзжанидың айтуынша « қыпшақ ханымен одақтастық шарт жасасуға мәжбүр болған» екен.  Жент аймағына әкім қылып үлкен ұлы Текешті отырғызады.

Қыпшақтардың батысқа ығысуы

12 ғасырдың соңы мен 13 ғасырдың басындағы қыпшақтар

Қыпшақтармен арадағы соғыстарда елеулі жеңіске жете алмағандықтан оларға бағынышты тайпалармен араға жік салады. Қаңлы тайпалары сахарадағы ең үлкен күш еді, хорезмдіктер оларды пайдаланып хандықты іштен ыдыратпақ болады. Қонысы жақын қаңлы билеушілеріне исламды үгіттейді, олар ислам дінін қабылдап «қадыр хан», «қайыр хан» деген лауазымға ие болады. Қаңлы бектерінің әскери күшіне сүйене отырып Сыр бойындағы қалаларды басып алады.

1180 жылдар шамасында Сыр бойындағы Янги кентті басып алады, Баршылығ кент, Рибат- Тоған қалаларын алады. 1180 жылы қыс айларында қаңлы ханы Алып қара ұран қалың әскерімен Жент шаһарына келіп, Текештің ұлы Нәдір- Ад-Динмен келіссөз жүргізеді, Алып қараның немере қызы Түркен қатұнды Текешке ұзатады. Сірә осы кезеңдерде қаңлы әскері немесе исламға бет бұрған қыпшақ әскері далалық дәстүрдегі қыпшақтарға шабуыл жасап оларды батысқа ығыстырғаны байқалады. Бұны кейінгі деректерде растайды, мынаған қараңыз:

«Біз қыпшақ даласынан өттік, ол шексіз шетсіз дала екен. Ол далада төрт өзен ағып жатыр, біріншісі Днепр, ол орыстарға жақын орналасқан. Екіншісі Дон, ол Батудың қарындасының иелігі, оның аты – Қардан. Үшіншісі Еділ өзені, бұл өзеннің жағасына Батудың ордасы орналасқан. Төртіншісі Жайық, бұл өзеннің жағасына Батудың екі мыңдығы орналасқан. Батудың ордасы қыпшақ даласының шегіне орналасқан» (Карпинидің шығысқа сапар естелігі).

Карпини айтып отырған Дешті-Қыпшақ – Украинадан Қазақстанның Атырау облысына дейінгі аумақ. Әбілғазы баһадүр ханның айтуында да қыпшақтар Еділ мен Жайық бойын жайлаған.

«Жаһанды жаулаушының тарихы» атты кітабында да Хорезм мен қаңлы хандарының байланысы былай айтылған: «(1192 жыл) Хорезмшах Текеш Иракка соғыс ашады. Жазда оның Рейск ұлысын жаулап алады, оның жаман климатынан көптеген әскерлері қырылып қалады. Түріктің ең жақсы әскер басшысының бірі деп есептелетін Тамгаджды (жер аты өшкен – 447 бет) калдырып, хорезмшах Текеш Хорезмдегі үйіне оралады. Жолда Сұлтаншахтың бұнын жоқтығын пайдаланып, Хорезмді қамап қоршап отырғанын естиді. Текеш сұлтан барлық әскерімен Хорезмге аттанады. Хорезмшахтың келе жатканын естіген Сұлтаншах қоршауды тастап, Мервке кетеді. Көктем шығысымен Хорезмшах ағасымен соғысуға тағы да жолға шығады. Абиверде басталған ағайындардың арасындағы бейбіт келісім аяқталады. Осы кезде Серахстың коменданты (кугвал) Бедр-ад-дин Джагар Сұлтаншахты сатып кетіп, Хорезмшах Текешке беріледі. Текеш Абиверден Серахска келеді. Бедр-ад-дин оны қарсы алуға шығады, казына мен камалдың кілтін тапсырады. Бұны естіген Сұлтаншаx үшін ақ күн қараға айналады», осы жағымсыз хабардан сон екі күннен кейін ол 589 ж. (= 29 I 193) рамазанның соңғы күні қайтыс болады. Сонымен хорезмшах мұрагерлікке және иелікке ағасының қазынасы мен әскерін алады. Хорезмнен Текештің екінші ұлы Кутб-ад-Динді шұғыл шақыртып алады. Үлкен ұлы Насыр -ад-Диннің өтініші бойынша Текеш Меликшахты Нишапур наместнигінен Мервке ауыстырды, ал Нишапурды келешек Хорезмшах Мұхаммед алды. Бір жылдан кен Мервтің жаман климатынан Меликшах ауырып, кайтадан Нишапурге наместник болып жіберіледі. 591 жылы (1195) дінсіздерге қарсы қасиетті соғысты себеп қылып, Дженданың әкімі Қадыр-Бук Сығанаққа аттанады. Қадыр-Буку хан дұшпанның аса басым күші алдында шегінуге мәжбүр болады. Текшоның ізіне түседі. Алайда оның әскерініңе кіретін түрік тайпасы, уранилер оған көмек беру туралы ниетін білдіріп, Хорезмшах Текешке опасыздық көрсетеді. Жігерленген Буку хан шегінуді тоқтатып,  Джумадиде Хорезмшахқа соққы береді. Уранидің үгіттеуімен тылға шапқыншылық жасап, арбалы керуенді тонайды, абыржыған әскер қашуға мәжбүр болады. Көпшілігі семсерден қырылса, одан да көбі құмда аштық пен шөлден өледі. Хорезмшах Хорезмге тек 18 күннен кейін ғана оралады. Буку ханның жиені Әли-Дерек 3 жылдан кейін өзінің немере ағасымен келісе алмай, хорезмшах Текешке көмек беруге ықылас білдіреді. Хорезмшах Шадьяхтан Кутб-ад-Дин Мұхаммедті шақырып, 594 ж. раби айында (1-1198) оны Әли-Дерекпен бірге Буку ханға қарсы жібереді. Буку хан соғыста жеңіліп, Хорезмге тұтқындалып әкелінеді. Соңында ол Хорезмшахпен өзінің құқықтарын қалпына келтіреді. 596 ж. (1199-1200) Хорезмшах Текештің «шелек өмірі» «құдықтың түбіне құлады», Хорезм тағына оның ұлы Мұхаммед отырады, ол құрметті есімі Кутб-ад-динді жаңа есімге – Ала-ад-динге ауыстырады. Оның жаңа патшалығы соғыспен басталды. Оған Гурдың туысқан әкімдері Шиxаб-ад-дин және Ги-ад-динмен соғысуға тура келді. Әскер басы Мұхаммед ибн Харангтың басшылығымен жіберген отряд Мервті жаулап алады. Әкімнің өзі 597 ж. (= IY-Y1201) Тусты қиратып, Шадьяхқа ат басын бұрады, бұл жерде Ирактан оралған хорезмшахтың ағасы Таджад-Дин Али-шах бар еді. Оны қаланы алғаннан кейін Гур ордасына жібереді. Гур сұлтанның үкіметі Джурджан мен Бистамға дейін орналасқан. Содан соң Гия-ад-Дин Гератқа оралып, ал Шиxаб-ад-Дин Кухистанға бет алады. Сол жылдың зу-л-хидж айында (2 қыркүйек) хорезмшах Мұхаммед Шадбяхты тартып алып, Мерв пен Серахсқа аттанады, ол жер Тур сүйенген, өзінің жиені Хинду-ханның қолында еді» (Жуайни. Жаһанды жаулап алушының тарихы).

 Бұл деректе Қадыр бөке ханның хорезмдіктермен соғысы, хорезмдіктердегі жасақтардың Қадырбөкені жақтап Текештің жеңілгені айтылып отыр, алайда оның інісі Алып дерек яғыни кейінгі Отырар апатының бас қылмыскері қайырхан әскери көмек беріп соның көмегімен Қадыр бөкені жеңіп оны тұтқындаған. Бұл кезде қаңлылар хорезмнің ең белді әскерлеріне айналған, олардың қылышының арқасында хорезм аз уақытта империяға айналып үлгерді.  Хорезімде  170 мың атты әскер болған екен, оның денін қаңлы мен қыпшақ құраса керек.  Демек бұл кезде қыпшақтар екіге бөлінді: Шығыстағылар яғыни Жәйіқтан шығысқа қарай қоныстанғандар хорезмге бағынды, немесе олардың көбі батысқа көшті. Бірі жәйықтан Денепрге дейінгі қыпшақтар дербестігін сақтап тұра берді.

Моңғол жорығы кезіндегі қыпшақтар немесе қыпшақ хандығының ақыры

Моңғолдардың Орта Азияға  жорығы кезінде қыпшақтарды екі топқа бөлуге болады: Бірі ислам дінін қабылдап хорезм шахтарына қызмет еткендер. 1219-1221 жылдары олар қаңлылармен бірге хорезм қалаларын қорғап соғысты. 1218 жылы жошы хан меркіттерді қуалап Торғайға келгенде хорезм шах 60-100 мың қалың әскерімен сол жердегі елге шабуыл жасаған еді. Ондағы елдің кім екені беймәлім, хорезм шах шапқанда ол елде тек әйелдер мен балалар ғана қалған, хорезм шах оларға ойына келгенін істеген. Оның ерлері Күшілікпен соғысуға кеткен екен, демек олар орталық Қазақстандағы көшпенділер, қаңлы не қыпшақтар.

«... Және Сүбетай батырды солтүстікке қаңлы, қыпшақ, башқұрт, байжігіт, орыс, мажар, асу, сасу, шеркеш, кашмир, бұлғар, лалал осы 11 елді аттанып, Еділ- Жәйіқ өзенінен өтіп Киев, Керман қаласына аттануға бұйырды.»(Моңғолдың құпия шежіресі)

1218-1219 жылы моңғол армиясы қазақ даласына кіргенде негізгі соғыстар Сыр бойымен Мәуераннахр қалаларында болды, үйіткені көшпенділер қыста оңтүстік алапты қыстайды, моңғол армиясының 1219 жылы қыркүйек айында Сыр бойына жетті, ол елдің күзеулікке келетін уақыты , сонымен қатар сахаралық ерлер түгел соғысқа қатысады, олар үй ішімен қалаларға келіп бекінуге тиісті. Сондығынан сахарада адам қалмаған. Ал Сүбетай батыр бастаған әскерлер солтүстіктегі қаңлы- қыпшақтармен соғысқан. Осы 30000 адамдық қосын Хорасаннан айналып кавказ елдерін жеңіп, онан қыпшақ жеріне кіреді, олар батыс қыпшақтар еді. Аландармен қыпшақтарды бір- біріне қоспай жеке- жеке талқандайды.

Рашид Ад-Динның баяндауы бойынша:

« Содан моғұлдар халық саны көп Алан аймағына жеткенде аландар қыпшақпен одақтасыпмоғұл әскерімен соғысты, бірақ екі жақта жеңіске жеткен жоқ. Сонда моғұлдар қыпшақтарға: ˮ Біз сендермен туыс тайпаданбыз, ал аландар бізге бөтен. Біз сендерге ешқандай зиян келтірмейміз ˮ деп келісім жасайды Сөйтіп, біз сендерге алтын мен ақшадан қалағандарыңды береміз, оларды (аландарды) бізге қалдырыңдар», - деп хабар берді.

(Сөйтіп) олар (қыпшақтарға) көптеген мал-дүние жіберді. Қыпшақтар кері бұрылды. Мұғулдар аландардың үстінен жеңіс тауып, қыру мен тонау жөнінде не (нәрсе) тағдырда жазылған болса, олар соны жүзеге асырды.

Қыпшақтар болса, жасалған келісімге арқа сүйеп, ешбір қауіптенбей өз аймағына тарап кетті. (Сонда) мұғулдар оларға кенеттен шабуыл жасап, ұстағандардың бәрін қырып салды да, қанша берген болса, сонша (мал-дүниені) артығымен алып кетті. Ал қыпшақтардың аман қалған бөлігі орыс еліне қашып кетті. Ал мұғулдар сол жаппай нулар мен (көкорай шалғын болған аймақта қыстады.

Ол жақтан олар Құстантина бұғазына тірелетін теңіздің жағалауында орналасқан Судак қаласына шабуыл жасады да, ол қаланы қолға алды, сөйтіп ол жердің халқы тарап кетті.

Сосын олар орыстар еліне, сол жақтағы қыпшақтарға шабуыл жасады. Ол уақытта олар (қыпшақтар) көмек алып, саны көп әскер жинап қойған еді. Мұғулдар олардың (саны жағынан) үстемдігін көргенде, шегіне бастады. Қыпшақтар мен орыстар «олар қорқып қашты» деп ойлап, мұғулдарды он екі күндік жолға дейін) қуып келді. (Сонда) мұғул әскері кенеттен кері бұрылып, оларға (қыпшақтар мен орыстардың алдыңғы шебінде келе жатқан әскеріне) соққы берді. Сөйтіп, олар (қыпшақтар мен орыстардың артқы шебінде созылып келе жатқан әскері) бірге қосылғанына (көмекке жетіп келгеніне) дейін, (көп) халықты (әскерді) қырып салды. Олар бір апта бойы соғысып, соңында қыпшақтар мен орыстар қаша жөнелді. Мұғулдар оларды қуып, олардың көп аймағын тұрғынсыз халге келтіргенге дейін қаласын жойды. Сосын ол жақтан етіп, жолда тәжіктер уәлаятынан келе жатқан Шыңғыс ханға келіп қосылды.»( Рашид Ад-Дин. Жамиғ ат тауарих. 2- том)

30 мың адамдың моңғол әскерінің осы жорығында олар Кавказдан өтіп Батыс қыпшақ жеріне келіп Қотан ханның қыпшақтарын жеңеді, қыпшақтар орыстармен одақтасып 100 мың біріккен қосынмен моңғол әскерімен соғысады, 25 мың моңғол жасағы орыс пен қыпшақтың 100 мың әскерін ойсырата жеңеді.

 «Қытай, найман, сұлаңқа, қарақытай, кумания (қыпшақ), тұмат, ойрат, қарант, ұйғыр, су моғол, меркіт, мекри, сары ұйғыр, башқырт, қырғыз, кесмир, саратсин (мұсылман), түркімен, бұлғар, қорла,құмық, түбіт(тибет), барасұт,қас, алан (асут), армения, қаңлы, куман (қыпшақ), бұртас, еврей, мордыва, торық, қазар, самойд, парсетад, кіші үнді, черкеш, бауда, сарт, сақсын, грек, гүрж» (Рубруктің шығысқа сапар естелігі).

Бұл дерек 1260 жылдарда  жазылған. 1238 жылғы моңғолдың ұлы құрылтайынан кейін 80 мың моңғол әскері Шығыс еуропа жорығын бастайды, Қотан хан бастаған қыпшақтар жылғасты қарсыласып Венгрия жеріне өтеді, олардың саны 40 мыңнан астам екен. Осылайша қыпшақ хандығы өмір сүруін тоқтатады. Қыпшақтар алтын орда мен шағатай хандығы, Хулағу хандығында белді тайпалардың бірі болады, тіпті Юань империясындағы түсті көзділердің 400 мың қосынындада қыпшақтар көп болған. Шығыс еуропа жорығынан кейін Мысырға апарылған қыпшақтар Бейбарыстың бастауымен 1260 жылы Айын жалутта Құлағудың Кетбұға бастаған 20 мың әскерін жеңеді. Қыпшақтар кейін қазақ, өзбек, қырғыз, алтай, башқұрт, татар, қырым татар, ноғай, қарашай, балқар, құмық, түркімен, хазара қатарлы халықтардың құрамына кірді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?