Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Қазақ диссиденттері. Хасен Қожа Ахмет

2896
#Қазақ диссиденттері. Хасен Қожа Ахмет - e-history.kz
Хасен Қожа Ахмет – қазақ халқының ұлт-азаттығы мен елінің тәуелсіздігі үшін атқа қонып советтік жүйенің озбыр саясатына ашықтан-ашық қарсы шыққан азаматтардың бірі

Ол қазақтан шыққан диссиденттердің көшбасшысы әрі бүкіл Орта Азия елдері ішінде ұлт-азаттығына шақырғаны үшін сотты болған алғашқы қазақ болып саналады. 1977 жылы Хасен Қожа Ахметтің есімі Хельсинкидегі саяси тұтқындар тізіміне кірді.

Саяси қайраткер, композитор, Жазушылар одағының мүшесі, тарих, музыка, филология зерттеушісі, профессор, «Жас қазақ», «Желтоқсан», «Азат» ұлттық қоғамдық ұйымдарының басшысы Қожа Ахмет Хасен Кәрімжанұлы – бас-аяғы жиырма жылдың ішінде (1970-1990 жылдар аралығы) бір емес, үш мәрте сотты болған саяси тұлға. Ол 1970 жылдың ақпан айында Совет әскерiндегi ұлттық, нәсілдік кемсiтушiлiкке қарсы шығып, бұл туралы жоғарғы басшылыққа баяндамақ болғаны үшiн қамауға алынады. Жетi ай бойы тергеуде болып ары-бері сандалды.

Алайда, тергеу барысында ұлттық сипаттағы кемсiту әрекеттері болғанын мойындай тұрса да әскерилерге еш шара қолданылмады. Осыған қатты көңілі қалған Хасен ұзамай ССРО-ның негізгі ұстанымы орыстан басқа ұлттардың барлығын төмен санау екендігіне көзі анық жетеді. Осылайша ол біржолата саяси күрес жолын таңдайды.

1972 жылдан бастап астыртын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бастады. Ол кездері Хасен Талдықорған облысының Сарқан, Ақсу ауданы орталықтарында мұғалiм, мектеп директоры секілді қызметтер атқаратын. 1975 жылдың күзінен бастап Совет үкіметіне қарсы  мақалалар мен үнпарақтар шығарып таратуды қолға алады. Осы аралықта «Одақ па, әлде отар ма?», «Халықтардың ассимиляциялануы жайында», «Ұлттардың ассимиляциялануы кімдерге қажет?» және «Ұлт мәселесінің тарихи шешімі» секілді мақалаларын жариялайды. Онда Совет Одағының патшалық отаршылдық саясатын жалғастырып, одақтас республикалардың ұлттық байлығын қанаудың арқасында байып отырғанын, интернационализм деген желеумен ұлттарды және ұлттық шекараларды түбірімен жоятын, орыс емес ұлттарды, оның ішінде қазақтарды да ассимиляциялау, орыстандыру саясаты жүргізіліп жатқанын  әрі Қазақстанның бүкіл байлығы Ресейге әкетіліп жатқаны ашық айтылады.

Сонымен қатар халықты Қазақстанның ССРО құрамынан шығуы үшін бірігіп күресуге шақырады. «Тыңда, саған айтайын мен мұңымды» секілді өлеңдер мен сол кезеңдегі саяси оқиғаларды келемеждеп біраз карикатуралар сызған.

1979 жылы сәуір айында Алматыға келіп, мал дәрігерлік институты студенттеріне өзінің үнпарақтарын таратып жатқан сәтте қолға түсіп қамауға алынады. Көп ұзамай «советтік мемлекеттік және қоғамдық құрылысқа тіл тигізді» деген айып тағылып, Алматы облыстық сотының шешімімен екі жылға бас бостандығынан айырылады.

1986 жылғы Жел­тоқсан көтерілісіне қатысамын деп тағы қамауға алынады. Онсыз да Мемлекеттік тергеу комитетінің қара тізімінде тұрған Хасен Қожа Ахмет бірден  4 жыл­ға сотталып кете барады. Кейін жаза уақыты екі жылға азайтылды. Жазасын Арқалық қаласындағы түрмеде өтеп шықты.

Жас демократ Хасен Қожа Ахмет абақтыда отырмын демеді. Темір торда отырып-ақ саяси  күресін жалғастыра берді. Оның түрмеде оты­рып жазған Желтоқсан жайлы саяси зерттеулерінің арқасында өзі сияқты жазықсыз айып­талғандар бостандыққа шығып жатты. Кейін бұл зерттеулері «Желтоқсан» ұлттық-демо­кра­тия­лық партиясына ұласты.

Бұл туралы өзі былай деп еске алады: «Қас қарая солдаттар мен милиция жиналған қарақұрым халықты жаппай сабап, таяқтап зорлықпен таратуға күш салды. Сол маңдағы аулалардан тас теріп, қазіргі «Хабар» арнасы тұрған ғимараттың алдындағы мәрмәр тастарды уатып соны жасаққа қарсы лақтырдық. Қолымыздан келгенше қарсыласып, күресіп бақтық. 18-і күні тағы шықтым. Алаңға қарай бет түзеген 10-15 адамды жолдан милиция мен арнайы жасақ күтіп алып, қан-жоса ғып сабап, автобустарға тиеп жатты. Сосын мен бірнеше мың адамның басын қосып, бірден алаңға лап қоймаса, мына түрімен бәрі қырылып қалар деп ойлап, көшелерді кезіп қол жинадым. Біраз адам жиналып Жібек жолы көшесі мен Желтоқсан көшелерінің қиылысына келгенімізде алдымызды біркелкі қара киім киіп, қолдарына қырлы сойыл ұстаған милиция жолды автобуспен бөгеп күтіп тұр екен. Сол жерде бәрімізді ұстады. Ішкі істер бөліміне апарған соң менің кім екенімді бірден анықтады. Сөйтіп соттап жіберді. Бірақ сотталғандардың көбі уақытымыздан ерте босап шығып, түрмедегі басқа жігіттерді бостандыққа шығару үшін «Желтоқсан» ұйымын құрып жұмыс жүргіздік».

Басын айтып өткеніміздей, Хасен Қожа Ахмет өзінің Совет өкіметіне қарсы жұмыстарының барлығын «Жас Қазақ» ұйымы атынан жүргізді. Әрі бұл ұйымның жалғыз мүшесі болды. Өйткені, ол кезде мұндай ұйым құрып маңайына адам топтастыру еш мүмкін емес еді. Соған қарамастан  Х. Қожа Ахметтің іс жүзіндегі отаршылдықпен жалғыз күресі өте айбынды, нәтижелі болды. Ұйым атынан жоғарыға кесек-кесек талаптар қойып жатты. Мәселен, коммунистік билік жүйесін халықпен санасатындай ету үшін және де халықтың тұрмысын жақсарту үшін әрбір республикада қатарына демократияшыл азаматтар кіретін «бақылау комитеттерін» құру туралы талабының өзі неге тұрады. Әрі бұл комитеттердің міндеттері мынадай болуы тиіс:

1. Азаматтардың праволарын конституция бойынша корғау.

2. Соғыс бюджетін азайттыру.

3. Ұлттык кемсітушілікке, орыстандыруға тыйым салу. Оқу орындарын, мекемелерді мүмкіндігінше ұлттық тілде жүргіздіру.

 4. Халықтың еңбегін дұрыс бағалап, жалақысын дұрыс тoлeттiру.

5. Заттарға дұрыс баға қойылуын және қымбаттамауын қадағалау.

6. Қазақстанда өндірілетін заттарды өз халқымыздан артылған жағдайда ғана экспортқа шығару керек.

7. Табиғатты қорғау: мөлшерден тыс жер жыртуды тоқтату, мал жайылымын көбейту. Химикаттармен, орыс қаруын сынау мен ауаны уландыруға тыйым салу.

«Оян, қазақ! Оян, елім!» деп ұрандар тастады: Өзіңді намысы бар азамат деп санасаң, ойланатын уақытың жетті, бауырлар. Туған жер тоналуда. Ана тіліміз, мәдениетіміз ұмытылуда. Орыс шовинистерінің осы саясаты өзгермесе, қазақ ұлтының жер бетінен жойылар уақыты да алыс емес. Тарихтың бұл тәлкегінен тек күресу арқылы аман қалуға болады. Отанымыздың тәуелсіздігі үшін, Қазақ елін жойылудан сақтау үшін біз, қазақ елінің азаматтары, орыс отаршыларына мынадай талаптар қоямыз:

  1. Бір ұлтқа табындыру, орыстандыру саясаты тоқтатылсын!
  2. Орыстарды қазақ жеріне қаптатып қоныстандыру тоқтатылсын!
  3. Қазақстандағы барлық оқу орындары, мекемелер ұлттық тілімізде болсын.
  4. Ядролық қарулар сынап, химикат «тыңайтқыштармен» улап, қазақ жерін шөлге айналдыру тоқтатылсын!
  5. Қазақ жастарына зорлықпен қой бақтыру тоқтатылсын!
  6. Ұлт азаттығы үшін күрескен саяси тұтқындар
    түрмелерден босатылсын!
  7. СССР Конституциясының 125-бабында айтылған: сөз бостандығы, баспасөз бостандығы, жиналыс жасау бостандығы, т.б. праволар іске асырылсын!
  8. Шетелдердегі қазақтарға және Түркістандық басқа да ұлттарға Отанына қайтуға рұқсат берілсін. Олар қудаланбасын!
  9. Қазақстаннан тоналып Россияға жөнелтілетін барлық заттарға шек қойылсын (мұнайға, етке, астыққа, т.б.).
  10. Орыстар өз Конституциясындағы «Әрбір Одақтас Республиканың СССР-ден еркін бөліну правосы сақталынады» делінген 17-бабын естерінде сақтасын.

Хасен  Қожа Ахмет 1949 жылы 9 тамызда туған. Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыка училищесін, ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының композиторлық бөлімінде оқыған. Музыкалық оқу орындарында ұстаздық қызмет, Қазақ теледидарында, радиосында редакторлық қызмет істеді. 

1998 жылдан Ықылас атындағы республикалық халық музыкалық аспаптар музейінің директоры.

1989-1993 жж. «Желтоқсан» ұлттық демократиялық партиясын басқарды. 1990-1995 жж. «Желтоқсан» газетінің шығарушысы әрі бас редакторы болды. 

1993 жылдан Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының төрағасы. 

150-ден астам саяси-публицистикалық мақаланың, 100-ге жуық сықақ әңгіме, мысал, өлеңдердің авторы. «Ереуіл атқа ер салмай» («Елорда», 2000), «Айтпайын-ақ деп едім…» («Жазушы», 2001), т.б. кітаптарға шығармалары енген. 2002 жылы «Өнер» баспасынан «Таңдамалы 100 ән» жинағы жарық көрген.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?