Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Асқа қатысқан ақын

3184
Асқа қатысқан ақын - e-history.kz
Арқадағы Сағынай асында Құлагерінен айырылып Ақан қалса, Тарбағатай тау бөктеріндегі Сүлеймен би асында бала Ілияс атқа шапты

«Қазақ поэзиясының Құлагері» атанған ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығын зерттеу, оның шеберлігінің сан алуан қырын ашып көрсету, даралық қасиеті мен бай талантын нақты зерделеу ісі тоқтамақ емес. Керісінше күн өткен сайын алыстан мұнартқан асқар тау секілді құпия-жұмбақтары ашыла түсіп, ашылған сайын жан баласын ынтықтырып, өзіне тартып тұрады. «Абай дәуірі бізден алыстаған сайын біз оған жақындай түсеміз» деп Міржақып айтпай ма. Ілиястай ерен жүйрік ақынның «Құлагер» поэмасын әр оқыған сайын жаңа аралдарға тап боламыз, тосын сырларға қанық боламыз.

Біздің ХХ ғасырдың сан алуан өткелінен, азаптары мен тозақтарынан аман-сау өтіп, жаңа ғасырға беттеген кезеңде өз халқымыздың сан ғасыр бойы жиған бай ұлттық қазынасын, есепсіз мол мұрасын бойға сіңіріп, оны мақтаныш ететініміз жасырын емес. Қазақ әдебиеті тарихында мақтаныш көретін, өз заманында зор табыс әкелген, кейінгі кезеңдерде де ұлт пен ұрпақ сұранысынан өшпей, түспей келе жатқан туынды деп «Құлагерді» айтар едік.

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы – сюжетті шығарма. Поэма сюжетін құрайтын оқиғалар ұлан-асыр ас көріністерін, ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, сонымен байланысты Ақанның қайғы-шерге көмілуін суреттеген тарауларда баяндалған. Біз осының бәріне тоқталып жатпай, «ас және ақын» деген шартты атаумен асқа ақынның қаншалықты қатысы барын, ол кімнің асы, қашан өткен ас деген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітпекпіз.

Баршамызға тарихтан белгілі, Құлагер опат болатын ас Арқаның қақ ортасында Ереймен жеріндегі Қусақ көлінің айналасында өткен. Бұл 1876 жылдың шамасында үш жүзге сауын айтылып жар салынған Сағынайдың асы.

Ерейментау табиғаты

Ас беру – ғұрыптық фольклордың ең бір тамаша көрінісі, ақтық сапарға аттанған адамға жасалатын көне ғұрып. Өмірден өткен адамға бір жыл толғанда сауын айтылған жұрт жан-жақтан жиылып астың зор дабыра, асқан салтанатпен өтуіне қатысады. Қазақ халқы ас беруді бір жағынан той деп есептеген, ат шаптырып, балуан күрестіріп, бәйге береді. Торқалы той мен топырақты өлімде бас қосатын қазақтың «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» дейтін даналығы осында жатыр.

«Күңірентіп Сағынайдың кәр моласын,

Осындай ас боп жатты Арқада бір» дегендей, ол асқа бес жүз ақ үй тігіліп, оған бес жүз бұхар кілем ілініпті. Бес тонна шәй әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынған екен. Он мың көрпе-жастық, қонақтарға сыйлауға бес жүз бұхар шапаны жеткізіліп, Сібірден бес жүз бағалы аң терісі алыныпты. Қусақтың маңындағы Қызқашқан деген жерге бір мың үз жүз жиырма үш бәйге аты айдалған. Жиырма мың қой, жүз мың жылқы сойылған. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, Сағынайдың асына кеткен шығын атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей болған.

Осынау сән-салтанаты жарасқан, қазақ жерінің ұшы-қиыры жоқ шексіз даласынан, төрт тараптан сауын айтып шақырған, ойдағы мен қырдағы мұқым қазақ, сырттағы алты алаш жұрты, «қаладағы буржойларға» дейін алдыртқан дүбірлі асты ақын, поэма авторы өз көзімен көрген бе? Жоқ.

1894 жылы жер жаннаты Жетісудің айдынды Ақсуында дүние есігін ашқан Ілияс көркем өлке Көкшетау, ерекше жер келбеті Ерейменге бармақ түгілі 1876 жылғы ас одан 18 жыл бұрын болған еді. Бұл кезде Арқаның аяулысы Ақанның жасы отыздың үшеуінде. Ақын өзі көрмеген, бармаған, білмеген асты қалайша көркемдікпен, асқан шеберлікпен суреттейді? Болмағанды болдырғандай, көрмегенді көргендей етіп суреттеу үшін эпикалық жады күшті болғанынан бөлек, «бар нәрсенің дәмін татып, ұстап, естіп біліп көрмектің» орны бөлек қой.

Ілияс Жансүгірұлы ат үстінде. Әдебиетші Елдос Тоқтарбайдың жеке мұрағатынан

Ілияс жастайынан атқа жақын бала болып өскенге ұқсайды. Құлагерге тақымы тиген ілудегі бір бала болмаса да, ол бала кезде, 12 жасында осы Сағынайдың асынан кем түспес, даңқы да, дақпырты да басым болған би Сүлейменнің асында бәйгеге шабады. Сүлеймен би (1841-1905) – атақты Қабанбай батырдың шөпшегі, Шыңжаң даласында азаттық туын көтерген хас батыр Әділбектің ұлы. Белгілі тарихшы, этнограф Зейнолла Сәнікұлының «Сүлеймен би» кітабында өз заманында билігі төңіректі асып, аймақ, өлкеге тұтас жайылған, жалпы қазақ бас қосқан сиездер мен жиындарда төбе би болып кесім айтқан айтулы тұлға болғанын жазады. Сүлеймен Әділбекұлы 35 жыл бойы еліне билік жүргізген. Ол әуелі болыс, сосын би, онан кейін Төбе би тұғырына көтеріліп, Мәмбет-Байжігіт еліне ғана емес, тұтас Орта жүзге, қазақ билерінің съезі сотына билік айту дәрежесіне дейін көтерілген дейді зерттеуші. Жетісудің бір жүйрігі Сара ақын:

«Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,

Батырлық тұқымына қуа қонған.

Қожақұл, Әлі, Жақас, Ер Әділбек –

Сүлеймен оның ұлы шықты соңынан.

Бұтабай, Қоңыз батыр, Құт Шаянбай,

Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай.

Шынымен құлаш ұрып самғай берсем,

Қаларсың жетпек түгіл жер таянбай...», – деп дәріптейді. Осындай текті әулеттен шыққан Сүлеймен бидің асы 1906 жылы Тарбағатай тауының бөктерінде өтті.

«Қазақ даласының олимпиадасы» (А. Жақыпов) деуге тұрарлық үш жүзге сауын айтқан атақты аста үш жүз ат аламанға түсіп, қырық атқа бәйге берілген. Бір жағы думанды той, бір жағы өлімді еске алу іс-шарасына орыстың оязы, қытайдың дутыңы да қатысады. Осы асқа Ақсудың Матай елінің таңдаулы адамдарымен бірге 12 жастағы Ілияс та барады. Кейіннен ақын қаламынан үздік жыр үлгісі «Құлагер» поэмасының тууы, ондағы астың салтанаты жайлы көріністер мен ат бәйгесі, жалпы айтқанда жырдың тұтас әрі жинақы да көркем өрілуіне астың әсері мол болғаны айтпаса да түсінікті жайт.

Оқи отырыңыз: Ілияс Жансүгіров. Ақын өмірінің соңы

Сүлеймен би асында қазақ әдебиетін дамытуға қазақ байларының тарапынан үлкен қадам жасалады. «Қазақ жерінде тұңғыш гимназия салынсын. Романға бәйге жариялансын» деген шешім қабылданған.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?