Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халыққа жасалған қастандық

1729
Халыққа жасалған қастандық - e-history.kz
Шетелдік насихат құралдарына 1917 жылы совет өкіметі орнағанын жариялаған «орталық» биліктің енді шегінер уақыты да, жері де қалмаған болатын

Сондықтан да жер-жердегі халық арасындағы зиялы қауым мен оларды тек мылтықтың күшімен бағындыру жолы қалғанын толықтай ұғынды. Социализмді орнату қажеттілігі артты. Мұның барлығы алдын-ала «орталықтан» шешіліп қойылған болатын. Жоғарыдағы тарихи көріністер іске асырылатын шаралар легі ғана болатын-ды. Басқаша жағдайда, бұл мерзімде миллиондаған адам өлім құшып жатқан-ды. Советтік билікке адам тағдырынан гөрі социалистік құрылысты орнату маңыздырақ болды. Айта кету керек, коммунистердің өзі тіршіліктерінің мәнін толықтай ұғынғанына да күмәндіміз. ССРО ыдырағанға дейін «орталық» өз бағытын күшпен сақтап отырды. Ендеше, коммунистер жұмысының бір парасына мән берсек.

ХХ ғасыр тарихында басты күшке айналған сталинизм мен гитлерлік ұлттық-социализмнің саяси тәртібін (тәртіпсіздігін) салыстырмалы зерттеген Питер Гуревич, бұл екеуінің де қарсыластарына қыр көрсету және жеңіске жету үшін, нәтижесінде геноцидке әкелген адам айтқысыз қатал құбылыс болғанын айта келе, оны «айналдырылған екінші образ: ішкі саясаттың халықаралық көздері» деп атайды. Мұнан соң бұл жүйенің тапсырмалары жалпыға міндетті түпкілікті қалыптасып, ол 1923 жылдың 12 маусымында «Тағайындау туралы» қаулысы түрінде жоғарғы шенеуніктерді іріктеу және ауыстыру айқындалып көрсетілді, формалды түрде екі категоияға бөлінді: ОК шешімімен қабылданған тағайындаулар бойынша қызметтер және жаңа құрылған орграспред бөлімі шешімімен қызметінен босатылатын қызметтер.

Айта кету керек, 1920 жылдары «орталықтың» партиялық бақылау жүйесі барлық өңірге толыққанды қамтыла қоймаған кезең. Кейбір шеткері аймақтарға қаншама мыңдаған коммунистерді тартқанмен де Қызыл армия мен большевиктерді мойындаған жоқ, оларды басқыншы ретінде қабылдады. Оның мысалы – Қазақстан. Біздің оқулықтарымызда ССРО-ғы азамат соғысы 1918-1921 жылдарды қамтиды. Шын мәнінде 1921 жылы, тіпті 1922 жылы азамат соғысы аяқталды ма? Азаматтық текетірестер ше? Ұжымдастыру кезеңіндегі текетіресті қайда қоямыз? Советтік билік Қазақстанның бүкіл аймағында мойындалды ма? 1920 жылдың басындағы Қызыл Армия мен чекистер отрядының аш-жалаңаш халықтан азық-түлік салығын жинап қана қоймай, бақылау орнатып өріп жүруі жергілікті тұрғындарды шошындырды.

Сталиндік мемлекеттік құрылыстың екінші кезеңі – 1920 жылдың аяғы. Саяси бюроның басшысы ретінде Сталин орнына нық тұрды. Бұл алғашқы бесжылдық жоспарға сәйкес, экономиканы ғана емес, саяси саланы басқаруды орталықтандыру (ресурстарды орналастыру, ірі және орта өнеркәсіп орындарының міндетін бекіту, басқару – орталықтағы бүкілодақтық шаруашылық басқармасы құзырына берілді). Тапсырманың орындалуы қатал қадағаланып отырды. 1930 жылдың 4 қарашасында  Сталин Халық күнделікті жұмысы партия нұсқауларын іске асыру үшін ғана Комиссарлар советінің төрағасының (Рыков болатын) қажеттігін ерекше нақылап көрсетеді. 1930 жылдың ортасында жер-жердегі партиялық аппарат, советтік орталықтанған мемлекеттік машинаның бөлінбес құралына айналды.

Партия саяси халықты жұмылдырудың құралы ретінде, жергілікті ішкі экономикалық, саяси, әлеуметтік құрылымдарды реттеу шешімдерін ойластырудан ада болған-ды. Большевиктер құрған мемлекетте: алдыңғы қатарлы және артта қалған мешеу, жаңа және ескі ұлттар деген ұғым қалыптасты. Қоғам мүшелері ұлтқа және тапқа бөлінді. 1920 жылдың ортасында негізінен Совет Одағы тұрғындарын жүйеге келтіру және этникалық белгілеріне қарай жіктеме жасау аяқталады. Десе де, осы кезеңде төл ұлтына жататындығын қабылдайтын мәдени автономия мен ұлттық бірегейлігін большевиктік социализмнен жоғары қоятындар да болды. 1920 жылдың ортасында ГПУ басшысы, коммунистік партияға қарсы ағымдар – украин ұлтшылдары, әзірбайжан, кемалшылдар, татар және өзбек діни реформаторларының қауіпті екенін ескертеді.

1926 жылдың жазында Сталин мен Каганович ГПУ-ге украин ұлтшылдарына қарсы күш қолдануға өкім етеді. 1927 жылы Совет Одағының азиялық аймағында ислам ілімдеріне («пантүркішілдерге» және дін өкілдеріне) қарсы науқан басталады. Большевиктер 1920 жылдың соңынан бастап ұлттық элитаны жеке ұлттың өкілдері ретінде ғана емес, оларды советтік ұлт мәдениетінің жасампаздары ретінде қарады. Оған сендірді. Иланғандар большевиктік рухта күрескерлер қатарынан табылды. Олар да дұрыс жолда екеніне шүбә келтірген жоқ. Олардың басым бөлігі революциядан бұрын астыртын ұйымдарға қатысқан жастар болатын. Нанымдары ертеректе бекіген-ді. Өмірдің бәрінен большевиктік мән беру үшін бұрынғы ұлттық құндылықтарды естен шығару мақсатында мешіт пен шіркеулерді жапты, ұлттық мерекелер мен рәсімдерге тиым салды, кітапханалардағы кітаптарды жойды, әйелдерге «теңдік» орната ұлттық элитаға таптық сипат беруге ұмтылды. Ұлт аймақтардағы тап күресі – большевиктік мән мен мағына беру болатын. Олар идеологиялық қарсыластарын жойды: тұтқындады, қоныс аударды, коммунист-ұлтшылдарды, «буржуазиялық» ұлтшылдарды, мұғалімдер мен профессорларды, дін қызметкерлерін, ұлт көшбасшыларын өлтірді. Террор «әлеуметтік тазартудан да» басым болды, бұл сол кезеңдегі қалыптасқан дәстүрлі өмір-салтқа жасалған мәдени-революциялық шабуыл болатын.

Нәтижесінде мұндай мәдени-революциялық науқанға қарсы ашық күрес науқаны басталды. Билік жергілікті тұрғындармен күрес жүргізді (Әзірбайжан, Дағыстан, Шешенстан, Украина, Қырым, Қазақстан, Орта Азияда халық көтерілді ). Ел ішінде Польша мен Совет Одағы арасында соғыс болатындығы, Кавказды түрік және иран әскері жаулап алады екен деген қауесет тарайды. Қысымды қатты көрген аймақта тұрғындар Қытай, Иран, Түркия немесе Польша елдерінен пана іздеді, шетелдік консулдықтардан (әсіресе поляк және неміс шаруалары – бұлар кулак ұлтының өкілі ретінде қудаланды) көмек сұрады. «Ұжымдастыру» сөзі тазарту мақсатындағы жергілікті эвфемизм (дөрекіліктің сыпайы сипаты – Қ.Е.) ретінде қолданылды. Мұнан әрі шекаралық аймақтағы этникалық қауым көрші мемлекеттерге мүдделес әлеуетті бар сатқындар есебіне кіре бастады.

Жаппай ұжымдастыру үрдісінен бұрын Ресейдің деревняларында социалист-утопистердің рухымен коммунналар пайда болғанмен, олардың тіршілігі қысқа болды.  Ал, колхоздастыру басталғанда әркім әртүрлі түсінікте болды. Бір көрпенің астында бір ыдыстан ас ішеді екен деген қауесетке сенген ресей деревнясындағы  бір аңқау әжей ортақ қазаннан «өзінің үлесін көбірек алу үшін» арнайы үлкен қасық жасатқан.

Ұжымдастырудан Қазақстан ғана емес, Ресей деревняларындағы тұрғындардың көпшілігі бас тартқан. Себебі совет органдары шаруалардың бүкіл мүлікін мемлекет мүлкі ретінде пайдаланды. Мысалы, Ресейде деревня шаруалары шаруашылықтарын тастап қалаға жұмыс іздеп кетсе, қазақтар мал санын азайту үшін сойып сата бастады немесе бүтіндей рулы ел шекара асты. Табын-табын малын немесе отбасын асырап отырған бес-алты бас малын бір күнде мемлекеттің мүлкі деп тану, ешқандай түсінікке сыймады.

Ұжымдастыру кезеңіннің тірі куәгері, өмірдің ыстығын да, суығын да басынан өткізген зерек бала, кейін белгілі ғалым атанған А.А. Зиновьев мынандай пайым жасайды: «он алтыншы, он жетінші ғасырлардағы Ресейдегі шаруаларды басы байлы етудің негізінде – еріктілік жатыр. Құлдық мәселесінің түпкі мәні – адамдарды неліктен құл қылуға мәжбүрлеуінде емес, өздерін неліктен құл қылуға жол бергендігінде». Тарихи-әлеуметтік зерттеулер бойынша «колхоздар – марксистердің көзқарасы еместігі» айтылуда. Ол теория арқылы енбеген, тек коммунизмді құру жолындағы нақты өмір тіршілінен туындаған. Ал, идеологтар болса өздерінің тарихи шығармашылығын ақтап алу құралы ретінде, оны пайдаланған. Тарихта бұл лениндік (бухариндік) жоспар болып қалғанмен, бұл жоспардың өзі түсініксіз де  қисынсыз болғандығы, тіпті Ленинннің өзі коммунизм туралы нақты түсінігі болмағанын ескеру қажеттігі айқындалуда. Еңбек өндірісінің төмендеуі, туар тапшылығы, шаруашылықтың, тұрмыс-тіршіліктің және адамгершілік қасиеттердің  күйзеліске түсуі, теңгермелі жалақы, қылмыстар, жаттанды идеологияның өріс алуы және басқалар Сталиннің арсыз іс-қимылдары нәтижесінде десек те қателесеміз. Ол Хрущев, Брежнев тұсында да жалғасын тапты. Өйткені «жоспарлы іс-әрекеттердің» барлығы коммунистік социалистік құрылыстың жалпы заңдылықтары болатын.  Десе де, екінші дүниежүзілік соғысындағы КСРО халқының жеңісі – советтік идеялық тәрбие жүйесінің тиімділігі көрсеткіш ретінде айтылады. Демек,бұл мәселе терең зерделеуді қажет етеді.

Ұжымдастыру тұсында Совет Одағы басшылығы негізгі қауіп ел іші ғана емес, сол сияқты саяси тәртіп күресінде (Польша, Финляндия, Прибалтика, Түркия, Иран) елдің сыртынан да бар екеніне көз жеткізеді. 1930 жылдың 21 ақпанында өткізілген РСФСР-дың аудандық партия ұйымы хатшыларының жиналысында Сталин мен Молотов советтік құрылысқа еуропалық және азиялық шекаралық аймақтан қауіп туындайтыны жөнінде ескертеді. Молотов қауіп-қатер жойылғанда ғана (Қырымның өзіне шекара туралы мәселе қою керек екенін жеткізеді) ауыл шаруашылықты ұжымдастырудың жүзеге асырылатынын қадап айтады.

Осылайша, коммунистік көшбасшылар Совет Одағын бір шеңберге бекітеді. Яғни арнайы рұқсатсыз ешкім ССРО аумағынан кетпейді және оған кірмейді. Шекара жабылды. Осымен бірге шекаралық аймақтардан аз ұлттарды жаппай күштеп қоныс аудартады. 1930 жылдың 20 ақпанында Саяси бюро шешімімен Кавказ және Орта Азияның шекаралық аймақтарында әскери бақылау орнатылды, оған қоса «жергілікті ұлтқа жатпайтын кулак отбасыларының» барлығы ол жерден күштеп көшірілді. 1928 жылдың өзінде партия басшылары 1930 жылдың аяғына қарай шекаралық аймақ (әсіресе Қиыр Шығыстағы корейлер) неғұрлым сенімсіз этникалық топтардан «тазартуға» шешім қабылдады.

ССРО-ғы дәл осындай саяси ахуалда бір жұрттың азаматтары қақ жарылды. 1928 жылы 12 наурызда Өлкелік партия комитетінің бюро отырысында Ф.Г. Голощекин тәркілеу Декретін әзірлеуде екі мәселені ескеруді ұсынады. Ол бойынша мүлкі тәркіленген байлар міндетті түрде жер аударуға жататындығын және тәркілеу жұмысын екі ай ішінде аяқтау қажеттігін айтады. Бұл жобаны қарастыруға бір күн беріліп, Ж. Сәдуақасов, Н. Нұрмақов, М. Тәтімов, И. Каширин, Ғ. Тоғжанов, Ұ. Құлымбетовтер аймақтарды тексеру мен қажетті шараларды жүргізу, Әділет ХК және Республика прокуроры  Ж. Сәдуақасовқа жүктеледі. 1928 жылғы 27 тамызда ҚОАК мен ХКК-нің біріккен кезекті отырысында ҚАКСР ХКК төрағасы Н. Нұрмақов «Ірі бай шаруашылықтарын және жартылай феодалдарды тәркілеу және көшіру туралы Декреттің» жобасын жариялайды.

Ол бойынша Қарақалпақ автономиялық облысы мен Адай округынан және бұрынғы Сырдария губерниясының мақта өсіруші аудандарынан өзге ҚАКСР-дің барлық территориясындағы өздерінің жартылай феодалдық, патриархалдық және рулық қарым-қатынасты сақтап қалып, мүліктік және қоғамдық ықпал етуімен ауылдарды советтендіруге кедергі келтіретін тұрғылықты халықтан шыққан біршама ірі мал өсірушілерді көшіруді жүзеге асыру көзделеді. Ірі мал өсірушілер тобына, көшпелі аудандарда – 400 бастан аса ірі қара малы бар мал өсірушілер, жартылай көшпелі аудандарда - 300  бас, жартылай көшпелі аудандарда 150-ден аса мал басы бар мал өсірушілер жатқызылды. Жекелеген жағдайларда отырықшы аудандардағы мал санын 100 басқа дейін азайту құқығы беріледі. Көшіруге жататын тұлғаларға, олардың отбасы бұрын тұрған шаруашылық аудандарында тұру және шаруашылық ұстау құқығынан айырылады.

Тәркілеу салдарынан Қазан төңкерісіне дейін Маңғыстаудағы жарты миллион мал басынан, 1928 жылға қарай, небәрі 130 мың бас қой қалған. Оған салық қосылды. Мысалы, екі түйесі мен бес қойы бар төрт адамнан тұратын отбасы, мемлекетке 80 қой және төрт сиыр өткізулері тиіс болды. Оған қоса,  астық және ет міндетті түрде өткізу керек болды. Милиционерлер адамдарды емес, малды күзетті. Мұның салдарынан ашуғу басталғанда малдарын иелеріне қайтару мақсатында тұрғындар арасынан батылдары қарулы жасақ ұйымдастырып, шабуыл жасады. Бұл бір ғана мысал. Мұндай күдікті бастама жасайтын «бұзақылар» халық жауы  бай-кулак элементі болып есептелінді.

ССРО-ның ұлт аймақтарындағы, оның ішінде Қазақстандағы бұқара халық көтерілістері көпшілігінде жергілікті ғана сипат алғанмен, оның совет өкіметі саясатына ішкі келіспеушіліктер көріністері екенін, билік ұғынды. Басқаша жағдайда осы жылдары, қуғын-сүргін жүргізілмес еді. Совет өкіметіне қарсылықтар әлеуметтік-қаржылық мәселелерге, партия және советтік билік өкілдерінің өз міндеттерін дұрыс атқармауына байланысты туындады. Жергілікті жердегі партия органдары басшылары, кейбір оқиғалар жөнінде, большевиктер өкіметіне қарсы жаппай саяси көтеріліс ретінде сипаттай, жоғарғы органдарға хабарлама беріп отырған. ІІХК органдары өздерінің баяндауларында бұзақы топтарды, заңсыз әскери құрылымдарды, қылмыскерлерді совет өкіметіне қарсы көтеріліс ретінде, саяси өң берді. Бұл біріншіден жергілікті жердегі партия және совет жұмысының қызу жүргізіліп жатқанын көрсетсе, екіншіден, кейбір келеңсіз оқиғалардың өңін жабуға және  қарсы жазалау шаралары қажетті деген сылтаумен орталықтан қосымша қаражат талап етуді негіздеуге мүмкіндік берді. Осындай саяси-қоғамдық жағдайлар аясында, зиялылар тағдырынан айналып өтпеді, олар әртүрлі мақсатта шешілді. Ел ішінен «халық жаулары» іздестірілді.

 

Құндызай ЕРІМБЕТОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?