Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Соғыс жарияланбайды, басталады-1

1283
Соғыс жарияланбайды, басталады-1 - e-history.kz
Естеріңізде болса, совет заманының жастары «Ғылыми коммунизм» пәнінен емтихан тапсырды. Коммунизмге жететініне сенді

Алайда, 1917 жылғы төңкерістің, оның басшылары Троцкий мен Лениннің іс-қимылдары «арнайы даярланған жоба» екенін кім білген?! Ата тарихымыз оқытылмады. Социализмнің совет халқын өлшеусіз күштеу мен зорлау саясаты нәтижесінде орнатылғаны жөнінде айту мемлекеттік қылмыс болатын.

Совет Одағында алғаш рет 1990 жылғы 13 тамызы күні ССРО Президентінің «20-50 жылдардағы бүкіл саяси қуғын-сүргін құрбандарының құқтарын қалпына келтіру туралы» Жарлығы жарияланғаны мәлім. Бұл үлкен бетбұрыстың бастамасы болған-ды.

Осы кезеңде ағылшын-американ зерттеушілері арасында жаңадан үлкен серпіліс басталды. Мысалы, Р. Терстон «ССРО-да троцкистік оппозицияның болғанын жоққа шығармайды, террор элитаның жеке өкілдеріне қатысты болды, ол бүкіл қоғамға бағытталған жүйе емес. 1930-жылдары мемлекеттік жаныштауды көпшілік адамдар қолдады, тіпті өз еріктерімен оған қатысты, сталиндік тәртіпті қолдады» деген қорытындыға келеді.

1993 жылы американ тарихшысы Р. Конквест: «Совет адамдарының жалған тарихи теория негізінде құрылған қоғамда өмір сүруге мәжбүр болғанын, оған қоса, олар өздерінің ата тарихына қатысты нақты фактілерді білу мүмкіндігінен айырылғанын» ғылыми еңбектерінде жариялайды. Дәл осы зерттеуші 1967 жылдан бастап «Үлкен террор», «Сталинология» атты арнаулы терминдерді ғылыми айналымға енгізген болатын. Бұл батыс зерттеушілері Совет Одағын зерттеуді 1990 жылдары қолға алды деген сөз емес.

1960 жылы ағылшын-американдық тарихнамада «советология» термині кең тарады. Бұл терминді алғаш 1956 жылы франко-тілдік әдебиетте пайдаланған. Осы терминге қатысты танымал зерттеуші С. Коэнның: «советология – сыпайы ұғым емес, алайда пайдалы сөз» деген пікір айтқан болатын. Расында, көптеген шетелдік сарапшылар Совет Одағының тамырын дөп басты.

Ресей және Совет Одағы тақырыбына 1876-1950 жылдары аралығында АҚШ-та 250 докторлық диссертация қорғалса, келесі онжылдықта оның саны 600-ден асқан. Университеттерде Совет Одағының тарихы оқытылған. 1950-1970 жылдар аралығында советтану мамандығы бойынша 5 666 адам бакалавр, 2 514 адам магистр дәрежесін алған. Совет мемлекетін зерттейтін көптеген бағыттар қалыптасты. Демек, советтік азаматтарға құпия болғанмен, мұхиттың арғы бетінде айқын айғақтар жеткілікті болатын. Жоғарыда аталған ССРО Президенті Жарлығынан кейін шетелдік зерттеушілер кезіне «өте құпия» мұрағаттық құжаттар қолжетімсіз болған одаққа қарай ағыла бастады.

Мұны еске алып отырғанымыз «ұлы» идеямен бірге идеологияны, оның соңынан біртұтас жүйенің де көшетіндігін бүгінгі тарих ақиқаты көз жеткізіп отыр. «Үлкен террорды» тудырған революция болатын. Совет Одағын орнатуға алғышарт болған және оның түбіне жеткен «ұлы» идея да, идеология да елден тыс сырттан келгені қазір еш жасырын емес. Идея мемлекеттің басқару жүйесінде қоғамдық қарсылықтар легін ұйымдастыруға жол ашты. Мақсат – қоғамды бітістіру емес, оның арасына жік салу еді. Ал оның салдары қуғын-сүргін және күштеу әрекеттеріне есік ашты. Мұның барлығын тарих басынан өткізді.

Бүгінгі күні Ресей де, жеке тәуелсіздігін қайта қалпына келтірген мемлекеттер де тарих бетіне жаңаша көзқараспен үңіліп отыр. Алайда, болған оқиғаны ешкім жадынан шығармақ емес. «Қуғын-сүргін» қасіреті тарихи тағылым ретінде есте қалады.

1991 жылы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қаулысы негізінде құрылған, ҚР Жоғарғы Кеңесінің арнаулы комиссиясы (жетекшісі – академик М.Қ. Қозыбаев) құпия құжаттарды (БК(б)П ОК және Қазақстан К(б)П ОК-нің материалдары) ашу және оларды зерделеу жұмыстарын бір мезгілде жүргізді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына жалған қылмыстық іс қозғау негізінде заңсыз үкімдер шығарған ОГПУ-НКВД-нің «үштік» жеке істері мен «ерекше кеңес» соттарының материалдары зерттелді. Бұл жұмысқа мұрағат қызметкерлері және тарихшы-ғалымдар, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

Арнаулы комиссия жұмысы 1992 жылдың қараша айына дейін созылды және осы жылдың желтоқсан айында, оның қорытындысы баспасөз беттерінде жарияланды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 1993 жылы 14 сәуірде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қабылданды. Әділдікті толығымен қалпына келтіру мақсатында, 1997 жыл – «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жарияланды.

Советтік  тәртіптің қылмыстары әшкерленді. Мемлекет басшысының Жарлығы аясында, жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алынып, түрлі іс-шаралар өткізу дәстүрге айналды. Қазақстан күштеп қоныстандырылған қаншама этнос өкілдерінің Отанына айналды. Ұйысқан ұлтаралық қатынастарды сақтаған Қазақстан Республикасында 2016 жылдың 1 наурызынан бастап «Алғыс айту» күнін атап өту дәстүрі тарихқа енді.

«Революция жаулары» ұғымы қайдан шықты?

XVIII ғасырдағы француз революциясының белді өкілдері Марат, Робеспьер және Дантон тарихта қалған. Олар француз ағартушылары Монтескье және Руссо идеяларымен сусындаған.

Осы тұлғалардың ішінде 24 мамырда дүниеге келген Жан-Поль Марат туралы жақында regnum.ru сайтында: «Бүкіл «халық жауларының» әр уақытта оның «досы» бар» атты, үлкен ой салатын мақала жарық көрді. Жан-Поль Марат бірден революционер болған жоқ қой. Ол жоғары білікті дәрігер мамандығын игерді, шет тілдерін тез үйренді, медицина, жаратылыстану, тарих және құқық саласын зерттеумен айналысты. Ол Англияға  көшіп барып, Эдинбург университетінде медицина докторы ғылыми атағын алды. Ол жерде он жыл тұрады.

Осы жерде кенеттен саясатқа бет бұрады. 1774 жылы құлдық бұғаудан босау тек үстем билікті жою идеясында, Лондон қаласында «Құлдық бұғауы» кітабы шығады. Мұндай күресті халықтың табиғи және қасиетті парызы санайды. Келесі «Қылмыстық заңдылық жоспары» шығармасында  күштілердің әлсіздерді, байлардың кедейлерді үздіксіз қанауы жағдайында, оларға қарсы күш көрсету арқылы азаттыққа жетуге құқылары бары жөніндегі идеяларын  дамыта түседі.

Мұнан соң 1789 жылы «Отанға сыйлық» Қосымша» шағын еңбегінде халықты «құлдық бұғаудан» шығуға үндейді. «Оу, француздар! Шыдамдылықтарыңыз таусылса, азапты күндерің артта. Сіздердің азат болуға деген жігерлеріңіз болса, сіздер бостандықтасыздар». Революцияның алдында Жан-Поль Марат «Халық досы» газетін шығарып, онда революция жауларын әшкерлейді, қаналушылардың бостандығы үшін күресін жалғастырады.

1793 жылы 31 мамыр мен 2 маусым аралығындағы француз революциясының жеңіліспен аяқталғаны бәрімізге мәлім. Жер бетінде ақиқат пен әділеттілікке ғана бас иетін Марат та, бұл оқиға да тарихта Ұлы француз революциясымен есте қалды. Осыған орай, В.Г. Белинский өзіндік пікір білдірген: «Мен Мараттың бостандыққа деген қанды махаббатын, барлық нәрсеге деген қанды өшпенділігін, адамзатпен бауырласудан оқшаулануды қалағанын түсіндім».

Өкінішке қарай, осындай бостандыққа жету жолындағы «қанды махаббат» әлем бойынша ағартушылар мен ғалымдардың ой-санасына сіңісіп үлгірді. Оны келесі ұрпақ жалғастыра түсті. Кейін Карл Маркс пен Фридрих Энгельс идеяларын өмірлік мұратқа айналдырып қана қойған жоқ, іс жүзіне асырды. Нәтижесінде француз революциясынан басталған «революция жаулары» идеясымен қаруланғандар біртұтас мемлекеттік аппараттың «халық жауларымен» күресуге дейінгі деңгейге көтерді. «Қанды өшпенділік» қаншама ұлттар мен ұлыстардың маңдай алды азаматтарын жалмады.

«Қанды өшпенділік» идеясы Ресейге қарасты ұлт аймақтарында да бекиді. XIX ғасырдың соңында дүниежүзі бойынша ағартушылар арасында демократтар тобы белсенділік көрсетті. 1917 жылғы Петроградтағы Ақпан революциясынан кейін жер-жердегі жұмысшылар митингілері мен шерулерінің үздіксіз легін, бұған дейін астыртын жұмыс атқарып жүрген, социал-демократтардың жетекшілері басқарды. 1915-1917 жылдар аралығында қазақтар арасында отаршылдық езгіге қарсы Орынборда «Еркін дала», Омбыда «Бірлік», Оралда «Жас қазақ», Троицкде «Үміт» жастар ұйымдары мен 20 аса үйірмелер мен түрлі топтар (үнпарақтар таратты, өлең жариялады, пікірсайыстар ұйымдастырды) жұмыс атқарған болатын. Олардың ішіндегі ең радикалды революциялық бағдарламамен қаруланған топ, Тұрар Рысқұловтың ұйымдастыруымен құрылған Әулиеатадағы «Қазақ жастарының революциялық одағы» болатын-ды.

Халықтың келесі бөлігі Уақытша үкіметтің өміршеңдігіне үміт артты. Олар Уақытша үкіметтің азаматтық және атқарушы комитет органдарына кірді. Наурыз айынан бастап Өлкедегі қалалық және темір жол бойындағы шерулердің аяғы, Жұмысшы депутаттарының құрылуына (Орынбор, Ташкент, Омбы, Перовск, Қазалы, Шалқар, Ақтөбе, Орал) әкелді. Тіпті жұмысшылар  солдат депутаттар Кеңесімен бірікті (Қазалы, Петропавловск, Семей, Перовск).

Осылайша, жер-жерде қос үкімет билігі өмірге келді. Уақытша үкімет әскери губернаторларды, генерал-губернаторларды, отаршыл әкімшілік шенеуніктерін билік басынан аластатылды. Оның орнына облыстық комиссарлар, азаматтық атқарушы комитет, коалициондық комиттер құрыла бастады. Болыстар мен ауылдарда, бұрынғы болыстық және ауылдық билік, селоларда старосталар мен атамандар қалды. Уақытша үкімет облыстардағы билік басына бұрынғы патшалық отаршыл-шенеуніктерді, қазақ ұлттық интеллигенция өкілдерін қойды.

Мәселен, Әлихан Бөкейхан Торғай облысының Уақытша үкіметінің комиссары, ал Мұхамеджан Тынышпаев Жетісу облысының комиссары болып тағайындалды. Осылайша, 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстандағы Уақытша үкіметтің жергілікті органдары қалыптасты. Мұндай жағдайда Уақытша үкіметтің іс-қимылына қанағаттанбағандықтан да, Революциялық одақ негізгі міндет – оларға қарсы күрес деп тапты. Ал бұл кезеңде жергілікті жерлердегі социал-демократтарға (оның ішінде большевиктермен қатар меньшевиктер де болды) Ташкент, Орынбор, Омбы большевиктері басшылық жасады. Демек, Қазақстанда революциялық идея ХХ ғасырдың басында-ақ ұялағандығы жөнінде айтуға болады.

1920 жылдың 20 маусымдағы Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің (БОАК) декретімен әскери жағдай жарияланған жерлердегі құқық бұзушылардың ісін қарастыратын Ерекше тәртібі енгізілді. 1919 жылдың қазанында РКФСР ХКК декреті негізінде, Жалпыресейлік төтенше комиссия (бұдан әрі – ЖТК) жанынан тауарлар мен азық-түлікті ірі алып-сатарлар, қызмет бабында қылмыс жасағандар, жемқорлық, қымқыру, алдау және басқа үрдістерді қарастыратын үш адамнан тұратын (төраға және екі мүшесі) «ерекше революциялық трибунал» бекітілді. 1920 жылдың 18 наурызында БОАК декреті негізінде ЖТК – еңбек тәртібін бұзып, бас тартқандар мен «партизандық элементтерді» (бес жылға дейінгі мерзімге) лагерлердегі күштеу жұмысына тарту құқына ие болды. Әскери революциялық комитеті өкілдігінің кеңеюі және сот ісінен тыс процедураларды қолдануы арнаулы қызметтің ішінен шығарылған үкімге жауапты ерекше құрылым пайда болды. Осылайша, 1918 жылдың басында құрылған алғашқы Әскери революциялық комитет құрамында Ф.Э. Дзержинский, В.А. Александрович, Я.Х. Петерс кірген үштік құрылған болатын. 1920 жылдың ортасында үштіктің міндетіне - немқұрайлы сот тәртібінен тыс, қылмыстық бұзақылықты тікелей қолға алу қызметі жүктелді. 1929 жылдан бастап оның қызмет ауқымы кеңейді. Ол «кулактардың» үлкен тобына және   ұжымдастыру және ауылдық жерлердегі шаруалардың жаппай қашуы нәтижесінде пайда болған қылмыстық элементтерге қарсы бағытталды. Әрине, бұл үштіктің «рөлі» 1937-1938 жылдарда артқаны мәлім. 1938 жылдың аяғынан 1953 жылдың сәуіріне дейін, үштікке балама ретінде ІІХК (НКВД) – МҚХК (НКГБ) – МҚМ (МГБ) жанындағы Ерекше жиналыс қызметі жалғасты. Себебі Ресейдің ұлт аймақтарындағы шаруашылықты жүргізу тәртібі мен дамуы мүлдем пролетариаттық сипаттан алшақ болған-ды. Қалай айтқанда да, тарихи еңбектерде «пролетариаттың рөлі мен маңызын», оның билік жүйесіндегі орнын бекіту, кеңестік идеологияың басты қаруына айналған болатын.

Жалғасы бар...

Құндызай ЕРІМБЕТОВА,  тарих ғылымдарының кандидаты,

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?