Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: шоқпар мен қылыш

4123
#Түрік әлемі: шоқпар мен қылыш - e-history.kz
Өткен апталарда халқымыздың ат үстінде отырып ұрыс салуға және жаяу соғысқа әрі шұғыл қимыл жасауға ыңғайлы садақ, найза және айбалта секілді қару түрлеріне тоқталған болатынбыз

Бүгін жеңіл сілтенетін қылыш және шоқпар секілді бес қару түріне жататын құрал түрлеріне сөз етпекпіз.

Шоқпар (сойыл)

Сойыл – адам баласының ең алғаш қолданған қаруларының бірі. Себебі, ол – алып жүруге және жасауға ыңғайлы қару. О баста бұл қару аңшылық құралы болған. Кейін қорғаныс құралына айналған. Көшпелі қазақ жұрты сойылмен қансонарда қасқыр, түлкі соғып, жорыққа шыққан, барымтаға пайдаланған.

Шоқпар – сойылдың қорғанысқа, ұруға арналған түрі. Бас жағы жұмыр болады. Көбінесе ырғай, тобылғы, қайың секілді қатты ағаштардан жасалады. Шоқпарды кей өңірлерде қолағаш, келдек, сайғақ, шомақ деп те жатады. Айтпақшы, сота, қорағаш  деп аталатын шоқпар түрлері тағы бар. Шеберлер шоқпар жасау үшін бұл ағаштарды түбірімен қоса қазып алады да, бас жағын жұмырлайды. Кейде шоқпардың басына темір немесе қорғасын құйып жатады.

Басына қорғасын құйылып жасаған мұндай шоқпарлар көбіне күрзі деп аталады. Серікбол Қондыбайдың пайымынша, «күрзі» парсы тілінен енген сөз. Автор өзінің «Жауынгерлік рух» кітабында шоқпардың күрзіден басқа «қолаба», «сота» және «шебең» секілді түрлеріне тоқталады.

Қолаба – ұрып құлатуа арналған немесе қиратқыш күші жоғары орасан үлкен қолтоқпақ, қару:

Менің атым – қолаба,

Сырымды білсең, жолама... (Қазақ фольклорынан).

Шебең – темірден жасалған асатаяқ болса, шебің – кішкене темір сойыл (шігілше) темір таяқ.

Зерттеушілердің мәліметінше, шоқпар мен сойылдың алғашқы түрлері сонау неолит заманында пайда болған. Әуелде ағаштан жасалса, кейін тастан, металдан жасалды. Сойыл көбіне шығыс халықтарына тән дүние. Ежелгі еуропалық мәдениетте мұндай қару сирек өте сирек қолданылған. Мәселен, бұл қаруды (клава) б.з. ІІ ғасырларда тек рим әскері ғана әскерде қолданылыпты. Тек XVІІІ ғасырдан бастап қана сойыл түрлері еуропалық қару-жарақ қатарына енгізіле бастаған. Кейін тіптен билік пен абыройдың символына айнала бастайды. ХІХ ғасырға дейін анадолы түрік пашалары, поляк және украин гетмандары шоқпар бейнеленген ту, байрақ көтерді, арнайы шоқпар бейнелі мөр таңба ұстаған. ХХ ғасырда насеки деп аталатын сойыл түрі өңірлік атамандар белгісі саналыпты.

Батыста шоқпардың (булава) жұмырбасты және шестопер деген түрлері болған. Оның бас жағы темірмен қапталады, кейбір түрі үлкен шегелермен қадауланды. «Мұндай ағашсойыл түрлерін атам қазақ шомақ деп атаған. Ал шестопер дегеніміз – бас жағына бекітілген алты металл пластинасы бар жезл, булаваның бір түрі. Жазба деректерде шестопер алғаш рет 1502 жылы орыстар мен орден серілері арасындағы шайқас кезінде кездеседі. Сондай-ақ ол қолбасының билік белгісі ретінде де қолданылады. Мәскеу Кремлінің Қару-жарақ Палатасында алтын-күміспен, асыл тастармен әшекейленген шестоперлер сақталған. Түркі жұртында шомақты ұстайтын жауынгерді, әскербасыны «шомақдар» деп атаған. Бұл, сірә, парсы тілінің ықпалымен пайда болған атау болса керек, өйткені «шомақ» сөзі түркі тілінікі болғанымен, оған жалғанған «дар» жұрнағы парсы тілінен енген. Орыстар кездесетін «Чемо-дуров» деген фамилия негізінде де осы «шомақдар» сөзі жатыр. Шомақдар сөзінің екінші мағынасы – «қару тасушы», яғни батырдың қару-жарағын алып жүретін көмекші (оруженосец)» делінген автордың жазбаларында.

Қылыш пен семсер

С. Қондыбайдың еңбектерінде қылышқа мынадай сипаттама берілген: «Қылыш – түркі әскери лексикасының байырғы әрі өзгермей келе жатқан сөзі. Қылыш (сабля) VI-VII ғасырларда пайда болған, ал орыс жылнамаларында IX ғасырдан бастап аталады. «Қылыч» атауы VIII ғасырдағы «Күлтегін» жазбасында кездеседі, осы сөз Махмұт Қашғари сөздігінде де бар. Тартуға сермегенде сырғи тілетін имек қылыш терең жарақат салады. Қылыш жалаңаш темірі (клинок – қыл, қылпыл, жалаң, жалаңтөс) мен сабынан (эфес – балдақ) тұрады, қынға салынады. Қылыш жалаңы имек болып келеді, оның имегінің сыртқы жағының ғана жүзі бар, ішкі жағы топарланып келеді. Бас жағы үшкір болып келеді және көбіне-көп ойығы болады. Арт жағы сап орнатуға ыңғайланып жасалады. Қылыштың ұзындығы, әдетте, 80-90 см, ені – 30-35 мм болады. Қылыштың тиімділігі жалаңының имектігі мен салмақ түсіру центрінің орнының ұштасып келуіне байланысты. Мұндай сәтті ұштасу нәтижесінде қылыштың кесу бұрышы, тереңдігі азаяды да, сілтеу күші ұлғаяды. Шығыс типті қылыштар тек шабуға арналады да, имею ені 100 мм-ге жеткізеді, ал еуропалық қылыш (оның ішінде кейінгі орыс) шабуға да, шаншуға да арналған, оның имию ені аздау, 10 мм болады. Қылыштың сабы әр түрлі болып келеді, көлденең орналасқан (крестина, перекрестие, 1-3 лужогы).

Қылыш жалпы қылыш-пышақ секілді өткір құралдарды салып жүруге арналған құралдар  қын немесе қынап дейді. Олар ағаш немесе былғарыдан жасалады. Қылыштың қыны ағаштан жасалынып терімен, сафьянмен, барқытпен қапталады. Сонымен қатар, алтын, күміс секілді игеруге ыңғайлы әртүрлі металдармен апталатын болған. Асыл тастармен сәнделді.

ХІХ-ХХ ғасырларда металл (никельденген, хромданған) қынаптар пайда болды. Орыстар қылышты XVI ғасырда қолданды, оны атты және жаяу стрелецтер пайдаланған.

XVIII ғасырдан бастап қылыш европалық әскерде жеңіл атты әскерде, сондай-ақ барлық әскер түрінің қолбасылық құрамының қаруы болды.

1881 жылы орыс әскеріндегі қылыш шашкамен алмастырылып, тек шерулік және гвардиялық қару ретінде сақталынды.

Совет Одағында 1940 жылы генералдар үшін шерулік қару ретінде қабылданып, 1949 жылы ол кортиктерге ауыстырылды.

Балдақ

Қазақ фольклорлық тілінде «балдақ» сөзінің үш түрлі мағынасы қалыптасқан:

Біріншісі – қылыштың сабы; екіншісі – қылыштың қыны; үшіншісі – қылыштың, пышақтың сағағына бекітіліп тұратын сақина және қылыштың өзі.

С. Қондыбайдың пайымынша, орыс тілі арқылы енген шашка мен палаш сөздерінің түп негізі де түркі сөздерінен енген:

Шашка – қылыштың ұзынырақ бір түрі, тек оның жүзі сәл ғана имиген. Шашка, кабардин – черкес тілінен енген сөз (сашхо – ұзын пышақ). Ол жалаң мен саптан тұрады, оның қынабы бар, тек қылыштан айырмашылығы иықтық портупеяға ілінеді. Орыс әскерінде алғаш рет 1834 жылы қабылданып, 1881 жылдан барлық атты әскерде қолданылды. Шашқаның ұзындығы 70-90 см-ге жетеді, имию ені 30 мм-ге дейін. 1940 жылдан генералдар үшін шашканың жаңа үлгісі бектілсе, 1950 жылдан бастап ол тек шерулік қару ретінде ғана сақталды.

Палаш – қылыш түрі, тек оның жүзі түзу болып келеді. Венгр тілінің pallos деген сөзінен шыққан. Палаш бір жүзді (қылыш сияқты) қару, бірақ үш жағына қарай екіжүзді болып келеді, XVIII ғасырдан бастап оны металл қынға сала бастаған. Палаш семсердің орнын басып, XVI ғасырда пайда болды. Орыс әскерінде ол гвардиялық канцелярияның кирасир полктерінің қаруы ретінде XVI ғасырда қабылданды. Белбеулік портупеяда ілінді, XIX ғасыр соңында пайдаланудан қалды. Олжас Сүлейменов осы сөзді Османлы түрік тілінен ауысқан дейді: «пала-палаш, меч с широким лезвием, орудие казни: плпджи – тот, кто казнит (турец). В русском: палач – палачи (ед и мн числ)».

Қазақтың фольклорлық тілінде сақталған «қалақ қылыш» сөзі, сірә, палаш тәрізді қылышқа қатысты болса керек.

Сабля – қылыштың орыс тіліндегі атауы, «сабля» сөзін әдетте венгр тілінікі дейді (szablya, мұндағы szabni – шабу, кесу). Бірақ осы сөздің ар жағында «шап, шабу» деген түркі сөзінің жатқандығын жоққа шығара алмаймыз, оның үстіне қазақта «сапы» деген де сөз бар.

Сапы – кішкене өткір қылыш, семсер.

Печенег тілінен қалған бірен-саран сөздің бірі – «чүлгү», ол – «қылыштың соққысы, қылышпен ұру» (сабельный удар) дегенді білдіреді.

Селебе – қылыштың бір түрінің атауы.

Ақинақ (грек. аkinakos) – ежелгі скифтер мен парсылардың әскери қару-жарағындағы ұзындығы 40-60 см-ден аспайтын қысқа, келте семсер. Біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың ІІ жартысынан белгілі.

Болат – көміртекті болат балқымасы, ол өзінің дайындалуының әдісіне байланысты өзіне тән ерекше құрылымға және түрге (өрнекті) ие. Болат – қаттылығы мен серіппелігі өте жоғары балқыма. Болаттың өрнектілігі оны балқыту мен кристалдану ерекшеліктеріне байланысты. Ежелгі заманнан (Аристотельдің өзі атап өткен) бері болат өте берік әрі өткір семсер, қылыш, қанжар, жүздік жасауға пайдаланылып келеді. Үндістанда (вуц), Орта Азия мен Иранда (табан, хорасан) және Сирияда (Дамаск, Дамаск болаты) осындай болат дайындау өнері болған.

Болат сөзі парсының «пулад» сөзінен шыққан делінеді.

Қол – қылыш не пышақтың жүзіне салынған ұзын ойық. Ол көбінесе алтынмен бедерленеді.

Семсер – болаттан істелген екіжүзді өткір қару, шпага.

Сүврі – қылыш, найза, істік, шамдал тәрізді, ұшы үшкір нәрсе.

Біздің заманымызға дейінгі 50 жылдары хуннулар мен қытай арасындағы шарттасу, анттасу туралы дерек сақталған. Осы шартты кім бұрын бұзса, сол Көктің қаһарына ұшырап, ұрпақтарын сол анттың киесі ұрсын деп сөз байласқан.

Темір: ант ішкенде, жалаңаш қылышты алдына көлденең қойып: «бұ көк кірсін, қызыл шықсын!» дейді Махмұт Қашғари.

Қанжар, ұзын пышақ

Қанжар – белге байлап жүретін екіжүзді түйреуші қару, оның жалаңы қысқа болады.

Қанжар сөзін (канджар) кейбір этимологтар арабтікі, кейбірі парсынікі дейді. Бұл сөз түрік тілдеріне ауысып, одан кейін орыс тіліне (кинжал) өткен. Сондай-ақ орыс тілінде «кончар» деген қару атауы болған. Оның қанжардан айырмашылығы – қысқа емес, ұзындығы 1,5 м-ге дейін жететін үш немесе төрт қырлы жалаңы болды, осындай кончармен шынжыр сауытты тесіп өтуге оңай болып, орыс қаруында XIV-XV ғғ. пайдаланылған.

Совет дәуірінде шерулік әскери киімге арналған суық қару пайдаланылды. Ол орыс тілінде «кортик» деп аталған. Бұл сөз, сірә, түрік тілдерінің бірінен енген «қортық» (қысқа, келте) деген сөздің өзгерген түрі сияқты, өйткені «кортик» дегеніміз – қысқа, қортиған семсер тәрізді түйреуші (колящее) қару болып табылады. Қазақ фольклорында ұзын пышақтардың бірен-саран атауы сақталып қалған, олар: «жекеауыз», «дөкет», «селебе», «сапы».

Жекеауыз – қанжардың бір түрі; «Жекеауыз сияқты қарулар соғып шығарған» (Аңшыбай).

Дөкет – үлкен пышақ, лөкет деп те атала береді. Селебе – ұшы үшкір, үлкен, өткір пышақ

Дудама – екіжүзді өткір қанжар.

Бүкде – Махмұт Қашғари сөздігінде «бүкде» деп аталған пышақтың түрі болғандығын оқыдық. Бүкде (бүтде) «қанжар», «пышақ» дегенді білдіреді. Осы сөздікте «бүгделеді» – «қанжар салды», «қанжарлады» деген етістік те келтірілген. Қазақ фольклорлық тілінде сақталған бүктемелі қылыш, пышақ, т.б. сөз тіркестеріндегі бүктемелі сөзі осы бүкде сөзімен байланысты болуы мүмкін.

Кездік – пышақтың бір атауы:

Едгү – қылыш қыны мен соған ұқсас нәрселерді ою үшін қолданылатын ұшы ирек пышақ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?