Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Сталинді атқаны үшін»

2036
«Сталинді атқаны үшін» - e-history.kz

Ермекбай Пернебаев 1922 жылы қазіргі Төле би ауданы, Ащы ауылында туған. Шымкенттегі сегіз айлық педагогикалық курста білімін жетілдіріп, еңбек жолын 1940 жылы сол кездегі Балдыберек ауылдық советіне қарасты Молотов атындағы бастауыш мектепте мұғалім болып бастайды. Әскер қатарына осы жерден аттанып, Харьков кіші командирлер даярлайтын әскери училищесінде оқыды. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары взвод командирінің көмекшісі ретінде фашистерге қарсы кескілескен ұрыстарға қатысты. Майданда көрсеткен ерлігі үшін бірқатар медальдармен марапатталды. Бірақ, Ермекбай Пернебаевтың өмірін күрт өзгерткен сұрапыл соғыс емес, керісінше одан кейінгі жылдар еді.

Майдангер ауылына келгеннен кейін учаскелік инспектор болып жұмысқа орналасады. 1947 жылы 27 қазанда болған оқиға Е. Пернебаев өмірі қыл үстінде тұрғандай болатын. Ол оқиғаның желісі былай болды:

Инспектор кеңсе жанында жүрісі күдікті автокөліктің жүргізушісін тексереді. Сүйтіп тұрғанда кеңседен екі орыс азаматы және таң атпай спиртті ішімдік ұрттап алған жергілікті бес тұрғын учаскелік милиционерге жабылып, соққыға жығады. Әлгі орыстың бірі мойнынан қылғындырып жатқанда Ермекбай Пернебаев табельдік қаруын алып, оны атып өлтіреді, екіншісін жарақаттайды. Сөйтсе қайтыс болған облыстық тұтынушылар одағының экспедиторы, отставкадағы подполковник болып шығады. Бұл іс сотта үш рет қаралады.

Аудандық сот Ермекбай Пернебаевтың әрекетін ақтағанымен, сол кездегі билік басындағылар сот ісін Алматыдағы әскери трибуналға алдыртып, оған қиянат жасап, жала жабады.

 «Өлген адамның қалтасында 25 сомдық бір бума ақшадағы Сталиннің шекесіне оқ тиді. Демек, Сталинді атты» деп өлім жазасын сұрайды. Тәртіп сақшысының қызмет бабында өзін-өзі қорғағаны ескерілмейді. Ақыры «кісі өлтіргені үшін 25 жыл», «Сталинді… атқаны үшін» тағы 5 жыл қосылады. Барлығы 30 жылға кесіліп, Ерекеңді Коми АССР-іне айдатып жібереді».

Бұл оқиға алдында Ермекбай отбасы құрған болатын. Соттың үкімінен кейін оның рұқсатымен әйелі тұрмыс құрады да, жетім бала өзгелерге көзтүрткі болмас үшін нағашыларының тәрбиесінде қала береді.

Қатаң режимде 10 жыл жазасын өтеген Е. Пернебаев қаласының түрмесіне Мәскеуден ССРО-ның кешенді инспекторлық тексеруі келіп, «Бұл іс әділетсіз шешілген» деп бұрынғы тәртіп сақшысын түрмеден босатады.

Оқи отырыңыздар: Ғасырларға созылған қасірет

1981 жылы ғана елге оралған Е. Пернебаев 1949 жылы дүниеге келген, нағашыларының тәрбиесінде өскен ұлы Қуанышпен 1988 жылы табысады. 1996 жылы қайтыс болған Ермекбай Пернебаевты тек 2005 жылы Қазақстан өкіметі «Саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп таныған екен.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?