Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#100шайқас: Легницадағы лаң

1585
#100шайқас: Легницадағы лаң - e-history.kz
Легница түбіндегі шайқас – ортағасырлық Польша мен Германия тарихындағы ірі шайқастардың бірі еді

Тарихи деректерге сүйенсек, Моңғол империясының негізін қалаған Шыңғыс хан көзі тірісінде бағындырылған ұлан-ғайыр территорияны өзінің ұрпақтары арасында ұлыстық басқару жүйесі негізінде бөлініске салғаны белгілі. Тұңғыш ұлы Жошыға өз енші иелігін бөліп берумен қатар, әлі де бағындырылмаған батыс аймақтарға жорыққа аттануға тапсырма берді. Бірақ Жошының әкесінен ерте қайтыс болуына байланысты бұл тапсырманы орындай алмады. Шыңғыс-ханның өсиетін орындау 1235 жылы Қарақорымда ұлы хан Өгөдэй ұйымдастырған құрылтай шешімімен Жошының екінші ұлы Батуға жүктелді [1, 341 б.]. Бату қолбасшылығымен моңғолдардың Батыс жорығы 1236 жылы басталып, бірнеше жылдың ішінде Бату қолы Еділ бұлғарлары, Қыпшақтың батыс бөлігі мен Русь территориясын бағындырды. Ал 1241 жылы Бату бастаған моңғол әскерлері мен бағындырылған аймақтардың құралған жасақтармен бірге католиктік Еуропаның шығыс аймақтарына аяқ басты.

Еуропаға қарсы жорықтың басты мақсаты Венгрия территориясын бағындыру болды. Өйткені, Венгрия – моңғолдар үшін экономикалық жағынан аса тиімді аймақта орналасқан Карпаттан Адриатикаға дейін созылып жатқан жайылымы шүйгін бай-қуатты мемлекет еді. Сондықтан, Моңғолдың құпия шежіресінің мәліметіне сәйкес, жорықтың бастапқы жоспарында моңғол қолбасшылары бағындыруға тиіс он бір халықтың тізімінде мажар халқы аталған еді. Сонымен қатар, бұл жөнінде моңғолдарға бағынудан бас тартып, батысқа көшкен қыпшақ билеушісі Котян мен оның халқының Венгрияға барып король IV Беланың қызметіне қабылданып, жасырынғанын білген ұлы хан Өгөдэйдің корольге жазған қаһарлы хатында сипатталған. Хатты корольге 1239 жылы Русь жеріндегі моңғол жорықтарының куәгері болған венгриялық миссонер Юлиан табыс етті.

Бұл хаттың мазмұны былайша сипатталған: «Мен, Хан, жер бетіндегі өзіме бағынғандарды қолдап, қарсы келгендерді басып-жаншуға билік берілген аспан патшасының елшісімін, саған таңқаламын, мен саған 30-шы рет өзімнің елшілерімді жіберсем де, неліктен олардың біреуін де кейін қайтармадың, не өзіңнің елшілеріңді де жібермейсің, не жауап хатыңды жібермейсің. Сенің бай және қуатты король екеніңді, қол астыңдағы жауынгерлеріңнің саны көп екенін, ұлы корольдікті бір өзің басқаратыныңды  білемін. Сол себепті де сенің маған өз еркіңмен бағынуың қиынға соғады. Ал сен өз еркіңмен маған бағынсаң, бұл сен үшін аса қолайлы және пайдалы іс болар еді. Бұған қоса, сен менің куман құлдарымды қамқорлығыңа алғаныңды білемін; солар үшін сенімен жауласуыма жол бермеу үшін, оларды өзіңнің қол астыңда қамқорлығыңа алмауды бұйырамын. Сенімен салыстырғанда кумандарға қашу оңай, өйткені олар шатырсыз үйлерде көшіп-қонып жүретіндіктен, қашып кете алады; ал үйлерде тұратын, қамал мен қалалары бар сен менен қалай қашып құтыласың?» [2, с. 24-25].

Бұл хатқа байланысты, яғни ұлы хан Өгөдэйдің қойған талаптарына қатысты Венгрия королі IV Бела нақты шешім қабылдамады. Бұл Бату басқарған моңғол қолбасшыларының тікелей Венгрия корольдігіне қарсы жорыққа шығуының сылтауы болды. Еуропаға жорықтың жоспары мен мақсаты Батыс тарихнамасында кеңінен талданған. Австриялық шығыстанушы Й.Хаммер-Пургшталь, ұлы қаған Өгөдэй Батуға тек Қыпшақтар мен Русьті жаулауға бұйрық берді дейді [3, s. 100]. Ал неміс тарихшысы Б. Шпулердің пікірінше, моңғолдардың батысқа қарай масштабты жорығы кезінде олар тек Қыпшақ пен Русь территориясын ғана бағындыруды мақсат еткен жоқ, сонымен қатар Еуропаның Польша мен Венгрия территорияларын, тіпті одан ары қарай ішкерілей еуропалық территорияларды толықтай бағындыру мақсаты болған дейді [4, s. 16]. Бұл пікірмен келесі бір неміс зерттеушісі Х. Гёкеньянның пікірі де біршама сәйкес келеді. Оның пікірінше, моңғолдардың Батыс жорығындағы алғашқы кездегі мақсаты – Куман елі (Қыпшақ), Еділ Бұлғариясы және Русь князьдіктерін бағындыру болды. Польша мен Венгрияға шабуыл жасауға деген жоспарлары кейіннен пайда болып, ақыр соңында бүкіл Еуропаны да жаулау мақсаттары болған дейді [5, s. 38-39].

Бату басқарған моңғол әскерлерінің Орталық Еуропаға жасаған жорықтары еуропалықтар үшін қолайсыз кезеңде басталды. Өйткені жорық қарсаңында Венгрия, сол сияқты оған көршілес жатқан Польша да Русь секілді орталық билікке бағынбай, шағын бөліктерге ыдырап, феодалдық қоғамға тән өзара талас-тартыс пен бір-бірімен қырқысып жатқан еді [3, s. 108]. Бұл моңғол қолбасшылары үшін аса тиімді еді. Бату бастаған моңғол қолбасшылары негізгі әскери күшті Венгрияға қарсы бағыттады. Бірақ оған көршілес орналасқан Польша территориясы шағын герцогтіктерге бөлініп, бірімен-бірі қырқысып жатқанына қарамастан моңғолдар үшін айтарлықтай қауіп туғызды. Өйткені, Венгрия королі ІV Бела, польшалық герцогтар Сандомирлік Болеслав және Мазовиялық Конрадпен, неміс герцогы Силезиялық Генрихпен туыстық байланыстары бар екенінен моңғол қолбасшылары жақсы хабардар еді. Ал Генрих чех королі Вацлавпен туыстық байланысы болды. Бұл мемлекеттер бір-бірімен шекаралас аймақта орналасты, сондықтан Венгрияға шұғыл түрде көмекке төрт тараптан да әскер келуі мүмкін еді. Ал бұл мүмкіндік жүзеге асқан жағдайда олардың әскерлері шешуші шайқасқа дейін Венгрияда шоғырланып, орасан күшке ие болған соң моңғолдарға үлкен қарсылық туғызу мүмкіндігі болды. Осыған байланысты, моңғол әскерлері Галицияда бірнеше бөлікке бөлініп, Венгрия, Польша, Чехия және Моравия билеушілерінің бірігуіне жол бермеу мақсатында бір уақытта шабуыл жасауды жоспарлады. Осы мақсатта аттандырылған моңғол әскерлерінің сол қанатын Өгөдэйдің ұлы Қадан, Шағатайдың немересі Бөрі және Төленің ұлы Бучек басқарып, шамасы олардың негізгі міндеті қазіргі Молдавия және Трансильвания территориясындағы Венгрия короліне бағынышты жергілікті халық жасақтарының көмекке келуін жүзеге асырмау мақсатында оларға қарсы әскери қимылдар жүргізу еді. Бұл әскери операцияны шұғыл түрде Қадан және Бөрі ханзадалар сәтті аяқтаған [6, с. 45].

Моңғолдардың Венгрияға қарсы жорықтарының куәсі болған Варадиндік Рогердің мәліметі бойынша, моңғолдардың сол қанат әскерін басқарған ханзадалар Оңтүстік Венгрияға басып кіріп, Родна, Варадин сияқты бірқатар қалаларды еш қиындықсыз басып алған. Бұл әскери топ өзінің алдына қойған міндетін толық орындап, соғыс олжасын толық өздерімен бірге алып, Батудың негізгі күштеріне қосылу үшін солтүстік бағытқа қарай жылжыды [7, p. 67]. Моңғол әскерінің оң қанатын Жошының үлкен ұлы Орда мен Шағатайдың ұлы Байдар басқарды. Бұл әскери топтың басты міндеті жоғарыда аталған король IV Белаға одақтас болуға аса ықтимал болған поляк князьдері, тевтон ордені әскерлері мен чех королі Вацлав әскерлерінің әскери көмекке бірігуіне жол бермеу және олардың тарапынан болатын әскери қимылдарына қарсы тұру болды. Сондықтан бұл топ әскери операциясын Венгрияға моңғолдардың шабуылдарына дейін бірнеше апта бұрын бастады. 1241 жылдың қысында Люблин, Завихост және Рацибужға дейін басып кірді. Ал Бату Венгрияға қарсы шабуылға шыққан кезеңде, Орда мен Байдар басқарған әскери жасақтар Висланы кесіп өтті.

Еуропалық тарихи деректерге сәйкес, сол жылдың наурыз айында Хмельник түбінде моңғолдар Краков, Сандомир қалаларының жасақтарын талқандаған. Ал Ополь түбінде моңғолдарға қарсы шыққан жергілікті поляк князьдері Владислав Опольский және Болеслав Сандомирский жасақтары да талқандалып, шайқас алаңынан тырағайлап қашты. Бұдан кейін моңғолдар батысқа қарай Одер алқабына дейін жылжып, Ленчиц, Серадз және Куявияны талқандады. Жоғарғы Силезияның князьдерін де шегінуге мәжбүр етті. Ал 1241 жылдың 9 сәуірінде Польша территориясындағы Легница түбінде Байдар және Орда басқарған моңғол әскерлері мен Силизиялық Генрих қолбасшылығымен біріккен еуропалық ірі әскери коалиция әскерлері арасында ірі шайқас болды [7, p. 63].

Легница түбіндегі шайқас – ортағасырлық Польша мен Германия тарихындағы ірі шайқастардың бірі еді. Бұл шайқасқа силезиялық князь Генрих өз әскерімен қоса, поляк рыцарларын, моравия, неміс рыцарлық жасақтарын, француздық тамплиерлер, тевтондық жасақтар мен кіші Польшаның қалған әскери күштерінің басын біріктіріп, моңғолдарға қарсы ірі әскери коалиция құруға қол жеткізді. Моңғолдарға қарсы бұл әскери коалицияға, тек чех королі Вацлав ғана қатынаспады. Еуропалық ірі әскери күштердің жиналғанына қарамастан, олар моңғол әскерінің тегеуріне қарсы тұра алмады. Шайқас нәтижесінде біріккен еуропалық коалиция әскері, Орда және Байдар басқарған моңғол әскерінен ойсырай жеңіліс тауып, көптеген еуропалық коалиция әскері мен қолбасшылары қаза тапты. Моңғолдар Генрих әскерін толық талқандап, князьдің өзі тұтқынға түсіп, басы алынып Батуға жеткізілді [8, р. 99].

Легница шайқасында ірі жеңіске жеткен Орда мен Байдар басқарған моңғол әскерлері бір ай бойы Моравия жерін ойрандап, содан кейін негізгі бағытта шайқастар жүргізіп жатқан Батудың негізгі әскери күштеріне келіп қосылған. Осылайша моңғол әскерінің оң қанаты алдына қойған міндетін толық орындады. 1241 жылы 9 сәуірінде болған Легница түбіндегі шайқас моңғол қолбасшыларының жоспарына сәйкес, асқан дәлдікпен орындалды.

Легница түбіндегі шайқас Батыс тарихнамасында кеңінен қарастырылған тақырыптардың бірі. Австриялық зерттеуші Й. Хаммер-Пургшталь өз еңбегінде Легница түбіндегі шайқасты – еуропалық өркениет пен моңғолдық тағылықтың арасындағы күресі деп сипаттады [3, s. 13]. Зерттеушінің пікірінше, жеңілістің себебін шайқас кезеңінде әскери күштің арасалмағына қатысты болғанын сипаттай отырып, моңғол әскерлері бар-жоғы 30 мыңға жетер-жетпес жинақталған христиандардың әскерінен бес есе артық болды дейді [3, s. 112]. Бірақ бұл пікірмен келісуге болмайды, өйткені моңғол әскерлері еуропалық коалиция әскерінен бес есе артық болуы мүмкін емес, өйткені моңғол әскерлері бұл кезеңде бірнеше бөліктерге бөлініп, бір уақытта шабуылдар жасаған белгілі. Сонымен қатар, бұл әскери топ моңғолдардың мақсаты да жоғарыда атап өткеніміздей, тек еуропалық әскери күштердің Венгрия әскерімен бірігуіне жол бермеу еді. Сондықтан бұл әскери топтың құрамында еуропалық  әскери күштен бес есе артық әскер болуы мүмкін емес. Неміс тарихшысы О.Вольф Легница шайқасында моңғолдар әскери күшінің саны жағынан көп болуымен қатар, әскери соғыс өнерінің шеберлігі жағынан да басым болғанын мойындайды [9, s. 186-187]. М. Правдиннің пікірі бойынша, Легница түбіндегі шайқаста еуропалықтарға қарағанда моңғол әскері саны жағынан аз болған дейді. Ал одақтас еуропалық әскерлердің жеңіліс табуының басты себебін моңғол-татарлардың әскери-техникалық жағынан сапалық қасиеті мен әскери өнерді игеру жағынан басымдыққа ие болуына байланысты болды дейді [10, s. 248-249].  Тіпті, Р. Мёллер және Б. Шпулер секілді неміс тарихшылары ұлттық мүдде тұрғысында біршама бұрмалаушылықтар жасаған. Олардың пікірінше, неміс рыцарлық әскери күші мен неміс билеушілерінің саясаты Еуропа өркениетін моңғолдардың талқандауынан құтқарып, Легница түбіндегі шайқаста маңызды рөлге ие болғанын айтып өтсе, тіпті А. Брюкнер және О. Хётчтің пікірлері бойынша, бұл шайқас Бату басқарған моңғол әскерлерінің Еуропаға жаулаушылық жорықтарын тоқтатуына алып келді дейді [11, c. 111-112]. Бұл мәліметтердің бұрмаланғанын бұдан кейінгі болған оқиғалар дәлелдейді. Бізге мәлім, Генрих басқарған еуропалық коалиция әскерінің талқандалуынан кейін, моңғолдар Еуропаға жорықтарын одан ары жалғастырып, 1241 жылы 11 сәуірде Шайо өзені бойында Венгрия королі IV Беланың әскері талқандалған, одан кейін Далмацияны бағындырған соң ғана Бату басқарған моңғол әскерлері Солтүстік Италияға дейін жетіп, ол жерден жорықты Австрия астанасы Венаны қоршауға алғаны белгілі.

Бату және Батыс жорығындағы моңғол қолбасшыларының бәрінен жасы үлкен аса тәжірибелі қолбасшы Сүбэдей басқарған негізгі моңғол қолы Легница шайқасынан екі күннен кейін, 1241 жылдың 11 сәуірінде Шайо өзені бойында Венгрия әскерлеріне қарсы шайқаста айтарлықтай жеңіске жетті. Бұл шайқасқа Венгрия королі өз әскері мен вассалдық аймақтағы әскерлерін жинақтап, моңғолдарға қарсы шықты. Еуропалық тарихи деректерге сәйкес, соғысқа дайындықсыз кіріскен король әскері мен моңғол әскерлері арасындағы алғашқы шайқас Ракос жазығында (Пешт маңында) болған [7, p. 63-64]. Алғашқы шайқастан жеңіліс тапқан IV Бела өз әскерін 1241 жылы 6 сәуірінде Шайо өзенінің маңындағы Мохи жазығына дейін шегініп барды. Бұл жерде король өз әскерімен бекініп, күшті соққы беруді көздеді. Бірақ, оның әскері моңғолдардың алғашқы шайқасынан-ақ үрейленгендіктен бұл әрекеті сәтсіздікке ұшырады [12, c. 107].

1241 жылы 11 сәуірде таңертең король IV Беланың бауыры  герцог Коломан және епископ Хугрин қолбасшыларымен ақылдаспай, өз жасақтарымен Шайо өзенінен өтетін көпірге шабуыл ұйымдастырып, көпірге жиналған шағын ғана моңғол жасақтарын талқандап, онда өз күзеттерін қойды. Ал Бату көпірге қарсы жеті тас атқылауыш соғыс машиналарын қойып, венгриялық күзетті тас-талқан етті. Осыдан кейін Бату әскері көпірден өте бастады. Көпірден өту барысында венгрлік алдыңғы шептегі әскерлерін моңғол әскерлері талқандаса да, Бату қолы күшті қарсылыққа тап болды. Бенедикт Поляктың мәліметінше, герцог Коломан алғашқы ұрыста жеке өзі моңғол қолбасшысын жауынгерлік аты мен қару-жарағымен қоса көпірден құлатып, ажал құштырды делінген. Венгрия әскерінің жан аямай қарсыласуына қарамастан, моңғол әскерлері өзеннен өтіп өз қарсыластарын талқандады. Венгрия әскери лагерлерін қоршауға алып, моңғолдар жебені нөсерше жаудырды. Венгрияның әскери күштері бірлесіп шайқасуға келісе алмады, көптеген барондар шайқасқа дайындық кезеңінде-ақ, келіспей жеке-жеке шабуылдар жасады. Атап айтқанда, герцог Коломан, епископ Хугрин және оларға қосылған Венгриядағы тамплиер магистрі моңғолдарға қарсы шабуылға шықты. Олардың азғана жасақтары талқандалып, герцог пен епископ жараланған соң, өз лагерлеріне қайтуға мәжбүр болса, магистр шайқаста қаза болды. Қалған Венгрия әскерлерінің көпшілігі нөсерлете атылған жебелерден қаза болса, басқалары шабуылға шығуға әскери бұйрық алмағандықтан, майдан шебін тастап, жан-жаққа бас сауғалады. Моңғолдармен шайқас қорытындысы бойынша әскері жеңіліс тапқан король IV Бела өз елін, жерін тастап, Австрияға жан сауғалап қашты. Ал оның бауыры  герцог Коломан Пештте жасырынуға талпыныс жасағанымен, Бату, Сүбэдей, Орда және Қадан басқарған моңғол әскерлерінің келесі шабуылы осы қалаға жасалды. Пешт және Буда қалалары көп кешікпей моңғолдарға берілді. Эстергом қаласының тағдыры да осындай болды [13, с. 141-143; 7, p. 64-66].

Монғолдар 1241 жылдың сәуірінен желтоқсанға дейін сол уақыттағы Венгрияның бір бөлігі болған Словакияны талқандады. Бянска, Штявница, Пуканец, Крупина сияқты қалаларын басып алды. Братислава тұрғындары ғана өз қаласын қорғап қалды. 1241-1242 жж. Байдар және Қадаған басқарған моңғол әскерлері Дунайдан өтіп, Бату әскеріне келіп қосылды. 1242 жылдың наурызында моңғолдар Загребті басып алып, Адриатика теңізінің жағалауына келді [14, с. 218-222]. Австрияның бас қаласы Венаны қоршауға алады. Дәл осы 1241 жылы 11 желтоқсанда империяның екінші ұлы қағаны Өгөдэйдің дүниеден өтуіне байланысты Бату хан қоршаудағы Венаны тастап, ат басын атамекенге бұруға шешім қабылдады [15, 535 б.]. Бұдан кейін Бату өз әскерін бастап шығысқа Босния, Сербия және Болгария территориясы арқылы жылжыды. Осылайша, Бату басқарған моңғол әскерлерінің Орталық Еуропаға жорығы екі жыл жуық уақытқа созылды. Батыс жорығының нәтижесінде «моңғол аттарының тұяғының жеткен жері» Адриатика теңізіне дейінгі территорияны бағындыруды Шыңғыс хан тұңғышы Жошыға аманат еткен тапсырмасын немересі Бату орындады. Рашид ад-Дин мәліметтері бойынша, Бату Венгрия территориясында Еділ бойына кері қайту жөнінде шешім қабылдағанша, 1242 жылдың күзіне дейін болған дейді [6, с. 46]. Мұның алдындағы жорықтарда Бату бағындырылған жерлерде ұзақ уақыт болған емес. Шамасы, Бату бұл территорияларда өз билігін нығайтуға тырысқан секілді. Сондай-ақ, Б.Шпулердің айтуынша, Венгрияда моңғол-татарлар өз монеталарын соға бастады... Олар Тиса және Дунайдың жазық аймақтарын, Еділдің орта және төменгі ағысы бойындағы далалық аймақтар секілді мал жайылымы мен өмір сүру ортасына айналдыруға ұмтылыс танытқан дейді [16, s. 16].

Венгрия тарихнамасында Батудың Венгрияда болған уақыты ауыр кезең ретінде бағаланған. Ал Шайо өзені бойындағы жеңілістен кейін король IV Бела қарсыласпақ түгілі өзінің жеке басының амандығын ойлап бас сауғалаған еді. Бату оның артынан Қаданды қуғынға жіберді. IV Бела моңғол әскерлерінен қашып, Хорватияға барып паналады, осылайша бұл территориялардың да моңғолдар шапқыншылығына ұшырауына алып келді. Қадан бұл елге қаһарлы бұйрық берді. Оны Фома Сплитский былайша сипаттайды: «Мұны сіздерге жеңілуді білмейтін әскер бастығы Кайдан мырза хабарлайды. Өзгенің қанын төгуге себепші болған адамды қабылдамаңдар, кездейсоқтан жазалауға ұшырап, бекерге қаза болмау үшін, жауларды біздің қолымызға тапсырыңдар» [12, с. 119]. Фома Сплитский және Рашид ад-Дин мәліметтері бойынша, король IV Бела кемемен қашқан, ал Қадан басқарған моңғол атты әскерлері жағалаумен оның ізіне түсіп, жорық барысында жүріп өткен – Трансильвания, Босния, Сер­бия, Далмация территорияларын талқандаған. Бұл аудандарды бағындыру жөнінде Батудан арнайы бұйрық алмаған Қадан, берік қорғанысы бар қалалар мен қамалдарға қоршау мен штурм жасамаған. Бірақ Перг, Темешвар, Загреб, Свач, Катарро сияқты қалалар моңғол әскерінің талқандауына ұшырады [12, с. 120; 6, с. 45]. Король IV Беланың басына өз державасынан айырылып, соңынан аралда қаза болған Хорезм шахы II Мұхаммедтің тағдыры түсті. IV Бела өз әскерінен, иеліктерінен, одақтастарынан (Рим Папасы, неміс билеушілері, Австрия герцогы, Венеция да оған көмек көрсетуді қаламады) айырылып, бақытына орай, Қадан басқарған моңғол әскерлерінің қолына түскен жоқ.

Моңғол әскері Адриатика теңізі жағасына жеткен соң, Орталық Еуропа жерін тастап, шығысқа қарай кері бет бұрады. Шығысқа кері қайтуға шешім қабылдаған соң, моңғол әскерлері біртіндеп шығысқа қарай жылжып, Босния, Сербия және Болгария жерлері арқылы кері қайтты. 1242 жылы моңғол түмендері Дунайдың төменгі ағысында бірікті, ал 1243 жылдың басына қарай Қара теңіз және Каспий маңындағы далалық аймақтарға жетті. Батудың жаңадан ғана бағындырылған Орталық Еуропаны тастап, шығысқа кері қайтуы әлемдік медиевистикада түрлі дисскуссиялық пікірлер топтамасын қалыптастырды. Батудың поляктар мен венгрлерді жеңген зор жеңісінен кейін жорықты жалғастырмай, Орталық Еуропаны не үшін тастап кеткені, тіпті басып алған территорияларда орнығып қалмағаны да белгісіз. Осыған байланысты зерттеушілердің төмендегідей пікірлерін қарастырып өтуіміз қажет.

Бату басқарған моңғол әскерлерінің Еділ бұлғарларын, Қыпшақтарды және Русьтің жерлерін бағындыру кезінде үлкен шығынға ұшырап, жорықты жалғастыруға әскери күші әлсіреп, тылдағы бағындырылған халықтардың (әсіресе орыс халқының) азаттық күресінен кейін жоспарланған жорықты аяқтай алмай, шығысқа кері бұруға мәжбүр болып, моңғолдардың Еуропаға орасан зор шапқыншылығын тоқтатты деген пікір топтамасы кеңестік тарихнамада үстем болып, осы кезеңдегі көптеген зерттеушілердің еңбектерінде көрініс тапты [17, с. 58-59; 18, с. 94; 19, с. 8]. Кеңес ғалымдары тылдағы көтерілістердің ішінде Евпатия Коловрат жасағының әрекеттері, бұлғар көсемдері Боян мен Джику, қыпшақтардан Бачман бастаған, Бұхарадағы Махмуд Тараби бастаған көтерілістердің әрекеттерін ерекше назарға алды [14, с. 212]. Алайда бұл пікірмен келісуге болмайды. Өйткені біріншіден, Бату және оның қарамағындағы қолбасшылар (әсіресе, Сүбэдей) тек батылдығымен танылған жоқ, сонымен қатар, жорықтарда соғыс тәжірибесін меңгерген тәжірибелі қолбасшылар еді. Егер аталған территорияларда моңғол әскерлері жорықтан әлсіреп, жауынгерлік рухынан тайып, жорықты жалғастыруға дайын емес болса, онда олар асығыс және ойластырылмаған шешім қабылдамайтыны айқын. Сонымен қатар, моңғол қолбасшылары Польша мен Венгрия территориясына жорық жасаудан да бас тартатын еді. Егер Бату әскері әлсіреген болса, ұлы қаған Өгөдэй Мөңке мен Гуюкті кері шақырмай, тіпті батысқа қосымша әскерлер жіберетін еді. Дегенмен, бас қолбасшы Бату және ұлы қаған Өгөдэй алдыға қойған мақсатқа жету жолында майдандағы әскердің өзі жеткілікті екендігін түсінді. Ал моңғолдарға қарсы тылдағы көтерілістер қысқа ғана уақыт аралығында басылғаны белгілі. Мысалы, тарихи деректерде Евпатий Коловрат 1238 жылы қаза болды. Бачман 1240 жылдың күзінде өлтірілді. Ал Бұхарадағы көтеріліс 1238 жылы болса, Еділ бұлғарларының көтерілісі 1243 жылға дейін болған. Сонымен қатар, тарихи деректердің негізін ала отырып, бағындырылған халықтардың өздері де моңғол әскерінің құрамында Польша мен Венгрияға қарсы жорыққа қатынасқанын айтуға болады. Бату басқарған моңғол әскерінің жорық барысында көптеген шайқастардағы әскери шығындарына қарамастан, олардың шайқастардағы аса белсенділігінің себебі жөнінде монах Юлианның айтқан мәліметі шындыққа жанасады. Оның айтуынша, моңғолдар күшпен бағындырылған көптеген соғыс тұтқындарының ішіндегі соғысқа жарайтындарын жауынгер қатарына алып, оларды шайқас кезінде алдыңғы шепке жіберіп отырған, егер жеңіп жатса оларға алғыс аса үлкен емес, ал егер қаза болып жатса аса назар аудармаған, ал егер шегініп жатса аяусыз өлтірілген. Ал олар моңғол қылышынан аман қалу үшін соғыста қайсарлықпен күресіп, шайқастарда қасық қаны қалғанша күрескен деген еді [20, с. 87]. Міне сондықтан моңғол әскеріндегі адам шығыны аса маңызды болмады. Бұдан шығатын қорытынды бұл көтерілістер моңғолдардың Орталық Еуропаға қарсы жорығының дайындығына және оның жүзеге асуына кедергі бола қоймаған.

Моңғолдардың Еуропаны тастап кері қайтуын, неміс билеушілерінің саясаты мен жеңімпаз рыцарлық әскери күш-қуатының тойтарысынан қауіптеніп, кері қайтты деп айтқан неміс тарихшыларының ұлтшылдық көзқарастағы пікірлері [4, s. 22-23; 21, s. 227]. Олардың  пікірінше, неміс рыцарлық әскери күш-қуаты мен билеушілерінің жүргізген саясаты нәтижесінде Легница шайқасы кезінде негізгі күшке айналып, шешуші сәтте моңғол әскерлері жеңіске жеткенімен, олардың сұсынан қаймығып, неміс халқы Еуропаны құтқарды дейді. Бұл пікірмен келісуге мүлдем болмайды. Өйткені Бату Еуропада әскери қимылдарды үздіксіз жүргізді және айтарлықтай ірі жеңілістерге тап болған жоқ. Бату тіпті барлық әскерді бір топқа біріктірмей-ақ, түрлі бағыттар бойынша ұрыс қимылдарын жүргізді. Қадан, Бөрі, Орда мен Байдар бір жылға жуық жеке-жеке ұрыс қимылдарын жүргізді. Шайо өзенінің бойындағы шайқас, Легница түбіндегі шайқастан кейін екі күннен кейін ғана болды [14, с. 218]. Легница және Шайо өзенінің аралығындағы ең қысқа жолдың ұзақтығы 500 шақырым, демек, бұл шайқастарда моңғол әскерлерінің екі бөлек құрамда қатысқан және олар қысылтаяң жағдай қалыптасқан болса да бір-біріне шұғыл түрде ешқандай әскери көмек көрсете алмайтын еді. Ал тәжірибелі Бату, Сүбэдей сияқты қолбасшылар моңғол әскерінің күш-қуаттылығына сенбейтін болса, онда жеке-жеке құрамда шайқастарды жүзеге асырмайтыны белгілі. Тіпті, кейбір батысеуропалық зерттеушілер моңғолдардың Еуропаға жорығын кезекті тағы халықтардың жортуыл ретінде бағалап, шығыс халықтарының Еуропаға жасаған жорықтарының соңғысы; моңғолдар кезінде Рим империясы мен Орталық Еуропаны ғасырлар бойы тітірентіп, Грек-Рим өркениетіне қауіп төндірген көшпелі тайпалар ғұндардың ізімен келді. Бірақ олардың ғұндардан ерекшелігі Римге де, Византияға да қауіп төндірмей, Ұлы қоныс аудару кезіндегі қоныстанған көшпелі халықтар секілді Еуропа жеріне де қоныстанбай, 1241-1242 жж. Силезия, Венгрия және Далмацияға жортуылдар жасады да, Азияға кері қайтты деген еді [11, c. 116].

Моңғол әскери қолбасшылар арасындағы келіспеушіліктер (Батуға қарсы бағынбаушылық танытқан Гуюг, Бөрі ханзадалардың әрекеттері) және ұлы хан Өгөдэйдің алыс Моңғолия жерінде қайтыс болуына байланысты жаңа ұлы ханды сайлау жөніндегі құрылтайға байланысты кері қайтуы себептері болды деген зерттеушілердің пікір топтамасы. Жорық барысында ата жұрт тобын басқарған Гуюг және бас қолбасшы Бату арасында келіспеушілік пайда болды, ата-жұрттың атынан жолға шыққан ұлы хаған Өгөдэйдің ұлы Гуюг, Жошының ұлы Бату билігін мойындамағаны рас. Бірақ  осы жағдайдан хабардар болған ұлы хан Өгөдэй жорық барысында алауыздыққа бастама жасаған Гуюгті кері шақырған. Басқаларына қатаң сөгіс бергені жөнінде Моңғолдың құпия шежіресінде сипатталған  [1, 346-348 б.].Гуюгпен бірге Батуға тіл тигізген Бөрі де әкесі Шағатай тарапынан тиісті жазасын алған соң, ол қайта келіп, жорыққа қатынасқаны белгілі. Бөрі бұдан кейін Батуға қарсылық білдірмегені айқын. Оның Польша мен Венгрия территориясындағы ұрыстарда белсенділік көрсету фактісінің өзі де жеткілікті болады.

Бірақ осы пікірлер топтамасындағы ұлы қаған Өгөдэйдің 1241 жылы қаза болуынан кейін Бату қолбасшылығымен шығысқа кері қайтуға шешім қабылдауы кездейсоқ емес еді. Өйткені Бату бұл кезеңде қолбасшылық қабілетімен ғана танылып қойған жоқ, сонымен қатар саяси жағдайды алыстан байқайтын көреген саясаткер еді. Жоғарыда аталған моңғол қолбасшылары арасындағы басталған келіспеушілікке байланысты, моңғол империясының ұлы хаған тағы үшін бір жағынан Жошы және Төле әулеті, екінші жағынан Өгөдэй мен Шағатай әулеттері арасындағы қайшылықтың салдары кейінгі кезеңдегі империяның тақ мәселесі төңірегіндегі саяси жағдайға әсер ететінін жақсы білді. Сондықтан Бату қолбасшылығымен моңғол әскерлерінің жорықты ары қарай жалғастырмай, жаңадан ғана бағындырылған Орталық Еуропа территориясын тастап кетуінің басты себебі ұлы қаған Өгөдэйдің қаза болуына байланысты империядағы тақ мәселесі төңірегіндегі саяси жағдайдың күрделенуіне байланысты болды. Осылайша, Еуропаны моңғол шапқыншылығынан шалғай Моңғолия жеріндегі ұлы қаған Өгөдэйдің қайтыс болуына байланысты қалыптасқан саяси жағдай құтқарды. Сонымен қатар, неміс зерттеушісі Б.Шпулердің пікірінше, ұлы қаған Үгегейдің өлімінен соң, империяның ішкі саяси жағдайларына байланысты Батудың Еуропада өз иеліктерін кеңейтуге деген жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Моңғол империясындағы тақ мұрагерлігі айналасындағы шиеленістер соңғы он жылдықта (XIII ғ. 40-шы ж.) оның барлық күш-жігерін шығыста болып жатқан саяси оқиғаларға жұмсауына тура келді дейді [16, s. 16].

Қорытындылай келе, Бату қолбасшылығымен моңғол әскерлерінің католиктік Еуропаның шығыс аудандарына жасаған жойқын жорықтары батыс әлемінің саяси жағдайын күрделендіре түсті. Моңғол жорықтары жөніндегі қорқыныш Батыс Еуропаның шалғайда орналасқан мемлекеттеріне дейін кеңінен тарап, еуропалық анналистер сол уақыттарда өз жазбаларында моңғолдардың шапқыншылығы жөнінде мәліметтер кеңінен сипатталған. 1242 жылы Бату қолбасшылығымен моңғол әскерлері Орталық Еуропаны тастап шығысқа кері қайтқанына қарамастан, Еуропа мемлекеттерінде моңғол экспансиясының қаупі біршама уақыт бойы сейілген жоқ. Моңғолдардың Легниц түбінде және Шайо өзенінің бойында жасаған қырғын шайқастарынан кейін, Еуропада үрей мен қорқыныш билеуіне толықтай негіз бар еді.Орталық Еуропаға моңғолдардың шапқыншылығы жөніндегі ақпараттар Батыс Еуропа мемлекеттеріне ертерек келіп жетсе де, олардың  моңғолдарға қарсы тұруға дайындығы жоқ еді. Ол жөнінде италян тарихшысы И. де. Рачевилздің айтқанындай, ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында моңғол жаулауы Еуропаға үлкен қауіп туғызды. Еуропада оған қарсы төтеп бере алатын, әскери жағынан жеткілікті деңгейде күш-қуатты және сол кезеңде сипаттағандай, озбыр көшпелі халықтың әскеріне қарсы тұра алатын шіркеу немесе бірде-бір еуропалық ұлт жоқ еді дейді [22, p. 14]. Тіпті, моңғолдардың 1240-1241 жж. жасаған жорықтарынан кейін де Шығыс және Орталық Еуропа мемлекеттері арасында феодалдық қоғамға тән князьдіктер арасындағы немесе ұлттар арасындағы талас-тартыстар тоқтамай, жалғасын тауып жатқан еді. Бірақ, Моңғол империясы тарапынан Еуропа халықтарын жаулауға бағытталған ірі масштабты жаңа жаулаушылық жорық ұйымдастырған жоқ.  Моңғол империясының еуропалық саясаты осы кезеңнен бастап Жошы ұрпақтарының қолына өте бастады. Бірақ,  Батысқа жасалған жорықтан кейін Бату өмірінің соңғы 13 жылында ешқандай ірі жорықтарды ұйымдастырған жоқ, өз иелігіндегі территорияларды батысқа қарай кеңейтуге деген идеяға тым ұстамдылықпен қарады.

Бату билігінен кейін билікке келген Алтын Орда ханы Берке өз ықпалын Орталық Еуропада нығайтуға ұмтылыс танытты. Мұның дәлелі ретінде Берке ханның моңғол шапқыншылығынан кейін өзі билігін нығайтқан Венгрия королі IV Белаға жіберген хаты дәлел бола алады. Берке хан Венгрия билеушісіне бірқатар талаптарды қойып оны орындамаған жағдайда қарсы жорық жасайтынын да ескертті. Король IV Бела ХІІІ ғ. 50-60-шы жылдары чех королі II Оттокардтан айтарлықтай жеңіліс тапқан еді. Осындай саяси күрделі жағдайда іс жүзінде Беркенің ұсынысын қабылдауға дайын еді. Бірақ Рим папасы IV Александрдің саяси ықпалы мен оның шығыстан төнген жауларына қарсы көмек беруге деген уәдесіне байланысты IV Бела Алтын Орда билеушісінің талаптарын орындаудан бас тартты. Бірақ Берке хан Венгрияға қарсы жазалаушы әскерін жіберу жөнінде әрекетін моңғол әлеміндегі ішкі азаматтық соғыстардың өршуіне байланысты жүзеге асыра алмады. Моңғол империясындағы Құбылай және Арық Бұға арасындағы күрес пен Алтын Орданың оңтүстігіндегі бәсекелес көршісі Хулагулық Елхандар мемлекетімен Кавказ аймағы үшін үздіксіз соғыстар Еуропаға жорықтың жүзеге асырылуына кедергі келтірді. Ал кейінгі ХІІІ ғ. 80-ші жылдарындағы Алтын Орда әскерінің Болгария, Венгрия және Польшаға Алтын Орда билеушісі Төле-Бұға мен саяси ықпалды түменбасы Ноғайдың жасаған тонаушылық жорықтары сәтсіздікке ұшырады. ХІV ғасырдан бастап, Еуропа мемлекеттерінің шығыс бағытындағы саясатында моңғол жорықтары аса үлкен қауіп төндірмеді. Бірақ Венгрия, Польша, Литва және Оңтүстік Русьтің саяси қарым-қатынастарында Жошы ұрпақтарының саясаты маңыздылығын жоймады.

Н.Т. Әбдімомынов, Қ.Т. Жұмағұлов.

Әдебиеттер:

1. Моңғолдың құпия шежіресі – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 400 б.

2 Из «Письма венгерского монаха Юлиана» // ИсторияЗолотойОрды.Сборникматериалов. СПб.: ЕвропейскийДом, 2003. – С. 23-25.

3. Hammer-Purgstall J. von. Geschichte der Goldenen Horde in Kiptschak, das ist: der Mongolen in Russland. – Pesth: C.A.Hartleben's Verlag, 1840. – 683 s.

4. Spuler B. Die Goldene Horde. Die Mongolen in Rußland, 1223-1502. 2., erweiterte Auflage. – Wiesbaden: Otto Harasowitz, 1965. – 638 s.

5. Der Mongolensturm. Berichte von Augenzeugen und Zeitgenossen. 1235–1250. Graz – Wien- Köln: Styria, 1985. –335 s.

6. Рашид ад-Дин. Сборник летописей / пер. с персидского   Ю.П. Верховского, прим. И.П. Петрушевского.  – М.-Л.,  1960. – Т.2. – 248 с.

7. Jackson P. The Mongols and the West, 1221–1410 / – (Nachdr.), 3. (print.). – Harlow, England  (u,a.): Pearson Longman, 2006. – 414 р.

8. Chambers J. Devil’s Horsemen: The Mongol Invasion of Europe. – NewYork: Atheneum, 1979. – 190 p.

9. Wolff O. Geschichte Mongolen oder Tataren besonders ihres Vordringes nach Europa... – Breslau: Verlag von Carl Dülfer, 1872. – 429 s.

10. Prawdin M. Dschinghis-Khan. Herrscher der Mongolen. – Bergisch Gladbach: Lübbe, 1979. – 494 s.

11. Гатин М.С. Проблемы истории Улуса Джучи и постордынских тюрко-татарских государств Восточной Европы в немецкой историографии. дис. ... канд. ист. наук. –Казань, 2006. – 257 с.

12. Фома Сплитский. История архиепископов Салоны и Сплита /вступ.ст.,пер.,коммент.О.А.Акимовой. – М.: Индрик, 1997. – 319с.

13. Почекаев Р.Ю. Батый. Хан, который не был ханом– СПб.: Евразия, 2007. – 350 с.

14. Пашуто В.Т. Монгольский поход в глубь Европы // Татаро-монголы в Азии и Европе: сб. статей. – 2-е изд., М.: Наука, 1977. - С. 210-227.

15. Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті. – Алматы: Тарих тағылымы, 2010. – 728 б.

16. Spuler B. Geschichte der islamischen Länder, ein Überblick. Die Mongolenzeit. – B.: Wissenschaftl. Edionsges, 1948. – 76 s.

17. Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. – М.-Л.: Изд-во АН СССР, 1950. – 473 с.

18. Каргалов В.В. Монголо-татарское нашествие на Русь. – М.: Просвешение, 1966. – 136 с.

19. Тихвинский С.Л. Татаро-монгольские завоевания в Азии и Европе. // Татаро-монголы в Азии и Европе: сб. статей. – 2-е изд., М.: Наука, 1977. - С. 3-22.

20. Аннинский С.А. Известия венгерских миссионеров ХШ-XV вв. о татарах и Восточной Европе //Исторический архив. – М.- Л.: Изд-во АН СССР, 1940.-  Вып.3. – С.71-113.

21. Strakosch-Grassman G. Der Einfall der Mongolen in Mitteleuropa in den Jahren 1241 und 1242. – Innsbruck, 1893. – 227 s.

22. de Rachewiltz I. Papal Envoys to the Great Khans. –London and Stanford, CA, 1971. – 230 p.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?