Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English

Қырық оба қорымы

Мәдени мұра Мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттеуге алынған бұл ескерткіш еліміздің батыс аймағында, Батыс-Қазақстан облысының Бөрлі ауданында орналасқан. Ескерткіштің жанынан халықаралық Орал-Орынбор автотрассасы өтеді.

Ескерткіштің тұрғызылған уақыты савромат кезеңі, яғни б.д. дейінгі бірінші мыңжылдықтың ортасына жатады.

Қырықоба кешені екі бөліктен тұрады. Оңтүстік - «үлкен оба» өзімен бір кешенді құрайтын, қатар орналасқан екі ұзынша келген, «батон» тәріздес обалардан тұрады. «Үлкен обаның» биіктігі 14 м құрайды. Солтүстік бөлігі бірінші кешеннен тоғыз шақырым қашықтықта орналасқан. Ол шығыстан батысқа созыла орналасқан обалар тізбегінен құралған.

Бұл ескерткіште жүргізілген зерттеулер савроматтардың ғұрыптық-жерлеу құрылыстарының ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Екі обадағы зерттеу жұмыстары, олардың жер бетіндегі құрылыстар екенін және белгілі бір уақыт аралығында ақсүйектерді жерлеуге арналғанын көрсетті. Соңғы жерлеу ғұрпы ескерткішті құлатумен (өртеп жіберумен) ұштасқан.

Қабірлерден тастан, қоладан, алтыннан және сүйектен жасалған таңғажайып дүниелер табылды. Арасында дәстүрлі савромат дүниелерінен бөлек Мысыр, Парсы елдерінің бұйымдары кездеседі.

Қырықоба кешеніндегі зерттеу жұмыстары еліміздің көне тарихын, сәулет ескерткіштерін және өнерін тануда үлкен мәнге ие. Ескерткіштің туризм нысаны ретіндегі маңызы зор.

Мәліметтер madenimura.kz сайтынан алынған