ТӘУЕЛСІЗДІК РУХЫМЫЗДЫ ШЫҢДАДЫ

БІЛІМ, ҒЫЛЫМ, МӘДЕНИЕТ, СПОРТ

2 бөлім. 6.ТӘУЕЛСІЗДІК РУХЫМЫЗДЫ ШЫҢДАДЫ

Орта білімді дамыту. Мектептерді компьютерлендіруді бастау



Заманауи ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы орта білім беру жүйесін жаңғыртуға ықпал етті

1997 жылдан бастап оқушылар компьютерлік сауаттылықты меңгеруге қол жеткізді

Жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептер, сондай-ақ дарынды балаларға мектептен тыс білім беретін оқу орындары көбейе түсті. Кәдімгі мектептердің орнына гимназиялар мен лицейлер құрылды. Әлемдік білім беру стандарттарына сай, бірлескен оқу орындары желісі қалыптаса бастады.

1998 жылы республикалық олимпиадалар мен оқушылардың ғылыми жарыстарын өткізумен айналысатын республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы ашылды

Ел аумағында дарынды балаларды іздеп табу, олардың қабілеттерін дамытуға жағдай жасау – ел болашағын ойлаудан туған игілікті қадамдар еді. Мемлекеттік маңызы бар бұл міндетті шешу жүйелі іс-қимылды талап етті

Іске жаңаша көзқарас өз нәтижесін берді: 

халықаралық ғылыми жарыстарға қатысқан жас қазақстандықтар үйлеріне ең жоғары марапаттар алып, қуанышпен оралып жатты.

Елдің беделін көтеріп, отандық ғылымның болашағына деген сенімді нығайтқан балалардың талабын қолдап, білімін онан әрі дамыту мақсатымен мемлекет тарапынан білім беру саласына үсті-үстіне қолдау көрсеттік.  

Қазақстанның орта білім беру жүйесі бірте-бірте 1990-шы жылдардағы дағдарысты жеңді және туындаған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді

2 БӨЛІМ. 6.ТӘУЕЛСІЗДІК РУХЫМЫЗДЫ ШЫҢДАДЫ

Жоғары мектеп: өзгерістер уақыты



Жоғары білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болды

Жоғары оқу орындарын біріктіру мен қайта құру қарқынды жүргізілді

Жоғары оқу орындарының ғылыми институттармен, колледждермен, гимназиялармен, нақты өндіріспен ынтымақтастығы дамыды

Жаңа факультеттер мен кафедралардың құрылуы жалғаса берді

Халықаралық байланыстар нығайып, ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасалды


1999 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беру гранттары мен кредиттері конкурстық жолмен ұсынылатын студенттер контингенті қалыптаса бастады

Бірыңғай тестілеуді жүргізу үшін Республикалық тестілеу орталығы құрылды

Сол кезде Қазақстан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің үш деңгейлі жүйесіне көшті: бакалавриат, магистратура және докторантура

Мемлекеттік жоғары оқу орындарымен қатар, жекеменшік оқу орындары пайда болды

Егер 1995 жылы мемлекеттік емес жоғары оқу орындары жалпы жоғары оқу орындары санының 30 проценті болса, 1998 жылы олардың үлесі 53 процент болып үлгерді

Халықаралық үлгілерге бағытталған жаңа университеттер ашылды

1996 жылы

Алматыда (Қаскелең) С. Демирел атындағы жеке мәртебесі бар университет ашылды

1999 жылы 

жеке бастама бойынша Алматыда Қазақстан-Неміс университеті ашылды

Сонымен қатар, мамандандырылған академиялар ашылды  

Алматыда СІМ дипломатиялық академиясы (1996 жылы) құрылды, Ақмола облысында Салық полициясы академиясы (1999 жыл) жұмыс істей бастады

Осылайша, қазақстандық жоғары білім беру жүйесі бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және мамандар даярлауды жас мемлекеттің нақты экономикалық қажеттіліктеріне бейімдеуді бұрынғыдан да жақсартуға бағыт алды

Бұл кезең, бір жағынан, осы саланы түпкілікті либералдандыру (білім беру жүйесінің мемлекет иелігінен алынуы), екінші жағынан, білім берудің барлық сатысында оқыту сапасын жақсарту, отандық жоғары оқу орындарын әлемдік стандарттарға қарай «тарту» сияқты ерекшеліктермен сипатталады.

2 БӨЛІМ. 6.ТӘУЕЛСІЗДІК РУХЫМЫЗДЫ ШЫҢДАДЫ

Ғылым: тығырықтан шығу жолын іздеу



нұрсұлтан назарбаев

«Ғылыми ұйымдардың саны 350-ге дейін өскеніне, сонымен бірге, бес Ұлттық ғылыми орталықтың құрылғанына қарамастан, ғылым саласындағы жағдай сол кезеңде айтарлықтай өзгерген жоқ. Дәл осы кезеңде ғылыми жүйені сол уақыттың экономикалық талаптарына сәйкес жаңғырту жүргізілді»

МЕМЛЕКЕТ ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУГЕ, ОНЫ ДАҒДАРЫСТАН АЛЫП ШЫҒЫП, ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУГЕ ҰМТЫЛДЫ.

2 БӨЛІМ. 6.ТӘУЕЛСІЗДІК РУХЫМЫЗДЫ ШЫҢДАДЫ

Мәдениет пен тіл: әр алуандықтан – біртұтастыққа



Мемлекет қазақ мәдениетіне, бай мұрасына, болашағына қамқорлық жасай отырып, қазақ мәдениеті аясында әрбір ұлттың мәдениеті мен тілін сақтады.

өзіміз негізге алған «әралуандықтағы біртұтастық» формуласының дұрыстығына көз жеткізіп, жалпы мемлекеттік мәдени кеңістік қалыптастырды

Мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі қазақ тілінің рөлі ұдайы артып отырды. Қазақ тілін оқып-үйренуге кіріскен және қазақ тілінің ауызекі сөйлеу дағдыларына машықтанған қазақстандықтардың саны жылдан-жылға арта түсті. Бұл ретте орыс тілі күнделікті өмірімізде – іс-қағаздар жүргізуде, мәдениетте, бұқаралық ақпарат құралдарында және басқа да салаларда қолданыстан шыққан жоқ. Біз Қазақстанда ең көп қолданылатын екі тіл – қазақ және орыс тілдерінің орнын дұрыс белгілей алдық.

2 БӨЛІМ. 6.ТӘУЕЛСІЗДІК РУХЫМЫЗДЫ ШЫҢДАДЫ

Өнер: классиктер мен жаңашылдар



1997 жылы Нұрсұлтан назарбаев Үкіметке алдағы үш жылға (1998–2000 жылдар) жоспарланған арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындауды тапсырды

мемлекет дағдарыстың бар ауыртпалығын бастан өткерген Қазақстан мәдениетін дамытуға көмектесіп, өнердің сан ғасырлық дәстүрімен сусындаған классикалық, сонымен бірге жаңашыл үрдістердің өмір сүріп, жетілуіне ықпал етті.

Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының сахнасында ұлттық және әлемдік классика туындылары ғана емес, тың шығармашылық ізденістерге құрылған тәжірибелік қойылымдар да табыспен өтті.

Еліміздің театр өнерінің дамуына Лермонтов атындағы Орыс академиялық драма театры, Неміс ұлттық театры, Ұйғыр музыкалық-драма театры, тағы басқа театрлар да көп үлес қосты.

Қаражат тапшылығына қарамастан, облыстық ұжымдар, соның ішінде еліміздегі танымал театрларының бірі – Қарағанды музыкалық комедия театры өнерге деген адалдығынан танбай, мәдени қызметін жалғастыра берді.


Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі, «Гүлдер» эстрадалық ансамблі, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі тыңдаушыларына рухани қуаныш сыйлап, үлкен шеберлік биігінен көріне білді.

Өткен онжылдықтың соңында «жаңа толқын» ретінде мойындалған Қазақстанның ұлттық кинематографиясы бұрынғы шығармашылық биігінен табылып, фестивальдық жүлделерге ие боп жатты.

2 БӨЛІМ. 6.ТӘУЕЛСІЗДІК РУХЫМЫЗДЫ ШЫҢДАДЫ

Қазақстан спортының жаңа жеңістері



Қазақстандық спорт шеберлері 1990-шы жылдардың екінші жартысында әлемнің үлкен спорт ареналарында жиі-жиі өнер көрсете бастады

1996 жылы

1996 жылдың ақпанында біздің спортшылар алғаш рет Харбиндегі III қысқы Азия ойындарына қатысып, бірден үздік нәтиже көрсетті – тек Қытайды ғана алға салып, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Қазақстандықтар 14 алтын, 9 күміс және 8 қола медальды ұтып алды. 

1996 жылы ұлттық олимпиадалық командасы алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, 199 ел қатысқан спорт додасында жалпыкомандалық есепте 22-ші орынды жеңіп алды. Бұл – спорт әлемінде енді ғана таныла бастаған ел үшін үлкен табыс болатын.

1998 жылы

1998 жылы Бангкокта өткен 41 ел қатысқан XIII жазғы Азия ойындарында Қазақстан жалпы есепте 5-орын алып, 78 медальды жеңіп алды (24 алтын, дәл сонша күміс және 30 қола). 

Бір жылдан кейін Кангвондағы ІV қысқы Азия ойындарында біз жалпы есепте Қытай мен Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші орынға қол жеткізіп, түрлі спорт түрлерінен 10 алтын, 8 күміс және 7 қола медальды иелендік.  

Жас мемлекеттің спорттық жеңістері қазақстандық атлеттердің шеберлігін ғана танытып қойған жоқ, сондай-ақ елімізде спортты дамытуға да көп көңіл бөлінетінін көрсетті.

©️ 09.07.2020 «ҚазАқпарат» ХАА